ӘР ЕЛ ӨЗ ПАЙДАСЫ ҮШIН...
ӘР ЕЛ ӨЗ ПАЙДАСЫ ҮШIН...
Косово — талай армандардың бас көтеруiне түрткi болғаны белгiлi. Әлемде 200 ел тәуелсiздiк алудан үмiткер. Олардың бiзге белгiлiлерiнiң өзi — Ресейдiң Чешенстаны мен Татарстаны, Дағыстаны, Қытайдың Тайландысы мен Тибетi, Шыңжаңдағы ұйғырлар, Грузиядағы Оңтүстiк Осетия мен Абхазия, Молдованың Приднестровьесi, Армения мен Әзiрбайжанды жауықтырып қойған Таулы Қарабах т.т.
Косово прецедентiнен кейiн Грузияның автономиялары — Абхазия мен Оңтүстiк Осетия халықаралық қауымдастыққа және Ресей мен ТМД мемлекеттерiне мәлiмдеме жасап, өзiн-өзi тәуелсiз ел ретiнде жариялағалы берi бiраз жылдың жүзi өтсе де, әлем мойындамай отырғандығын айта келе, тәуелсiз ел ретiнде тануларын сұраған екен. 4 наурызда Оңтүстiк Осетия, 7 наурызда Абхазия осындай мәлiмдеме жасаған.
Өзiн-өзi тәуелсiз ел деп жариялаған Оңтүстiк Осетия парламентарийлерi: "Оңтүстiк Осетияның 17 жыл бойына тәуелсiз ғұмыр кешуi — оның өмiр сүруге деген қабiлетiн көрсетiп отыр. Ендiгi қалғаны БҰҰ жарғысына сәйкес оның егемендiгiн тану ғана" дейдi мәлiмдемелерiнде. Ал, Абхазия таратқан құжаттарда: "Тәуелсiз демократиялық Абхазия республикасының қалыптасуы және оны халықаралық деңгейде мойындауға қол жеткiзу процесi керi шегiнуге жол бермейтiн деңгейге жеттi" делiнген.
Әрине, Оңтүстiк Осетия мен Абхазия тәуелсiздiк үшiн күресiп жатқанына талай жыл болды. Ресей мен АҚШ арасындағы текетiрес бұл мемлекеттердiң талай жылғы арманының жүзеге асуының кепiлi болуы да ғажап емес. Бiрақ, олардың әлемдiк қауымдастыққа наз бiлдiрiп, өздерiн жеке мемлекет ретiнде мойындауларын сұрап жатқанын тек өз бастамалары деу қиын. Грузия мен Украинаның және Молдованың батысшыл саясатына қырсығып, Ресейдiң оларды iштен ыдырату үшiн әдейi ойлап тапқан айлалары, аумақтық тұтастығына селкеу түсiру болғаны да мәлiм. Косово тәуелсiздiгiн жарияласымен, Ресейдiң бұрынғы президентi Путин мойындалмаған мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасын өзгертуге уәде берген болатын. Абхазияны жеке ел ретiнде мойындамай жатып-ақ, Сухумимен мемлекеттiк деңгейде экономикалық байланыс орнататындығын айтқан. Уәдесi орындалды. Абхазия мен Оңтүстiк Осетия тәуелсiздiк сұраған күнi-ақ Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрлiгi бұл аумақтарға жариялаған экономикалық санкцияларының күшiн жоятындығын мәлiмдедi. Демек, бұл аумақтардың тәуелсiздiгiн мойындау үшiн Ресей ендi жалғыз қадам жасаса болғаны. Грузия мен Ресей арасындағы майдан тағы да ушыға түсетiн болады.
Ресейдiң "КоммерсантЪ" газетiне сұхбат берген Молдова президентi Владимир Воронин аумақтық тұтастығы үшiн НАТО-дан бас тартқандығын айтады ("Мы с Владимиром Путиным давно потеряли вкус к собственным хотелкам", газета "КоммерсантЪ", №38, 11.03.2008).
Ресей Ворониннiң бұл қадамы үшiн оның уысынан шығып кетуге айналған Приднестровьенi қайтарып, аумақтық тұтастығын қалпына келтiруге уәде берген көрiнедi. Егер, Кишинев пен Мәскеудiң арасындағы келiссөздер В. Ворониннiң ойлағанындай жүзеге асатын болса, Приднестровьеге берiлетiн статус — республикалық өкiлеттiгi бар автономия (Автономия с широкими полномочиями республики). Халқы үш тiлде — молдова, украин және орыс тiлдерiнде сөйлейтiн болады). Бiрақ, Воронин өздерiн федеративтi мемлекет деп есептемейдi, керiсiнше, унитарлы елмiз деген.
Ресейдiң қолдауына сүйенген грузиялық мойындалмаған автономиялар Ресейге Грузияның Солтүстiк Атланта альянсына енiп кету қаупiн ескерттi. Аталған елдердiң президенттерi әлемдiк қауымдастық мойындамаған мемлекеттердiң ұлттық қауiпсiздiгi үшiн бұл аса қауiптi деген пiкiр бiлдiрген. Өйткенi, НАТО-ға мүше болғаннан кейiн, оның әскери мүмкiндiгiне иек сүйей отырып, Сухуми мен Цхинвалидi өз иелiгiне қайтарып алуды көздейдi делiнген Ресейдiң бұрынғы президентiне жазылған хатта. Ресей Грузияға ультиматум қойып отыр. Не аумақтық тұтастық, не Солтүстiк атланта альянсына мүше болу. Екi жолдың бiрiн ғана таңдайсың. Бiрақ, Грузия президентi Молдавия президентiнiң жолын таңдаудан бас тартты. Оның ойынша НАТО-ға мүше болу саяси саудаға айналмауы керек. Грузия СIМ-i Ресейдiң қазiргi жасап отырған iс-шараларын қатаң айыптағанымен, қарсылық нотасын жолдаудан өзге артық қимыл жасамай отыр. Тiптi, бұрынғыдай ТМД мүшелiгiнен шығамыз деген қоқан лоқысын да жасамаған.
Ал, АҚШ-тың мемлекеттiк департаментi Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгi ешуақытта мойындалмайтындығын айтты. Бұл жайында АҚШ мемлекет хатшысы Кондализа Райс Брюссельге бара жатқан жолда мәлiм еттi. Ол Оңтүстiк Осетия жағдайын Косовомен салыстыруға келмейтiндiгiн айтқан. "Бiз Косово жағдайының ерекше екендiгiн айттық. Бұл мәселе Югославияның ыдырауы салдарынан пайда болған" дедi ол. Ал, Францияның баспасөз жөнiндегi Бесiншi республикасының сыртқы саясат ведомствосының өкiлi Паскаль Андреани: "Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйым Грузия тәуелсiздiгiн қорғайды және Оңтүстiк Осетиядағы саяси шиеленiстi реттеу үшiн барын салады" деген. Бұл әлемдiк қауымдастықтың аталған елдердiң мәлiмдемесiне орай жауабы болса керек.
Ал, Таулы Карабах үшiн Армения мен Әзiрбайжан арасында жаңа соғыс өртi тұтануы мүмкiн. 4-наурызда Армения мен Әзiрбайжан қарулы күштерi арасында атыс болып адам шығыны орын алған. Әлемдiк қауымдастық бұған бiрiншiден Армениядағы президент сайлауынан кейiн тұрақсыздыққа ұшыраған Армения билiгiн кiнәласа, екiншi жағынан Косово прецедентiнiң де бұған ықпалы бар екендiгiн айтып жатыр. Ал, Әзiрбайжан президентi Таулы Карабах үшiн жаңа жанжалдың өршуi мүмкiндiгiн жасырмайды. Олар қажет болса күш қолдануға дейiн баруға дайын екендiктерiн мәлiмдеген. Демек, даулы Карабах үшiн Армения мен Әзiрбайжан халқы тағы да сандалуы ғажап емес.
Ресей күшке салып өз ықпалынан шығып бара жатқан ТМД мемлекеттерiнiң ең жанды жерiне тиiп отырса да, бұл iсте қандай да бiр тәуекелге бара алмасы белгiлi. Өйткенi, Грузиядағы автономиялардан гөрi, Ресейдегi Республикалар тәуелсiздiк алуға көбiрек мүдделi әрi құқылы. 15 республиканың сыртында 15 автономиялы округ және өлкелерге бөлiнетiн Ресейдiң қырық жамау екенiн ел бiледi. Егер, Америка шындаса, Чешенстан мен Татарстанның қолтығына су бүркiп, олардың тәуелсiздiк алуына жағдай жасаса, Ресей өзге субьектiлерiн ұстай алмай қалады. Ресей сарапшылары Грузияның аумақтық тұтастығына метрополия қанша қауiп төндiрсе де, ең соңғы қадамға бара алмауы мүмкiн дейдi. Бiрақ, неге деген сауалға берер жауаптары, НАТО-ның Грузия тұтастығын ойлап, оны өз мүшелiгiне қабылдамай қояды дегенге сайған. Журналистердiң де, саясаткерлердiң де ешқайсысы Ресейдiң өзiнiң тұтастығына сызат түсуi мүмкiн дегенге аузы бармаған. Тiптi, Ресей тәуелсiз Ичкерия мемлекетiн күшпен басып отыр дегендi ешқайсысы айта алмайды. Путиннiң кезiнде "Чешенстанның 10 жастағы баласынан 60 тағы қару ұстайтын шалына дейiн түк қалдырмай көзiн жоямын" дегенiн ешкiм есiне алғысы келмейдi. Сонда чешен әйелi "Ресей бiздi қыра берсiн, чешен әйелдерi аман болса ондап-жиырмалап табамыз. Сөйтiп, қырылғандардың орнын жабамыз" деген екен. Путин билiкке келген 8 жылда чешеннiң үнi өштi. Ұлт азаттық қайраткерлерiнiң соңынан шырақ алып жүрiп жер жастандырды. Бiрақ, Ресей Чешенстанның тәуелсiздiк атты ұлы арманын өлтiрген жоқ.
Демек, егер Ресей Грузияның аумақтық тұтастығын қолдайтын болса, тек өзiнiң iшкi тұтастығына сызат түсiрiп алмау үшiн ғана қолдайтын болады.
P.S. Молдова президентi уысынан шығып кетуi мүмкiн Приднестровьенiң қайта оралуы үшiн барлық жеке бастың амбициясын жинап қойып, ел мүддесi үшiн жұмыс iстеуге кiрiскендiгiн айтады. Бiздiң шенеунiктерде қашан ел мүддесi үшiн өз пайдаларынан бас тартатын күнге жетер екен.
Есенгүл Кәпқызы