ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI СҮЙГЕН ЖIГIТ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI СҮЙГЕН ЖIГIТ

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДI СҮЙГЕН ЖIГIТ
ашық дереккөзі
270

Қазiр қай мемлекет болмасын өзiнiң ұлттық құндылығын насихаттауға құмар. Бұл әрине табиғи нәрсе. Жер шарындағы әрбiр ел – әлемдi өзiндiк белгiлерi арқылы ғана мойындата алатынын сезгендей. Өзгелер ұмтылып жатқан биiкке, өз елiмiз қандай шара жасап жатыр? Қазақты жарқ еткiзiп көрсететiн ешкiмде жоқ құндылықтарының бiрi – домбыра, жетiген, қыл қобызға деген қызығушылық қандай дәрежеде? Қаншама адам болса, соншама пiкiр бар.

Алайда ұлт аспаптарының iшiнде қыл қобыздың орны ерекше. Тек қазақ халқының емес, бүкiл түркi жұртының атасы саналатын Қорқыт бабамыздың жан серiгi болған қыл қобызды ұмыту бүгiнгi ұрпаққа сын. Дегенмен, қасиеттi қыл қобызды жанына серiк еткен Қорқыт бабамыздың топырағы Қызылорда облысы, Шиелi ауданында дүниеге келген жиырма тоғыз жасар Расул Әбусанұлының қыл қобыз жасайтын тапқырлығына таң қалдық. “Жiгiтке жетi өнер де аз” демекшi Расул Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауiпсiздiк Комитетiнiң Әскери институтының әскери оркестрiнде келiсiм-шарт бойынша әскери қызметте екен. Расул қобызға деген қызығушылығының оянғанын былайша еске алады: “Бала кезiмде қазақтың қолөнер бұйымдары мен батыр бабаларымыздың бес қаруын, аспаптарын өз қолыммен жасасам деп армандайтынмын. Ұмытпасам сегiз жасымда сарайдың iшiне кiрiп алып, жүзi өтпейтiн арамен қатты ағаштарды кескiлеп отырғанымда анам “бүрге шағады” деп ұрысатын. Анамды тыңдайтын мен жоқ. Бар ойым-қобызда. Мектептi бiтiргесiн оқуға түсуге талаптандық. Алайда мен таңдаған мамандық тек Шымкент қаласында болып шықты. Онда баруға жағдайым көтермедi. Сосын Қызылорда қаласындағы “Сейхұн” академиясының тарих бөлiмiне түстiм. Оқуда жүрiп “Қорқыт Ата кiтабына” 1300 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған студенттер арасындағы айтысқа қатыстым. Кенет үзiлiсте бiр бойжеткен қыл қобызбен күй орындады. Қатты қызыққаным соншалық “Неге осы қобызды өз қолыммен жасамасқа?” деген ой тұрды да қойды. Түркiстан қаласының 1500 жылдық мерейтойында этнографиялық көрменi аралап жүрiп, Тараз, Шымкент қалаларынан келген ұсталардың жасаған қыл қобыздарының үлгiсiн алдым. Бабам Төлеудiң бау-бақшасындағы тамырымен құлаған тұт ағашын кесiп алып, көлеңкеге кептiрiп, керектi құралдарымды жинақтап, 2005 жылы күз айында алғашқы қыл қобызымды жасап шықтым. Бетiне қапталатын көн терiге ешкi мен түйенiң мойын терiсiн илеп, iшегiн бестi айғырдың құйрығының қылынан қырқып алып дайындадым. Әрине қиындықсыз ештеңе болмайды ғой. Ұлттық өнердi сүйгеннен кейiн бәрiне де дайын болу қажет” дейдi жас та болса бiраз iске бас болып жүрген жас жiгiт.

2006 жылды Қызылорда қаласы “Өнер жылы” деп жариялаған болатын. Өнер жылына байланысты облыстық iшкi саясат департаментiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлген “Өнер жастан, асыл тастан” атты қол өнер шеберлерiнiң байқауында, Расул жүлделi орынды иеленiптi. Сондай-ақ “Қорқыт және Ұлы дала сазы” атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылып, Қорқыт ата кесенесiнiң басында ашылған “Шеберлер” ауылына Расул өзi жасаған қыл қобыздарын көрмеге қойыпты. АҚШ, Еуропа, Орта Азия, Таяу және Қиыр шығыс елдерiнен келген көрермендер қыл қобызға қызығушылықтарын жеткiзiптi.

Өзгелер секiлдi өз өмiрiн босқа өткiзбей, ата-бабаның аманаты саналатын ұлттық өнердi дамытып жүрген Расулдай жiгiтке еңбегiң жансын деймiз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Серіктес жаңалықтары