ҚОЛЫНАН КЕЛГЕНДЕРДIҢ ҚОНЫШЫНАН БАСҚАНЫ МА?..

ҚОЛЫНАН КЕЛГЕНДЕРДIҢ ҚОНЫШЫНАН БАСҚАНЫ МА?..

ҚОЛЫНАН КЕЛГЕНДЕРДIҢ ҚОНЫШЫНАН БАСҚАНЫ МА?..
ашық дереккөзі
326

Қоғамды буыннан алған коррупция алпыс екi тамырды жайлап барады

1. КОРРУПЦИЯ – ҚОҒАМ ТӘНIНЕ ДЕНДЕГЕН ДЕРТ

Коррупциямен, немесе, қазақ тiлiнде «сыбайлас жемқорлық» деп аталатын iндетпен күресудi қоғам болып қайыра бастап кеттiк. Қайыра деп отырғанымыздың себебi – осыған дейiн де онымен оқта-текте күресiп келгенбiз. Тiптi, әрбiр мекеменiң алдына арыз салғыш жәшiктер қойған кезiмiз де болған. Бiрақ коррупция деген қоғам тәнiне бiр енгеннен кейiн одан әрмен өрши беретiн қатерлi iсiк сияқты кесапат екен. Қоғамды ес жиғызбай алқымнан ала бастады. Бiр жағынан әлемдi шарпыған дағдарыс бағаны шарықтатса, екiншi жағынан, “жау жағадан алғанда бөрi етектен” дегендей, жемқорлыққа белшесiнен батқан билiк кейбiр дерек көздерi бойынша 40%-ы кедейшiлiк зардабын бастан кешiрiп жатқан халықтың қанын теспей соруда. Мемлекет билiгiн уысына бүрiп ұстаған партияның өзi жемқорлықты ауыздықтауда дәрменсiздiк танытуда. Бұлай болатыны алдын ала белгiлi болатын, өйткенi, елiмiзде осы қалыптағы бiрпартиялық жүйенiң орнығуына жемқорлықтың егiзi сыбайластық ықпал еткенi кiмге де болса аян.

“Жеңiлген күреске тоймайды” дейдi қазақ. Өйткенi бiздiң қоғам өзiнiң тәуелсiздiк тарихында бұл кесапатты бiр рет болса да жеңiп көрмептi. Кезiнде вертикальды басқару жүйесi қатал кеңестiк қоғамда астыртын әрекет еткен сыбайластық, заңды белден басуға қолайлы сәт туғанда өршiп шыға келдi. Сондықтан, қазiр қазақстандықтар екi-үш қабатты алып үйдiң тұрғындарына айналды. Онда әр қабаттың тұрғындары өз бетiмен, өз заңдарымен өмiр сүруде: төменгi қабаттар заңмен жүрiп-тұруы мiндеттi, қолында не байлығы, не билiгi жоқ бейбақтарға арналған болса, жоғарғы қабат заңдарды шығарушы, бiрақ заңмен жүрiп-тұруға мiндеттi емес, билiк пен байлықты бiрiктiрген ерекше кастаға арналған. Төменгi қабат тұрғындарының коррупцияға қарсы тұрарлықтай қауқары жоқ, әлжуаз, бұйығы. Ал заңды белден басуға бейiм жоғарғы қабат тұрғындары, керiсiнше, төрдi, маңдай терсiз келiп жатқан майлы шелпектi бөлiсе алмай бiр-бiрiн аяқтан шалып, топ-топ болып қырқысуда. Коррупция көлеңкелi экономиканы қолдау арқылы тiркеусiз жұмыс орындарын көбейтуге әсер етсе де, қарапайым халыққа күйзелiс алып келедi. Оның зардабын билiкте жүргендер сезiне қоймаса да, онымен коррупцияланған билiктiң өзi күреске шықты. Бiрақ бұл күрес коррупциямен емес, оның көлеңкесiмен күреске ұқсайды. Себебi, елiмiздегi коррупцияның негiзгi факторы болып “баю” принципi алда тұр. Баюды мақсат тұтқан жерде “Отан”, “Мемлекет” ұғымдарына орын жоқ. Билiк тұлғаларының көздегенi, осылай, жеке бастың мүддесi, яғни, “байып қалу” болып тұрғанда, оның (мақсаттың) бiрден-бiр орындалу тетiгi коррупция болып қала бередi. Мұндайда мемлекеттiң өзiнiң өмiр сүруi, не сүрмеуi мәселесi пайда болады. Сөйтiп билiктiң шамадан тыс коррупцияланған бiр бөлiгi өзiнiң өмiр сүруiн “қамтамасыз” етiп отырған мемлекеттiк форманың әлсiздiгiне әсер ете бастайды. Орныққан осындай жағдайда коррупциямен коррупцияланған билiк күрессе, оған халық қолдау көрсете алмаса, онда жоғарыда айтылғандай коррупцияның өзiмен емес, көлеңкесiмен күрес жалғаса бередi. Себебi, коррупция билiк жүйесiмен тамырласа байланысып кеткендiктен, оған оның негiзiн анықтау, “құйрығын емес, басын шабу” қажет емес. Сондықтан коррупцияның түп-тамыры қайдан өсiп шығып жатқаны, не нәрсенi коррупцияға жатқызу керектiгi айқындалмайды. Және де ол себептердi билiктiң өзi анықтайтындықтан – жекелеген фактiлермен күрес жүрсе де, коррупцияның пайда болу механизмдерi мемлекеттiк құрылымдардың қойнауында сақталып қала бередi. Мұндайда түпкiлiктi жеңiске жету мүмкiн емес: бүгiн бұғып қалған коррупция күрестiң сәл босаңсыған сәтiнде қайта өршiп шығады, яғни, бұндай күрес қоғамның жалпы тазалануына, адамдардың тек заңға жүгiнiп, заңмен әрекет етуiне, әдiлеттi қоғам құруына тыңғылықты үлесiн тигiзе алмай, нәтижесiз қалады. Ең бастысы, немесе, қатерлiсi – қоғамды жайлап алған “коррупцияланған пиғыл” өзгермейдi. Бүгiнде бiреулер ұсталып, сотталып жатыр. Бiрақ ол осы қылмысты түбiрiмен жоюдың факторы емес. Бiз қазiр осы сұраққа жауап iздеген билiктi көре алмай отырмыз. Халықтың қаншама миллиардтаған қаржысы экономиканың әр салаларына құйылып жатыр. “Оны қатаң қадағалаймыз” деген уәде де үйiлiп-төгiлiп берiлуде. Бiрақ коррупцияланған қоғамдық қатынастар жүйесiнiң әйтеуiр бiр буыны сыр берерi анық. Ол – құрылыс компанияларына құйылған алғашқы қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалып кеткенiн бiлмей, немесе, бiлсе де жарияламай отырған билiктiң әрекетiнен-ақ байқалып қалды. Ал ендi, қаржы тасқыны артқан кезде, қоғамдық ұйымдардың “оны игеру мәселесiн қоғам алдына ашық қояйық, қоғам болып қадағалайық, бар нәрсенi ақылдасып шешейiк” деген ұсынысын билiк қабылдай алмай отырғаны да көп нәрсенi аңғартады. Бұл ұсыныстар, керiсiнше, “билiктiң iсiне қол сұғу” дегендей бағалануда. Егер бәрiмiздiң мақсатымыз дамыған мемлекет пен соған сай халқы бар қоғам құру болса, онда не себептен қоғамдық ұйымдар мен партиялардың орынды ұсыныстары жан-жақты талқыланып, сарапқа түспейдi. Әлде, “өзiм бiлем” дейтiн билiк өзiне-өзi соншалықты сенiмдi ме? Сенiмдi болса ел арасында коррупция туралы небiр таусылмайтын өсек-аяңдар қайдан шығып жатыр? Мысалы: белгiлi бiр облыстың “мысы Сталиндi басқан қазақ” атындағы ауданында ауылдық әкiмнiң орны бес жүз мың теңгеге сатылып жатыр, немесе, мектепте мұғалiмiнiң орны бес жүз доллар тұрады деген сияқты…

Бұндай, артында батпандай зiлi бар “өсек-аяңға” қарапайым халықтың бойы үйренген, сондықтан ондай өсекке ешкiм таңқалмайды да. Ендеше, бұндай күрес 40% кедейлер мен 30% орташа қазақтың мақсатына сай күрес емес.

Қазiр қызмет деген “қолдың кiрi” болудан қалды, ол қоғамды теспей сорудың бiрден-бiр мүмкiншiлiгiне айналды. Сондықтан кезiнде купонмен алданып, жекешелендiруде тақырға отырған қалың ел болашағына сенiмдi өмiрден қағылып отырғаны, әрине, әдiлеттiлiкке жатпайды… Коррупциялық орта кедей халықты маңайына жолатпайды. Әйтсе де, олардың аз-кем мүлкi болса – тартып алудан шiмiркпейдi.

Биыл “Сандж” Зерттеу орталығы (Алматы, директоры – Жандосова Жанар Санжарқызы) коррупцияны зерттеу мақсатында әлеуметтiк зерттеу жүргiзген болатын. Олар жасаған “коррупциялану” кестелерiне қарап отырып, көптеген қорытындылар жасауға болатынын ұқтық, тек аздаған отаншыл сезiм болса болғаны. Оны осы зерттеу материалдарымен танысу барысында байқайсыздар.

Кесте№1

Қазақстанның мемлекеттiк органдарында халыққа қалтқысыз қызмет етуге қарсы кедергiлер

әкiмшiлiк кедергiлер, респондент бағасыны пайыздық көрсеткiшi

1. Кезектiң өте үлкендiгi — 41%

2. Қызметтi тамыр-таныс арқылы көрсету — 38%

3. Қызметкерлердiң астамшылдығы — 27%

4. Күту орындарының ыңғайсыздығы — 25%

5. Қызметтiң орындалу уақытының тым ұзақтығы — 25%

6. Шешiмдi еш дәйексiз кейiнге қалдыру — 25%

7. Пара талап ету — 23%

8. Анықтамалық ақпаратты жасырып ұстау — 22%

9. Қызметкердiң немқұрайды-салғырттығы — 20%

10. Құжаттардың шамадан тыс көптiгi — 19%

Ендi осы кестедегi көрсеткiштерге талдау жасайық:

1. Шенеунiктер армиясы халықты өздерiне толық тәуелдi ету үшiн, ең алдымен, бюрократиялық-әкiмшiлiк кедергiлердiң адам айтса нанғысыз жүйесiн қалыптастыруды жолға қояды. Онсыз олардың қалтасына ағылып түсiп жатқан паралар мен сыйлықтардың жолы жабылады. Сұраққа алынған респонденттердiң пiкiрi бойынша алдыңғы орында кезекте тұрғандардың қатарын молайту әрекетi тұр. (41%). Шынында да, бiр жапырақ анықтама қағаз үшiн сарылып күнi бойы тұруға көп адамның жүйкесi шыдамайды. (Әркiмнiң асығыс шаруасы бар). Кезек көп болғанда олардың бiразы делдалдар арқылы “беретiнiн берiп”, жөнiне кеткендi қалайды. “Бастан құлақ садақа”, “құда да тыныш, құдағи да тыныш”. Дегенмен, бұрындары әр мекеменiң басын шалып, қисапсыз делдалдарға жем болып жүрген жұрттың Қызмет Көрсету Орталықтары (ЦОН) ашылғалы берi тынысы кеңейiп, пара көлемiн азайтқан сыңайлы. Оның себебiн ондағы қызметтiң “мәртебесi” төмендеп, оған құлшынатындардың саны азайғандығынан байқаймыз.

2. Одан кейiнгi орында “қызмет түрiн таныстары арқылы алу” тұр. (Оны респонденттердiң 38%-ы қолдаған). Қазiр қай жерге барсаңыз да керек-керек емес анықтамалардың небiр түрiн талап етедi. Олардың барлығын жинау үшiн қаншама уақыт қажет. Ал егер тамыр-таныс тапсаңыз мәселенi әжептеуiр жеңiлдетуге болады. Жалпы, таныс арқылы мәселенi шешудiң еш сөкеттiгi жоқ. Мәселе басқада – бiздiң шенеунiктер таныссыз келген адамның мәселесiн қалай да сөзбұйдаға салуға, шешпеуге тырысады. Ендеше, кiм болса да тамыр-таныс iздеуге мәжбүр. Бiрақ табан астында танысты таба қою екiталай, сондықтан жұрттың көбi делдалдарға жүгiнедi. Жалпы, жұрттың параға үйренгенi соншалықты, олар кез келген мәселенi шешудi тамыр-таныс не делдалдар арқылы бастағанды қалайды. Бiрақ амал қанша, бәрiмiзге жететiндей “тамыр-таныс” пен делдалдар босқа шашылып жатқан дүние емес…

3. Үшiншi орында 27% дауыспен халыққа дұрыс қызмет көрсетуге ықыласы төмен қызметкерлер тұр. Ықылас неге жоқ? Себебi, “ықыласты” қызметкер көп болса – мекеме халыққа қалаулы болғанымен, коррупцияланған жүйеге қалаулы бола алмайды (пара көлемi аз). Сондықтан ондай мекеме жаппай тексерiстен көз аша алмай, ақыр соңында “коррупция тетiктерiн” қайтадан қалпына келтiруге мәжбүр болады. Ондай “ыңғайсыз” жағдайда қалмас үшiн, мемлекеттiк мекемелер “тәжiрибесiз” маманды тез арада қайта тәрбиелеп алады, “тәрбиеге” көнбесе – алмастырады. Яғни, бұл – коррупцияланған жүйеде таза, заң аясында қызмет етуге жол жоқ деген сөз. Ал қызметкерiн тез арада сыбайластық қалыпқа келтiрiп алуға жүйенiң шамасы молынан жетедi.

4. Күту орындарының ыңғайсыздығы – 25%бен төртiншi орында тұр. Бұл, алдымен, қызмет көрсету мәдениетiнiң төмендiгi мен оны талап етушi құзырлы мекемелердiң болмауы себептi. Оларды қадағалауға тиiстi Әкiмшiлiк қызметкерлерi оған бармайды, өйткенi, ондағы қызметкерлердiң 27%-ы халықтың емес, өздерiнiң жағдайын ойлауға бейiм екендiгi туралы 3-тарауда айттық, мақсат соған жұмылдырылған. Екiншiден, күту орындарын ыңғайлы етiп, жұртқа қолайлы жағдай жасау мекемеге тиiмдi емес. Мысалы, кейiнгi кезде банкiлер клиенттер үшiн ыңғайлы жағдай жасап жатыр. Себебi, клиент – салымшы, яғни, банкiнiң “дамытушы факторы”. Ал көптеген басқа мекемелер үшiн клиент көлденең табыс көзi. Жұмсақ орындық, салқын зал т.с.с. ыңғай жасау олар үшiн қосымша шығын, әрi, ондай жағдайда клиенттiң қалтасынан көк тиын шығу қиындайды. Егер оларды тiкесiнiн тiк тұрғызып қойса, онда, “сыйлық” берiп “тозақтан құтылғандарына” олардың өздерi қуанады. Бұл, сонау, кеңестiк кезден келе жатқан “бюрократтандырудың” (парақорлыққа кеңiстiк ашудың) көне жолы.

5. Қызмет көрсетудiң уақытының ұзаққа созылуы да (25%) коррупцияны қолдаудың бiр амалы. Мекемелерде ашықтық жоқ жағдайда, бұл аса қауiптi де. Себебi, көп жағдайда, клиенттердi бопсалау осыдан басталады. “Ымға түсiнбеген – дымға түсiнбейдi” дегендей, құжаттары кешiге бастағаннан-ақ клиент таныс, не, пара берудiң басқа да жолдарын қарастыра бастайды. Егер “қадамы сәттi” болса, соңында бәрi оңынан шешiледi, болмаса, сергелдеңге түседi. Кейбiрде құжаттардың жоғалып кетуi де мүмкiн. Бiрақ мемлекеттiк органдардың “тәжiрибелi” қызметкерлерi кiмнiң құжатын тежеп тежемеудi бiледi, оның әдiс-тәсiлдерiн де жақсы меңгерген. Егер тұтынушы заң тiлiмен сөйлеп, сауаттылық танытса – оған тиiсе қоймайды. Ал “ыммен” ыңғай бiлдiрсе болды – алмай қоймайды. Оған бiр-бiрiнiң көшiрмесi iспеттi мекемелердiң көп болуы iстi қасақана бюрократтандыруға көмектеседi. Олардың бiр бiрiн қайталауы коррупцияны мейлiнше қорғауға ыңғайланып құрылған. Мысалы, сiздiң штрихкодта көрсетiлген анықтамаларды жинау үшiн сiзге ондағы инстанциялардың барлығын өтiп шығу қажет. Бұл жүйе, сөйтiп, әр мекеменiң клиентсiз қалмауын үнемi қамтамасыз етуге тырысады. Ал “клиент” деген әр уақытта көлденең табыс көзi болып қала бередi.

6. Құжаттарды рәсiмдеудi дәйексiз шегеру (25%) – сыбайластықтың тура жолы. Онда: а) не басқа бiреудiң мақсаты үшiн (онда пара басқа бiреуден алдын-ала алынып қойылған); б) не клиенттен тiкелей пара алу үшiн әрекет жасалынады. Көп адамдар құқықтық тұрғыда өзiн-өзi қорғауға дәрменсiз құқықтық сауатсыз, немесе, қызмет түрi бойынша ақпараттанбаған. Бұл да шенеунiк әрекетiне дем бередi. Мұнда шенеунiктер арасындағы “қарға қарғаның көзiн шұқымайды” деген принцип жазылмаған заң ретiнде мейлiнше айқын көрiнiс табады.

7. Бопсалау (23%). Бұл көбiне-көп делдалдар арқылы, кейде, шенеунiк пен тұтынушы бетпе-бет қалған жағдайда, тiкелей жүзеге асады. (Мысалы, МАИ қызметкерi мен жүргiзушi арасында). Бопса – сыбайластықтың дәстүрлi түрi. Қазақтың жұмсақ тiлiнде оны “майлау” дейдi (“майламаса өтпей тұр” дегенi). Бопсалауда бопса мөлшерi нақтыланбаған. Талап етiлген сома а) клиенттiң жағдайына, ә) шенеунiктiң көмейiне, б) iстiң маңыздылығына және т.с.с. бiршама факторлардың ыңғайға келуiне қарай өзгерiп отырады. Себебi, бопсаланған дүниенi заңдастырып алу, ұсталып қалған жағдайда заң жолымен ақталу өте қиын. (Бопсалаушы өзгеге бопсалану арқылы ғана жазадан құтылуы мүмкiн). Кей елдерде ол үшiн дарға асу жазасы кесiлген (мыс.: Қытай). Ал қылмыстың бұл түрiне респонденттердiң осыншама пайыз дауыс беруiне қарағанда, бiздiң шенеунiктердi “қаһарман” десе болады екен. Олардың ширегiне жуығы ешқандай жазадан, заңнан қорықпайтын болып шықты. Әрине, тек баюды мақсат еткен шенеунiк “бүгiн бар, ертең жоқ” дегендей болашағы сенiмсiз жағдайда “қолыңнан келгенде қоныштан бас”, “алтын көрсең белден қаз” дегендей принциптердi ғана ұстануға мәжбүр. Олар жазаланып жатқандарына қарамастан, “ессiз көбелектей шамға ұмтылуын” тоқтатпауы да сол себептi. Бiрақ ол басқа әңгiме…

8. Мекеме жұмысының және оған қатысты нормативтiк құжаттардың тұтынушылардың көзiнен таса болуы, яғни, клиенттердi заңнамалық-нормативтiк толық ақпараттандырмау – коррупция үшiн аса маңызды. (22%). Оның ең құйтырқы түрлерi салық комитеттерi мен кеденшiлер қызметiнде көп кездеседi. Онда бiр заңның үстiне ондаған нормативтiк құжаттар қабылданған. Олармен кейде қызметкерлердiң өздерi де таныс емес, сондықтан шатасып жатады. Осылай, халыққа қызмет көрсетуде ақпаратты жабық ұстау халықтың экономикалық-заңдық сауаттылығы төмен болуын қамтамасыз етедi. Ол – қоғамның дамуына зор кедергi болғанымен, сыбайлас жемқорлықтың емiн-еркiн өмiр сүруiнiң формасы, оған жол ашып берушi маңызды тетiк.

9. Айналып келгенде, осы жоғарыда келтiрiлген себептердiң барлығы да қызметкерлердiң кәсiби бiлiктiлiгiнiң, мәдениетiнiң төмендiгiнен туындап жатады (22%). Респонденттердiң жауабында аталған коррупциялық негiздердiң пайыздық көрсеткiштерi шамалас болып жатқандығы да сол себептен. Неге десеңiз, бiзде қызмет кәсiби бiлiктiлiк пен мәдениеттiлiк критерийлерi бойынша емес, тамыр-таныстық ықпал тұрғысынан бағаланады. “Крышасы” бар қызметкерден заңды жауапкершiлiктi, қызметiне сай бiлiктiлiктi, жоғарғы кәсiби мәдениеттi (қызмет этикасын) талап ету өте қиын. Ондай “көкесi барлар”, сөйтiп, өз мiндетiне қалай болса солай қарау мүмкiндiгiне ие болып отыр. “Қолыңнан келсе шауып ал!”. Өткен жылы “Время” газетi президенттiң өзiн “крышалатып” жүрген бiр МАИ қызметкерiн қалалық МАИ басшысы бес минутта жұмыстан қуғаны туралы жазды. Онда да бастығы “Ол президенттiң ешқандай туысы емес екен” деп ақталыпты. Осының өзi-ақ көп нәрсенi аңғартып тұр..

10. Ең соңғы орынға талап етiлетiн құжаттардың саны шамадан тыс көптiгi жайғасыпты (19%). Жоғарыдағы түсiнiктемелердiң бәрiнде дерлiк кез-келген мемлекеттiк мекеме коррупциялық жүйеге белгiлi бiр деңгейде қызмет көрсететiнi айтылды. Бұл – әр сала қызметкерлерi өз мекемелерiнде берiлуi тиiс құжаттардың (қажеттiлiгi маңызды емес) талап етiлетiн құжаттар тiзiмiнен түсiп қалмауын қызғыштай қориды. Мақсат тек соған жұмылдырылғандықтан, ол мекеме басшылары мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгi туралы ойланбайды да. Сондықтан барлық деңгейдегi мемлекеттiк мекемелерде мемлекеттiгiмiздi нығайту мен оны тиiмдi түрде дамыту сияқты маңызды мәселелер екiншi қатарға сырғып қала бередi. Оны өзгерту үшiн алдымен билiктiң жiгерi керек. Бiрақ осы уақытқа дейiн өз еркiмен өздерiнiң артық буын екендiгiн дәлелдеп, мемлекетшiлдiк көзқарасын танытқан бiр де бiр басшыны көрген емеспiз. Соған қарағанда, шенеунiк үшiн мемлекет дегенiмiз алыста жатқан аморфты бейне, немесе, абстрактiлi ұғым ғана болып тұрған секiлдi. Ал өзiнiң басқарып отырған мемлекеттiк мекемесi (табыс көзi) бәрiнен жоғары тұр. Билiк өкiлдерiнiң осындай “мемлекетшiл” мiнезi басым болуы шашыраңқы билiктiң әлсiздiгiнiң бiрден-бiр белгiсi. Оны оңтайландыруға қарсыластар билiктiң барлық деңгейiнде жеткiлiктi. Мiне, сондықтан да, бүгiн кез-келген “оңтайландыру” мәселесi тек президенттiң аузынан шығып, соның ұсыныстары арқылы ғана жүзеге асып жатыр. Онда да оңайшылықпен емес… Әйтсе де, сыбайлас жемқорлықтың шегi қоғамның демократиялануы мен құқықтық мемлекеттiң түзiлуi деңгейiне қарай өзгерiп отырады. Қоғам өз азаматтарының құқықтық бостандығын мейлiнше қорғап, сонымен қатар, азаматтардың өзiн-өзi құқықтық тұрғыда қорғау қабiлетi артқан сайын – қоғамда коррупцияға жол жабыла бастайды, оған деген қажеттiлiк азаяды. Бiз, қазiр, алдыңғы елу ел қатарына қосылуды ұлттық идеологияға айналдыру үшiн әрекет етудемiз. Осындайда “оған шамамыз жете ме?” деген сұрақ туындайды. Әрине, қазiргi заманда сыбайластық жемқорлықтан таза қоғамды кездестiру қиын. Мысалы, әлемде одан таза деп саналатын Швецияның өзi оның бас көтермеуiн үздiксiз қадағалап отыр. Яғни, бұл ондай қауiп қашанда сақтала бередi дегендi бiлдiредi. Ал бiздiң қоғам ше? Дәл қазiргi коррупциялық деңгейiмiзбен ол мақсатқа жету мүмкiн бе? Теориялық тұрғыдан сараптасақ – ешқашан. Мысалы, тағы да “Сандж” Зерттеу орталығының деректерiне жүгiнейiк:

Кесте №2

Әкiмшiлiк кедергiлiрден келетiн шығындар

Елiмiз ұзынсонар кезекке тұрудың өзiнен-ақ жыл сайын 8,7 млрд. теңге зиян шегедi.

Шағын кәсiптiң шығыны – жылдық өнiмнiң 10%-ы (163 млрд. теңге) және 16,9 млрд. теңге (пара)

Қазақстандағы коррупциялық қызметтiң жалпы мөлшерi – 156 млрд. теңгенi құрайды.

Мiне, осы 156 млрд. теңгенi жыл сайын инфляцияға қатысты зейнеткерлерге қосылатын зейнетақы мөлшерiмен, студенттердiң степендиясымен, көпбалалы аналарға төленетiн әлеуметтiк төлемдер көлемiмен салыстыруға бола ма? Болса, кiмнiң пайдасында екенiн өздерiңiз-ақ бажайлай аласыздар.

Елу елдiң қатарында тұру үшiн, кем дегенде ол салыстырмалы көрсеткiштер (коррупциялық табыс пен зейнетақы т.с.с.) орнын ауыстырып тұруы қажет. Сонда ғана ол ұранды ұлттық идеология тұрғысында қолдана аламыз. Ал қазiр, бұл ұран коррупцияланған жүйенiң қолжаулығына айналып барады. Өйткенi, ол жүйе өзiн халықтан бөлек – “өзгеше мемлекет” сенiмiн қалыптастырып отыр. Ондай оқшау сенiм бар жерде ешқашан дамыған мемлекет орнай алмайды, себебi, халық ғайыптан өзге планетаға көшiп кетпесе, онда “өзгеше мемлекет” пен халық арасындағы қайшылық қашанда сақтала бередi. Бұл “бас ауыртатын” мәселенi шешудiң бiр-ақ жолы бар: ол – халық мәселесiн шешу! Яғни, халықтың көкейкестi мәселелерi мемлекеттiк маңызды iстердiң көшбасшысына айналмай, бұл мәселе сол күйiнде қала бередi.

Мысал: мұхиттарда алпауыт жыртқыш балықтар үшiн майда шабақтардың мол болуы ғана емес, олардың экологиялық тұрғыда қауiпсiз болғаны қажет. Ал қоғамның “экологиялық” жағдайы деп ненi айтамыз?..

(жалғасы бар)

Әбдiрашит БӘКIРҰЛЫ, публицист

Серіктес жаңалықтары