ЕУРАЗИЯШЫЛДАРДЫҢ ИДЕЯСЫ ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ?
ЕУРАЗИЯШЫЛДАРДЫҢ ИДЕЯСЫ ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ?
“Ресей өзiн Еуразиялық держава ретiнде ғана құтқарып қала алады, тек Еуразияшылдық арқылы ғана”
Еуразияшылдық идеясы кейiнгi жылдары жиi еститiн сөзiмiзге айналды. Оны қозғап жүргендер бұл ТМД мемлекеттерiнiң, оның iшiнде әсiресе Қазақстанның бiрден-бiр даму жолы екенiн дәлелдегiсi келедi. “Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса” дегендей, көсемдерi көбiне орыстар болғандықтан олар Еуразияшылдықты орыс мүддесiне қызмет етуге бейiмдеп алған. Оған: “Еуразияшылдықты Ресейдiң геосаяси тұжырымдамасы ғана емес, бiздiң мемлекеттiң геосаяси дәстүрi деп те айтуға болады” деген пiкiрлерiн дәлел ретiнде келтiрсек болады. Яғни, бұл Ресейдiң империялық мүддесiмен астасып жатыр. Ендi бұл идея қазаққа несiмен тиiмсiз деген сұраққа жауап iздеп көрелiк… Еуразияшылдар қозғалысы әуелде шетелдегi орыс эмигранттарының арасында дүниеге келдi. Олар барлық халықтарға үстемдiк етуге ұмтылған Еуроцентризм мен романдық-германдық мәдениеттiң агрессивтiк сипатын сынға алып, 1928 жылы “Еуразия” деп аталатын газет шығара бастайды. Кейiн қозғалыс мүшелерiнiң көпшiлiгi славяншылдықты өздерiнiң рухани негiзi деп тани бастады. Қазаққа жақпайтын жағы осы. Себебi қазақтар славяндар емес, аттарының тұяғы Еуразия төсiн дүбiрлеткен Қыпшақтардың тiкелей ұрпағы екенi белгiлi. Керек десеңiз, бiзде оған балама болатын – “тұраншылдық”, “түрiкшiлдiк”, “алашшылдық” сияқты өз идеялдарымыз бар. Бұл жағынан бiзге өздерiн Ресейге сiңiп кеткен “Далалықтардың” ұрпағы санайтындардың көзқарасы жақынырақ. Бiрақ бұлар әлi ұйысып, Ресейде үлкен күш бола алмай отыр. Себебi орыстардың өзiндегi “далалықтарға” қатысты пiкiр екiге жарылған. Бiрi – “моңғол-татарлар” төңiрегiнде бiзде жаңсақ пiкiр қалыптасқан, сондықтан қолдан жасалған жасанды тарихты әшкерелеп, ақиқатты айтатын кез туды” десе, Ұлы орыстық шовинизммен уланған кейбiр оқымыстылар – “қыпшақтар мен моңғол-татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан қазiргi қоғамдық ойға қозғау салмау керек” деген пiкiрден айнымай отыр. Олар егер Ресей тарихы жаңа көзқарас тұрғысынан талданса, ақтаңдақтар ашылып қалып, “татарлардың” орыс мемлекетiнiң қалыптасуына қосқан орасан зор үлесiне әдiл баға беруге тура келедi деген уәж айтады. Бiр жағынан “татар-моңғолдарға” басқаша баға берiп үйренген қазiргi билiкте оған онша ықылас бiлдiрiп отырған жоқ. Ондағы оқымыстылар мен қоғам қайраткерлерiнiң Ресей шежiресiне қатысты екi түрлi позиция ұстанатындығын белгiлi тарихшы, Ресей мемлекеттiк гуманитарлық университетiнiң президентi Юрий Афанасьевтың мына сөзiнен байқауға болады: “Кез-келген адамнан: “Дмитрий Донской кiм болған?” деп сұраңызшы. “Куликово шайқасы, татар езгiсiнен құтылу” деп жауап бередi …Егер “татар езгiсiнен құтылу” дегендi Дмитрий Донскойдың өзiне айтса, ол есiнен адасып кетер едi. Себебi, ол мойындайтын патша – татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзiн хан жасағысы келген көлденең көк аттының бiрi болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. “Татарлардан азат болу” деген сандырақты ол қабылдамас едi. Бiрақ қазiр осылай сөз саптау бiздiң тарихи қағидамызға айналып кеттi”… Ал Еуразияшылар идеясының бiзге тиiмдi тұсы олардың славян-түркi байланысын қайта жандандырып, өңiрдегi алыс-берiске жаңа сипат беретiндiгi. Олар Еуразия құрлығындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтардан бас тартқан жоқ. Ұлы даланың әлем өркениетiне қосқан өлшеусiз үлесiне оң баға берiп, орыс тарихы “татарлармен” тығыз байланысып жатқанын мойындады. Сондықтан Еуразияшылдар Батысқа бүйрегi бұрып тұратын отандастарына қарсы шығып, Ұлы Даланы Русьтiң Құдай қосқан көршiсi әрi стратегиялық әрiптесi деп таныды. Бiрақ бұл мәселеге олар славяншылдық көзқараспен үңiлдi. Өйткенi орыс өркениетi өзiнше бiр әлем. “Бұл Еуропа да емес, Азия да емес, екеуiнiң арасындағы синтез” дейдi олар. Тағы бiр ерекшелiгi Еуразияшылар, “татар-моңғол езгiсi” Ресей үшiн қайырлы болды. Себебi Ресей Шыңғыс хан империясынан еуразиялық мемлекеттiлiктiң эстафетасын қабылдап алды,-деген пiкiр айтады. Николай Трубецкой бұл жөнiнде былай деген болатын: “Мәскеу патшалығы Татар езгiсiнiң арқасында құрылды. Мәскеу патшалары “орыс жерiн бiрiктiрiп” үлгерместен Ұлы моңғолдардың Батыстағы ұлысына иелiк ете бастады. Мәскеу Қазан, Астрахан мен Сiбiр хандығын жаулап алған соң ғана күштi мемлекет болды. Орыс патшасы моңғол ханының мұрагерiне айналды. Осылайша Православ патшасы Татар ханының орнын басып, хан ордасы Мәскеуге ауысты”. Алайда Еуразияшылдарға қарсы шығып, олардың мақсатын түкке тұрғысыз деп тапқандар да бар. Мәселен Григорий Флоровский “Еуразияшылдықты рухани сәтсiздiк”, — деп бағалаған. “Ресейдi Батыстан бөлiп тастауға болмайды. Бiз Еуропаға техникалық қажеттiлiктердiң әсерiнен бет бұрдық. Ал Еуразиялық факторға келсек, Ресей Еуропа мен Азияның арасындағы синтез емес. Еуропаға жиiркенiшпен қарап, Азияны қалап алған Еуразияшылардың өздерi едi” деген болатын. Жиырмасыншы жылдардың басында Еуразияшылдар Федор Достоевскийдiң: “Еуропа бiздi құл ретiнде қабылдаса, Азияда бiз мырза болдық. Еуропа бiздi татарлар десе, Азияда бiздердi еуропалықтар деп атады” деген пiкiрiн жиi қайталайтын. Қалай десекте Еуропа мен Азияның “ ортасында орналасқан” Ресей ешқашан империялық мұраты пен амбициясынан бас тарқан емес. Бiзге керегi де, сақтанатынымыз да осы. Оған Ресейдiң президенттiк кеңесiнiң мүшесi болған Сергей Карагановтың “Ресей өзiнiң байырғы империялық рөлiнен бас тартпайды… Ол барлық амалмен бұрынғыша жергiлiктi князьдердi ақшаға сатып алып, қажет болса керек жерге әскер де аттандырып тұрады. Бөлiп ал да билей бер, саясатын жүргiзе бер” — деген пiкiрi дәлел бола алады.. Француздардың “Орыстың бетiн тырнасаң, ар жағынан татар көрiнедi” деген тамаша мақалы бар. Бiрақ француздар осылай десе де орыстар тегiн тани алмай әлi бүлiнiп жатыр. Сондықтан “бүлiнгеннен бүлдiргi алудың” қажетi жоқ деп ойлаймыз.
Жолымбет МӘКIШЕВ