ХУНҒАРИЯДА БҮКIЛ ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТПЕК
ХУНҒАРИЯДА БҮКIЛ ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТПЕК
Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында Хунғариядан келген қыпшақтар өкiлдерiмен кездесу өттi. Олар Мажарстан Парламентiнiң депутаты Ворго Михай, Мажарстан Парламентiнiң депутаты, Қарцаг қаласының әкiмi, Қыпшақтар қоғамының директоры Фозекош Шандори, Қыпшақ қоғамының атқарушы директоры Хорват Ласлолар.
Хунғарияда бүгiнде 300 мыңдай қыпшақ бар делiнедi. Олар осыдан 750 жыл бұрын моңғол шапқыншылығы кезiнде Қыпшақ даласын артқа тастап, Дунайды жағалап, Атилланың елi – Хунғарияға жеткен екен. Сол кездегi венгерлердiң королi IV Велаға паналатуын өтiнген. Олардың Қыпшақ тарихы туралы кiтабында IV Вела мен Көтен ханның кездесу сәтi бейнеленiптi. Бұнда корольдiң қолында крест, ал Көтен хан Тәңiрiге жалбарынып тұр. Бұның сырын олар бiзге “IV Вела Көтен ханға егер менiң қоластыма енетiн болсаң, креске табынып, шоқынуың керек деген екен. Ал, Көтен хан менiң табынатыным көктегi жалғыз Тәңiр өзгенi бiлмеймiн” дептi. Бiрақ, жылдар өте келе қыпшақ ұрпақтары бiртiндеп христиан дiнiн қабылдаған екен. Қыпшақтарды король қол астына алғаннан кейiн олардың өзара бiрлiгi тым берiк болыпты. Ал, арандатушылар корольге “Қыпшақтардың бұл бiрлiгiнен сақтанғаныңыз абзал. Ертең күш алып өзiңiзге шабуыл жасамасына кiм кепiл?” деген екен. Король Вела Көтен хан бастаған қыпшақ атқа мiнерлерiн қонаққа шақырып, айламен қырып тастапты. Содан кейiн бас қолбасшысыз қалған қыпшақтарды ел арасына сiңiру мақсатында таратып жiберген. Сонда барған 40-60 мыңдай қыпшақтың бүгiнгi ұрпағы ана тiлi мен салт-дәстүрiнен ажырағанымен тарихи отанымен байланыс жасап, шыққан тегiн бiлiуге ұмтылғылары келедi.
Қазақстанмен ең алғаш байланыс орнатқан мажарлық қыпшақтардың iрi өкiлi – Мандоки Иштван Қоңыр болғаны белгiлi. Иштван Қоңыр Мажарстандағы қыпшақтардың өмiрi мен өткенiн зерттеп, қыпшақтар туралы құнды мәлiметтер жинаған. Өзiнiң өткенiн жаңғырту мақсатында қазақ қызына үйленген. Бүгiнде Иштван Қоңырға арналған ескерткiш Қарсақ қаласында орнатылған. Арнайы мұражай ашылған. Ал, Мажарстандағы қыпшақтардың орталығы болып саналатын – Қарсақ қаласында 100 мыңдай қыпшақ бар. Қыпшақтар – Қазақстанды атамекенi деп таниды. 1999 жылдан берi онда арнайы “Қыпшақ-қазақ мәдениет қоғамы” жұмыс iстеп келедi. Жыл сайын қыпшақтардың көсемi тағайындалады. Былтырғы жылы әлемдiк қыпшақтардың көсемi болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайланған екен.
Алдағы жылда бүкiл қыпшақтардың дүниежүзiлiк құрылтайын өткiзу жоспарлануда. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев мырза “Бiз бұл кiсiлермен 2006 жылдан берi тығыз қарым-қатынас жасап келемiз. Осы жылдың наурыз айында Есiк қорғанынан Хунғарияға дейiн экспедиция ұйымдастырылмақ. Ол ресми түрде “Алтын адамнан Атиллаға дейiн” деп аталмақ. Бұл экспедицияның маңызы қыпшақтардың Хунғарияға дейiн жүрiп өткен жолын келер ұрпақ зердесiне жеткiзу, олардың ата-баба мекенiн мұндағы қыпшақтарға таныту болып отыр. Сондай-ақ, күзде бүкiл дүниежүзi қыпшақтарының құрылтайын Будапеште өткiзудi жоспарлап отыр. Оған бiздiң көмегiмiз қажет көрiнедi. Ол шара 2 аптаға созылмақ” дейдi. Қыпшақтар Қазақстаннан өзге Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан т.б. түркi елдерiнде тұрады екен. Олардың қаншасы бұл шараға ат салысады ол жағы беймәлiм көрiнедi.
Есенгүл Кәпқызы