БIЗДIҢ МЕДИЦИНА ЕШКIМНЕН КЕМ ЕМЕС, ТЕК ЖАРНАМАСЫ ЖОҚ

БIЗДIҢ МЕДИЦИНА ЕШКIМНЕН КЕМ ЕМЕС, ТЕК ЖАРНАМАСЫ ЖОҚ

БIЗДIҢ МЕДИЦИНА ЕШКIМНЕН КЕМ ЕМЕС, ТЕК ЖАРНАМАСЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
246

Соңғы кезде Қазақстанда онкологиялық аурулар кең өрiс жайып келедi деген әңгiме бар. Бұған қоршаған ортаның жыл сайын ластанып, экологияның бұзылуы тiкелей әсер етуде. Елiмiзде жылына 130 мыңдай адам онкологиялық есепте тұрады. Ал, адам денсаулығы үшiн күресетiн дәрiгерлердiң әлеуметтiк жағдайы сын көтермейдi. Осы және басқа да мәселелер төңiрегiнде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институты Бас және мойын iсiктерi бөлiмiнiң меңгерушiсi Ғалым Бәзенұлымен әңгiмелескен едiк:

– Ғалым Бәзенұлы, Қазақстанда қатерлi iсiк көбейiп келедi деген әңгiмелердi жиi естимiз. Сiз хирургсiз. Оның iшiнде бас және мойынiсiктерiнiң маманысыз. Жалпы, алдыңызға осындай аурумен келетiндер көп пе?

– Бiздiң бөлiмнiң қарайтыны бас және мойында кездесетiн қатерлi iсiктер. Оның өзiн бiз бiрнеше топқа бөлемiз. Лор ағзаларында кездесетiн қатерлi iсiк – көмей, көмекей, жұтқыншақ, мұрын қуысының, құлақ ауруы, жақ сүйекте, ауыз қуысында тiл, қызыл иек, ұртта, мойында, қалқанша безде, көз бен көз айналасында кездесетiн қатерлi iсiктер негiзiнен бiздiң бөлiмнiң емдейтiн аурулары.

Қазақстан бойынша, кейiнгi жылдары қатерлi iсiк не көбейiп, не азайған жоқ. Бiздiң салаға байланысты 29-30 мыңдай адам есепте тұр. Жалпы, қатерлi iсiкпен алып қарайтын болсақ, елiмiз бойынша 128 мың адам есепте.

Ал, бұл ауруларды қарайтын негiзгi бөлiмше осы институтта орналасқан, сондай-ақ, Шымкентте тағы бөлiмшемiз бар. Ауыз қуысы қатерлi iсiгiмен жылына 570-тей адам есепте тұрса, қалқанша безi бойынша 300-350 адам, мойын қуысы бойынша да 350-дей адам есепте. Демек, жылына шамамен 1500-дей адам есепке алынады. Бұл науқастарға осы екi бөлiмнiң мүмкiндiгi әбден жетедi.

– Дегенмен, бүкiл Қазақстан бойынша екi ғана бөлiмнiң болғаны аздық ететiн сияқты…

– Әрине, аздық етедi. Қазақстанда ТМД мемлекеттерi арасында тұңғыш рет стандарттық жүйе енгiзiлдi. 3 жылдан берi сол жүйемен жұмыс iстеп келемiз. Оның негiзi сол – ол дүниежүзiлiк тәжiрибе бойынша iстейдi. Әр аурудың өз стандарты болады. Медицина саласынан алға кеттi дейтiн Еуропадағы стандарттар бiзде де қолданылады. Мысалы, облыстарда бiздiң орталықта қолданылатын емдеу тәсiлi мен дәрi-дәрмектердi қолдана алмайды. Сондықтан, олар бiзге квота арқылы жiбередi. Сөйтiп, бiздiң орталықта операциялар жасалынады. Операцияға тым көп адам келмейтiндiктен бiздiң институттың күшi оған толық жетедi.

– Материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету жағы ше?

– Қазақстан экономикасы жақсарып, жағдай оңалғаннан кейiн, бiздiң техникалық құрал-жабдықтарымыз да молыға түстi. Жаңа министр технологиялық әдiс-тәсiлдердi де жақсы енгiздi. Операцияға қажеттi аппаратураны да жаңаладық. Соның арқасында бiз дүниежүзiнде қолданылып келген негiзгi қажет аппаратураның бәрiне қол жеткiздiк. Мысалы, операциялық бөлiмге барлық жағдай жасалған. Эндоскопиялық хирургияға қажеттi аппаратура да бар. Бұрын сырттан кесуге тура келетiн iсiктердi бiз ендi пышақсыз алып тастайтын болдық. Осы институтта сәуле терапиямен емдейтiн жаңа аппаратура да қолданыла бастады. Яғни, Қазақстан медицинаға, соның iшiнде хирургия саласына қажеттi аппаратураның бәрiн бiртiндеп соңғы технологияға сай ауыстыра бастады.

– Қалқанша бездерi ауруы Қазақстанда ең көп кездесетiн аурудың бiрi. Бұның сыры нелiктен? Экологияның бұзылуынан ба?

– Қалқанша бездерiнiң қатерлi iсiктерiнiң көбеюiне әсер ететiн бiрден бiр фактор экология екенi рас. Соның iшiнде радиациялық аймақтарда көп кездеседi. Ол иод жетiспеушiлiгiнен және гормональдық факторларға да байланысты туындайтын ауру. Статистикалық көрсеткiштерге үңiлсек, бұл ауру ерлерден гөрi, әйелдерде көбiрек ұшырасады. Соған қарағанда, бұған гормональдық фактордың да әсерi өте зор сияқты. Егер, дүниежүзiмен салыстыратын болсақ, қалқанша бездiң iсiгi Қазақстанда тым көп емес. Америка құрама штатында, Еуропада, ТМД мемлекеттерi арасында Белоруссияда көп ұшырасады екен. Ал, бiзде Семей және Арал өңiрiнде көптеп кездеседi. Сондай-ақ, соңғы жылдары бұл аурумен ауыратындар тым көбейiп кеткен жоқ. Статистикалық көрсеткiштерге қарасаңыз, 90-шы жылдардың соңы мен бүгiнге дейiн аурулардың саны тұрақты. Көбеймеген де, азаймаған. Сондай-ақ, емдеу нәтижесi де өз деңгейiнде.

– Осы салада маман дайындау мәселесi қалай шешiлуде?

– Бiздiң бөлiмшеде мамандарды жетiлдiру курсы бар. Соған жыл сайын мамыр айында бiр ай маман жоғарылатуға келiп қайтады. Ал, облыстық ауруханаларда өз бөлiмшелерiнде жылына үш рет арнайы курстар өткiзiледi. Медицина университетiнде осы саланың мамандарын дайындайтын арнайы факультет бар.

– Сiз өз салаңызға ғана жауап бересiз. Дегенмен, соңғы кезде Қазақстан медицинасын бәсекеге қабiлеттi емес деген пiкiрлердi жиi естимiз. Қазiр жұрт жанына дауа iздеп, Қытайға, тiптi iргемiздегi Өзбекстанға кетiп жатады. Бұған не дер едiңiз?

– Әркiмнiң өз пiкiрi бар. Өз басым онымен келiсе бермеймiн. Бiз тәжiрибе алмасу үшiн шетелге жиi шығып тұрамыз. Мысалы, 2007 жылы 2 халықаралық конференцияға қатысып қайттық. Барселонада дүниежүзiлiк бас және мойын iсiгiн емдейтiн хирургтердiң конференциясына қатысып, Қазақстан медицинасында қолданылып жатқан жаңа тәсiл бойынша баяндама жасадым. Дүниежүзiнде онкология саласында қолданылып жатқан барлық әдiс-тәсiлдердi бiздiң институт жүзеге асыра алады. Және олардың қолданып жатқан дәрi-дәрмегi де бiзден табылады. ТМД мемлекеттерi бұл жағынан бiзге жетпейдi. Амстердамда өткен халықаралық конференцияға да бiздiң екi қызметкерiмiз қатысып, өз тәжiрибелерiмен бөлiсiп қайтты. Былтыр Португалия мен Германияға барып қайтты. Дүниежүзiлiк бас және мойын iсiктерi мамандарының федерациясы бар. Оның орталығы Нью-Йоркта. Соның мамандары емдеу жолдары, диагноз қою бiрдей болсын деген мақсатта, былтыр қазан айында өздерi турне жасап бiздi оқытты. Бiздiң бөлiмшеден бұған 4 адам қатысып қайтты. Белгiлi тәжiрибелi мамандардан дәрiс алдық, лекцияларын тыңдадық, өз көзқарасымызды бiлдiрдiк.

Дегенмен, бiздiң емдеу технологиямыз егiз қозыдай ұқсас дей алмаймын. Өзiндiк айырмашылықтар бар. Бiрақ, технология бiреу. Лазерлi хирургияны әзiр қолдана қойған жоқпыз. Өзге өзгерiс көп жоқ.

– Қазақстан медицинасы Кеңес медицинасының негiзiнде қалыптасты. Бүгiнде осы медицинаның негiзi сақталды ма?

– Оның негiздерi сақталып қалды. Бiзге Кеңес медицинасы бәрiнен жақын әрi сол әдiс-тәсiлдер көбiрек ұнайды. Бiрақ, дағдарыс кезiнде фельдшерлiк пункттер, аудандық медициналық ауруханалар жұмыстарының жүйесi бұзылды. Қазiр қалпына келтiрiлу үстiнде, бiрақ, бiр кездегiдей емдеу жүйесi жоқ. Қазiр ендi шетелдiк емдеу әдiс-тәсiлдерi енгiзiле бастады.

Сондай-ақ, жекеменшiк клиникалар да көбейiп келедi.

– Соңғы кезде осы салада басшылық та жиi ауысып кеттi. Бiр кездерi экономист, финансист министр болғаны белгiлi. Жалпы, министрлердiң жиi ауысуы – осы саланың алға жылжуына керi әсерiн тигiзбей ме?

– Менiңше, басшы тек қана осы саланың бiлгiр маманы ғана емес, шебер ұйымдастырушы әрi менеджер бола бiлуi керек. Әр басшы өзiнiң реформасын ала келетiнi белгiлi жайт. Қазiргi министр бұрын да осы саланы басқарған бiлгiр басшы.

– Жалпы, мұғалiм мен дәрiгердi “еңбегi еш, тұзы сор” халық деп жатамыз. Айлық жалақысы да төмен. Өзiңiз жалақыңызға көңiлiңiз тола ма?

– Әрине, айлық жалақы тым төмен. Оқуын аяқтап, жұмысқа араласа бастаған жас дәрiгер айына 20 мың теңгенiң айналасында ғана жалақы алады. Санитар қызметкерлерi небәрi 12 мың теңгенi қанағат тұтады. Бiз ғылыми қызметкерлермiз, профессор деген атымыз бар. Бiрақ, жалақымыз дәрiгерлермен бiрдей. Категориясы жоғары дәрiгерлер 50 мың теңге алатын болса, медицина ғылымдарының докторы, профессорлар да сол деңгейде жалақы алады. Дегенмен, осыған да қанағат. Бұрын бұл да жоқ едi.

– Сiздер мемлекеттiк мекемеге жатасыздар ғой. Науқастарға тегiн қызмет көрсетесiздер ме?

– Иә. Бiзге Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен квотамен келедi. Сондықтан, емдеу шаралары тегiн. Егер, квотадан тыс, өз бетiмен келiп қаралғысы келетiндер болса, оларда қатерлi iсiк болмаса, әрине, ақылы емдеуден өтедi. Ал, қатерлi iсiктердi квотамен ғана емдеймiз. Егер, шетел азаматтары, операция үстелiне жататын болса, оларды ақысыз емдемеймiз.

– Қазақстан азаматтары шетелге барып емделуге әуес келедi. Ал, бiзге шетелден келiп емделуге ынталылық танытатындар бар ма?

– Бiзге негiзiнен осы көршiлес ТМД мемлекеттерiнiң азаматтары көптеп келедi. Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан келедi. Мысалы, Қырғызстанда сәуле аппараттары жоқ. Олар бiзден келiп, сәуле алғанды жақсы көредi. Кейбiреулер операцияны осында жасатады. Бұл ендi жарнамаға байланысты. Шетелдiк медицина орталықтарының жарнамасы ерекше. Ал, емдеуi бiзден артық емес. Бiзде жарнама жоқтың қасы. Сондықтан да, бiреудiң қаңсығы бiзге таңсық болып тұрады. Өзiм шетелде операцияларға қатысып, бақылап жүрмiн. Әрине, олардың ауруханаларында бiздегiмен салыстырғанда комфорт жақсы. Бiрақ, технология бiреу.

– Қазақстанның ғылыми медицинасын қалай бағалар едiңiз?

– Жетiстiктерi де бар. Дамыған мемлекеттерден қалып қойған тұстарымыз да жоқ емес. Негiзi орташа дер едiм.

– Қазiр дәрiгерлердiң немқұрайлылығынан қаза тапқандар жайлы әңгiмелер жиi естiледi. Бұрынғыдай Гиппократ антына деген адалдық азайып бара жатқан секiлдi. Бұған не дер едiңiз?

– Гиппократ антын бiз оқу бiтiрген кезде қабылдағанбыз. Кейiнгi кезде оны қабылдамайтын болды. Қазiр қайта қабылдай бастады. Бiрақ, кез келген дәрiгер сырқатқа жамандық ойламайды. Ал, қателiкке бой алдыруы мүмкiн. Дәрiгерлердiң кiнәсiнен көз жұматындар да болады. Алайда, оларды көп демес едiм.

– Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары