“ҚАЗГЕРМҰНАЙДЫҢ” КӨКЖИЕКТЕРI
“ҚАЗГЕРМҰНАЙДЫҢ” КӨКЖИЕКТЕРI
Сыр елiне журналистiк сапармен барғанымызда қоғамдық көлiкте жүрiп, қарапайым ауыл тұрғындарының өзара әңгiмелерiне ерiксiз назарымыз ауды. “ҚазГер”-дiң бастығы туған баламдай болып қалды, Алладан оның денсаулығын тiлеймiз.Өзi бiр жайсаң мiнез, мейiрбанды жанның баласы екен. Тасбөгеттегi көп қабатты үйлердiң iшi-сыртын тазалап, әйтеуiр кiм көмек сұрап барса, бос қайтармайтын жан екен”.
Әрине бұл сөздердi сол тасбөгеттiктердiң аузынан естiгенiмiз бар. Шындап келгенде бұл “ҚазГерМұнай” бiрiккен кәсiпорынның бас директоры Iзтұрған Ұзақбайұлы Баймұқановқа тиесiлi сөздер екен.2006 жылдан берi осы кәсiпорынның басшысы Iзтұрған Ұзақбайұлы қызылордалықтармен етене қабысып,осы жердiң тумасындай болып сiңiсiп, халық қалаулысына айналып отыр.Бүгiнгi сұхбатымыз осы кiсiмен өрбидi.
— Iзтұрған Ұзақбайұлы, “ҚазГерМұнай” компаниясының өткен тарихына назар аударып өтсеңiз.
— Қазақстан экономикасының 4/1 бөлiгiн құрайтын мұнай саласы екенiн Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та баса айтып жүр. Бұл орайда елiмiзде бiрнеше бiрлескен кәсiпорындар тәуелсiздiктен кейiнгi жылдары бой көтере бастады. Сол iрi кәсiпорындардың iшiнде де бiздiң “ҚазГерМұнай” бiрлескен кәсiпорыны 1993 жылы негiзi қаланып, жұмыс жүргiзiп келедi. Үкiмет өткiзген тендер бойынша сол жылдары Еуропа елдерiнiң iшiнен Германиядан келген немiс компаниялары тендердi жеңiп алып, мұнай компаниясын құрды, құрылтайшылары да өздерi болды. 1995-97 жылдары мұнай бағасы арзандап, ел дағдарысқа түскен кездерi инвесторлар да екi ойлы болып, кәсiпорынға ақша салуды да доғара бастаған. 1998 жылы “Ақшабұлақ” кен орнында бiрiншi рет мұнай кен орны ашылды. Сол кезден бастап Германияның үш компаниясы бiздiң құрылтайшымыз атанып, екiншi жағынан “ҚазМұнайГаз” компаниясымен бiрiгiп жұмыс атқара бастады. Бүгiнгi таңда “ҚазГерМұнай” компаниясының 50 пайыздық акциясы Қазақстан Ұлттық компаниясының иелiгiнде. Бiз Қызылорда облысында “Торғай Петролеум”, “Петро Қазақстан” мұнай компаниялармен бiрге жұмыс жасап келемiз. Облыс бойынша жылына 12 млн. тонна мұнай өндiрiлсе, соның 3 млн. 100 мың тоннасын бiздiң мекеме өндiруде. 2008 жылы алға қойған мiндеттерiмiздi түгелдей орындап, 3 млн. 140 мың тонна мұнай өндiрiп, жергiлiктi әлеуметтiк, тұрмыстық жағдайларға байланысты газ өндiрiсiн де жолға қойып отырмыз. Оған қосымша 510 млн. текше метр iлеспе газ өндiрiлдi.
— Жоғарыда газ өндiрiсi жайлы айтып өттiңiз, осы орайда жалпы iлеспе газ жайлы да кеңiнен әңгiме етсеңiз, өйткенi Қызылорда тұрғындарын газбен қамтамасыз етуде Сiз басқарып отырған мекеменiң рөлi үлкен сияқты…
— Бiз мұнаймен бiрге iлеспе газды да халық игiлiгiне жұмсау үшiн кең өндiруге қол жеткiзiп, оны жан-жақты дамыту жолында қыруар тiрлiктер атқарып келемiз. Атап айтқанда, 324 млн. текше метр газ дайындап, соның iшiнде 250 млн. текше метр сұйылтылған газ өндiрудемiз. Мұнаймен бiрге шығатын iлеспе газдың жергiлiктi халыққа берер пайдасы мол. Жылына жалпы 260 млн. шаршы метр газ дайындасақ, қалаға 130 млн. шаршы метр газ берiп, қалғанын амалсыздан ауаға жағып отырмыз. Өйткенi, қала бұдан артығын қабылдай амайды. Бүгiнде бiз үкiмет тарапынан берiлген тапсырмаларды түгелдей орындап, сонымен қатар iлеспе газды өндiру жоспарларын да белгiлеп алғанбыз. Кен орнынан қалаға дейiн әр текше метрi жалпы шығыны 55 долларға жететiн бұл газды Қызылорда халқы үшiн су тегiн, бар жоғы — 5 доллармен жеткiзiп жатырмыз, қалған 50 долларын мекеме өз қаржысынан құяды. Осы елдiң әлеуметтiк жағдайына сәл де болса өзiмiздiң оң ықпалымызды тигiзсек деген ниетiмiз жатыр мұнда. Салыстырып қарасаңыз, Шымкент — Алматы өңiрлерiнде газды 100 долларға дейiнгi бағамен жеткiзуде. Ал, ендi әлемдiк деңгейде салыстырып қарайтын болсақ, газға бай Түркменстан өзiнiң газын өз халқына тегiн берiп келедi. Содан кейiнгi аймақ — Қызылорда, ең арзан газ ұсынып отырған бiз боламыз. Халықтың соңғы 5 жылда әлеуметтiк-экономикалық жағдайы шамалы қиындыққа тап болса да, төзiмдiлiкке мықты Қызылорда халқының, әсiресе Тасбөгет елдi-мекендерiндегi жергiлiктi халықтардың есек арбамен отын тасып жаққаны арқамызға аяздай батушы едi. Өзiмiзден шыққан байлықты нелiктен халықтың игiлiгiне жаратпасқа?! Бұл орайда өз басым мекеме басшысы ретiнде, сондай-ақ халықтың қалаулысы — депутат ретiнде де, әсiресе Тасбөгет елдi-мекенiнiң әлеуметтiк жағдайына үнемi назар аударып жүрудi алдыма басты мiндет етiп қойғаным да бар.
Ең алғаш немiс компаниясы мұнай қондырғыларын орнатып, кен өндiре бастағанда жерасты қойнауынан шығатын газды да утилизация жасайтын орын жасап, газды сонда айдамақшы болған. Бiз бұны терең зерттеп, өз жобаларымызды ғылыми институттардың белгiлi мамандарына ұсынып, газ өндiрудi түбегейлi шешкен болатынбыз. Содан берi Қызылорда халқы үшiн газ жеткiзу жұмысын жүйелi түрде жүргiзiп келемiз. Iлеспе газды дайындауға қажеттi құрылғыларды қомақты қаржыға сатып алдық және орнаттық. Ендi Жапонияның “Хиташи” фирмасының газтурбиналық қондырғысын орнатып, 100 МВт электр қуатын өндiретiн газтурбиналық электр станциясының құрылысын “Ақшабұлақ” кен орнында салып жатырмыз. Оның 25 МВт өзiмiзге, 75 МВт электр қуатын КЭГОК электржелiсi арқылы Қызылорда қаласына жеткiзiп беру жоспарда бар.
“ҚазГерМұнай” ұлттық компания болған соң, халықпен түрлi жағдайда да жемiстi жұмыс iстеуiмiз керек. Халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайы бiздi алаңдатпай тұра алмайды. Халыққа арзан жылу болса, ендi тиiмдi жарықты өзiмiз жеткiзе алсақ, нұр үстiне нұр болар едi.
— Облыс әкiмшiлiгiнде ауыс-түйiс орын алып жатады. Кiммен әрiптес болсаңыз да, бәрiнiң көңiлiнен шығып, халықтың игiлiгi үшiн, әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайының жақсаруы үшiн еңбек етiп жүрген азаматсыз. Билiк тарапынан өзiңiзге, атқарған жұмыстарыңызға деген көзқарас жайлы не айтасыз?
— Кейде ойыңа алған, жоспарлап қойған iстер жүзеге аспай жатады. Соған қынжылатын кездерiмiз болады. Әкiмдi тағайындап отырған Елбасымыз болғандықтан, оның бiр сыйлы, құрметтейтiн жағы бар шығар. Кейде атыраулық деп шеттетуi мүмкiн, бiрақ не болғанда да бәрiмiз қазақпыз, бiр елдiң азаматымыз, бiр көк тудың астына бiрiгiп, ел үшiн аянбай қызмет етуiмiз керек.
Үкiмет сенiм артып жiберген соң, бiз соны ақтауымыз керек. Өзiмiзден кейiн мықты мамандар дайындауға қызмет етуiмiз керек. Мен келген 3 жыл iшiнде 3 әкiм ауысты. Алғашқысы Адырбеков деген жiгiт, кейiннен Құл-Мұхаммедпен өте жақсы жұмыс жасадық, одан кейiнгi Қуандықов Болатбек жас азамат. Оның қолынан iс келедi. Басқаша деп айта алмаймын, өйткенi оған менiң құқым жоқ. Әлi де жұмысқа етене араласып, үлкен көрсеткiштерге қол жеткiзетiн шығар деген ойдамын. Қызылорда халқы ештеңеден мұқтаж болмай, бәрi өзiмiзден шығып жатса, ол керемет болар едi.
“Бейнеу-Бозай-Самсоновка” Қазақстан-Қытай газ құбыры Қызылорда облысының жерiмен тартылайын деп жатыр. Мұндағы газ құбыры арзан болмайды, өйткенi Еуропа елдерiмен теке-тартыстар газ үшiн болады.Газ мәселесi ең маңызды мәселелердiң бiрi болғалы отыр. Қытай ол газды бiзге жiберем дегенмен, бiраз зат өндiрiп, ең соңғы қалдығын жiбередi. Сырттан келетiн газ болсын, басқа зат болсын ол ешқашан нарықтық бағадан кем болмайды. Газдың iрi мекемелерi құрылып жатыр, Ресейдiң қолдауымен сырттан инвесторлар көптеп келгенiмен, олар Қазақстанды көркейтуге, өркендетуге келiп жатқан жоқ. Өз жағдайларын жасап, қомақты пайда табу үшiн ғана қызмет етедi. Ал өз елiмiздiң патриот азаматтары осы мәселелердi қолға алып, жұмыс iстесек шынында өркендеп, үлкен мақсаттарға қол жеткiзiп, дамыған елдер қатарына тезiрек енер едiк. Елбасының жастарды қолдап, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдерге оқуға жiберiп, отандық мамандарды көптеп дайындап жатқаны өте орынды нәрсе. Жастар шетелдерге барып келгенде көзқарастары өзгерiп, өз елiмiзге пайдасы бар iстердi iстеуге құлшынып келедi. Сосын бiз инвесторларды елден шығарып, өз азаматтарымызға тiрлiк жасауға мүмкiндiктер ашуымыз керек.
Ертеңгi күндi де ойлау керек. Мұнайдың таусылмас жолдарын қарастыруымыз керек.
— “Жетiм көрсең жебей жүр” деген сөз бар. Сiздiң де мектеп-интернаттарына, балалар үйiне көрсетiп жатқан көмегiңiз көп көрiнедi. Депутат болып сайлағаннан бергi болашақ ұрпақ үшiн жасалынып жатқан игi iстерiңiз жайлы айтып кетсеңiз.
— Әрбiр азаматтың парызы — елдiң қамын ойлау, оның iшiнде соңымыздан ерiп келе жатқан өскелең ұрпақтың жақсы өмiр сүруi үшiн жағдай жасау. Сол балалардың әрқайсысын өз баламыздай елестетуiмiз керек. Ешкiм өз баласының жаман өмiр сүргенiн қаламайды. Сондықтан да мен “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының атынан 23-округ — Тасбөгет елдi-мекенi бойынша депутат болып сайландым. Сол кезде сайлаушыларға: “Мен сайланайын, сайланбайын, халық үшiн титтей де болса бiр нәрсе орындау — ол азаматтың парызы, депутат болу мақсат емес” дегенмiн. Жағдайы нашар отбасыларға, жетiм балаларға көмектеспесек және болмайды.
Былтыр бiздiң “ҚазГерМұнайға” 15 жыл, “Ақшабұлақтан” мұнай өндiрiп жатқанымызға 10 жыл толуына байланысты қайырымдылық айын өткiздiк. Сол бiр ай көлемiнде елдi-мекендердi аралап, Шиелi және т.б. аудандарға барып, мектеп-интернаттарға ойыншықтар, төсенiштер және киiмдермен көмектестiк. Мал сойып, ас бердiк. Сосын Тасбөгет ауылындағы жетiм-жесiрлерге, зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне қайырымдылық көрсеттiк. Депутат ретiнде атқарып жатқан қызметiм өз алдына, бұл жеке азаматтық борышым. Артта қалған Тасбөгет ауылын көркейтуде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасап жүрмiз.
Тасбөгетте екi қабатты үйлер көп, солардың канализация трубаларын ауыстырып, үйдiң iшi-сыртын ақтап, сылақ жұмыстарын жүргiздiк. Бiрнеше көшелердi жөндеп бердiк, мектептердi қоршауға шарбақтар алып берiп, мектепалды өсiмдiктерiн өсiруге скважина қаздырдық, пайдаланылған суларды арық арқылы өтетiндей етiп тазалаттық. Бұған жұмсалған қаржыны бiрде компания бюджетiнен бөлсек, кейде жұмыстағы жiгiттер өз қалтамыздан жинап, көмектестiк. “Нұр Отан” партиясы арқылы сайлауға түскен соң, бiз Елбасының салауатты саясатын қолдаушы ғанамыз.Яғни елдiң бәрi жаппай жұмылып жатқан iске бiз қатардағы көмекшi ретiнде қол ұшын созып жатырмыз.
Тасбөгеттi кезектi бiр аралап жүргенiмiзде 2-3 кiшкентай балалар жүгiрiп келiп, “бiзге бассейн салып берiңiзшi” — деп балалық сәби көңiлдерiмен менен көмек сұрады.
Өте орынды талап қой, “Алдағы күндер бәрi де болады, тек ұсақ-түйек жұмыстарды бiтiрiп алайық”, — дедiм. Әлгi екi қабатты үйлердiң қақ ортасына күл-қоқыс төгiп тастаған, балалар ойнайтын алаң атымен жоқ. Сонымен, күл-қоқысты бульдозермен сырғызып, бiрнеше “Камаз” топырақ төктiрiп, балалар алаңын жасап бердiк. Соған ел риза, балалар мәз болып қалды. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында, айналаны ластамау үшiн ағаш егiп, көгертiп, гүлдендiрiп отырғанға не жетсiн, бiрақ ауыз суға зорға жетiп отырған өңiрде су да жете бермейтiнi тағы бар. Тасбөгет халқы осы күнде үлкен серпiлiс жасады. Наурыз тойы, қала күнi және т.б. төл мерекелердi бiрлесiп, үлкен алаңда тойлап жүрмiз.
Былтыр 2500 адамға ас бердiк,20 жылдың жүзiнде ондай үлкен шаралар өтпеген екен. Концерт ұйымдастырып, әншiлер шақыртып, елдi қуанышқа бөлеп жатамыз. Тасбөгет қазiр “ҚазГерМұнайды” бiледi, бiздi бiледi, өзiм онда барсам ағайындарымның арасында, бауырларымның ортасында жүргендей сезiнемiн. Халықтың ризашылығына масаттанып та қаламын.
Негiзiнде Қызылорда Қазақстанның басқа қалаларына қарағанда артта қалыңқырап кеткен. Мен 1984 жылы алғаш келгенде осындай едi,2006 жылы жұмыс барысымен осында келгеннен берi дәм-тұзымыз осы жерден жазылған екен. Сыр елiне қайта аяқ тiредiк, әлi тың өзгерiстер жоқ.
Мұнай өндiрiлiп жатқанына да 20 жылдай болды.20 жылда тез аяққа тұрып кетуi мүмкiн емес. Мұнайдан түскен пайданың 70% салыққа кетiп жатады. Кейде халық арасында қазба байлығымыздан, жердiң асты толып жатқан мұнайдан не көрiп жатырмыз дейдi, бұл дұрыс емес, сол салық арқылы мектеп, ауруханалар, басқа да мемлекеттiк мекемелер салынып жатыр, iске қосылып жатыр.
— Бүгiнгi таңда сiз басқарып отырған компанияның 50 пайыз акциясы Қазақстанның ұлттық компаниясына тиесiлi екен. Осы орайда жалпы жұмысты өздерiңiз атқарып жүрген сияқтысыздар. Бұдан былай да “ҚазГерМұнай” атауын сақтап қала бересiздер ме?
— Негiзiнде өзгертемiз деген жоспар жасап едiк, бiрақ “ҚазГерМұнайды” бүкiл ел бiледi, оның үстiне тағы басқа көмектерден айырылып қалсақ өте қиын, сондықтан бұл атауды сақтап қалсақ па деп отырмыз. Кейiнгi кезде iрi мұнай компанияларының 50% акциясы мемлекет меншiгiне өтедi де, “Petro Kazakctan”, “Torgai Petroleum” сияқты компаниялар бiрiгiп жұмыс жасайды деген болжам бар. Алдағы уақытта мемлекет газға баса назар аудармақшы, яғни газ халықаралық аренаға алып шығатын үлкен кiрiс көзi болатын болса, мемлекет үлкен пайда табады. Газ өндiрудiң көлемiн ұлғайтуымыз керек. Бiздiң газдар таза табиғи, iшiнде күкiртi бар, өндiрушiлер күкiрттi сататын нарық таппай, зар қағуда. Тасымалдаудың өзi өте қымбат. Күкiрт өте жеңiл зат қой. Қытай тыңайтқыш ретiнде алғысы келiп отыр, бiздiң өндiрушiлер оларға сатудан бас тартуда.
Алла бұйыртса, көздеген жоспарларымыз жүзеге асады деген ойдамын. Болашаққа, Қазақстан болашағына, өсiп келе жатқан жастарға азын-аулақ еңбектерiмiздi аманат етiп жеткiзу бiздiң парызымыз деп бiлемiн.
— Мазмұнды әңгiмеңiзге рахмет. Жұмыстарыңызға сәттiлiк тiлеймiз!
Сұхбаттасқан Қуанышбек Ботабеков