BONJOUR, MONSIEUR SARKOZY!

BONJOUR, MONSIEUR SARKOZY!

BONJOUR, MONSIEUR SARKOZY!
ашық дереккөзі
221

Ақкөңiл француздарды “Сена жағалауының қазақтары” деген ұғым қалыптасқалы сандаған жылдар өттi. Ара-тұра бұл керiсiнше айтылып, “қазақтар сайын даланың француздары” делiнедi. Қонақжайлылығы мен жайдарылығы, алқам-салқам мәрт мiнезi мен сарбаз серiлiгi, сұлулық атаулыға құштарлықтары қос халықты рухани туыстас ететiнi соншалық, француздардың: “Ақындар провинцияда туып, Парижде өледi” деген ұлағатын алаш жұртының ақындары да қош көредi. Мұны iштей мойындап, өңiн сәл өзгерткен қалыпта ақындардың ауылда туып, ендi.., ауыр сөз айтпай-ақ қоялық.., Алматыда өмiр сүретiнiн ғибрат етедi. Француздардың көршiлес Еуропа халықтарынан басты ерекшелiгi — құйрық-жалы сусылдаған, нәркес жанарынан от шашып, сауыры төңкерiлген құйма тұяқ тұлпарды жанына балайтын қазақтың сал-серiлерi сияқты ат құмарлығы және жаңғыртып ән салмайтын француз ноянын көзге елестету мүмкiн бе?!

Ұлан-ғайыр Еуразия континентiнiң екi қиырын мекендейтiн қос халықты тарихи жақындастыратын мысалдар сансыз және мұны кездейсоқтық дегеннен гөрi заңдылыққа жатқызу орынды.

Есте жоқ ескi замандарда, дәлiрек айтсақ, V ғасырдағы Еуропа тарихының жаңа, мүлдем ерекше парағы ашылуына себепшi болған ғұндар жорығының көсемi, жаулары “Құдайдың қамшысы” деп атаған кемеңгер Аттила – Едiл батыр тұсында номадтар Галлияға, кейiн қаһарман француз қызы Жанна д^Арк дүниеге келген Орлеан қаласына, тiптi Тулузаға дейiн ат басын тiреген-дi. 451 жылы Рим империясының әскерлерi түгелдей опат болған Каталаун қырғынында Едiл батырдың далалық сайыпқырандары және онымен одақтас еуропалық тайпалар Мәңгiлiк Римнiң iргетасын шайқалтты. Римнiң әмiршiсi Ромулдың: “Скифияны билеген, тiптi, басқа елдi билеген патшалардың ешбiрi Аттила сияқты осындай қысқа уақытта осыншама ұлы iстер жасаған жоқ”, – деп мойындауы тегiн емес. Едiл батыр Бургундия ханшайымы Илдионаға 453 жылы үйленiп, ұлан-асыр той жасайды. Бәлкiм осы тойда француз трубадурлары мен бардтары да шырқатып ән салған шығар-ау. Бiр сөзбен айтқанда, германдықтардың “Нибелунгтар туралы жыры” мен өзге де эпостық жырларында, Скандинав сагаларында өлмес бейнесi сомдалған Аттила француз халқының тарихында да өшпес iз қалдырған. Әсiлi, француздардың да атқұмарлығы, Қамбар ата тұқымын қастерлейтiнi сол замандардағы ғұн қырандарынан сiңген қасиет шығар?!

Ал ұлы Наполеонның Мысырға әйгiлi жорығынан кейiн оның ең таңдаулы гвардиясы мен ертауылдары мамлюктерден – Мысыр елiнiң даңқын аспандатқан қыпшақ жауынгерлерiнiң ұрпақтарынан жасақталғаны да бекер емес. Мәскеу түбiндегi қазбалар кезiнде француз гвардиясының әскери киiмiн киген қиықша көздi, шықшыты шығыңқы жауынгерлердiң қаңқалары табылуы соның айғағы. Тiптi, Густав Зелинскийдiң қазақтар өмiрiн арқау еткен поэмасының ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында ең алғаш рет Парижде француз тiлiнде жарық көруiнiң өзi осы бауырластықтың нақты белгiлерiндей.

Француз Республикасы Қазақстанның тәуелсiздiгiн ең алғашқы әрi еш күмәнсiз мойындаған ұлы мемлекеттердiң бiрi екенiн де айта кеткен жөн. Кездейсоқтық па, әлде оқиғалардың өрiстеуiнiң қисынды үдерiсi осындай нәтижеге әкелдi ме, әйтеуiр Франция Қазақстанның мемлекеттiк егемендiгiн 1992 жылы дәп 7 қаңтарда мойындады және көп ұзамай-ақ, 25 қаңтарда берiк дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Ал 7 саны қазақтар үшiн ежелден қасиеттi болып саналатыны белгiлi.

Таяуда елiмiзге ресми сапармен келген Еуродаққа төрағалық етушi Чехия Республикасының премьер-министрi Мирек Тополанек мырза Қазақстанды Орталық Азиядағы көршiлес елдерге ықпал ете алатын держава ретiнде танитындығын мәлiмдегенi аян. Әрине, бұл жайт кейбiр таяу көршiлерiмiздiң көңiлiне жаға қоймауы ықтимал, әйтсе де мұндай жоғары бағаны Еуродақ елдерiнiң ортақ ұстанымы ретiнде қарастырған жөн. Ең бастысы, осындай көзқарастың қалыптасуына 2008 жылы Еуродаққа төрағалық еткен Франция елiнiң айтарлықтай ықпалы тигенi сөзсiз. Өткен жылы маусым айында Қазақстан Президентi Н.Назарбаев ресми сапармен Парижге барғанда осы елдегi аса беделдi “Фигаро” газетi “Қазақстан: қара алтынның жаңа Эльдорадосы” атты көлемдi мақала жариялап, Қазақстанның экономикалық, саяси дамуына аса жоғары баға берген болатын. Турасын айтсақ, ресми Париждiң бiздiң елге iштартуы бiр бұл ғана емес, тiптi, сонау 1993 жылдың өзiнде-ақ Франция президентi Франсуа Миттеран Батыстың аса дамыған мемлекет басшыларының арасынан алғашқылардың бiрi ретiнде қасиеттi қазақ жерiнде ресми қонақ болуының өзi-ақ осынау дос пейiл, өзара сыйластық пен құрметтеушiлiктен сыр суыртпақтайтыны сөзсiз. Сол жылдары Тәуелсiздiк тiзгiнiн ендi ғана өз қолына ала бастаған Қазақстанның халықаралық беделi анағұрлым биiктеуiне осы сапардың айтарлықтай септiгi тигенiн де мойындауымыз керек. Және Франсуа Миттеранның сапары барысында ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан мемлекеттiк тұрғыдан өз қауiпсiздiгiне нақты кепiлдiктерге қол жеткiзген едi.

Қазақстан мен Франция арасындағы достық байланыс соңғы жылдары биiк деңгейге көтерiлгенiне әлемдiк сарапшылар мен саяси қайраткерлер жiтi назар аударып отыр. Әсiресе, 2008 жылдың наурыз айында Қазақстанның Сыртқы iстер министрi Марат Тәжиннiң Францияға ресми сапары екi ел арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық әрiптестiк деңгейiне көтеру жолын нақтылаған жемiстi iссапар болды. Ал маусым айында Елбасы Н.Назарбаев пен Франция президентi Николя Саркози Елисей сарайында екi ел арасындағы стратегиялық әрiптестiктi одан әрi нығайтудың нақты шараларын бекiткен тарихи келiсiмшарттарға салтанатты түрде қол қойды.

Дау жоқ, жеке тұлға ретiнде әрбiр адамға ғажайып Париждi көру бiр арман. Ал әлемдегi аса қуатты, мәдени деңгейi жоғары Франциямен стратегиялық әрiптестiк орнату Қазақстанның бұдан былай халықаралық беделдi мемлекет болып қалыптасқандығының нақты белгiсi.

Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастың осындай жоғары деңгейде өрiстеуiне алдағы көктемде Астанаға ресми сапармен келгелi отырған Франция президентi Николя Саркозидiң үлкен ықпал жасағанын айта кеткен абзал.

Жалпы, қазiргi Франция президентiнiң тағдыры нағыз шытырман оқиғалы романдарға сұранып-ақ тұр. Николя Саркози өзiнiң өмiрi арқылы әрбiр қарапайым жас француз азаматы айтарлықтай биiктерге қол жеткiзе алатынын көрсеткен, “Се ля ви” – өмiр осындай екенiн, күтпеген тосындықтарға толылығын, адам алдына берiк мақсат қойып, соны орындау үшiн аянбай күресе бiлу қажеттiгiн танытқан бiрегей тұлға.

1955 жылы 28 қаңтарда Париждiң iргесiндегi қалашықта дүниеге келген Николя Саркози Француз Республикасының жиырма үшiншi президентi болатынына соңғы жылдарға дейiн көп ешкiм сене қойған жоқ. Өйткенi, Саркози – толық аты-жөнi Николя Поль Стефан Саркози де Надь-Боча венгр эмигрантының отбасында дүниеге келген болатын. Әйткенмен кезiнде халықаралық саясатта биiк беделге ие болып, 12 жыл бойы президент қызметiн атқарған Жак Ширактан кейiн Францияға жаңаша ойлайтын, аласапыран ХХI ғасыр қойған биiк талаптарға сай мүлдем ерекше саяси қайраткер қажет едi. Николя Саркозидiң өзi ғана емес, шежiрелерi сандаған ғасырлардың қойнауына кететiн ата-бабалары да әрдайым дер уағында шешiмдi қадам жасай бiлетiндiктермен ерекшеленетiн.

Тiптi, бұл әулеттiң тарихы ұлы француз әдебиетiнiң шоқтығы биiк романдарынан талай оқыған қызықты оқиғалармен сабақтасып жатқан сияқты. Николя Саркозидiң арғы аталары ХVII ғасырдағы Отыз жылдық соғыста асқан ерлiктiң үлгiсiн танытқан соң 1628 жылы император II Фердинандтың әмiрiмен дворяндық атақ алып, ақсүйектер қатарына қосылған. Будапештiң түбiндегi Сольнок қаласының түбiндегi ауқымды жерлерге және астанадан 100 шақырым қашықтағы Аллати әсем сарайына иелiк құрды. Николяның әкесi Пал Надь-Боча Шаркежь Будапеште дүниеге келiп, 1944 жылы Венгрияға Кеңес әскерлерi кiрген соң батысқа босып, Францияға тұрақтайды да, Поль Саркози есiмiн иеленiп, көп ұзамай заң факультетiнiң студентi Андре Малла ханымға үйленген. Француз азаматтығын алу үшiн қолдан келгенiн бәрiн жасайтын Поль Саркози осыған дейiн француздың әйгiлi шет жерлiктер – жалдамалылар легионында төрт жылдай Алжирде қызмет iстеп, Үндiқытайдағы соғыстың басталар алдында ғана әскери қызметтен бас тартқан едi. Осындай отбасында Гийом, Николя және Франсуа есiмдi үш ұл дүниеге келгенiмен бұрынғы венгр ақсүйегi Поль Саркози бұдан соң да екi рет үйленiп үлгердi.

Саяси, мемлекет қайраткерлерiнiң де барша адамға тән кемшiлiктерi бастан асатыны белгiлi. Тiптi, мұндай кемшiлiктер өз бастарында да жетiп-артылатынын марксизм-ленинизм классиктерiнiң өздерi де мойындағаны тарихи ақиқат. Ал оңшыл консерватор Николя Саркози де отбасы мәселесiнде әке жолын жалғастырған жан секiлдi. Француздардың далалық еркiн жандармен тағы бiр ұқсастығы – әйелқұмарлығы секiлдi. Николя Саркози де кейбiр қазақ азаматтары сияқты өз өмiрiнде бiрнеше рет отау көтердi. Ол алғаш рет 27 жасында корсикандық сұлу бойжеткен Мари-Доминик Кюльолиге үйленiп, Пьер және Жан атты ұлдар сүйген соң көп ұзамай-ақ жергiлiктi телеарнаның бай қожайынының келiншегi Сесилия Сигане-Альбениске көңiлi кетедi. Сесилия Мартеннiң бұл кезде екi қызы бар болатын, бiрақ мұның бәрiне қарамастан Сесилияға жан-тәнiмен құштар Николя көп ұзамай оған үйленiп тынды және олардан Луи атты сәби дүниеге келдi.

Ең таңданарлығы, он бiр жыл отасқан олар Николя Саркози Франция президентi болып сайланған күндерi бiр-бiрiнен алыстап, ақыры ажырасып тынды. Дегенмен, 2007 жылдың 16 мамырында Саркозидiң инаугурация салтанатына Сесилия Луидi, сондай-ақ бұрынғы күйеуiнен туған екi қыз және Пьер мен Жанды да қолдарынан ұстап ертiп келдi.

Нағыз француз ретiнде Николя Саркози сұлулыққа құштар екенiн ылғи дәлелдеп келе жатқан жан. Оның президент тағына отырар-отырмастан қыпша белi бұралған топ-модель, итальяндық әншi Карла Бруниге құшақ ашуы Францияда түрлi қауесеттi қаптатып, БАҚ-тардың нөмiрi бiрiншi жаңалығына айналғаны да күнi кеше ғана. Бiрақ, қаны қызу жас президент өзiнiң жеке өмiрiне қол сұққандарды онша ұнатпағанымен қоғамдық пiкiрге илiге бермейтiнiн де анық аңғартып, өз сүйгенiне ақыры қосылып тынды. Өзi және сүйiктiсiнiң қуыршақ бейнелерiн жасап, ине тығып өлтiруге болатын түрлi жанды нүктелерiн көрсеткен және сатуға шығарған әлдебiр компанияны сот арқылы жеңiп, айтарлықтай айыппұл төлетуi де оның алған бетiнен қайтпайтын табандылығын танытса керек.

Бала күннен бойына бiткен табандылығы мен қайсарлығы, ойға алғанын орындаудан ешқашан тайсалмайтын бiрбеткейлiгi оның саяси өмiрiнде де үлкен беделге ие болуына мүмкiндiк жасап келедi.

Ол 22 жасында Париждiң құрамдас бөлiгi, өзi туған Нени-сюр-Сен қаласының қалалық кеңесiнiң мүшесi, ал 28 жасында осы қаланың ең жас мэрi болып сайланды. 1993 жылы 39 жасар Николя Саркози балалар бақшасындағы сәбилердi кепiлдiкке алған аса қауiптi терроршымен бетпе-бет келiссөз жүргiзiп, өз өмiрiн қатерге тiккен соң оның даңқы бүкiл Францияға кеңiнен жайылады. Әсiресе, ол 2002 жылы Францияның Iшкi iстер министрi болып тағайындалған кезде елде аса күрделi саяси, әлеуметтiк ахуал қалыптасқан болатын. Iрi қалалардың маңындағы iргелес аймақтарда жүгенсiз қылмыс етек алып, ежелден сепаратизм өршiп тұратын Корсикада сол жылдың өзiнде 200-ден астам террорлық актiлер орын алған едi. 2005 жылы Париждiң маңында көше тәртiпсiздiктерi белең алғанда Николя Саркози тәртiп бұзушыларды базбұзарлар және қоғамның жуындылары (voyous ef nacilles) деп атап, қала iргелерiндегi елдi мекендердi су атқыш машиналармен тазалауды талап еттi.

Толерантты, өзара сыйластық, адамдарға құрмет ежелден қалыптасқан Францияда белгiлi бiр әлеуметтiк топтар туралы мұндай пiкiр бiлдiрудiң өзi адам құқығын таптау ретiнде бағаланатыны белгiлi. Ұлы Француз революциясы күндерiнде адамдардың теңдiгi, бостандығы мен өзара бауырластығы паш етiлген тарихи Декларация қабылданғалы берi француз халқының өкiлдерi осынау ұлы мұраттар мен мәңгiлiк құндылықтардан ешқашан бас тартып көрген емес. 2008 жылы тамызда Ресей Грузияның тұтастығы мен тәуелсiздiгiне қол сұғып, орасан зор әскери күшпен тарпа бас салғанда Еуродақтың төрағалығын атқарушы Францияның президентi Николя Саркози Кавказдағы қантөгiстiң одан әрi өршуiне тоқтау сала бiлдi әрi өзiнiң әккi, беделдi мәмiлегер екенiн қапысыз аңғартты. Ол Мәскеуге сапар барысында Ресейдiң премьер-министрi В.Путинмен де кездескен болатын. Осы пiкiр алысу кезiнде өркөкiрек, даңғой В.Путин тәуелсiз Грузияның президентi Михаил Саакашвили жөнiнде: “Оны жұмыртқасынан дарға асып қою керек”, – деген өрескел пiкiр айтқанын француз делегациясының мүшелерi әлемге жайып салды. Тәуелсiз елдiң басшысы туралы мұндай өрескел, астамшылыққа толы пiкiр бiлдiру саяси, мемлекеттiк қайраткерлер үшiн кешiрiлмес күнә екенiн мойындайтын туа бiттi мәдениеттi француздар Ресей лидерiнiң империяшыл өркөкiректiгiне төзе алмаса керек. Ең әуелi Николя Саркози бұған төзбеген сыңайлы.

Еуродақ елдерi үшiн таяу жылдары өздерiнiң энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қолайлы, салиқалы саясат ұстанатын, саяси тұрақты стратегиялық әрiптес ауадай қажет. Ресей мен Украина арасындағы “газ соғысынан” кейiн Ресей экономикалық әрiптес ретiнде беделiнен айырыла бастады.

Осы ретте мұнайға, табиғи газға бай Қазақстанның абыройы күн санап артып келедi. Алдағы көктемде Астанаға ат басын тiрейтiн Николя Саркози тек Франция ғана емес, бүкiл Еуродақ елдерiнiң қақпасын Қазақстан үшiн кеңiнен ашқалы отыр. Франция президентi өткен жылы күзде “WORLD MONITOR” журналының сұрақтарына берген жауабында: “Турасын айтсам, мен Президент Назарбаевқа келесi жылы Қазақстанға қонаққа шақыруына қуана келiсiм беретiнiмдi жеткiздiм. Бұл бiздердiң екеумiз үшiн де стратегиялық әрiптестiктi қолдау мен нығайтуымызға мүмкiндiк әпередi. Мен үшiн бұл – Жiбек жолы бойында, жолдар мен өркениеттердiң түйiскен тұсында орналасқан көп мәдениеттi, Францияда күн өткен сайын аса белгiлi бола түскен аңыздағы орасан зор елдi қайта ашудың қайталанбас мүмкiндiгi”, – деп Қазақстанға жоғары бағаны берген-дi (“WORLD MONITOR” журналы, №5 (16), 2008 ж.).

“Бонжур, месье Саркози!” – Төрлетiңiз, Саркози мырза!

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары