Заңсыз таксилерді қудалау маусымы кімнің жеңісімен аяқталатыны белгісіз

Заңсыз таксилерді қудалау маусымы кімнің жеңісімен аяқталатыны белгісіз

Заңсыз таксилерді қудалау маусымы кімнің жеңісімен аяқталатыны белгісіз
ашық дереккөзі
312

Бүгінде еліміздегі қала көшелерінен такси табу қиынға соқпайды. Қара жолдың бойын­да қол көтерген жолаушыны кез келген көлігі бар азамат ала кетеді. Ресми тіркелген таксилерден гөрі заңсыз такси қызметімен айналысатындардың қарасы қалың болатыны да сондықтан. Ал осындай заңсыз қызмет арқылы нәпақа тауып, пайда көзіне айналдырғандарды тәртіпке салуды билік өкілдері әлдеқашан қолға алған. Бірақ әзірге құзырлы мекемелердің әрекетінен еш нәтиже болған жоқ. Әуежай, вокзал, сауда орталықтары мен базарлар маңын торуылдаған такси жүргізушілері әлі күнге дейін өз қызметтерін жалғастыруда.

Заңсыз таксилер жүйіткіп жүр

 Әуежайдағы халықтың қыр соңынан қалмайтын заңсыз такси жүргізушілері енді әкімшілік жазаға тартылады. Қызметін заң жүзінде рәсімдемей табыс тауып жүрген жүргізушілерге жолаушы тасымалдауға бұрыннан-ақ рұқсат жоқ. Алайда мұндай тыйымға назар аударып жатқан такси жүргізушілерін байқай қоймадық. Сол себепті Алматы қаласы әкімдігі заңсыз такси қызметін түпкілікті тоқтатып, көнбегендерге 30 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға міндеттемек. Такси жүргізушілерінің қызметін заңдастырып, мемлекет қазынасына тиісті салық төлеп тұру мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Аталмыш мәселе биылғы жылдың басында да талқыға түскен. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап такси жүргізушілерінің барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының белгіленген мөлшерін мемлекетке салық ретінде төлеуге міндеттелген. Ал олардың салықтан жалтармауын салықшылар қатаң қадағалауы тиіс. Әрине, мұндай жаңалық заңсыз түрде жолаушы тасымалдау арқылы нәпақасын тауып жүрген жүргізушілерге ұнай қоймайтыны бесенеден белгілі. Өз кезегінде такси жүргізушілері «Біз мемлекетке салық төлеу үшін әуелі біздің жағдайымызды жасау керек» деген талаптарын да айтты. Құзырлы органдар бұл мәселені қолға алғандарымен, жүргізушілерге өз талаптарын орындата алмаған тәрізді. Өйткені мемлекетке еш салық төлеместен жолаушы тасымалдап жүрген такси жүргізушілері әлі де азайған жоқ. Алматы қаласы әкімінің жаз басталысымен заңсыз такси қызметіне тосқауыл қою туралы пәрмен беруі де сондықтан.

Жалпы, Қазақстанда такси қызметі мен оның жүргізушілері үшін қабылданған арнайы ереже әу бастан бар. Кәсіби такси жүргізушісіне қойылатын талап өте жоғары. Ереже бойынша, такси жүргізушілері ең алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, яғни жолаушы тасымалымен айналысатыны туралы сәйкестік құжаты болуы қажет. Одан кейін көліктерін такси белгісімен жабдықтап, жүргізушілер арнайы киім үлгілерін киюге міндетті. Сондай-ақ, көлік салонында жолаушылардың көз алдында жүргізушінің фотосуреті, аты-жөні көрсетілген визит карточкасы, тасымалдаушының ресми атауы, оның мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілген ақпараттық тақта болуы шарт. Әрбір такси жүргізушісі қауіпсіздік шараларын орындап, көлігін арнайы тексеруден өткізіп тұруы керек. Өйткені олар жолаушының қауіпсіздігі үшін жауапты.

Әуежай маңындағы тұрақтарда ақылы, заңсыз таксиге арналған арнайы орын белгіленбесе де, бұл заңсыз тасымалдаушылар үшін кедергі бола алмай тұр. Алайда жуырда ғана Мемлекеттік кірістер департаменті талдау бөлімінің басшысы Еділ Әзімшайх: «Салықтық акт толтырылады. Оның нәтижесінде әкімшілік құқық бұзу хаттамасы толтырылып, сотқа жіберіледі. Сот өкілдері 15 АЕК көлемінде айыппұл салуы мүмкін», – деп ескертті заңсыз такси жүргізушілеріне. Бұл мәселені шешуге түпкілікті кіріскен Алматы қаласының басшылығы жолаушылардан заңсыз такси қызметіне жүгінбеуді сұрап отыр. «Мен барлық жолаушыларды көлденең такси қызметін қолданбауға шақырамын. Ең бірінші – ол жеке басының қауіпсіздігі. Бізде шетелдік туристердің бірнеше арызы бар. Барлығы жеке таксистердің кесірінен қомақты қаржыларынан айрылған немесе келеңсіз жағдайға ұшырағандар», – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин. Соңғы күндері ғаламторда алаяқ такси жүргізушісіне алданып қалған шетелдік саяхатшы туралы ақпарат кең таралды. Алматы қаласына келген шетелдік азаматтардың бірі әуежайдан қаланың орталығына жету үшін көлденең такси қызметіне жүгінген. Ал әлгі алаяқ жүргізуші жолаушыдан 50 мың теңге алыпты. Ол алаяқ жүргізуші әлі күнге дейін қолға түспеген. Оның арбауына түсіп қалған мұндай шетелдік қонақтардың саны бізге беймәлім. Заңсыз такси қызметіне толық тосқауыл қойылмай, мұндай жағдайдың тағы да қайталануы әбден мүмкін. Сол себепті де, салық қызметкерлері көлденең табыс тауып жүрген жүргізушілермен жыл соңына дейін күреспек.

«Біздің табысымызға қарап қалып па?»

Бүгінде жолаушы тасымалдаумен айналысатын таксистердің көпшілігі жұмыссыз жандар. Отбасының күнделікті қажеттілігін өтеу үшін көлік тізгініне отырып, табыс табуды көздегендер. Әрине, олардың күн көріс қамы үшін еңбек еткені жөн-ақ. Бірақ олардың да қарапайым халықтың қалтасына тым қатты салмақ салатынын жасырмауымыз керек. Такси қызметіне жүгінгеннің барлығы қалталылар емес, олардың қатарында зейнеткер де, қарапайым жұмысшылар да, студенттер де бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін демалыс күнімізді такси жүргізушілеріне арнадық. Әуелі аялдамаларда тұрып жолаушы тасымалдау арқылы пайда тауып жүрген жүргізушілердің жайымен таныстық. Райымбек даңғылының (Йассауи көшесімен қиылысының тұсынан) бойынан жаңа салынған «Мега» орталығына (Сейфуллин мен Мақатаев көшелерінің қиылысы) дейін такси тоқтатуға оқталып тұрғанымызда, аялдамада тұрған бірер такси жүргізушілері жанымызға жүгіріп келді.

– Қыздар, қайда барасыздар?

– Сейфуллин мен Мақатаев көшелерінің қиылы­сындағы «Мега» орталығы.

– 700 теңге беріңіздер. – деді асығыс сөйлеп тұрған жүргізуші. – Қалаған жеріңізге жеткізіп саламын.

– Жоқ, рахмет! Тым қымбат.

– Арзан не бар қазір? Бензин де қымбаттап кетті. Онда неге автобуспен жүрмейсіңдер? Адамды әурелемей, – деп ашуланды әлгі жігіт. Оған керек ақша өзгеге де керек екенін, әркімнің қалтасындағы тиын-тебен адал еңбекпен келетінін ескермей ме?!

Аялдамада тұратын бірнеше такси жүргізушісін күнде көріп жүрміз, жандарынан өткендерді таксиге мінуге үгіттеп тұрғаны таңнан қара кешке дейін. Әуелі төмен бағадан бастағанды жөн санап, алғашқы тоқтаған көлікке 300 теңгеге қалаған жерімізге жеткізіп тастауын сұрадық. Мұнымыз бекер екенін ішіміз сезіп те тұрды. Сонымен жол бойында тұрып төрт таксиді өткізіп жібердік, себебі ортақ бағаға келісе алмадық. Ең соңында діттеген жерімізге әлгі аялдамада тұрған такси жүргізушісі 500 теңгеге жеткізіп салуға келісті. Көлік ішінде жүргізушіні сөзге тартуға тырысқанбыз. Алайда жүргізуші әңгімені өзі-ақ бастап кетті.

– Студентсіңдер ме, әлде жұмыс істейсіңдер?

– Жұмыс істейміз.

– Сендер біздің жұмысымызды оп-оңай деп санайсыңдар, жеңіл пайда табады деп ойлайсыңдар. Ал біз күніне сан түрлі мінезі бар адамдарды көреміз. Тіпті, келіскен жеріне жетіп алып, ақша төлемей қашып кететіндер де бар. Кейбіреуі жеткізіп салғаныңа алғыс айтудың орнына айқайлап кетеді, енді біріне көліктегі музыка ұнамайды. Мен клиенттеріммен сөйлесіп отырғанды жақсы көремін. Бірақ қазір адамдардың барлығы ашулы, асығыс, сөйлегеніңді жақтырмайды. Оның үстіне қалада кептеліс те бітпейді. Осылай жүйкең тозады.

– Сіздің табыс көзіңіз осы ғана ма?

– Иә, басқа жұмысым болса, осылай шаршап жүрем бе? Көлік жүргізу де оңай емес. Оның үстіне, бұл құрғыр да (көлігі) күн сайын бұзылады. Тапқанымның жартысын осыған жұмсаймын. – деді айнадан бізге қарап. – Кезінде оқуға түсе алмай, Қызылордадан Алматыға жұмыс іздеп келгенмін. Барлық жұмысты істеп көрдім. Соңында бұйырғаны осы болды. Қазір бала-шағамды осы арқылы асырап отырмын, – деді көлік жүргізуші.

Әңгіме арасында жүргізушіге әріптестерінің мәдениеті мен әдебі, заңды белшесінен басып, салық төлеуден жалтарып жүргендігі туралы да айтып үлгердік.

– Өздерің тергеуші емессіңдер ме? Сұрақтарың көп қой, – деді айнасын бізге бұрып. – Ойлап көріңдерші, бензин қымбат, машинаны жөндеу тағы бар, оған қоса салық төлейтін болсақ, өзімізге не қалады? Салық төлемей қашып жүрген «дөкейлер» де бар ғой. Біздің табысымызға қарап қалып па?

Дауысынан оның ашуланып отырғанын түсініп, сауалдарымызды тоқтата қойдық. Расымен, заңсыз болса да, осы қызмет арқылы бір отбасыны асырап-бағып отырғандар бар. Ол жасырын емес. Бір жағынан, мұндай жүргізушілерге түсіністікпен қарау керек секілді. Алайда олар тапқан табысынан неге салық төлемеуі тиіс? Біз неге салық төлеуден жалтаруды жөн санаймыз? Оны неге ауыр жаза сияқты қабылдаймыз? Салық төлеу әрбір есі дұрыс азаматтың Отан алдындағы қасиетті парызы емес пе?!

Жолаушыға таласқан жүргізушілер

 Бүгінде такси жүргізушілерінің саудасы қызып-ақ тұр. Ал нағыз көлденең такси қызметінің қызу саудасы – әуежай мен вокзалда. Олардың сұрайтын ақысы да осал емес. Әуежай мен вокзалдан қалаға жету үшін ең кемінде 1500 теңге төлеу қажет. Алматыға алғаш келгендер аңғалдықпен такси жүргізушісінің аузынан шыққан кез келген бағаға келіседі. Мұндай жолаушыларды такси жүргізушілері бірден таниды. Дәл осы аңғал жолаушылар үшін жүргізушілер арасында талас туындағанын да көпшілік көріп жүр. Қазір вокзал мен әуежайдан шыққан жолаушыларды туыстарынан бұрын такси жүргізушілері күтіп алатын болған. Бұған әбден етіміз үйреніп кетті. Вокзалдың іші-сыртын жаулап алған таксистердің айқайы пойыздан маужырап түскендердің ұйқысын шайдай ашады. Қолындағы сөмкесіне жармасып, көлігіне қарай жол сілтейтін дөрекі жүргізушілер әуежай мен вокзал маңын үнемі торуылдап жүреді. Тіпті, көлігіне отыруға көнбегендерді сүйреп әкетуге дайын тұрады. Бұл көрініске жұртшылық та үйреніп кеткен. Мұндай әдепсіздік үшін 10 мың теңге айыппұл салынатынын, екінші рет қайталанса, 5 тәулікке қамалатынын құқық қорғау қызметкерлері де түсіндіруден шаршады. Ал мұндай такси қызметінің құны қымбат екені айтпаса да түсінікті. Вокзал маңындағы такси жүргізушілері: «Біз осында тұрамыз. Келген адамдарды қалаған жеріне жеткіземіз. Қызметіміздің ақысын аламыз. Кейбіреулер үшін баға тым қымбат, ал кейбір жандарға еш қиындық тудырмайды. Сондықтан, әркім өз таңдауы бойынша таксиге отырады. Біле білсеңіз, мұнда жүрген жүргізушілердің басым бөлігі кредит алған. Оны жабу үшін міндетті түрде тоқтаусыз жұмыс істеуіміз керек. Біз салық төлейтіндей көп ақша таппаймыз», – дейді. Алайда дәл осы вокзал мен әуежайдағы такси жүргізушілерінің аз ақша табатынына күмәнданушылар көп. Қазір олардың ең төменгі бағасы – 1000 теңге. Тағы бір айта кететін жайт, әуежай мен вокзал маңында жүретін жүргізушілер міндетті түрде бір ауданға баратын бірнеше адамды топтастырып алады. Бірақ әрқайсысынан жеке-жеке ақы алады. Осындай тәсілмен бірнеше рет жолаушы тасымалдаған такси жүргізушісінің бір күндегі табысы аз емес деген сөз. «Бұл кісілер пойыздардың келу-кету уақытын біледі. Сол уақытқа арнайы келеді. Алайда қолында патенті, рұқсаты жоқ адамның мұнда келуге құқығы жоқ», – дейді полиция қызметкерлері.

Бір қаладан екінші қалаға жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілерінің жұмысы тіптен ауыр әрі олар ауысыммен жұмыс істейді. Яғни, әр жүргізушінің белгіленген уақыты бар. Сол уақыт аралығында ол өзінің жолаушыларын жинап, көлік тұрған орынды босатуы керек. Ал ол босаған орынға келесі такси келіп жайғасады. Мұндай тәртіпті де бекіткен патентсіз такси жүргізушілерінің өздері. Мұндай такси жүргізушілері әсіресе, Сайран автовокзалы мен «Алтын орда» базарының маңында жиі кездеседі. Уақытқа да, жолаушыларға да таласатын такси жүргізушілерінің жиналған жері үнемі айқай-шу. Тіпті, олардың жиналған орны көше бойындағы «жабайы базар» тәрізді. Бағаға келісе алмай, саудаласқан жолаушы мен жүргізуші, орын жетпей айқайласып жататын «әріптестер». Кей кезде сол такси жүргізушілерінің «мәдениеті» қаланың құтын қашырып жіберетіндей көрінеді. Алатау етегіндегі оңтүстік астананың сұлулығын суреттен көріп тамсанып келген қала қонақтарының ең бірінші сол такси жүргізушілерімен кездесетінін ескерсек, көпшіліктің Алматы туралы ойы өзгеріп шыға келетіні анық.

Ал қала ішінде қатынайтын арнайы такси қызметінің сапасы жоғары болғанымен, бағасы да қалтаға айтарлық салмақ. Simon Kucher&Partners деп аталатын неміс компаниясының бақылаушы және маркетолог мамандары әлемдегі такси қызметі ең қымбат саналатын қалаларды анықтапты. Зерттеу нәтижесінде әлем бойынша ең қымбат такси қызметі Цюрих қаласында тіркеліпті. Онда таксимен 3 шақырымдық жерге бару үшін 19,17 доллар төлеу керек. Ал Амстердам қаласында дәл осындай қашықтық үшін 12,38 доллар ақы сұрайды. Лондондағы такси қызметі 11,87 доллар, Берлинде – 11,75, Венада – 10,80, Сиднейде – 9,35, Парижде – 7,66, Нью-Йоркте – 7 доллар екен. Арнайы шақырумен келетін такси қызметінің құны біздің елімізде де арзан емес. Олар қашықтықты немесе уақытты есептеу арқылы қызметтің құнын шығарады. Мәселен, Алматы қаласында жолаушыларға қызмет ететін «Ақ жол» такси қызметі 4 шақырымға дейінгі қашықтық үшін 500 теңге алады. Одан кейін әрбір шақырым қала ішінде болса 90 теңгеден, ал қала сырты болса 100 теңгеден есептеледі. Ал 50 кг-нан артық жүк үшін жолаушы 250 теңге артық ақы төлеуі қажет. Егер такси жолаушыны 5 минуттан артық күтетін болса, есептеу қызметі іске қосылады. Алғашқы 5 минут өткеннен кейін жүргізуші күткен әр минут үшін жолаушы 15 теңгеден төлеуге міндетті. Халықтың барлық талаптарға сай, заңдастырылған такси қызметіне жүгінбеуінің басты себебі де – осы. Көпшілік заңсыз болса да, көлденең табыс табатын такси жүргізушілерінің қалтасын қампайтуға мәжбүр. Қалай десек те, заңсыз таксилерді қудалау маусымы тағы да басталды.

Серіктес жаңалықтары