ШӘМШIНIҢ ШIРКIН, ӘНДЕРI-АЙ!

ШӘМШIНIҢ ШIРКIН, ӘНДЕРI-АЙ!

ШӘМШIНIҢ ШIРКIН, ӘНДЕРI-АЙ!
ашық дереккөзі
294

Шiркiн, Шәмшi! Қайран, Шәмшi! Артына өлместей мұра, ұмытылмас ән қалдырған Шәмшi. Бүгiн ғана естiген Шәмшi әнiн, ертең емес-ау, тiптен араға сағат салып құлақ тоссаң да тыңдаған үстiне тыңдай бергiң келетiн тәттi әндер ғой шетiнен. Жалықпайды емессiң, жалықтырмайды. Тыңдаған сайын жан дүниеңдi баурап алып тарта түседi, тартыла да бересiң.

Шәмшi аға 1988 жылы ауданда аптаға жуық шығармашылық iс сапарда болды. Бiрге жүрдiм. Күндiз күнiмен елдi мекендердегi халықтармен кездесiп, Шәкеңнiң қызықты да тартымды әңгiмелерiмен бiрге әсем әндерiн де тыңдап, ерекше бiр әсерге бөленсек, ал, түнде — түнiмен бiздiң үйде әңгiме дүкен құратынбыз. Ол кiсiнiң әрбiр әңгiмесiн тыңдаған сайын жанымыз жадырап, “өлең” деген өлкеден, “ән” деген әлемнен өзiмiзге әжептәуiр-ақ азық жинап, молынан сусындап қаламыз.

Бiр күнi әлгiндей бiр iс-сапардан ертелеу оралдық та, Шәмшi аға екеуiмiз Шалдар елдi мекенiне таяу жерде атқылап ағып жатқан ыстық суға барып, жуынып қайттық. Артқы орындықта бiр өзi емiн-еркiн ыстық судан соң қызара бөртiп, терлеп-тепшiп отырған Шәкең орта жолға келгенде: “Серiкбай, осы жерге тоқташы”, — деп иығымнан қақты. Сөйттi де әлгi маңдайындағы шып-шып терiн сүртiп, көйлегiнiң түймесiн де мұқият түймелеп, сыртқа шықты. Қадымдай басып барып, бiтiк өскен дермене шөбiнiң тұнығына тоқтаған ол, оның екi-үш сабағын сындырып алып, құшырлана ұзақ иiскедi.

— Неткен таза ауа, әсем табиғат, бай өлке. Мына шөп дертке дауа, жатқан ем ғой. Әлгi бiз жуынған су жердiң астынан сонша ыстықтықпен шығып жатқан шипалы болса, ал жердiң бетiнде өсiп тұрған мына шөптерiңiз де солай. Демек, жерлерiңiздiң асты мен үстi тұнып тұрған емдiк қасиетке толы дүниелер екен. Ендiгi жерде осылардың қасиет-құдiретiн бағалап, тиiмдi пайдалана бiлу керек қой, — дедi.

Мен ол кiсiге бұған қосымша Қаратау сiлемдерiнiң етегiн ала бере шығып жатқан “Ақтас әулие” деп аталатын шипалы судың емдiк қасиетi жайлы да айтып бердiм.

— Мiне, — дедi Шәкең сұқ саусағын көтере берiп, — Жалпы бұл Шаян өңiрi тегiн емес, киелi жер. Кешегi өзiң бастап алып барған Бәйдiбек баба, Домалақ ана, Шақпақ, Жетi отау, Қосым ишан, мұның бәрi тегiн емес қой. Әй, әруағыңнан айналайын қасиеттi ата-бабалар-ай! Тәу ету керек. Бұл жердегiлер жан-жақты рухани таза, ешқандай қиянатқа бармау керек. Өйткенi, бұл жер – бiр табан болса да имандылық пен құдiрет-күшке жақын, киелi өңiр.

Шәкеңнiң мына сөздерiн естiген сәтте менiң шүйке құйқам шымырлап, бүкiл денем дiр ете қалды. Қандай өсиет-өнегеге толы жүйелi сөз десеңшi. Бүкiл жан дүниесi асыл адамдар ғана айта алатын сөз емес пе, бұл. Шәкеңнiң жүрегi асыл болмаса бүкiл әлемдi таң қалдырған құдiреттi ән шумақтары шығар ма едi?

Үйге келгеннен соң Шәкең есiктен кiре бере:

— Келiн, а келiн, – деп дауыстады. Iштен шыққан Күнқияшқа қолындағы бiр бума дермене шөбiн ұсынып жатып, – Қарағым, мынаны iшкi үйдiң бiрiне, биiктеу жерге iлiп қой. Сөйткiн де оқтын-оқтын мұздай су себелеп тұрғын. Сонда иiсi жаңарып, жұпар тарта түседi. Сол иiстiң өзi көптеген ауруларға ем, әрi бөлменiң ауасына да жақсы әсер етедi, — деп тапсырды.

Iшке кiрiп жайғасқаннан соң ыстық шәй iшiп, әңгiме айтып отырған Шәкеңнiң көзi төрде iлулi тұрған мондолға түсiп кетiп, жанарына от ойнап шыға келдi.

— Мына мондолды кiм тартады? — деген сұрағының артынша, iле — Кәне, берi әпершi, — дедi қолын созып.

Шәкең оң қолына алып, әрi-берi аударыстырып, әбден көрiп шықты да, iшектердiң арасында қыстырылулы тұрған медиаторымен бүкiл iшектердi қоса “дың” еткiзiп, бiр ұрып өттi. Сөйттi де:

— Ал, Серiкбай тарт мынаны, — деп маған ұзатты.

— Аға… а, сiз өзiңiз, — дей берiп едiм:

— Мен сенi тыңдағалы отырмын, — дедi Шәкең сынағандай сыңай танытып.

Қолыма мондолды ала сала “Арыс жағысынданы” бастап кеп жiбердiм. Шалқалай жатқан Шәкең басын көтере денесiн тiктей ұстады да ыңылдап iлесе бастады. Қайырмасына келгенде “Сендер неге қосылмайсыңдар” — дегендей бiзге қарай көз қиығын тастағаны сол, шәй құйып отырған Күнқияш келiнi ән ырғағын iлiп әкетiп, әуелете жөнелдi.

Бiз бұдан соң да Шәмшi ағаның екi-үш әнiн бiрiнен соң бiрiн орындадық. Ара-арасында Күнқияш екеумiз сонау бiр 1966 жылдары мектеп бiтiргеннен соң қаладағы сауда техникумына түскен студенттiк жылдардағы күн құрғатпай кешкiсiн жатақхана мен көшелерде топ-топ болып осы Шәмшi ағаның әндерiн үзбей орындайтын қызықты күндерiмiздi еске ала әңгiмелегенде, Шәкең болса бiздiң сөзiмiздi ынта қоя тыңдап, көңiлдi отырды.

— Бұл 1977 жыл болатын. Сонау Көкшетау жерiндегi “Тереңкөлдiң” жағасында жатқан Ақан Серiнiң бейiтiне бардым. Әдейi арнап бардым, тәу еткелi бардым. Құран оқыттым. Құранды әлбетте жасы сексеннен асып қалған Мәжит деген қария, сол бейiттiң шырақшысы оқыды. Қыраттап, әсерлi оқиды екен. Денем дел-сал болып, кiрпiктерiм ерiксiз айқасып, көкiрегiмдi өксiк қысып ала жөнелдi. Булықтым. Көзiме жас келдi.

— Сен Шәмшiсiң ғой, неге бұлай жыладың? — деген дауыс ту сыртымнан саңқ ете қалды. Жалт қарап едiм, Ақан екен. Қатулы көрiндi. Орнымнан атып тұрғаным сол, әлгi бейне жоқ болды да кеттi. Айналама қарасам өзiммен бiрге ерiп барған кiсiлерден өзге ешкiм жоқ. Бәрi де көздерiн тарс жұмып алған, мүлгiп отыр. Молда болса Құранын аяқтамапты. Көзiмдi қайта жұмып едiм, әлгi көрiнiс тағы қайталанды. Бұл жолы, Құдайдың құдiретi, Ақан екеуiмiз еркiн әңгiмеге көштiк. Мен өзiмнiң бұл өмiрге нала екенiмдi айтамын. Ақан болса менiң сөзiмдi жақтырмастан қабағын түйiп: “Сен Шәмшi, осыншалықты жасық па едiң, босамағын. Өмiрмен күресе бiл, әлi сенiң беретiнiң көп. Әнiң құлдырамасын Шәмшi, әумин! — деп әңгiмесiн аяқтады да, батадан соң жоқ боп кеттi.

“Ойбай-ау мен неге, кiмге өкпелеймiн? Неге iшемiн? Жоқ, бұдан соң болмайды, қалайда арақтан алшақ жүруiм керек”, — дей бергенiм сол, өз даусымнан өзiм шошып кетiп көзiмдi ашсам, қасымдағылар:

— Не болды сонша, кiммен сөйлесiп отырсың, даусың қатты шығып кеттi ғой, — дейдi маған үрейлене қарап.

Мiне, Серiкбайжан, содан берi арақ дегенiңдi аузыма алған емеспiн. Әйтпесе сол жолы Ақан Серiнiң бейiтiнен соң сол жақтағы өзiме көптен таныс бiр дәрiгерге соғып, iшкiлiкке қарсы ем қабылдамақшы болғанмын. Бiрақ, қабiр басындағы әлгi жағдайдан соң менiң аяғым әлгi дәрiгерге қарай тартпай қойды. Барғаным жоқ. Мен сол күннен бастап арақ деген әзәзiлден арамды алшақ салып кеттiм. Аңсаған да емеспiн, есiме кiрiп те шықпайды. Ендi әкел берi қолыңдағы мондолды, — деп Шәкең маған қарай қолын созды. Мондол безiлдеп, асқақ әуен, әсем ән қалықтай жөнелдi.

Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетiлген

Ақ Жайығым,

Ақ Еркем.

Аңсаған ән өлкем,

Шiркiн, Шәмшiнiң әндерi-ай!

Серiкбай ТҰРЖАН

Серіктес жаңалықтары