БIР БӨЛМЕЛI ПӘТЕРДЕ 6 ЖАН ТҰРАДЫ
БIР БӨЛМЕЛI ПӘТЕРДЕ 6 ЖАН ТҰРАДЫ
Редакция телефоны шыр ете қалды. Көтердiм. Арғы жақтан шерге толы мұңлы дауыс естiлдi. “Бұл “Түркiстан” газетi ме екен? Менiң атым — Күмiс. Сiздерге өзегiмдi оттай өртеген жағдаймен хабарласып тұрмын. Соңғы үмiтiм де осы газетте” деген Күмiс апай өз ойының шетiн ғана шығарып, телефон арқылы айтатын әңгiме еместiгiн бiлдiрдi. Уақытым болса, үйiне келiп кетуiмдi сұрады. Қашанда шарасыз жандардың жанайқайына үн қосып, арашашы болып жүретiн журналистер мұндайда қарап қалған ба, дереу мекен-жайды жазып алып, уағдаласқан мезетте жетiп бардым.
Қала iшiндегi шағын ауданның бiрiнен пәтер жалдап, күн кешiп жүрген 4 балалы Күмiс апай құрқылтайдың ұясындай ғана бөлмеде әкесi Мұсаев Рахматулламен бiрге барлығы алты жан тұрады. 1943-1949 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан әрi соғыстан соң қираған үйлердi тұрғызуға атсалысқан ата кемпiрi өмiрден озғаннан кейiн (бақилық болғалы 18 жыл) балаларының қолына келудi мақұл көрген. Өзiнен тараған бес баласының бәрi шиеттей бала-шағамен өз күндерiн әрең көрiп жүргендiктен де, қайсысына кiрiптар боларын бiлмеген ата 2003 жылы тұла бойы тұңғышы Күмiсiнiң қолына келiп, бiрге тұра бастайды. Көпжанды отбасы пәтерден пәтерге көшiп әбiгерге түседi. 84 жастағы Рахматулла атаның жүрiп-тұруына ыңғайлы болу үшiн пәтердi жер үйден емес, көпқабатты үйден iздеген отбасы алты жылдан берi жиған-тергенiн пәтерақы мен дәрi-дәрмекке жұмсап отырғанға ұқсайды. 2005 жылы атаның бiр көзiне үш рет операция жасалған. Ақыр аяғында көзi көрмейтiн халге жетiп, III топтағы мүгедек атанған. Ендi сол көзге протез салуға 17 мың теңге сұрап жатқан көрiнедi. “Оның 5 мыңын әрең тауып бердiм, қалған 12 мыңды қайдан табамын? Сол сәтсiз болған операцияның өзiне бақандай 167 мың теңге кеттi. Ал қазiр ауруға ауру қосылып, қуығы ұстамайтын болды. Урология институты: “Квота алу керек” десе де, дәрiнi өзiмiз алады екенбiз. Бiзде Ұлы Отан соғысы ардагерлерiне ем-дом тегiн көрсетiледi деп айтады. Мұның бәрi өтiрiк…” дейдi жүрегi шайылып қалған Күмiс апай.
Бұған дейiн ай сайын тықылдап кеп тұратын 50-55 мың пәтерақыны 40 жыл бойы темiр жолда абыройлы қызмет атқарған Рахматулла атаның зейнетақысы мен құрылыста жұмыс iстейтiн екi ұлының жалақысы iлдалдап жауып келген. Ал қазiр сақалды құрылыс сап тыйылғалы берi ұлдары жұмыссыз қалып, жағдайлары мүлдем тығырыққа тiрелген. Күмiс апайдың екi баласы мектеп жасында, өзi болса, қарт әкесiне қараймын деп денсаулықтан айрылған. Жұмысқа жарамсыз. “4 балам және әкем бар” десем, ешкiм жолатқысы келмейдi. Әйтеуiр, осы пәтердiң иесi бiзге жаны ашығандықтан ғана ұзақ уақыт тұрғызып келедi. Оған да шүкiр, заман болса мынау. Егер тап қазiр шығарып жiберсе, қайда барып паналаймыз?” дейдi жалғызбасты ана қамығып. Өмiрдiң қиын-қыстау кезеңi мен ащы запыранын жұмыла көтерiп жүрген отбасының бар үмiтi — баспаналы болу. Көпбалалы әрi жалғызбасты ана ретiнде 2000 жылдан бастап Алматы қалалық Тұрғын үй департаментiне тiзiмге өзi тұрса, 2006 жылы соғыс ардагерi ретiнде Мұсаев Рахматулла ата тұрған. Мiне, сол кезде ардагер ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның 74-бабы және 98-1 бабына сәйкес, әлеуметтiк қорғалушы тiзiмi бойынша — 1073, ҰОС-на қатысқандардың iшiнде 15-шi кезекке тiркелiптi. Күмiс Искакованың айтуынша, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкiмiнiң орынбасары Қ.Заманбековтың 2008 жылдың 23 қазанындағы жауабында: “әлеуметтiк тiзiмдегiлер 2214 адам болса, сiз әлеуметтiк қорғалушы тұрғындар арасында — 1056-шы, ал ҰОС қатысқандар қатарында 11-тiзiмде тұрсыз” делiнiптi. Сонда 2 жылда бар болғаны 4 ҰОС ардагерi пәтер алған. Ал өзiм 2001 жылы — 966, 2003 жылы 961, 2004 жылы — 841, 2005-2006 жылдары 853-тен өзгермедi, 2008 жылы 845-шi тiзiмдемiн. Кезек iлгерi жылжудың орнына керi кетiп барады” дейдi ол. Жақында тағы да баспана кезегiн пысықтау үшiн Тұрғын үй департаментiне барған Күмiс апай Елена Гаврина деген маманнан: “2009 жылы ҰОС ардагерлерiне 20 пәтер берiледi. Оған iлiгесiздер ме, жоқ па, белгiсiз…” деген күмәндi жауап алып, салы суға кетiп оралыпты.
Әйтсе де, үмiт шоғын сөндiрмей күнелтiп келе жатқан отбасын мазасыздыққа ұшыратқан бас ауруы — баспана мәселесi бойынша Тұрғын үй департаментiнiң бас маманы Дәулет Рахманбердиевпен тiлдескенiмiзде, мына жайттарды алға тартты. “Бiрiншiден, қазiр тiзiм журналын қайта көшiрiп жатырмыз. Өйткенi, бұрын қызмет iстеген азаматтардың былықтары шығып жатыр, соны бiр жүйеге келтiру үстiндемiз. Екiншiден, бiздiң ардагерлер ауылдан көшiп келедi де, тiзiмге тұрады. Сөйтедi де, кезегiм жылжымайды деп шағым айтады. Ал баспанасыз жүрген көп балалы отбасыларды, өмiр бақилыққа дерт боп жабысқан Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтарды, т.б. баспанаға шын мұқтаж жандарды ешкiм ойлап отырған жоқ. Негiзi Алматы қаласы бойынша ҰОС ардагерлерiнiң бәрi пәтер алып бiттi. Қазiргi тiзiмдегiлер әлгiндей ауылдан келгендер санатынан. Бiзге жыл сайын жоспар тапсырады. Мәселен, бiр жылда 200 пәтер берiлуi керек дейдi. Оны бюджет қызметкерлерi — дәрiгерлер мен мұғалiмдерге, сол сияқты ҰОС мен Ауған соғысының ардагерлерiне, мүгедектер мен көпбалалы, т.б. отбасыларға бөлiп беру қажет. Әр ауданға 5, 10, 20 пәтер түседi. Мұны да әлеуметтiк жағдайға қарай үлестiру тиiс. Егер сол 20 пәтер тек ҰОС-на қатысқандарға ғана берiледi деп шешiлсе, жағдай басқа. Ал бар-жоғы 20 пәтер болғандықтан да, әлеуметтiк топ мүшелерiнiң баспанаға аса мұқтаждығы ескерiледi. Олай етпесек, екiншi бiр топ даурығады. Мұның бәрi — әлеуметтiк сұраққа келiп тiреледi ғой” дегендi бiлдiрдi.
Мына заманда басыңда панаң болмаса, төрт баламен және 84 жастағы қариямен көшiп-қонып, пәтер жалдап тұру қиынның қиыны. Үй мәселесiмен Бостандық ауданы әкiмiне, Тұрғын үй департаментiне хат жазып, тiптi президент әкiмшiлiгi мен Адам құқы жөнiндегi комиссияға дейiн ат арытып барған Күмiс Искакованың тауы әбден шағылған. Тiптi, 2006 жылы үй кезегiнiң артқа жылжи беретiнiн айтып, “Азат” газетiне де шағымданды. Нәтиже жоқтың қасы. Одан берi үш жыл заулай жөнелдi. Қазiр отбасының халi мүшкiл. Барар жерi, басар тауы қалмаған Күмiс апай: “Үйге жеткенше соғыс ардагерi өмiрден озып кететiн шығар” дегендi жетiскендiктен емес, мәжбүрлiктен айтып отырмын”, – дейдi. Екi бүйiрден қыспаққа алған қаржы дағдарысы ақшасы барлардың өзiн қалтыратып-дiрiлдетiп жатқан кезде, бұл отбасының таңды әупiрiмдеп атырып, кештi iлдабайлап батырып жүргенi айтпаса да түсiнiктi. Құрметтi, оқырман! Көбi кетiп, азы қалған қарттық өмiрде жанының тыныштығын бағудың орнына қатпарлы өмiрдiң ащы тауқыметiн тартып келген 84 жастағы Рахматулла атаға көмек қолын созып, әлеуметтiк қолдау көрсетем деушiлер табылып жатса, 2-21-36-82 байланыс телефонына хабарласуларыңызды өтiнемiз. Аллаһ Тағала жасаған ризашылықтарыңызды сауаптан жазсын!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ