ДЕВАЛЬВАЦИЯ ЖАЛҒАСА МА?

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ЖАЛҒАСА МА?

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ЖАЛҒАСА МА?
ашық дереккөзі
347

Үкiмет пен Ұлттық банктiң “тосын сыйы” – девальвациядан қазақ қоғамы әлi айыға қойған жоқ. Базардағы баға мен нарықтағы ахуалға бейiмделу үшiн уақыт керек. Алайда, Үкiмет сахнасының сыртында жүретiндер девальвацияның екiншi толқыны туралы сөз қозғай бастады. Бейресми деректерге сүйенсек, Ұлттық банк ұлттық валютаны тағы да 25 пайызға құнсыздандыруға қамданып жатқан көрiнедi. Кейбiр сарапшылар бұл қадамның екiншi тоқсанда-ақ жүзеге асырыла бастайтынына сенiмдi. Яғни, теңге 50 пайызға дейiн құнын жоғалтады.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ КIМГЕ СЕП?

Егер теңге тағы да 25 пайызға құнсызданса, девальвацияның алғашқы толқыны тұралатып тастаған қарапайым халықтың жағдайы не болмақ? Iсi мен сөзi жиi үйлеспейтiн билiк девальвация мәселесiнде неден мүлт кеттi? Теңгенiң арзандауы кiндiгi көмiрсутегiлерге байланып қалған қазақстандық экономика үшiн қаншалықты тиiмдi? Ұлттық банктiң басшысы Марченко девальвацияның отандық өндiрушiлерге үлкен көмек болатынын көлденең тартады. Сонымен қатар Марченко да, Мәсiмов те iшкi нарықтағы азық-түлiк және басқа да күнделiктi тұтынатын тауарлардың үштен бiр бөлiгi сырттан тасымалданатынын, яғни, импорттық заттар екенiн жасырмайды. Бұл неғылған кереғарлық? Сонда билiк кiмге жағдай жасады? Импорттық тауар өндiрушiлерге ме, әлде отандық кәсiпкерлерге ме? “Ақ жол” ҚДП төрағасы Әлихан Байменов: “Девальвация бiрiншi кезекте бiздiң жер асты байлығын иеленiп отырған алпауыт топтардың ғана мүддесiн көздеу мақсатында жүзеге асырылды. Мұны Үкiмет пен Ұлттық банк ашық мойындауы керек” дейдi. ҚР Бiрiншi Президентiнiң қоры жанынан құрылған Әлемдiк экономика және саясат институтының аға ғылыми қызметкерi Қанат Берентаевтың пiкiрiнше, “Марченконың отандық тауар өндiрушiлерге қолдау ретiнде көрсетуге тырысқан 25 пайыздық девальвация шикiзаттық салаға бағытталған. Бiз теңгенi 25 пайызға құнсыздандырдық, Ресейде – 35 пайыздан жоғары. Белоруссияда одан да жоғары, Украинада – 50 пайыздан көп. Демек, теңгенi 25 пайызға девальвациялау арқылы бiз ешкiмдi ұтпаймыз. Отандық тауар өндiрушiлердiң өнiмдерiнiң импорттық тауарларға деген бәсекелестiгiн арттыру үшiн девальвацияны 50 пайызға теңгеру керек едi”.

Ал Қарағандыдағы Аймақтық даму ғылыми-зерттеу институты басшысының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Татьяна Притворова: “Теңгенiң девальвациясы iшкi нарықтағы өндiрушiлер мен экспорттаушыларға жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылды. Қазақстан экономикасы экспортқа негiзделген. Олар импорттық тауарлармен бәсекелестiк тұрғыда қабiлеттi болуы үшiн, девальвацияны жүзеге асыру қажет едi. Оның үстiне, барлық елдер ұлттық валюталарын девальвациялауға көшкендiктен, құнсыздандыруға мәжбүрмiз. Керiсiнше жағдайда, кiрiстерге қол жеткiзе алмаймыз. Есесiне, қарыздарын шетелдiк валюта түрiнде қайтаратындықтан, қазақстандық банктерге девальвация тиiмсiз. Девальвацияның екiншi толқыны қайталана ма, жоқ па деген сауалға жауап табу үшiн нақты сандарды салыстыру керек. Жалпы алғанда, теңгенi құнсыздандыру шарасының қайталануы мүмкiн. Әр мемлекет өз өндiрушiсiнiң мүддесiн көздейдi ғой. Осы орайда, өзгелерге есе жiберiп алмас үшiн девальвацияны жалғастыруға мiндеттiмiз” дейдi.

Ұлттық банктiң теңгенi құнсыздандыруға қатысты бастамасына әп дегеннен қарсы болған Қанат Берентаев мырза Ұлттық банк тарапынан девальвацияның екiншi толқыны қайталанса, Үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағдарламасына үлкен соққы боп тиетiнiн айтады: “Жаңсақтыққа бой ұрған Ұлттық банк экономика өсiмiн қамтамасыз етудiң орнына, жағымды төлемдiк тепе-теңдiктi сақтауға тырысуда. Бiзге не тиiмдi? Күн сайын құнсызданып келе жатқан алтын-валюта қорын доллармен сақтаған пайдалы ма, әлде қазақстандық экономиканы жақсартқан жөн бе?”. Оның бұл пiкiрiн Байменов те қостайды: “Күрт девальвация жасау және оның деңгейi – билiк тарапынан соңғы 9-10 жылдағы мүмкiндiктi пайдаланып, Қазақстан экономикасын әртараптандыру жүргiзiлмегенiн, Қазақстан экономикасының тек шикiзат экономикасы болып қалғанын мойындау. Екiншiден, девальвациядан ұтқан – шикiзатты шетке сататын компаниялар ғана. Себебi, олар табысын сырттан доллармен алады да, iшкi жалақыны теңгемен төлейдi. Ол компаниялар және девальвацияға байланысты жалақыны көтерген жоқ. Сондықтан олардың табысы ұлғайды. Олар – “Қазақмыс”, Еуразиялық топ, “ИспатКармет”, мұнай сататын компаниялар т.б. Үшiншiден, девальвациядан соң халықтың тұрмыс деңгейi төмендедi. Себебi, бiздегi тұтынатын заттар, киетiн киiм, iшетiн тамақ, мiнетiн көлiк, тұрмыста пайдаланатын құрал-жабдықтың басым бөлiгi шет елдерден валютаға сатып алынады. Девальвациядан кейiн олар тауарлар бағасын қымбаттатады. Iшкi нарықтағы нан, ет өндiрушiлер де тауар бағасын қымбаттатуға мәжбүр болады. Себебi, олар түсiрген пайдасына киiм, тамақ сатып алуы керек. Девальвациядан соң жаңа құрал-жабдыққа негiзделген кәсiпорындардың жоспарлары қиындайды. Себебi, алыс шет елдерден әкелiнетiн құрал-жабдықтар бағасы едәуiр қымбаттайын деп отыр. Бұл экономиканың модернизациясына тежеу болады. Девальвацияның тағы бiр жаман жерi, зейнетақы жинақтаушы қорларындағы қаражатты құнсыздандырды және жалақыға өмiр сүрiп отырған адамдардың тұрмыс деңгейiн нашарлатты”.

“АҚҚУ – КӨККЕ, ШОРТАН – КӨЛГЕ”…

Ұлттық валютаны құнсыздандыруда Министрлер Кабинетi, Ұлттық Банк пен Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгiнде ауызбiршiлiк болмады. Экс-бас банкир Сайденов “девальвация бiзге тиiмсiз, оны жүргiзудiң қажетi жоқ, одан ұтыламыз” дедi де, отставкаға кеттi. “Теңге бiртiндеп 10 пайызға ғана құнсызданады” деген министр Сұлтановтың сөзiн 25 пайыздық девальвациясымен Марченко жоққа шығарды. Ә.Байменов: “Бiр ай бұрын ғана Үкiмет, Ұлттық банк пен Қаржылық нарықты қадағалау және реттеу агенттiгi қабылдаған меморандумға қайшы қимыл жасалды да, ендi Үкiметтiң меморандумдарына ешкiм сенбейтiн болады. Олардың сенiмсiздiгi неге әкеп соғады? Олар “затымды қазiр сатпай күте тұрайын, теңге тағы құнсызданады” немесе “затымды қымбат сатайын” деген пiкiрде болады. Девальвацияның қайталануы мұнай бағасына тiкелей байланысты. Себебi, бiзге келетiн валютаның көпшiлiгi мұнайдан түседi. Егер мұнай құнсыздана берсе не осы деңгейден көтерiлмесе, теңгенiң бағамын ұстап тұруға кететiн валюта қоры азаяды да, Ұлттық банк тағы да девальвация жасауға мәжбүр болады” дейдi.

Ал Қанат Берентаев долларға деген тәуелдiлiктi азайту үшiн ортақ валютаны қабылдау керек деген пiкiрде. Әлбетте, ортақ валюталық одақ құруға әлем құлшынып отыр десек, қателесемiз. Бiрақ экономистiң айтуынша, 2000-жылдардың басынан берi көтерiлiп келе жатқан ұлтаралық валютаға көшуге қатысты саяси шешiм қабылданған жағдайда, мәселе оңай жүзеге асырылмақ. Осы себептi, “аймақтық валюта көшкен жағдайда, алтын-валлюта қорын доллармен сақтауға ешқандай негiз жоқ. Ұзақмерзiмдiк жобаларға ден қойған Қытай қазiр өз экономикасын инвестициялауға, шет елдердегi компаниялардың активтерiн сатып алу арқылы доллардан бiртiндеп құтылуға тырысуда. Ал бiз керiсiнше, төлемдiк тепе-теңдiктiң, шикiзаттық саладағылардың мүддесiн көздегендiктен, халықтың әлеуметтiк ахуалын төмендегенiне және экономикамыздың әлсiрегенiне қарамастан, алтын-валюталық қорымызды сақтап қалуға күш салып жатырмыз. Менiңше, саяси шешiм арқылы жаңа аймақтық валютаны енгiзу арқылы бiз өте үлкен көлемдегi долларды қажет етпес едiк. Девальвацияның орнына, алтын-валюта қорын бұрынғы бағамды сақтауға жұмсау керек едi. Сонда импорттық тауарлар салыстырмалы түрде әлдеқайда арзанға түсетiнi анық. Бiзде азық-түлiк өнiмдерi мен кейбiр күнделiктi тұтынатын тауарлардан басқа заттардың барлығын дерлiк сырттан тасымалдайтындықтан, девальвациядан кейiнгi баға 1 жарым есеге өстi. Яғни, экономиканы жаңғырту тым қымбатқа түсуде”.

Бүгiнде ҚР Үкiметiнiң бiр жылға кешiктiрiп дайындаған дағдарысқа қарсы бағдарламасын сын тезiне алғандар көп. Мысалы, Байменов: “Дағдарысқа қарсы бағдарлама шала жасалған. Ең басты талап – әлемнiң кез келген дамыған елiнде дағдарысқа қарсы бағдарламаны дайындағанда мемлекеттiң шығындарынан, мемлекет жұмысының жариялылығынан бастайды. “Ақ жол” партиясы үкiметтiк бағдарлама қабылданған күннiң ертесiне-ақ осыған қатысты мәлiмдеме жасады. Арада екi апта уақыт өткенде Президенттiң әкiмшiлiк шығындарды азайту жөнiндегi өкiмi шықты. Бағдарламаны қабылдауда да жариялылық болған жоқ. Бағдарлама қабылданғаннан соң ғана сарапшыларды жинап, түсiндiрмек болды. Қазiр халық Үкiметтiң бағдарламасынан гөрi Америка, Ұлыбритания, Ресей үкiметтерiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламаларын жақсы бiледi. Себебi, олардың басшылары күн сайын түсiндiрiп жатыр” дейдi. “Үкiметтiң тағы бiр ұтатын жерi – былтырғымен салыстырғанда, биыл бюджет девальвация арқылы номиналды түрде орындала бастайды. Яғни, бюджет құнсызданған теңгемен тола бастайды. Девальвация Үкiметтiң кейбiр жұмысын формальды түрде жеңiлдетуде. Ал шын мәнiсiнде, халықтың тұрмыс деңгейiнiң есебiнен болып жатыр. Билiк Ұлттық қорды төмендетiп алмас үшiн теңгенi девальвациялағанын айтады. Яғни, Үкiметтiң алдында таңдау тұрған. Ұлттық қорды кiм үшiн жұмсайды? Бұл жолы Ұлттық қордың қаржысын халық үшiн емес, сыртқа экспортқа өнiм шығаратын компаниялар үшiн жұмсады десе болады”.

ҮКIМЕТ БАҒАНЫ ҚАЛАЙ АУЫЗДЫҚТАУЫ ТИIС?

Қанат Берентаев кейбiр сарапшылардың iшкi нарықтағы баға өсiмiне девальвацияның ешқандай қатысы жоқ деген пiкiрiмен мүлде келiспейдi. “Баға деңгейi өндiрiлетiн өнiмдердiң көлемiмен анықталады. Егер бiздегi тауарлардың 50 пайызынан астамы импорттың үлесiнде болса, бағаны импорт шешпек. Ал отандық өнiм бағасы импорттың құнынан төмен болмайды. Қазақстандағы импорттық тауарлар бағасы девальвацияның кесiрiнен өскендiктен, баға өсiмiне девальвация ықпал еткенiн байқаймыз”. “Бағаның 60-70 пайызы монополистердiң қызметiнiң үлесiнде. Жанар-жағармай, электр жарығы, транспорт т.б. Егер стратегиялық маңызы бар тауарлар мен қызмет көрсетулерге мемлекеттiк монополия орнату инфляцияны ауыздықтауға сеп”. Әлихан Байменовтiң пiкiрiнше, бағаны реттеудiң және тұрақтандырудың бiрнеше шарты бар. “Бiрiншiсi, экономикадағы субъектiлерде, қоғамда тауар сататын, қызмет көрсететiн, тауар өндiретiндер көңiлiнде Үкiмет пен Ұлттық банкке деген сенiм болуы тиiс. Яғни, олар “Үкiмет пен Ұлттық банк өздерi меморандумды қабылдап алып, бiр айдан соң тағы бiр шалт қимыл жасайды” деген күдiкке бой алдырса, баға тұрақсызданады. Екiншiден, экономикада жариялылық, әдiл бәсекелестiк болуы керек. Үкiмет мұны қамтамасыз ете алмай отыр. Себебi, Үкiмет әдiлетсiз бәсекелестiктi қалыптастырып отырған үлкен алпауыт топтардың өкiлдерiнен құралған. Сондықтан, қазiргi мiндет – ұлттық компаниялардағы алпауыт топтардың өкiлдерiнiң барлығын кәсiби тұрғыда бiлiктi болса да, жұмыстан кетiру. Үшiншiсi, әрбiр тауар нарығындағы монополияға жол бермеу керек. Қазiр монополиялардың бәрi жасанды. Көпшiлiгi әкiмдермен немесе басқа лауазым иелерiмен байланысты болғандықтан, монополияға қарсы күрес агенттiгi дұрыс жұмыс жасай алмай отыр”. Билiк баға саясатыны тұрақтандыруды, алыпсатарлыққа жол бермеудi түрлi меморандумдар мен келiсiм-шарттар арқылы қамтамасыз ететiнiн айтады. Бiрақ сарапшылардың басым бөлiгi бұл пiкiрмен келiспейдi. Өйткенi, базардағы баға келiсiмдерге көнбейдi. Татьяна Притворованың айтуынша, үкiметтiк меморандумдарға қол қойған кәсiпорындардың барлығы бiрдей уәдесiне берiк емес: “Арселор Миттал” бiр қолымен келiсiмге қол қойып, екiншi қолымен көңiлiнiң қалауы бойынша әрекет етедi. Барлығы да компаниялардың ниетiне байланысты. Қарағанды облысында тұратындықтан, “Арселор Митталдың” жұмысынан жақсы хабардармыз. Кезiнде ол өзi өндiрген шикiзатының бiр бөлiгiмен отандық өндiрушiлердi қамтамасыз етуге қатысты облыс әкiмiмен меморандумға қол қойса да, орындаған жоқ. Ескi әдетiне басты. Нарықтың өзiне тән қатаң заңы бар. Әрине, бұл жерде келiсiмге қол қойған кәсiпорындардың жергiлiктi әкiмдiктерге қаншалықты тәуелдi екендiгi де өте маңызды. Олар бұл мәселеге келгенде, уәденi орындауға тырысады. Алайда, бiздiң елiмiзде шетелдiк компаниялар көп қой. Үкiмет олармен қалай күресетiнi түсiнiксiз”. Ал Әлихан Байменовтiң пiкiрiнше, “Бiзде мұнай өндiретiн компаниялар Қазақстандағы Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеушi зауыттарына өндiрген өнiмдерiнiң бiр бөлiгiн өткiзуге мiндеттi. Сол өнiм мен зауыттардың ортасында үлкен мүдделi топтарға қатысы бар делдалдар тұр. Iшкi нарықтағы жанар-жағар май бағасының көтерiлуiне сол делдалдар табатын пайда ықпал етуде. Үкiмет осыны бiле тұра, қарсы қимыл жасамай отыр”.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:

Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко девальвацияның екiншi толқыны болмайтындығы туралы мәлiмдедi.

– Бiр жылдай уақыт Ұлттық банк теңгенiң долларға шаққандағы бағамын 150 теңге көлемiнде ұстап тұратын болады. Демек, алдағы бiр айдың немесе 3 айдың iшiнде доллар бағамы 180 теңгеге жетедi екен деген ақпараттар жалған. Валюта нарығындағы байбаламды валюта ауыстыру пункттерiнiң иелерi қолдан жасап отыр. Күндiз барлық ауыстыру пункттерi қалыпты жұмыс iстейдi. Ал, түнде олар “доллар жоқ. Ертең теңгенiң жаңа девальвациясы болады” деп үрей тудырады, — дедi Ұлттық банк төрағасы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары