“АЛҚА” ОҚЫРМАНДАРМЕН АМАНДАСТЫ

“АЛҚА” ОҚЫРМАНДАРМЕН АМАНДАСТЫ

“АЛҚА” ОҚЫРМАНДАРМЕН АМАНДАСТЫ
ашық дереккөзі
285

“Алқа” деген сөздiң өзi алқалы топ деген мағынаны берсе керек. Осы журналдың ұсынысымен төрт жазушы жiгiт бiр повестi бiрiгiп жазып шығыпты. Шетелге сатылған жетiм бала туралы бұл шығарманың аты – “Сүйектаңба”, авторлары – Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Жаңабек Шағатай және Жүсiпбек Қорғасбек төртеуi. Шынында да алқалы топ әрi өзiнше бiр жаңалық деп түсiндiк.

Шығарушылардың айтуынша, журналдың аты кезiнде Мағжан Жұмабаев құрған “Алқа” ұйымынан алыныпты. Былтыр екi нөмiрi таныстыру тұрғысында жарық көрген. Нәтижесiнде екi мыңнан астам оқырман жазылған. Жыл басында қосақталып шыққан 72 беттiк алғашқы екi нөмiрi оқырман үмiтiн ақтайтындай бiрқанша өтiмдi дүниелердiң басын құрапты.

Журналист Қуат Әуесбайдың абайтанушы ғалым, қазiргi кезде әндерi ел арасында көп айтылып жүрген белгiлi сазгер Тұрсынжан Шапаймен сұхбаты рухани әлемiмiзге жаңаша көзқарас танытуымен назар аудартады. Абайды зерттеп, “Қазақтың жанын”(2001 ж.) зерделеген Тұрсынжанның өз жұмбағы да жетерлiк, сұхбатта сол сыр бiршама ашылыпты.

Соңғы кезде “АйтРАRК” қоғамдық-саяси интеллектуалдық клубы көптеген қызықты “жекпе-жектер” ұйымдастырып жүр. “Алқаға” осы клубтың жетекшiсi Нұрлан Ерiмбетов сыртқа белгiсiз бiраз құпияны ашып берiптi. Қоғамдық ой мен әлеуметтiк мәселе дағдарыс жағдайында қалай сәйкестiк тауып жатқаны Серiк Бейсенбаевтың “Әлеуметтi алаңдатқан ондық” мақаласында кең талқыланып жазылған. Балжан Мұратқызының “Соқа басым бiр айда 29250 теңге жұмсаппын”, журналдың атынан жарияланған “Малайзия дағдарыстан қалай шықты?” атты мақалалар осы тақырыпты өмiрлiк тәжiрибемен астастыра жалғастырады. “Қоржынтамнан коттеджге дейiн”, “Тағдырды жорытуға бола ма?” атты материалдардың да айтары бар.

Жүсiпбек Қорғасбектiң өзi қатар жүрген, бүгiнде өмiрде жоқ белгiлi тұлғалар туралы “Өлгендер қайтып келмейдi” деген тақырыппен берiлген әсерлi естелiгi де оқырманды бейтарап қалдырмаса керек. “Мен туралы өсек бар естiдiң бе, Ораламыз өсекпен ескi күнге” деп басталатын естелiк топтамасы Аяған Шәжiмбай, Оралхан Бөкей, Болатхан Тайжан және Армиял Тасымбекке арналыпты.

Журналдың бас редакторы Жұлдыз Әбдiлда оқырманды аталған басылымға көптеп жазылуға шақырып, “Жазылмасаңыз сiзге серт, жаза алмасақ бiзге серт” деп қалам ұшын қайрап отыр. “Алқаға” “Қазпочтаның” барлық бөлiмшелерi арқылы жазылуға болады. Бұл журналдың алдағы тағдыры оқырманға да тәуелдi деген сөз.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары