ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙЕЛIН ЖАРЫСТЫРҒАННАН НЕ ҰТТЫҚ?!

ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙЕЛIН ЖАРЫСТЫРҒАННАН НЕ ҰТТЫҚ?!

ҚАЗАҚТЫҢ ӘЙЕЛIН ЖАРЫСТЫРҒАННАН НЕ ҰТТЫҚ?!
ашық дереккөзі
175

Қазақ әйелi. Қазақ анасы. Қазақ қызы. Мен есiмдi бiлiп, көзiмдi тырнап ашқалы берi естiгенiм осы ғана. Ал, “Қазақстан әйелi” дегендi естуiм ендi шығар. Оны да естiмейтiн едiк, егер “Ел-арнада” “Қазақстан әйелi” деген байқау өтпегенде…

Ертеректе, бiр аңызда “бiр ұл тәрбиелесең — бiр әулеттi тәрбиелегенiң. Ал бiр қыз тәрбиелегенiң — бiр ұрпақты тәрбиелегенiң” деген өсиет қалған екен. Ал, сол өсиет нақ қазақ қызына, қазақтың анасына тән бе деп қалам. Қазақ халқы әйел затын құрметтеген халық. Өйткенi, ол қызды қарындасы деп санады, келешек ұрпағының анасы деп бiлдi. Қазақтың дәстүрлi қоғамында “еркек — үйдiң егесi, әйел — оның шегесi” саналмаушы ма едi? Бұл бұлжымас қағида өмiршең болды, осы қарапайым ғана пәлсапа қазақ отбасын айрандай ұйытып, мемлекеттiң iргесiн шайқалтқан жоқ. Қазақ қызы жауға шапқанда ерлiктiң болмысын көрсеттi, отбасында кемеңгер ана бола бiлдi. Бiрақ, олардың ешқайсысы, “бiзге теңдiк керек, бiзге гендерлiк саясат керек” дегендi айта қойған жоқ.

Бiр кездерi “бэби бум” жасап, әр отбасында 5-6 шақалақтан кем болмайтын үрдiстен Батыс 60-жылдары жаңылып қалыпты. Олар гендер керек деп адасты, әлеуметтiк теңсiздiктi көтерген әйелдер бала табуды азап санайтын халге жетiп, феминизммен ауыра бастады. Бiрақ, бұл қоғамды iрiп-шiрiттi, табиғи үрдiстi айнытты, рухани дертке айналды. Бұзылған отбасыны түзеймiз деген Батыс, қайтсек оларды жөнге саламыз деп әлек болып жүр. Ал, бiз керiсiнше, Батысқа елiктеп, солар ауырған аурумен ендi ауыра бастадық. Ауыра бастағанымыздың көрiнiсi емей немене, айдың-күннiң аманында, “Қазақстан әйелiнiң” байқауын өткiзiп жатырмыз.

Әуелде байқау “Қазақстан әйелi”деп басталған кезде-ақ, атын естiп таң қалдық. “Қазақстандық ұлт” дегенге қарсы болып жүргенiмiзде, бүйректен сирақ шығарып, қазақ әйелi емес, “Қазақстан әйелi” дей бастадық. Негiзiнде, дұрысы “Қазақ әйелi” байқауы емес пе едi?

Жарайды, бұған да көндiк. “Қазақстан әйелi” делiк. Бiрақ, бұл байқауды өткiзуде ұйымдастырушылардың көздеген мақсаты не? Бiр ай бойы ұялы телефон арқылы SMS хабарлар жiбертiп, қазақтың үздiк әйелiн таңдау кiмге не үшiн қажет болды екен?! Әлде бұл да гендерлiк саясатты қолдаудың бiр түрi ме?! Сосын, байқауға қатысқан 28 үмiткердiң арасында кiмдер жоқ дейсiз?! Қазақтың бұлбұл әншi қызы Бибiгүл Төлегенова, Роза Бағланова апамыз, Роза Рымбаева да жүр. Еңбек Ерi Кәмшат Дөненбаеваны да қосыпты. Ал, мұндай ерлiк жасаған қазақтың қыздары аз ба едi? Ондай қыздар қазақтың арасында жүздеп, мыңдап саналады. Ең қызығы, тiзiмнен кеше ғана “жұлдыздар” тiзiмiне iлiккен әншi қыздарымызды да байқап қалдық. Сонда байқауды жасарда продюсер неге сүйендi, ненi ұстанды екен? Егер белгiлi бiр шарттармен жасалды дейiн десек, оған да келмейдi. Мәселен, халыққа жасаған ерен еңбегi бойынша таңдау жасалды дейiк. Бiрақ, бұған да келiңкiремейдi. Өйткенi, онда ондай ерен еңбегi жоқ қыздарымыз да жүр. Көп бала тауып, демографияға үлес қосқандарды дәрiптеу дейiн десек, ол тұрғыдан да сай келмейдi. Сонда тiзiм қалай жасалды? Әншi қыздардан ғана iрiктелу керек десек, оған танымал спортшы қыздарды қосудың қажетi қанша? Тiптi, үздiк мұғалiмдi де, үздiк дәрiгердi де тiзiмнен көремiз. Әншi қыздар демекшi, олардың арасынан Мақпал Жүнiсованы байқай алмадық. Сонда ол қазақ әйелi байқауына жарамағаны ма?

Айтпақшы, осы мақаланы жазардың алдында, аталмыш байқауға орай, интернет басылымдары не деп жатыр екен деп, ғаламторға үңiлiп көргенбiз. “Солай де” сайтында бiрқатар пiкiрлер жүр екен. Соның бiр-екеуiн, оқырман назарына ұсынып көрелiк.

“…Ерiгiп, ақша табудың амалын iстеген. Қалайша, Мақпал Исабекова мен Роза Бағланованы салыстырады??? Жалпы, ол жердегi көрсетiлген барлық әйелдер лайықты сондай атаққа. Оны сол СМС жинау арқылы ғана бағалау керек пе? Неге осындай дәрежеге дейiн түсiп кеткен…”

“…Менше не болса да, сауалнама басталып кеткен екен, оның керек, керегi жоғы емес, бiзше дауыс берген абзал деп ойлаймын!!! Ана үлкен апалар өз заманында бағасын алды, жаста болса, менше Әлия қазақ елiнiң атын шығарып, қаншама сайыстарға қатысты. Бүгiн әлем Әлия десе, қазақ дейтiн халге жеттiк. Тек Әлияның жоғарғы табыстарының арқасында. Сондықтан, Қазақ елi үшiн, әлемге танылуы үшiн тонналап тер төккен жұдырықтай қызды ынталандырып бағалау орынды сияқты..”.

“…МТВ, МузТВ-ны қарасаң, күнделiктi сондай сайыстарды көресiң. Ең страшный әйел әртiстердiң ондығы, ақшаны жұмсағыш бай қатындардың жиырмалығы, пластиковый операция жасатқыш спортшы бикештер деген сияқтылар толып жатыр, бiздiкi олардың қасында бет-моншағы үзiлiп тұрғандай, SMS арқылы жасауы, содан теңге сындыруға тырысқаны болса керек. Бiрақ, өзге елдерде оның бәрi жарнама арқылы жүргiзiледi. Қазақтарда солардың кебiн киiп келе жатыр. Телебезiрге телмiрген, қолында бiр бөтелке пивiсi бар, бiр пакет шекiлдеуiгi бар бiздерге назарымызды аударуға тырысқан бiздiң телепродюсерлердiң бағдарламасымағы да…”.

Мұндай пiкiрлердi көптеп табуға болады. Интернет желiнi пайдаланатын көбiне қалалықтар болған соң, олардың пiкiрi бiр жерден шығатын шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, олар да “Қазақстан әйелiнiң” байқауын жасауға наразы екен. Демек, қазақ әйелiн жарыстырып, жеңiмпаз жасаудың түкке де қажетi жоғын олар жақсы түсiнедi.

Өзiңiз де ойлап қараңызшы, қазақтың бұлбұл әншiсi Бибiгүл Төлегенова онсыз да қазақтың аяулы қызы, қазақтың аяулы анасы емес пе? Оны қазақ халқы байқаусыз-ақ бағасын берiп, қадiрлейдi ғой. Немесе, жиырма бала туып, тәрбиелеген Камаш апа кiмнен кем? Ол кiсiнi нағыз қазақтың Батыр анасы десек те, артық айтпағандық болар едi. Ендеше, неге бiз оларды салыстырып, дауыс беруге тиiспiз?!

Сосын, қазақ әйелi елдiң алдында жүрiп, ерлiк iстеуiмен анықталушы ма едi? Қазақтың нағыз әйелi ауылдарда жүрген жоқ па? Нағыз әйелдi iздегiңiз келсе, елге, ауылға барыңыз. Таңның атысы, күннiң батысы бала-шаға қамымен тырбаңдап жүрген, отбасы-ошаққасының амандығын тiлеп, сиыр сауып, нан жапқан аналардың ортасынан НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛIН табасыз. Әсем киiнiп, жылтырап жүргеннiң бәрi қазақ әйелiнiң символы болып саналады деп кiм айтты сiзге?!

Айтпақшы, аталмыш байқау не болып жатыр екен деген оймен, “Еларнаға” телефон шалғанбыз. Арнадағылар байқаудың мәреге жеткендiгiн, үздiк “Қазақстан әйелiне” Нина Каюпова ие болғандығын, соңғы гала концерттiң 7-наурыз күнi “Хабар” арнасы арқылы көрсетiлетiндiгiн жеткiздi. Бiлгенiмiз, соңғы финалға 7 үмiткер шығыпты. Олардың арасында, кiмдердiң бар екендiгiн 7-наурыз күнi бiлетiн боламыз. Әзiрге қалғанының бәрi құпия болып қала бермек. Тiптi, жеңiмпаздарға қандай сыйлықтар беретiндiгi туралы ақпаратты айтудан бас тартты. Әйтсе де, “Қазақстан әйелi” байқауын жасап, дауылдатып жүргендер, тағы қандай жаңалық ойлап табарын кiм бiлсiн?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары