КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI БЮДЖЕТ

КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI БЮДЖЕТ

КӨМIРСУТЕГIГЕ ТӘУЕЛДI БЮДЖЕТ
ашық дереккөзі
240

Әлемдiк нарықтың ауанына қарай төңкерiлген бiздiң билiк үшжылдық бюджеттi қайта қарауы мүмкiн.

Халықаралық қаржы қоры әлемдiк қаржылық дағдарыстың үшiншi толқыны дүниежүзiне, әсiресе, кедей елдерге қиын тигенiн мәлiмдедi. Қордың мәлiметтерiне сүйенсек, биыл Жер шарының 22 кедей мемлекетiне 25 млрд. доллар көлемiнде қаржылай көмек қажет. Қаражат тапшылығы мен қаржылық қиындықтардан бастау алған дағдарыс шешiмiн табудың орнына, керiсiнше, күннен күнге ушығып барады. Осының кесiрiнен, көптеген елдер бюджеттiк шығындарды барынша азайтуға, яғни, қиын-қыстау кезеңде “көрпеге қарай көсiлуге” тырысуда. Апта басында ҚР Министрлер Кабинетi де үстiмiздегi жылдың 3 наурызында халықаралық нарықтағы алдағы бiр-екi айға арналған мұнай бағасы сәл көтерiлгенiн мәлiмдедi. Атап айтқанда, Лондондағы InterContinental Exchange Futures биржасында IPE Brent Crude маркасының бiр баррелi — 43,70 (+1,49) доллар; Нью-Йорктегi New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil маркасының бiр баррелi — 41,65 (+1,50) доллар т.б. Алайда, ауа-райындай мың құбылған халықаралық нарықтағы ахуалдың жағымды жаққа қарай өзгеруi қазақ билiгiн аса қуантып отырған жоқ. ҚР Үкiметi 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджеттi бiр баррель мұнай бағасын 25 долларға шаққандағы есеппен қайта есептелуi мүмкiндiгiн қарастыруда. Кезiнде бiр баррелi 40 доллардан айналған “қара алтын” құны келешекте қанша пайызға құнсызданатыны белгiсiз. Бiрақ “жаман айтпай, жақсы жоқ” қағидасына сүйенген Мәсiмовтiң командасы көмiрсутегiнiң (Brent маркалы мұнай шикiзаты) құны 25 доллардан төмендеп кеткен жағдайда кез келген тосын жайттарға дайын болуды көздейдi. Егер әлемдiк нарықтағы баға 25 доллар болса, қазақтың “қара алтыны” шекара сыртында 13-16 долларға сатылмақ. Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi мен Қаржы министрлiгiне арнайы тапсырма берген Мәсiмов әлеуметтiк шығындардың бiр тиынына тиiспеу керектiгiн ескерттi.

2008 жылдың қарашасында ҚР Парламентi 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджеттi мұнай бағасын 40 доллармен есептей отырып, қабылдаған едi. Құжаттағы 2009 жылдың еншiсiне тиген бюджеттiк дефицит 4,76 млрд. доллар болатын. Ал шығын көлемi 3,43 трлн. теңгеге (28,58 млрд. доллар) тең. Бұл – 2008 жылға қарағанда, 239,3 млрд. теңгеге (2 млрд. долларға жуық) аз көрсеткiш. Үстiмiздегi жылы республикалық бюджетке түсетiн пайда – 2,86 трлн. теңге (23,84 млрд. доллар), яғни, былтырғымен салыстырғанда, 476,3 млрд. теңгеге (3,96 млрд. доллар) аз.

Бұған дейiн ҚР Парламентi 2009 жылға арналған бюджетте жаңа мемлекеттiк нысандар, шет елдердегi жылжымайтын мүлiктi салу немесе сатып алуға, қарулану мен әскери техниканы иелену немесе жаңалауға кететiн шығындарды қысқартуды қарастырған. Ал ғарыштық бағдарламаларды игеруге қатысты шығындар екi есеге азайтылып, үстiмiздегi жылға жоспарланған бiрқатар жобалар кейiнге ысырылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары