АЛПАУЫТТАРFА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАП

АЛПАУЫТТАРFА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАП

АЛПАУЫТТАРFА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАҢА ТАЛАП
ашық дереккөзі
233

Ел экономикасының басты салалары – жер қойнауын пайдалану, темiр жол, телекоммуникация мен энергетикаға қатысты жасалынатын мемлекеттiк сатып алулардағы қазақстандық үлес салмағы арттырылмақ. Екi аптаның iшiнде арнайы бағдарлама түзуi тиiс “Самұрық-Қазына” мемлекеттiк меморандумдарды жиi бұзатын компанияларды бақылауға алмақ. Министрлер Кабинетi қаржылық дағдарыс кезiндегi бiрқатар қиындықтарды түрлi үкiметтiк меморандумдар арқылы шешуге мүдделi.

Қазiргi кезде елiмiздегi 2900-ға жуық кәсiпорындар мен мекемелерде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл туралы ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шөкеев жуырда Алматы қаласында ұйымдастырылған ұлттық компаниялар мен оларға тауарлар мен қызмет түрлерiн ұсынатын өндiрiс орындары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсiмiнде мәлiмдедi: “Меморандумдармен жұмыс жасау әкiмдiктер мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне жүктелген. Қазiргi таңда әкiмдiктерге апта сайын жүйелi түрде штабтар ұйымдастыру мiндеттелдi. Онда кәсiпорындар бiрнеше топқа бөлiнiп, қаржылық дағдарыстың кесiрiнен қиын жағдайда қалған өндiрiс орындарымен жұмыстар жүргiзiлуi тиiс. Өйткенi ондағы менеджмент пен кәсiпорын басшылары бұл жағдайға дайын болмауы мүмкiн. Сондықтан жергiлiктi деңгейде шешiлетiн мәселелердiң бәрi жылдам және жедел шешiлуi қажет”. Шөкеевтiң айтуынша, тауар мен қызмет түрiн пайдалануда қазақстандық компаниялардың үлесiн арттыру жөнiндегi жүйелеу жұмыстары толық аяқталған. Осыған байланысты мемлекеттiк органдардың сатып алуларына – Қаржы министрi Болат Жәмiшев, ұлттық компаниялардың сатып алуларына – “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Келiмбетов, табиғат пайдаланушылардың сатып алуларына – Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев, жүйе құрушы iрi кәсiпорындардың сатып алуларына Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник жауапты болып отыр. Министрлер Кабинетiнiң мүшелерiне осы мiндеттерiн атқару барысында жергiлiктi атқару органдары, яғни, әкiмдер көмектеспек. “Мемлекет басшысы бiзге апта сайын форумдар мен мәжiлiс өткiзуге тапсырма бердi. Бұл бiрден өз нәтижесiн берiп жатыр. Мәселен, Алматы қаласындағы форумда – 3,7 миллиард, Астанадағы жиында – 32 миллиард, Шығыс Қазақстанда өткен басқосуда – 15 миллиард, Талдықорғанда 18 миллиард теңгенiң меморандумдары жасалды. Бүгiн ендi Алматыда тағы 100 миллиард теңгенiң меморандумына қол қойылды” деп мәлiмдеген вице-премьер арнайы мәлiметтер базасы жасалып, аталған меморандумдардың жүзеге асырылуы бақылауда болатынын жеткiздi.

Ал дүйсенбiдегi үкiметтiк кеңесте жер қойнауын пайдаланушылармен арадағы мемлекеттiк келiсiмдер 2 аптаның iшiнде қайта қаралатын боп шешiлдi. Ол үшiн “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттiк сатып алулардағы, әсiресе, жер қойнауын пайдалану, темiр жол, телекоммуникация және энергетика сияқты салаларда қазақстандық үлес көлемiн арттыруға қатысты бiртұтас бағдарлама дайындауы тиiс. ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнiң жауапты хатшысы Асқар Баталовтың айтуынша, 300-ге жуық келiсiм-шартта жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық тарапқа тиесiлi бөлiктi орындамаған. Алайда, министрлiк ондай компаниялармен арадағы келiсiм-шартты бұзбауға ұсыныс айтты: “Қаржылық дағдарыс кезiнде қаржылық мiндеттемелерiн 50 пайызға орындап жүрген жер қойнауын пайдаланушылармен жасасқан келiсiмдi бұзбауға, есесiне, олардың жұмыс орындарын сақтап қалып, қаржылық мiндеттемелерiнiң қалған бөлiгiн кейiнiрек өтеуге қатысты ұсыныс бiлдiрдiк”. Кеңестiң қорытындысында, Үкiметтiң шешiмi бойынша, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры осы аптаның соңына дейiн елiмiздiң барлық аймақтарындағы компаниялардың қайсысы қаншалықты орындап отырғаны туралы есебiн дайындайтын болды.

Ресми деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылы елiмiзде 858 млрд. теңгеден астам қаражатқа бағаланған 189 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Осының нәтижесiнде, 2420 жұмыс орнын құру көзделiп отыр. Министр Школьник 2010 жылы жалпы көлемi 961 млрд. теңгеден асатын 62 жобаның (жұмыс орнының саны – 620) iске қосылатынын айтады. Жергiлiктi әкiмдiктерден түскен мәлiметтерге сүйенген Школьник қазiргi таңда Қазақстан аумағында жалпы құны 3,2 трлн. теңге болатын 289 жоба бойынша жұмыс iстелiнiп жатқанын айтады. Ал қаржылық дағдарыс кезiнде жұмыс орындарын сақтауға қатысты қабылданған меморандумды компаниялардың 97,9 пайызы орындап отырған көрiнедi. Қордың 2009 жылға арналған сатып алу жөнiндегi жалпы шығыны 1,4 трлн. теңге көлемiнде. Оның iшiнде, “Қазақстан Темiр Жолы” – 238 млрд. теңге, “ҚазМұнайГаз” – 349 млрд. теңге (240 млрд. теңгесi – қазақстандық сатып алуға қатысты), “Қазатомпром” – 99 млрд. (76 млрд. теңгесi – қазақстандық), “Қазтелеком” – 77 млрд. (39 млрд. теңгесi – қазақстандық) т.б.

Қайрат Келiмбетов қордың еншiлес ұйымдары өздерiнiң жылдық бюджеттерi мен инвестициялық бағдарламаларын қайта қарастырып жатқанын мәлiмдедi: “Тек шетелдiк тауарлар мен қызмет көрсету түрлерiн сатып алуға бөлiнетiн бюджеттер ғана қысқартылуы қажет. Үнемделген қаражат жұмыс орындары мен өндiрiс ошақтарын құруға бағытталған жобаларға жұмсалуы керек”. ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрiнiң орынбасары Марат Құсайынов биыл жергiлiктi бюджеттердегi 40 млрд. теңгенiң отандық экономиканың нақты салаларына қайта бағытталуы мүмкiн екендiгiн көлденең тартты. Аптаның тағы бiр жаңалығы, келесi сейсенбiде көмiрсутегi шикiзатына қатысты қаулының жобасы қарастырылады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары