ҚЫЗДАР ЖЫРЛАЙДЫ...

ҚЫЗДАР ЖЫРЛАЙДЫ...

ҚЫЗДАР ЖЫРЛАЙДЫ...
ашық дереккөзі
608

Қыс бойы сақылдаған сары аяздан тонған әлемдi жылымыққа бөлеп, жыл құстарының қанатымен iлесiп, көктем келген күндерде арулардың 8 наурыз мерекесi де есiгiмiздi қағады. «Түркiстан» газетi жыл сайын осы күнге арнап арулардың үздiк жырларын жариялауды да жақсы дәстүрге айналдырып отыр. Биыл да сол салтымызды сақтамақпыз… Көктемгi мерекелерiңiзбен қымбатты арулар!

Жанықпа, жаным, жанықпа

Жанықпа, жаным, жанықпа.

Жасын түсiрiп жарыққа,

Табыттан тәндi танытпас,

Өртенiп өлу шабытқа.

Аспанда мейлiң, қалықта.

Жанықпа, жаным, жанықпа,

Жүрекпен нәзiк жүйкеңнiң,

Уiлiн тербеп шарықта.

Жанықпа, жаным, жанықпа.

Сенiң де құның жарықта.

Жалғыздың сорын бiлесiң,

Жазмыштың сорын дарытпа.

Жаныға көрме, жанықпа!

* * *

Құмарлық тотыдайын таранғанда,

Ақылға — аш бөрiге таланғанда,

Жан шiркiн көгершiнге айналсайшы,

Лағыл мұң мөлт-мөлт тұнып жанарларға.

Арманы жұтылғанда арандарға,

Ар-ұят тапталғанда табандарға,

Жер бетiнiң азабын ауырсынбай,

Бақилық төзiм-кенiн амалдар да.

Хақ жолын тура жүрiп тамамдарға,

Жанға пана болатын адам бар ма?

Көңiл суық тартады күн болдыртып,

Бiлмеймiн, наз айтқызбас калам бар ма?

Құл болған паң намысқа — шабарманға,

Сорға ғашық жаныңа амал бар ма?

Бiледi әлде пәни де жат екенiн,

Лағыл мұң мөлт-мөлт тұнған жанарларға…

Сабырымды қалқан ғып

Жалған дүние аталатын тұрағым.

Көрсетедi тарпаңдық.

Сосын Ием,

Ауыр сөздiң бәрiне де шыдаймын,

Сабырымды қалқан ғып.

Ауыр ойдың тереңiне құлаймын,

Құмарлықты талқан ғып.

Ауыр мұңды құшақтап ап жылаймын,

Ерiп кетiп қар-паңдық.

Ауыр түннiң ар-ұятын сұраймын,

Жын-перiден Жар-тамтық.

Ауыр тағдыр мазағы ма?

Шыдаймын… жүрегiмде Дарқандық…

Сосын Ием,

Бақта жүрген жастығыммен қауышып,

Жанарына үңiлем.

Сүйе берiп сезiмдердi тауысып,

Тiл ұшыма iлiнем.

Ендi қайта айрылмастай табысып,

Әлдиленем түнiмен.

Ауа тектес жеңiл күйге ауысып,

Сөйлеймiн құс тiлiмен.

Сосын Ием,

Барлығын да ұмытам!

Өзгелер ғой ауыратын… дәрi iшiп,

Ал мен болсам адам емес, дiрiл ем…

Мен бәйге деп түсiнемiн Өмiрдi…

Мен бәйге деп түсiнемiн өмiрдi,

Сығып бiтер арам, ащы терiңдi.

Шабасың кеп арғымақпен рух атты,

Алла атымен шарт буынып белiңдi.

Еркiнсiтпес өр мiнездi жер кiмдi?

Елiресiң ер-тоқым ғып еркiңдi.

Жүйткисiң кеп жалғыздығың ұмыт боп,

Жанарыңда ойнақшытып сертiңдi.

Пәк көңiлдi алмау үшiн кiрлетiп,

Шаң қаппауға ойың тағы тұр бекiп.

Мұң мен сырды түйiп алып жүрекке,

Зулайсың кеп Тәңiрiден үн жетiп…

Арғымақтың шаң қаптырар қолқасын,

Ит-тiрлiктен сен де әрине қорқасың.

Тәуекелiң жол табады ондайда,

Мекендейтiн екi дүние ортасын.

Кiмдер мақтап, кiмдер сенi даттайды,

Жүйткiп кеттiң, бұл ой басқа соқпайды.

Бiр бiлерiң аманаты бабаңның,

Кеудеңдегi көк күмбездi сақтайды…

Жер бетiне бақ орнатар мәуелi.

Жан-дүниең — жасыл сезiм әлемi.

Аспан түстес азаттығың тұр баста,

Намысыңды биiктетер әуелi.

Үмiт-шырақ, күдiк деген сан сұрақ.

Сан сұраққа бойлай бермес жан шыдап.

Екi келмек жоқтығы үшiн жалғанға,

Тiстенесiң тұлпар-рухты қамшылап.

Мен бәйге деп түсiнемiн өмiрдi,

Қаперiңе нұр ғып құяр сенiмдi.

Арғымағың болдырмасын албырт шақ,

Ұмытпағай арды сүйген тегiңдi.

Алау көңiл, жалау жүрек жас буын,

Өмiр осы — сұңғыла етер тас-түйiн.

Бәйге алаңын тастай көрме, мәреден

Қарғып өтiп қақшып алмай бақ туын!

Жылдармен қоштасып…

Аспанның астында, қара жер бетiнде,

Қақаған аяз бен қара жел өтiнде.

Қалтырап тұрмын мен қабағым қабарып,

Жаз жарқын жылдарым жанымнан өтуде.

Зулайды жылдарым елесiн құштырып.

Гулейдi жылдарым үмiт боп үшкiрiп,

Түс көрген пендедей таңырқап қараймын,

Сұңғыла санамда сайтандар ышқынып.

Қалайша үйренгем суыққа түнеудi?

Несiне сүйгенмiн у iшкен бiреудi?

Көңiлiм шошыған сұмдықтың бәрiне,

Бүгiнде нелiктен тағдырым сүйеулi?

Есерсоқ қалыппен есiрiп өспеп ем,

Жылауға құлқым жоқ, күлуге сескенем.

Жарымес жалғыздық айыптай бередi,

Сезiмдер бардай-ақ басымнан кешпеген.

Аспанның астында, қара жер бетiнде,

Қақаған аяз бен қара жел өтiнде,

Жылдармен қоштасып, жылы оймен емделем,

Жанымның түбiне мәңгiлiк бекуге.

Айгүл Сейiлова

Туған дала

Туған дала,

Шегi, шетi мың бұрау….

Мен де сенiң өзегiңде бүр жарып,

Мен де сенде тудым-ау

Тумысынан қағылездеу,

Тумысынан мұңдылау…

Иә, сенiң гүлiңмiн,

Қаламымда қара сөздiң құты бар,

Жанарымда жаз дидары әлемнiң,

Мен де сендей, ашылмаған әлеммiн…

Иә, сенiң гүлiңмiн,

Сыңғырымын шолпының,

Аруды ойлап, арды ойлап,

Мен де талай толқыдым,

Кешегiге қастерлi, бүгiнгiге олқымын.

Туған дала,

Сенiң бiр тал гүлiңмiн,

Және шерлi шолпымын….

Бақыт, сен қайда жүрсiң?

Бақыт, сен қайда жүрсiң?

Жетiмнiң жанарында ма?

Арсыздың табанында ма?

Болмаса қаздаңдай басқан,

Сәбидiң талабында ма?

Бақыт, қайда жүр екен?

Өмiрдiң өткелiнде ме?

Көк белдiң бөктерiнде ме?

Егер шын маңайламаса,

Өкпелi неге?!

Бақыт, сен қайда жүрсiң?

Алланың дидарында ма?

Адамның иманында ма?

Иманын сiңiрiп келем,

Кеудеме сыйғанын ғана.

Бақыт, сен қайда жүрсiң?

Ақынның қаламында ма?

Абайдың заманында ма?

Шабыт пен жазылмай қалған

Жырымның шанағында ма?!

Былапыт мына әлемнiң,

Бармысың санатында.

Жүрмiсiң дала кезiп,

Ләйлектiң қанатында.

Бақыт, сен қайда жүрсiң?

Бақыт, қайда жүр екен?

Өмiрдiң өткелiнде ме?

Көк белдiң бөктерiнде ме?

Егер шын маңайламаса,

Өкпелi неге?

Мен қиналған шақта,

Аялдап кетпедi неге….

өкпелi неге?!

Бақыт, сен қайда жүрсiң?!

Сенi Өмiр сүйiп келдiм

Тығыны ағытылып күйiк шердiң,

Тағы да тұйыққа ендiм.

Жалғанды бақыт санап,

Сенi өмiр сүйiп келдiм.

Сенi өмiр сүйiп келдiм,

Достықтан ұлыллық табылар деп,

Жақсының бағы бар деп,

Арсыздар арзандықтан,

Әйтеуiр жалығар деп.

Әйтсе де, мен қатты қателестiм,

Қалықтаппын iшiнде сан елестiң

Ендi мен ешкiмге де жақындаман,

Бiрақ та жат емеспiн….

Сол сәуле

Шынымен қалғаным ба,

Көзiңе тұзақталып.

Жаныңда сездiрмедiм,

Күрсiндiм ұзақ барып.

Сен бе едiң түн ұйқымды,

Сұраусыз тартып алған

Сенде де мен секiлдi

Жарты үмiт, жарты ма арман?!

Талдардың тасасынан,

Бiр сәуле сығалайды

Сол сәуле таныс маған,

Сол сәуле тым арайлы!

Сәуле боп тұрсың ба әлде,

Нұрыңа малып көктен.

Әне, ол жақындайды,

Құдай-ау, жарық неткен!

Айнұр Қалдыбайқызы

Жанымды жыр жеп…

Өткен шақпын Сiзге мен.

Еске алуға, ескеруге тұрмайтын.

Бiздi бөлген шақырымдар,

Ауыр үкiм оқығаны болды айқын.

Сырым едiң,

Жан адамға ашпайтұғын құпиям,

Жырың едiм,

Тәттi ұйқыңды ұрлайтын.

Ендi бәрi елес боп,

Жағасында жалғыз қалдым Жайықтың,

Көп iшiнде күрсiнемiн.

(Несiне…)

Ертiс, сенiң ерке ұлыңа сенгенiм…

Бар айыбым.

(Ол да менi ала ма екен есiне?)

Бiз әдемi сезiмдердi жоғалттық,

Көк қағазға айырбастап уақытты,

Сарылмайтын, сағынбайтын боп алдық,

Қолдан жасап бақытты.

Сұр қалаға қамалып,

Көкжиектер көрiнбейтiн көшемен,

Жан берiсiп, жан алып,

Жүгiрем деп,

Өлеңiмдi құрбан қылдым неше мен.

Ендi бәрi ертегi.

Естелiк қып бiрге өткiзген күздерден:

Сағынышым сiңiп қалған бойына,

Алтын түстес жапырақтар тiзбегiн,

Алқа қылсам мойыныңа деген ем.

Өкiнiш бар өмiрiме жетерлiк,

… Өткен шақпын Сiзге мен…

* * *

Құлыным-ау, қажыдым,

Жанарымнан-ақ жанымды ұға аласың ба?

Ұқсатқан едiм бағымды мұнара-шыңға,

Адасып қалдым, таба алмай өзiмдi — өзiм,

Өңшең бiр мұң арасында.

Өзiң деп танып

Әлемнiң асылы, мәнi,

Құрбандық қылдым жырымды.

(Тағы ма?) Тағы!

Iшiмде өлген көп өлең

Түсiме енiп,

Арманым да анау ардақты адыра қалды.

Әйел боп және ақын боп жүру, жарығым —

Азап пен бақыт тоғысқан жолдар торабы.

Жанымды жыр жеп,

Көмiлiп жаялықтарға.

Таба алмай пенде осынау жайымды ұққанға,

Шарасыз халде тербетем бесiгiңдi ылғи,

Ұйықта, күнiм.

Ұйықта.

Әлди-әлди…

* * *

Апа, бүгiн еңсем тағы езiлдi,

Жазғырмашы. Жарай ма?

Бейiтiңде бәйiт оқып көз iлсем,

Бейiл-сөзiм жетер ме екен Құдайға?

Пейiлi кем пенделердiң қылығы,

Жүдеттi деп арыз айтсам. Бола ма?

Түсiмде ылғи жер бетiнен түңiлiп,

Түнеп жүрем молаға.

Апа, сенiң мейiрiңдi аңсадым,

Күнiм деушi ең. Ерте баттың. Қапалы.

Елесiңе табынтумен қанша күн,

Емексiтiп батады.

Мен өмiрдi Сiздей сүйсем деген ем…

Бағым дедiң, малынсаң да сорға бар.

Жиырма екiңде жесiр еткен тiрлiктi,

Тiлдемедiң. Сонда да…

Қос шырағың — шынарың боп көктедi,

Апа, ендi еркелемей, олар да –

Ертеңiнен ертегi өмiр күтедi,

Жыламайық. Жарай ма?

* * *

Түн баласы кiрпiк iлмей қаңғырған,

Ойларымды қайтсем екен, аға, шын.

Жолыңызда болса дегем жан құрбан,

…тастап тағы барасың.

Сiздi — арбап арулардың жанары,

Мен — мейiрiм iздеп жерден жалықтым.

Сезiмiңнiң сыйқыры да шамалы,

..жаңа ұқтым.

Өңкей мұңды өлеңiме тоғытып,

Бәрi алдады. Арманым да.

Қала. Күз.

Ендi Сiзге бере алмаспын жыр оқып,

…сағынышым ғанасыз.

Бақытгүл БАБАШ,

БАТА

Кергiмей көнер кермекке

Пенде боп туған пақырсың.

Тiрлiктi татып көрмекке

Жалғанға бара жатырсың.

Бақимен бiтпес бар ұғым,

Бақ серiк болар кiмге ұдай?

Жасымай аттан жарығым,

Жалғыздың жары — бiр Құдай!!!

Мың тiлiм болған жүрекке

Мың жылдың мұңын сыйдырып,

Мұңлықтан туған тiлекке

Мәжнүннiң басын идiрiп,

Тұралап тынған ұлтыңның

Талаурап тұрған рухының

Тұғырын тiктеп, ту ұстап,

Күрмеуiн шешiп дiлiнiң,

Ар дауа ақтық iлiмнiң

Асылын шашып уыстап,

Тоз-тозы шыққан жалғаннан

Тұп-тұнық болып көшерсiң,

Абыздар елiн армандап,

Аңыздай ғұмыр кешерсiң,

Әумин!!!

* * *

Тұрлаусыз тағдыр телiнген

Тұғыры тайғақ қаңбақтай

Қауқарым кемiп, қарағым,

Түмен бап өткен өңiрден

Бақ бұйырмай бармақтай,

Арманда кетiп барамын…

Бозала таңнан боздатқан

Боз мұнар бұлдыр өмiрге

Бере алмай бейбақ жан шыдас,

Қоламта мұңды қоздатқан

Талайсыз, тұлдыр көңiлге

Тiрлiктiң құны — тамшы жас…

Жалынсыз жаннан жерiген

Сұрлана түсiп сезiмiм,

Құрметiм қалды күл болып.

Ту тiксем деген жерiмнен

Қоңыраулы көшiм көзiгiп,

Аттанып барам бiр қонып…

АНАМА

Соқпақты кешiп сан тарап,

Кесiмдi жолын кең еткен,

Аманат-арман арқалап,

Асудан асу бел өткен,

Күн туса, қия-құз басып,

Жыр туса, жасын сел еткен,

Қысталаң шақта қыз басын

Азамат ермен тең еткен

Асылың кеттi алысқа…

Жанымды шыңдап жалында,

Жаһангер етсе Жер-ана,

Даланың рухын дарынға

Сiңiрген сүтпен сен, ана!

Қара орман үшiн қашанда —

Ұл менен ұлтқа тел ана.

Асқардан қызың асарда

Егiле көрме, ер ана,

Жұлдызың сенiң ғарышта!

* * *

Жайлауын рухтың жат алған,

Үрiккен дiлде — үрей мың…

Жандауа сұрап жаһаннан,

Қармана тұрып тiлеймiн:

“Аруана көңiл, арда мұң

Арытқан алаң саналым!

Дәрменiн табар бар ма күн,

Дәуренi көшкен даланың?!

Жоқшысын жанның жүдетпе,

Тұрманым ба едi тұл егер?!

Түмен бап елi түнекте,

Тiлеуi бiрлер, түрегел!

Тұралап тынған тұғырың,

Бақ құсы, қайта қона гөр!

…Ұлағат тұнған Ұлығым,

Ұлтыма пана бола гөр!”

БЕСIК ЖЫРЫ

Кемелдiк кiмдi керек етедi,

Бiледi дейсiң, ел ненi, ұлым.

Аллаға аян, неден екенi,

Бiздiң тiлектi бермедi, ұлым…

Жат жұртта мынау жан сыздап өткен

Сағыныш емi — сәби ғой, Ерен!

Қауымсыз, пiрсiз, жолсыз жан еткен

Дүниенiң заты — пәни ғой, Ерен…

Жандыға налып, жер мен көктегi

Тал бесiк тар боп, тебiнбе, Ерен!

Өз мұңым қинап көрген жоқ, менi,

Сыбағаң солай, сенiң де, Ерен…

Жандауа жоқпен дертi үшiн ұлттың

Беркiнiп бiр күн шығарсың, ұлым.

Сергелдең кешкен сертi үшiн рухтың

Анаңды сонда ұғарсың, ұлым!

* * *

Жадылап естi жыр-елес,

Күдiкпен көшiп күн-егес,

Бағдарсыз кетiп барасың,

Бақыттың жолы бұл емес!

Жалғаннан күтпе жандауа!!!

Пәнидiң пақыр қонағы —

Жербауыр сезiм солады.

Адамға адам мәңгiлiк

Аңсар боп көрген жоқ әлi!

Өзiңдi-өзiң алдама!!!

Еншiнiң бiткен ерегi

Кемелдiк болса керегiң,

Мың соқпақ кезiп, маңып көр —

Дүниенiң шықпас дерегi,

Бастайды бәрi Аллаға!!!

* * *

Әзiрет Сұлтан!!!

Армандым!!!

Зарын теңдеп жалғанның,

Жалғыз жортар жолыма

Сен жетелеп салған күн,

Билiгi жоқ басының

Бауыры суық ботадай,

Боздап желе барғанмын.

…Жаннан сырым жасырын,

Оңғарар ма, о, тоба-ай,

Аманатқа алған мұң?!

Бiр қиырда сен қалдың,

Бiр қиырда мен қалдым.

Жол үстiнде жол таппай,

Егесi жоқ ел бардым.

Жан иiмес жасыма,

Мұз қаласы — моламдай,

Тоқтамы жоқ тең-жардың.

…Бақ бұйырмай, басыма

Батпан бейнет қонардай

Беу, тағдырым, неңдi алдым?!

* * *

Жақыным — артта, жат — алда,

Жандыдан ермей жолдасым,

Сергелдең толы сапарда,

Сен ғана серiк болғасың.

Егесiз қалған елде едiм,

Сүрлеуден-сүрлеу сенделдiм.

Сусынға берiп, сенгенiм

Мен жұттым шердi, сен көрдiң…

Түйсiнбес түмен зарды ешкiм,

Тұрлаусыз көп пе ед тұрағың?!

…Жолсоқты болған жанкештiң

Жылжиды, шыда, бiр адым!

Қажытып келiп, қанша жыл

Аңдыған дұшпан алды ма?

Жол соңы жақын, сәл сабыр,

Қалғыма, әруақ, қалғыма!

Тұр, Ләйлә!!!

Айнұр Әбдiрәсiлқызы

Серіктес жаңалықтары