АШЫҚҚАННАН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН

АШЫҚҚАННАН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН

АШЫҚҚАННАН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН
ашық дереккөзі
787
Жемқорлық жағадан алғанда…
 

Қоршаған ортаны қорғау министрiнiң екi бiрдей орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдiкпен ұсталды. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттiгiнiң мәлiметiне жүгiнсек, Ә.Бiрәлиев пен З.Сәрсембаев қана емес, осы министрлiктiң бiр топ қызметкерiнiң де аса ауыр қылмысқа қатысы бар болуы мүмкiн. Бiрәлиев улы заттарды жоюға қатысты тендердi заңсыз өткiздi және бюджеттен алынған көп көлемдегi қаржыны жымқырды деп, ал Сәрсембаев қызмет бабын асыра пайдаланған және бюджет қаражатының қолды болуына қатысы бар деп айыпталып отыр.

35 жастағы Әлжан Бiрәлиев пен 58 жастағы Зейнолла Сәрсембаев мемлекетке 522 миллион 600 мың теңгедей шығын келтiрген. Сондай-ақ осы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң департамент директоры Татьяна Савицская мен “Меркурицй плюс” ЖШС директоры Виктор Лайсқа қатысты iстер де тексерiлiп жатыр. Екi шенеунiктi тұтқындаған қаржы полициясы болса да, өткен аптада Бас прокуратураның ресми өкiлi Сапарбек Нұрпейiсовтiң мәлiмдеуiнше, ендi олардың iсiн прокуратура органдары айрықша назарда ұстамақ. Ал орынбасарларының iсiне ұялды ма, қоршаған ортаны қорғау министрi Нұрлан Ысқақов өткен аптада өз еркiмен қызметтен кету жөнiнде арыз берiптi… Әлде “тықыр таянды” деп сескендi ме… Бiр ғажабы, Әлжан Бiрәлиевтiң жемқорлыққа қатысты айыпталып отырғаны бiр бұл емес. Ол “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ басқарған кезiнде Президенттiк стипендияны “бармақ басты, көз қыстымен” үлестiрдi, сондай-ақ 5,7 млн. теңгенi “қалтаға басты” деп айыпталған болатын. Ол жолы дәлелдiң жетiспеушiлiгiнен қылмыстық iс сотқа дейiн жеткiзiлмеген едi. “Қымқырды” деген қаржының көлемiне дейiн белгiлi болғанда, Бiрәлиевтiң сол жолы қармаққа түспегенi қызық. Әлде сол уақыттан берi қаржы полициясы оның басқан iзiн аңдып жүрдi ме екен? “Ашыққаннан құныққан жаман” дегендей, Бiрәлиев ар-ұятты бiржола жиып қойды ма екен? Қалай дегенмен де, бұл iс жөнiнде ешқандай нақты мәлiмет-дерек жоқ. Әлжан Бiрәлиевтiң өзi де Президенттiң “Болашақ” бағдарламасының түлегi. 1996 жылы АҚШ-та Нью-Йорк штатында St. Lawrence University оқу орнын бiтiрген. Сол жерден мультилингвистика мамандығы бойынша өнер бакалавры дәрежесiн алған. Жас шенеунiк бұған дейiн премьер-министрдiң кеңесшiсi, статистика агенттiгi төрағасының орынбасары қызметтерiн атқарып үлгерiптi. Бiрәлиевтiң жемқорлыққа байланысты ұсталуы “Болашақ” бағдарламасы жөнiнде алып-қашты сөздердiң қайтадан желдей есуiне түрткi болатын шығар. 1996 жылы бакалавр дәрежесiнде оқу бiтiрген Бiрәлиев осы бағдарлама аясында шетелге бiлiм алуға жiберiлген алғашқы толқынның бiрi. Тап осы жылдары стипендияның саны әр жылы 40-50-ден аспағаны, олардың жалпы жұртшылық үшiн өте құпия жағдайда, тiптi тамыр-таныстықпен берiлгенi жасырын емес. Ендеше, жемқорлыққа тұтылған жас шенеунiктiң аяғынан жемқорлықпен алынған бiлiм жолы шалды ма?… Бiрәлиевтiң тұтқындалуына дейiн экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров Президент қабылдауында болып, жұмыс нәтижелерi туралы есеп берген едi. Президент бұл жолы да жемқорлықпен күрес – мемлекеттiң ең маңызды мiндеттерiнiң бiрi екенiн атап көрсеттi. Бұл агенттiк жемқорларды қызметi мен лауазымына жалтақтамай, “бет-жүзiне қарамай” анықтауы тиiс екенiн де ескерттi. Осы қабылдаудан соң көп ұзамай Сәрсембаев та тұтқындалды. Жемқорлардың құрықталып жатқаны бiр бұл емес. Жер-жерлерден келiп жатқан хабарларға қарағанда, жемқорлардан айла аспайтын сияқты. Алаяқтардың iс-әрекетi кейде ызаңды келтiрсе, кейде мысқыл күлкi тудырады. Мысалы, Алматы облысының пошта қызметкерлерi жалған есеп-шоттар ашып, жалған құжаттармен несие алумен ғана шектелмей, қарапайым азаматтардың құжаттарын иеленiп, оларға “сырттай” қомақты зейнетақы мен жәрдемақы “тағайындаған”, тiптi өлген адамдардың атынан да жәрдемақы алуға шiмiрiкпеген. Осы қылмыстарға қатысы бар деген күдiкпен облыстық “Қазпоштаның” бiр топ қызметкерлерi ұсталды. “Қазпоштадағы” былық-шылықтар мұнымен түгесiлмейдi. Талдықорған қаласындағы “Қазпошта” бөлiмшесiнен 58 млн. теңге ұрланған. Қылмыскерлер әлi табылған жоқ. Ал Оңтүстiк Қазақстанның шенеунiктерi мемлекеттiк жәрдемақыларды өз тамыр-таныстарына, туысқандарға таратып берумен “көзге түскен”. Былтыр осы аймақтағы ауыл шаруашылығын өркендетуге бөлiнген 4,5 млрд. теңгенiң жалпы шамасы 150 миллионы қолды болған. Прокуратура қызметкерлерiнiң айтуынша, жемқорлар қымқырған қаржы бұдан да көп болуы мүмкiн. Осыдан кейiн “Ауылдың жайы нешiк?” деп күңiренемiз-ау! Көкшетауда қалалық жол полициясы бастығы мас күйiнде көлiк айдаған жүргiзушiден 200 мың теңге бопсалағаны үшiн тұтқындалды. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкiмдерi сыбайлас жемқорлықтың барлық жолдарын түгесiп, қарақшылыққа көшкен сыңайлы. “Танысымды қызметке алмадың” деп ашуланған бiр шенеунiк екiншiсiн соққыға жығып, ауруханаға түсетiн халге дейiн ұрып-жыққан. Бұл жәй төбелес емес, кәнiгi қандықол қарақшылардың “жекпе-жегi” дерсiң. Бұл оқиғаны естiгенде, көз алдымызда Ресейдiң “Бригада” телехикаясындағы оқиғалар тiзбегi елес бердi. ШҚО дене тәрбиесi мен спорт басқармасының бастығы Қайрат Орынхановты таяққа жыққан осы облыстың Ұлан ауданының әкiмi Марат Мұзапаров тұтқынға алынған. Өткен аптада осы аймақта болған Аслан Мусиннiң Шығыс Қазақстан облысы басшылығының қылмыстық топтармен байланысы бар екендiгi туралы мәлiмдемесi жұртшылықты елең еткiздi. Лауазымды шенеунiк жалпақ жұртқа дәйексiз деректi жайып салмаса керек. Бұған дейiн Мұзапаровқа қатысты бiрталай қылмыстық iс қозғалса да, нәтижесi аяқсыз болып қала бергенi де сыбайлас жемқорлықтың осы жерде де қылаң берiп қалатынын бiлдiрсе керек. Бұл iстiң жаңғырығын алда әлi де естiп қалармыз. Жемқорлыққа қатысты тағы бiр iс. Осы аптада “БТА” банкiнiң бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязовқа қатысты қозғалған қылмыстық iс ең дауы да, дақпырты да көп саяси оқиғаға айналар түрi бар. Қызметiнен ерiксiз кеткен Әблязов қазiр Қазақстаннан тыс жерлерде жүр. Оған тағылған ресми айыпта “басқаның мүлкiн талан-таражға салған” делiнген. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Әблязовтiң “мемлекет меншiгiн талан-таражға салды” деген айыппен сотталғанын екiнiң бiрi бiледi. Әблязовпен бiрге оның бұрынғы орынбасары Жақсылық Жәрiмбетовке де Интерпол арқылы iздеу жарияланды. Осыдан бес жыл бұрын 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрестiң мемлекеттiк бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл бағдарлама екi кезең бойына жүзеге асады деп бекiтiлген едi: былтыр бiрiншi кезеңi аяқталып, биыл екiншi кезең басталды. Қожамжаровтың Елбасына қандай есеп бергенiн кiм бiлсiн, жемқорлықпен күрестiң бiрiншi кезеңi бойынша қандай нәтиже бар екенiн, жемқорлықтың қанша пайызға азайғанын бiлмей, қоғам әлi пұшайман халде отыр. Осы бағдарламада былай делiнген: “Сыбайлас жемқорлық әлеуметтiк құбылыс ретiнде саяси дамуына қарамастан қазiргi кезде әлемнiң барлық елдерiнде әлi де бар және олардың тек ауқымымен ғана ерекшеленедi”. Сонда бұл – жемқорлық тек бiзде ғана емес деп өзiмiздi алдарқату ма? Жемқорлықтың былығына батқан Ресейде де президент Медведев былтырғы жолдауында “Еркiн, демократиялық, және әдiл қоғам үшiн нөмiрi бiрiншi жау – жемқорлық” деп мәлiмдедi. Кремль жемқорлыққа қарсы шаралардың Ұлттық жобасын былтыр шiлде айында қабылдаған. Медведевтiң өзi жемқорлықтың өршуiне мемлекеттiк пен шаруашылық механизмдерiнiң олқылығы себеп болып отырғанын мойындайды. “Сыбайлас жемқорлықпен күрес” бағдарламасын одан әрi оқып көрелiк. Осы құжаттың “Сыбайлас жемқорлықпен күрестiң бiрiншi кезеңiнiң жұмыс нәтижелерi бойынша анықталған кемшiлiктерi” деген абзацта: “…кiнәлiлердiң көпшiлiгi төменгi буындағы мемлекеттiк қызметшiлер екенiн көрсетiп отыр. Олардың жалақысының деңгейi мен әлеуметтiк қорғалмауы сыбайлас жемқорлықтың экономикалық алғышарттарын жасайды” делiнген. Сонда неғұрлым лауазымдар сатысы бойынша жоғарылаған сайын жемқорлықтың қарқыны бәсеңдей бередi деген сөз ғой? Басқаша айтқанда, министрлер мен облыс әкiмдерi, олардан жоғары премьер-министр… (әрi қарай өзiңiз жалғастыра берiңiз) “сүттен ақ, судан таза” ма? Жоғарыда айтылған қоршаған ортаны қорғау министрiнiң екi бiрдей орынбасарының ұсталып, министрдiң жеке iсi тексеруге де жатпайтыны – осының көрiнiсi ме? Мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлген қандай күрес болмасын, ең әуелi “құрбандыққа iлiнетiн” нысана-топ болады. Жоғарыдағы қисынға салсаңыз, жемқорлықпен күрестегi нысана-топ – төменгi лауазымды шенеунiктер мен жергiлiктi әкiмшiлiк қызметкерлерi. Осы бағдарлама аясында қаржы полициясы тек төменгi шендегi шенеунiктердiң басқан iзiн аңдитыны түсiнiктi ғой. Ендеше, “қармаққа шарбақтар түсiп, шортандар құтылып кетiп жатыр” деп, несiне ренжимiз? Ең бастысы, қаржы полициясы жемқорлықтың пайда болу себептерiн әлi күнге дейiн “бiлмейтiн” болып шықты. “…Мемлекеттiк органдарда сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептерiнiң мониторингi жоқ. Сыбайлас жемқорлық факторлары мен тетiктерiн қадағалау, оның деңгейi мен құрылымын бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-шаралардың тиiмдiлiгiн талдау қажеттiгi оны енгiзудi талап етедi”. Қателеспесек, Қазақстан тәуелсiз мемлекет болғалы сыбайлас жемқорлықпен күресiп келедi. Тiптi, бұл күрес КСРО құрамында болған кезден бастау алады. Сонда осы уақытқа дейiн бiз немен, кiммен, ең бастысы – қалай күресiп жүрмiз? Бiр қызығы, осы бағдарламада атап көрсетiлгендей, жемқорлықпен күрестiң нақты шараларын баяндағаннан гөрi, ол туралы жұртшылықтың дер кезiнде құлағдар болып отырғаны маңыздырақ екен. “…Соңғы жылдар тәжiрибесi мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мәселелерiнде азаматтық қоғамның белсендiлiгi мен хабардарлығының қажеттi деңгейiнiң болмауын көрсетуде. Осыған байланысты осы Бағдарламаны iске асыруда азаматтық қоғам институттары қатысуының тетiктерiн жасау талап етiледi. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы туралы жұртшылықты хабардар етудiң (астын сызған – мақала авторы) жалпы қолжетiмдi және тиiмдi рәсiмдерiн енгiзудiң маңызы да кем емес”. Наполеон айтпақшы, “ең жақсы хабар – жаман хабардың жоқтығы”. Жемқорлықпен күрестiң ең үлкен “жемiсi” – мұндай құбылыстың қоғамда түбiрiмен жойылғаны (тым құрығанда, болмашы сипаты ғана қалсайшы?) болуы керек едi. Мұндай жағдайда жұртшылықтың жемқорлық дегеннiң не екенiн бiлмеуi – қоғамның жақсы хабар туралы хабарлар болғаны емес пе? Жемқорлықпен күрес құзыретi прокуратураға да, қаржы полициясына да, ҰҚК-не де берiлген. “Қойшы көп болса, қой арам өледiнiң” керi келiп отыр ма деймiз. Бәрi жабылап “күрескенде” де, жемқорлықтың аяғына тұсау түскенi сезiлмейдi. Қайта бас көтерiп, өршiп бара жатқандай. Бiрәлиев пен Сәрсембаевтiң iсiнде де екi бiрдей органның “мүдде тоғысын” байқағандаймыз… Қазақстанның Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы жүргiзген сауалнама нәтижесi де осыны көрсетiп берген. Бақытжамал Бектұрғанованың айтуынша, жемқорлыққа белшесiнен батқан саланың бiрi – қаржы полициясының өзi екен. Өткенде Оңтүстiк Қазақстан облысында ҰҚК қызметкерлерiне пара беру үстiнде бiр азамат ұсталды. Жемқорлықпен күресетiн мекемелердiң өздерiне пара ұсынудан сескенбейтiнiмiз – ненiң белгiсi? Болашақта осы мекемелер бiр-бiрiнiң үстiнен жемқорлыққа қатысты тексерулер жүргiзiп, кейде бiрiнiң артын бiрi жабуға тырысып жүрмей ме? Президент Қожамжаровқа Қазақстан кен орындарында жұмыс жүргiзуге лицензия беру iсiн тексерiп, алкоголь өнiмдерiн сатудан түскен пайданың бюджетке түгел аударылуын бақылауды, сондай-ақ Үкiмет тарапынан дағдарыс салдарларын жоюға бөлiнген қаржының тиiмдi жұмсалуын қадағалауды тапсырды. Бұл тапсырмалардың қалай орындаларын уақыт көрсетедi. Әсiресе, Ұлттық қордан бөлiнген 10 миллиард доллардың қомақты бөлiгi жемқорлардың жемсауында кете ме деген қауiп күштi. Тым болмаса, осы қаржыны дiттеген жерiне жеткiзу – Үкiметтiң абыройындағы мәселе. Ал Президенттiң жемқорларға қатысты бiр тапсырмасы сол күйi аяқсыз қалды. Есiңiзде болса, былтырғы Жолдау кезiнде Президент былай деген болатын: “Жер тарату жүйесi ашық болуы керек. Барлық жер телiмдерi ашық аукциондар арқылы таратылуы керек. Мүмкiн, бұл белгiлi бiр жобаларды жүзеге асыру кезiнде әлеуметтiк-өндiрiстiк корпорацияларға ғана қатысы болмауы мүмкiн. Қазiр жер таратудың қалай жасалып жатқанын бәрiңiз де бiлесiздер. (Осы жерде Елбасы аз-маз үнсiз қалды). Тағы бiр жайтқа назарларыңызды аударғым келедi. Жүргiзiлген тексерулердiң арқасында Астананың маңындағы, облыс орталықтарында жерлердi кейбiр “пысық” адамдар баяғыда су тегiн бағаға сатып алған, олар қазiр ол жерлердi нарықтық бағамен сатып жатыр. Мемлекетке бiр тиын табыс әкелместен байып жатыр. Мұның бәрiн тексеру керек. Олардың iшiнде мемлекеттiк шенеунiктер де аз емес. Қайталап айтамын, аз емес! Не олар өз ерiктерiмен ол жерлердi мемлекетке қайтарады немесе құқық қорғау органдары ол жерлердiң қалай алынғанын, сатылғанын жан-жақты тексередi”. Бұл сөздер айтылғаннан бiр жыл өттi. “Жемқорлықпен күрес” бағдарламасының орындалуын өз мойнына алған “Нұр-Отан” партиясы осы мәселенi неге назардан тыс қалдырды? Әлде экономикалық дағдарыс “жауырды жаба тоқуға” жақсы сылтау ма? Осы уақыттан берi “бәлен шенеунiк осындай жерлердi мемлекетке қайтарыпты” дегендi немесе “бәленше қызметкер осы жерлердi заңсыз сатып алғаны үшiн жауапқа тартылыпты” дегендi естiмедiк. Тiптi, бұл бағыттағы тексеру жұмыстарының жүрiп жатқаны жайлы сыбыс та жоқ. Сонда әрдайым “Елбасының тапсырмасын орындап жатырмыз” деп күпсiнетiн Кабинет осындай маңызды ескертудi аяқсыз қалдырғаны ма? Мәселен, Президенттiң бұрынғы кеңесшiсi Сергей Терещенконың Алматы облысындағы шұрайлы жерлердi заңсыз сатып алғанын екiнiң бiрi бiледi. Ендi осы кiсiден бастап, жердi қайтара бастаса, халықтың билiкке деген сенiмi қатаяр ма едi?! Қазiр Праламентте “Сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелi экономикамен күрестi одан әрi күшейту мәселелерi бойынша ҚР кейбiр заң актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу” атты заң жобасы қаралып жатыр. Елбасы Парламенттiң бiрiншi сессиясын ашу кезiнде сөйлеген сөзiнде мемлекеттiк қызметкерлердiң жемқорлық iс-әрекеттерiне жазаны күшейтуге қатысты тапсырма берген болатын. Бұл заң жобасы жемқорлықтың алдын алу жолдарын да қарастырады. Құжат бойынша жемқорларға салынатын айыппұл көлемiн ұлғайту және мiндеттi түрде олардың дүние-мүлкiн тәркiлеу жолдары қарастырылып отыр. Осы заң жобасы қабылданса, басқаруы ұлтық компаниялар мен олардың еншiлес компанияларына берiлген, мемлекеттiк үлесi 35 пайыздан жоғары ұйымдардың басқару аппараты да мемлекеттiк қызмет адамдары болып саналатын болады. Ендеше, олардың да жемқорлыққа қатысты iс-әрекеттерге байланысты жауапкершiлiгi артады. Қазақстан былтыр мамыр айында БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясына қосылды. Осыған сәйкес, үшiншi тараптың мүддесi үшiн пара алуға да жауапкершiлiк жүктеледi. Салық төлеуден жалтару үшiн табыс декларациясын тапсырмағандар да ендi заң алдында жауапқа тартылатын болады. Жоғарыда айтылған АСИП жүргiзген сауалнама деректерiне жүгiнсек, Қазақстанда екiнiң бiрi өмiрiнде бiр рет пара берген. Астаналықтар тiптi жылына 11 000 доллардан астам пара бередi екен. Бiр бергенде, кемi екi мың долларды ұстатпасаң, Елордада жұмыстың бiтуi қиындау көрiнедi. Сауалнамаға үш мың адам қатысқан. Республика бойынша халықтың 55 пайызы параны өз еркiмен беретiн көрiнедi. Қазақстан заңдарына сәйкес, қазiр пара алушы мен пара берушi бiрдей жазаланатынын бiлмеймiз бе, әлде бiлмегенсимiз бе? Жалпы алғанда, қазiргi таңдағы жемқорлықтың көрiнiсi мынандай: соттарға “сыйақы” беру – 4000 мен 75 000 доллар аралығында, ал әскери мiндеттен “құтылу” – аймақтарда 1 500-нан 6 000 долларға дейiн, жер учаскесiн рәсiмдеу – орта есеппен алғанда 1400 доллар, ал қызмет сатысымен “өрлеу” – 700 доллар тұратын көрiнедi. Жемқорлардың ең көп шоғырланған жерi – кеден, iшкi iстер және қаржы полициясы мекемелерi, одан кейiнгi орындарда – салық салу, денсаулық, ЖОО мен автоинспекция қызметкерлерi тұр. Дегенмен де, сыбайлас жемқорлықпен күрес көбiне құрғақ сөз, уақытша жаламен шектелiп тұр. “Пара алды” деп ұсталғандар көбiне қызметтен босатылуымен немесе айыппұл төлеумен ғана сытылып кете барады. Тiптi, олардың iстерi сотқа дейiн жетiп, көпшiлiктiң талқысына түскенi де байқалмайды. Ендеше, жемқорлар түскен “қақпанның” бiр есiгi ашық емес пе? Өкiметтiң өзi бас болып ұрандатқан науқанға қарамастан, жемқорлықтың араны басылатын түрi жоқ. … “Өзi отырған бұтақты өзi кескен” әпендiнi көрiп пе деп едiңiз?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары