ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI ТУРАЛЫ…
ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСI ТУРАЛЫ…
Ұлт мәселесi – бiр жағынан талмай айтуды, күресудi қажет етедi. Екiншi жағынан, саяси күрестiң нәтижесi көрiнбесе, қоғам одан жалыға бастайды. Баспасөздегi кезектi сарындас мақалалар мен публикацияларды көргенде, “ой, баяғы сол қазақ мәселесi ме?” деп қолды бiр сермейдi.
Президенттiң кеңесшiсi, саясаттанушы Ермұқамет Ертiсбаев “Айтпарк” клубындағы кездесуiнде: “Бiзде азаматтық қоғам дамыған жоқ, сондықтан да қоғамдық пiкiрге ешкiм құлақ аспайды” деген едi. Тiптi, тоталитарлық режимнiң өзiнде баспасөзде жарияланған әрбiр проблеманың шешiмiн табуы тез болатын. Коммунистiк партияның орталық комитетi кез келген сыни мақалаларды зерттеп, зерделеп, одан қорытынды жасайтын. Қазiр бiзде ондай да реакция болмайтын болды. Керiсiнше, халыққа дұрыс ақпарат жеткiзбегенi үшiн жоғары мiнбер БАҚ-ты сынға ала бастады. Сол баяғыдай жауырды жаба тоқып, өмiрдiң тек күңгейiн айту бүгiнде дәстүрге айналып барады. Көлеңкесiн сөз етiп, ақиқатын айтуға келгенде әлденеден жүрексiнемiз. Әлде тәуелсiз басылымдардың күн сайын сот алдында табанынан таусылып, 30 миллион теңгеге дейiн айыппұл төлеуге жығылып жатқаны үрейлендiре ме екен? Әйтеуiр қазақ қоғамында тек қана материалдық тұрғыда емес, рухани жағынан да дағдарып қалған сыңай байқалады.
Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтасық ұйымына төрағалық ету алдында демократия талаптарына жауап берудiң орнына iлгерi басқан қадамымыз керi кеттi…
Қош, сонымен мәселе өзгеде емес, ұлт тақырыбында едi. Биылғы жыл есiгiмiзден сығаламай жатып биометрикалық төлқұжат жөнiнде жаңа даудың басы қылтиды. Мәселе – осы төлқұжатта “ұлты” деген графаның болмайтындығында едi. Қазақ қоғамы (қазақстандық емес) дәл осы мәселе төңiрегiнде екiге жарылды. Бiр топ Үкiметке үндеу жариялап, биометрикалық төлқұжатта “ұлты” деген графаның болмауына ашықтан-ашық қарсы шықты. Екiншi топ, бұл бастаманың соңында ұлттың өзара топтасуы жатыр, елдегi түрлi этникалық топтардың қазақ мәдениетi төңiрегiнде ынтымақтасуының басы осы болады деген пiкiрдi ұстанды. Қалай дегенмен де, билiк бiрiншi топтың ұсынысын аяқасты қалдыра алмады. Дереу шара қолданып, аталған төлқұжатқа “ұлты” деген графаны енгiзетiн болды.
Алайда, бұл мәселе төңiрегiндегi дау шар әлi толастай қойған жоқ. Мәселен, “Жас Алаш” газетiнiң №15 санында, белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, азулы ақын Мұхтар Шаханов ағамыздың “Ұлтты сақтау күресi… немесе “көп ұлттан бiр ұлт жасау” кiмге тиiмдi?” атты өлеңi жарияланды. Оның кiрiспесiнде “қазақстандық ұлт” идеясына алаңдаушылық танытқан бiрнеше адамның хаты жарияланыпты. Хат авторларының бiрi “Таным” пiкiрсайыс клубының жетекшiсi Жұмаш Кенебай Мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi президенттiк қордың жетекшiсi, саяси ғылымдарының кандидаты Берiк Әбдiғалиевтiң “қазақстандық ұлт” төңiрегiндегi пiкiрiмен келiспейтiндiгiн бiлдiредi. Ал, газеттiң №16 санында Берiк Әбдiғалиевтiң “Кең болайық!” атты жауап хаты жарияланды.
Осы бiр толғағы тоқсан, күрмеуi қиын мәселе төңiрегiнде ағаларымызға ой қоса кеткендi жөн көрiп отырмын. “Қазақстандық ұлт” идеясы – Қазақстан қоғамында тек қазақты ғана емес, жалпы қоғамды үркiтiп отыр. Қазақтарды жетекшi ұлт тiзгiнiнен айрылып қалу үрейлендiрсе, өзге ұлттарды (оның iшiнде орыс та бар) қазақтың құрамдас бiр бөлшегiне айналып кету мәселесi қорқытады. Бұл жерде бұған дейiн де айтылып келген, әрi айтыла беретiн бiр мәселе – қазақтар жетекшi ұлт тiзгiнiнен айрылмайды, егер, елдегi бүкiл ұлт өкiлдерi қазақ мәдениетiнiң төңiрегiнде топтаса бiлсе, онда өзге ұлт өкiлдерiнiң ұрпағының тегiнен ажырап кететiнiн ойлап уайымдауы жөн. Дегенмен, мен бұл жерде ұлт зиялыларының үрейiн де жоққа шығарғым келмейдi. “Қазақстандық” деген идеяны тықпалаудың астарында, орыс мәдениетi төңiрегiнде топтасқан бүгiнгi қоғамды орыстандыру саясаты да жатуы ықтимал. Орыстың күллi дүниесi – тiлi, мәдениетi, ықпалы, ақпараты белең алып тұрған заманда, бұл идея тым қауiптi. Бiз өзге де дамыған ұлттық мемлекеттер секiлдi елдегi бүкiл азаматтың мемлекетке атын берген ұлттың атауымен, “қазақ” атымен аталғанын қалар едiк. Оған қоғамдық сана да, елдегi түрлi диаспора өкiлдерi де, билiк те, қазақ та дайын емес…
Бiздегi билiк машинасы қазақтың өз елiнде өз тiзгiнiн ұстауына мүмкiндiк бермей отырғандығы тағы рас. Берiк Әбдiғалиев мырза айтады: “Қазақ әлi ұлт ретiнде қалыптаса қойған жоқ. Бiз бүгiн 300 жылдық бодандықта қазақ мемлекетшiлдiк инстинктен жұрдай болғанын анық көрiп отырмыз” дейдi. Сол жетекшi ұлт деңгейiне жете алмауымыздың салдары, өз елiнде өзiн диаспора секiлдi сезiнедi. “Зиялы қауым өкiлдерiнiң “төлқұжатта ұлтын айқындау керек” деп үкiмет басшысына жолдаған Үндеуiне құрметпен қараймын. Дос жылатып айтады, алайда бұл кiшi ұлттардың комплексiне ұқсаған әрекет болды” дейдi Мемлекеттiк тiлдi дамыту қорының директоры. Ащы сөз, бiрақ, амал жоқ. Берiк Әбдiғалиев мырзамен ерiксiз келiсесiң…
Берiк мырза: “Мәселенiң ұшығын өзгеден емес, өзiмiзден iздеу керек” дейдi. Яғни, бүгiнгi кембағал рухани санаға қазақ ұлтының өзi кiнәлi деген пiкiрде. Егер, бодандық iндетi бүкiл қоғамды жайлап, ұлттың өзге күштерге қарсы тұру, соның iшiнде бiрнеше ғасыр отарында болған метрополияға қарсы тұру иммунитетi жойылып кетсе, ұлт әлi де ұлт ретiнде, мемлекеттi құраушы жетекшi ұлт ретiнде қалыптаса алмай отырса, оны түзу жолға салатын пассионар тұлғалары болуы керек қой. ХХ ғасырдың басында “Алаш” идеясының төңiрегiнде топтасқан көсемдерiмiздiң көп мәселелерде көзқарастары әртүрлi болған, кейбiр толғақты дүниелерде әркiм өз көрпесiне қарай тартқан, алайда, мақсаты, мүддесi бiр болғандықтан, кемел келешек мәселелерiн талқылағанда, үндерi бiр жерден шығып отырған. Бiрiн-бiрi қолдай бiлген. “Алаш” зиялыларының соңынан ерушiлердiң көп болғандығы да сол себептен.
ХХI ғасырдың басында ұлтты ұйыта бiлетiн осындай тұлғалар бар ма? Әуелi, ұлт үшiн етегi жасқа толатындардың өзара береке-бiрлiгi жоқ. Қазақстан тәуелсiздiгiн алғаннан бергi 20 жылға таяу уақытта ұлт серкелерi бiрлесiп атқарған толайым iс жоқтың қасы. Берiк Әбдiғалиев “Қазақ миссиясы” атты еңбегiнде дәл осы мәселенi “Қазақ қаупi” ретiнде атап өтедi. Қай ғасырда да, өкiнiшке орай, қазақтың түбiне, алауыздық пен рушылдық жеткен. Қазақтың федеративтi сана деңгейiнде қалып қойғандығы жайында Берiк Әбдiғалиев өте жақсы түйiндейдi. Тiптi, тоталитарлық режим тұсында да өршiмеген жершiлдiк пен рушылдық мәселесi бүгiнде күйiп тұр. Ұлт мүддесiнен гөрi ру мүддесiн жоғары қоюшылық етек алып барады. Мен осыдан бiраз уақыт бұрын ғылыми ортада болғаным бар. Сонда атағы дардай академиктiң: “Бiздi 500 жыл бойы өзгелер басқарды. Өзiмiздi өзiмiз басқаруға ендi ғана қолымыз жеттi” дегенiн естiп қайран қалдым. “300 жыл десе жарайды, ал 500 жылы несi?” деп ойлап үлгергенiмше әлгi академиктiң: “Бiздi төрелер басқарды, Шыңғысхан ұрпағы басқарды” деп қойып қалғаны. Олар кiм үшiн тер төктi? Басты мәселе сол ғой. Орыстар 300 жыл бодандықта ұстағанда кiмнiң мүддесi үшiн қызмет еттi, төрелер Алтын Орда мемлекетiнен бастап Қазақ хандығы ыдырағанға дейiн бiртұтас қазақ мемлекетiн құру жолында қызмет еткен жоқ па? Мiне, тарихымызға асқақ көз тастау, өткендi елемеу, Қазақтың бұған дейiнгi жүрiп өткен жолын жоққа шығару, “мемлекеттiк тарихы болмаған” деуiмiздiң өзi жас елдiң өскiн ұрпақтарының өзiн-өзi қор санауына жеткiлiктi дүние. “Өткенi, тарихы болмаған елдiң ұрпағымын” деуден асқан қорлық бар ма? Керiсiнше, қоңсы қырғыздар мен өзбектер, тiптi, мемлекеттiгi жойылып кеткен ұйғырлардың өзi тарих парақтарын кейiнге шегiндiрiп, мемлекетшiлдiк тарихын 2000 жыл бұрыннан бастауға талпынып жатқан жоқ па? Арыға бармай-ақ, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнiбек сұлтандардың атын асқақтатуға келгенде әлi де сараңбыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы үн-түнсiз өттi. Ал, “Алаш” идеясын жаңғырту былай тұрсын, Бекең айтқандай, оның 90 жылдығы республика деңгейiнде аталып өткен жоқ.
Бүгiнде әр ру өз атасын, өз бабасын ұлықтауды дәстүрге айналдырып барады. Мысалы, жақында, Шығыс Қазақстанда Абай, Шәкәрiм т.б. шығысқазақстандық тұлғалардың 6 томдық еңбегi жарияланып, ол тек Шығыс Қазақстан обылысының кiтапханаларына тарту етiлдi. Шәкәрiмнiң 150 жылдығын тек шығыс өңiрi ұлықтаса, Жамбылды Алматы маңайы мен Тараз өңiрi, Құрманғазыны батысқазақстандықтар пiр тұтады. Алматы облысының Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы бiр мектепте Абай мұражайы ашылған екен. Елбасының кезектi бiр сапарында жергiлiктi әкiм-қаралар “Бiзге Абай мұражайы қажет емес” деп оның орнына Жамбыл мұражайын аштырыпты деген де сұмдықты естiдiк. Яғни, бiз бiртұтас ұлтқа айналудың орнына, аймақтық, бөлiнушiлiк саясат жүргiзе бастадық. Бұл ұлттың тамырына балта шабатын ең қауiптi синдром.
Бұл тарапта мемлекетшiлдiк сананы қалыптастыру бағытында мемлекет кешендi түрде ауқымды шаралар атқаруы керек едi. Өкiнiшке қарай, билiк те бұл бағытта өте сараң қимылдап отыр. Айталық, Украина, Латвия, Эстония, Литва және Өзбекстан отаршылдық таңбасынан арылудың түрлi жолдарын қарастырып жатыр. Мәселен, ресейлiк басылымдардың таралуына шектеу қою, орыстiлдi мектептерде негiзгi пәндердi мемлекеттiк тiлде үйретуге көшу, жоғары оқу орындарында тек мемлекеттiк тiлде бiлiм беру, бiрыңғай бiлiм стандартына көшу секiлдi кешендi шаралар iске асып жатыр. Патшалық және Кеңестiк Ресейдiң қоластында болған кезеңге жаңаша көзқараспен баға берiп, оның империялық шовинистiк саясатын әшкерелеудi мақсат етiп отыр. Өкiнiшке қарай, ТМД мемлекеттерi дәл осы саясатқа iлесе алмады. Ал, Қазақстан 20 жылдық тәуелсiздiк тарихында жасаған екi кешендi шарасы болды. Оның бiрi – электронды БАҚ-та мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағы 50%-дан төмен болмасын деген талап болса, екiншiсi – жоғары оқу орнына бөлiнетiн мемлекеттiк гранттың пайыздық үлес салмағын 50-ден 60-дейiн көтердi. Бiрiншiсi, сөз жүзiнде қалғанымен, iс жүзiнде әлi де жүзеге асқан жоқ. 2009 жылы Қазақстан бойынша iс-қағаздары мемлекеттiк тiлге көшуi тиiс болатын. Әзiрге ол саясат та қағаз жүзiнде қалатын түрi бар. Яғни, аталған шаралардың барлығы тек сөз ретiнде қалды.
Бiзде қоғамды сауықтыру, отаршылдық таңбаларынан арылу iсi, отарсыздандыру шаралары қолға алынбады. Егер, елдiң бас көтерер ұландарын Патша үкiметiнiң жазалау отряды (Хан Кененiң отаршылдыққа қарсы күресi, 1916 жылғы көтерiлiс) аямай қырса, “теңдiк, бостандық әпердi” деген Кеңес Үкiметi аштық пен репрессияны қолдан ұйымдастырып, рухы биiк азаматтарды баудай түсiрсе, Екiншi дүниежүiзiлiк соғыс қарсаңында тағы да 2 миллион қазақ жер жастанса, Кеңес одағының жылымық саясатының тұсында да өзгеше ойлы тұлғаларды аулап отырса, әрине, ол елдiң рухы жанышталмағанда қайтедi. Сол өлген рухты тiрiлту, сананы ояту, азат елдiң азат ойлы ұландарын тәрбиелеу iсiнде бiздiң Бiлiм және ғылым министрлiгi бар, өзге де құзырлы органдар тағы да қажеттi шараларды қолға ала алмай отыр.
Әрине, елдiк мүдделердi төменнен ел болып, жұрт болып талап етуi қажет. Сонда ғана билiк халықтың талабын қанағаттандыруға әрекет етедi. Дегенмен, халықты осы жолға тәрбиелеу қажет секiлдi.
Есенгүл Кәпқызы