Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖYГI — БIЗДЕ, СIЗДЕ, БӘРIМIЗДЕ…

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖYГI — БIЗДЕ, СIЗДЕ, БӘРIМIЗДЕ…

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖYГI — БIЗДЕ, СIЗДЕ, БӘРIМIЗДЕ…
ашық дереккөзі
223

Сенiм. Үмiт. Бағдар. Елбасының халыққа он үшiншi Жолдауының мәнi осы үш ауыз сөзге байланғандай. Сенiм — бiрлiгiмiзге сына түспейтiндiгiне деген СЕНIМ, үмiт — қиындықтардан күш жинап асамыз деген ҮМIТ, ал бағдар — бұдан әрi қалай өмiр сүремiз дегенге ОЙ жүгiрту. Асылы, Елбасының Жолдауы тап осы жолы мемлекет басшысы елдiң iшкi-сыртқы саясатын болжап-жоспарлайтын ресми құжаттан гөрi мемлекеттiк қайраткердiң елдiң келешегi туралы ой-толғаныстарына көбiрек ұқсайды. Ел басшысы қасаң терминдерден бойын аулақ ұстап, қара халықпен оның өз тiлiнде сөйлесiп, бiрге мұңдасқандай ма, жүрек түкпiрiндегi сырларын ақтарғандай ма…

“Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады”. Бұл — Елбасының ағынан жарылғаны.

Қиындықтарды мойындай отырып, оларға мойымау керек. Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қиыншылықтар кезiнде де қазақ үшiн қасиеттi ұғым ТӘУЕЛСIЗДIКТI асқақтата беру керектiгiн осы Жолдауда 11 рет еске салды. Биыл — Қазақстан тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығы. “Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бiрақ бiз үшiн үлкен кезең, тұтас бiр дәуiрмен барабар. Олай болатыны, тәуелсiздiк — ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себептi тәуелсiздiктiң әрбiр жылының бiз үшiн мәнi бөлек, маңызы айрықша” – дедi Президент.

Он үштiң қазақ несiбесiне жазылған ерекше қасиетi бар-ау. Мүшелдi он үш жылда бiр қайыратынымыз тегiн емес қой. “Мүшелге” толған Жолдаудың да қаймана қазаққа бүйрегi бұрып тұрғандай сезiлдi. “Туған халқым” деп сөз арнауы — Елбасының жүрек түкпiрiндегi сырын ақтарғаны емес пе? Түптеп келгенде, Қазақстанның басына келген нәубет ең әуелi қазақтың жанына батады, кез келген қиындықты қазақтың қажыр-қайратымен ғана жеңе аламыз. Елбасы осы жолы қазақи психологияға иек арта, төгiле, шешiле сөйледi: “тақыр жерден тау тұрғызғандай”, “көппен көрген ұлы той”, “жұмған жұдырықтай”, “ел басына күн туған”, “мың өлiп, мың тiрiлген”, “саусақ бiрiкпей, ине iлiкпейдi”, “бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас”, “iске сәт!”. Осы сөздердiң реттiк тiзбегiнен-ақ саналы жан Елбасы Жолдауының сарынын сезе қояр…

Елбасының Жолдауларында бiз әрдайым айрықша назар аударатын жайт — оның ХАЛҚЫНА қандай қаратпа сөздi арнайтындығы. Халқына АРНАП айтылған СӨЗ болғандықтан, қаратпа сөздiң орфоэпиялық сұлулығынан гөрi саяси сипаты басым түсетiнi түсiнiктi ғой. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да “Қазақстандықтар”, “Отандастар” деумен ғана шектелдi. Осы екi қаратпа сөзбен басталған Жолдауда “Қазақстандықтар” деген сөз 13 рет кездессе, “Отандастар” деген сөз 5 рет қолданылған. Сөйлемнiң бiр орайында Елбасы “Менiң отандастарым” деп те қалды. Ал бiз сықиған ресми терминдерден гөрi Президенттiң аузынан “қандастар” деген бiр ауыз жылы сөз естiлсе, Қазақстанның саяси бағыт-бағдарына қайшы келе ме екен деген дүдамал ойда қалдық. Президенттiң халыққа Жолдауының мәтiнiн дайындаған Кеңесшi-Көмекшi мырзалардың құлағына алтын сырға.

Жалпы, туған халқына салмақ арта сөйлеген Президент осы жолы “Ел” ұғымын да қазаққа қатыстырып, тиiстiрiп сөйледi. Астарлап болса да, Елбасы Қазақстанның болашағы тек қазаққа байланысты екенiн осы жолы аңдатып өттi. Бiр рет “қазақ, ел ретiнде” деп арнайы атап өтсе, “халық”, “халқымыз” дегенiнде де сөзiн қазаққа ғана қатыстырып тұрғанын жасырған жоқ. Қазақтың халықты бiрлiкке, ынтымаққа шақырарда қолданатын қаратпа сөзi “Ағайын” дегендi Елбасы осы Жолдауда 2 рет пайдаланған. Тiптi, “ағайыншылық танытатын кез келдi” деп, қазақы ұғымға тағы жақындады.

Жалпы, “Ел” ұғымы мәтiнде 32 рет қолданылады. Оның iшiнде қазаққа жақын “ел үшiн”, “елдiк” деген де сөздер бар, әрине.

Салыстыру үшiн ресми терминдердi санамаласақ. “Қазақстан” атауын Президент он үшiншi Жолдауда он үш рет пайдаланыпты. Ал “мемлекет” ұғымы мәтiнде 27 рет кездеседi.

Осыдан екi жыл бұрын Президенттiң халыққа Жолдауын талдағанымыз есiмiзге түсiп отыр. Сол жылы Елбасы “ұлт” деген сөздi бiр-ақ (!) рет пайдаланған болатын. Заманның желi оңынан тұра ма, бұл жолы қастерлi ҰЛТ ұғымын Нұрсұлтан Назарбаевтың аузынан 4 рет естiдiк.

Сонымен, бiр рет “қазақ ұлты” деп атын атап, түсiн түстеп алған Елбасы “ұлт мұраты”, “ұлттық апат” (Құдай оның бетiн әрi қылсын!), “ұлт ретiнде” деген ұғымдармен ойын орнықты жеткiзе бiлдi.

Мәтiн мазмұнына сай төрт рет пайдаланылған “Ұлттық қор” деген сөз бен бiр рет кездесетiн “ұлттық валютаны” жанама түрде болса да, қазаққа қатысы бар деп есептесек, онда “ұлт” түбiрi Жолдауда тоғыз рет кездеседi.

Ұлттық валюта демекшi, бiздiң шенеунiктерiмiз кейде Қазақстанның ұлттық валютасы доллар емес, теңге екенiн “естен шығарып” алады. Соларға үлгi болсын деп, Елбасының “теңге” ұғымын неше рет пайдаланғанын ерiнбей отырып, санап шықтық. Аз емес, аттай 12 рет! Ал, әлем мемлекеттерiнiң дағдарыс кесiрiнен ғана ақша жұмсағаны туралы айтқанда ғана Президент “доллар” ұғымын пайдаланады. Онысы түсiнiктi де, әлемдiк ақша айналымын теңгеге салып есептеудi ерсi көрген болар. Салыстыру үшiн: “қаржы” ұғымы мәтiнде 14 рет кездеседi.

Айтпақшы, Елбасының осы Жолдауды тап қазаққа арнағандай көрiнетiндiгiне бiр дәлел — Жолдау мәтiнiн әрi аудастырып, берi аудастырып, “көпұлтты” деген терминнiң көлеңкесiн де көре алмадық. Есесiне, “қазақ халқы” (“қазақ ұлты”, “халық”, “халқым”, “халқымыз” деген ұғымдардан бөлек) деген сөз 2 рет кездестi.

Бұл Жолдаудың “өзгешелеу” болатын себебi бар. Ол — бүкiл әлемдi тiтiреткен, азулы Американың өзiн тәубесiне түсiрген Дағдарыс атты құбылыстың тап келуi. Дағдарысты кезеңде жасалған Жолдауда “дағдарыс” ұғымы 51 рет пайдаланылыпты. Жалпы, мәтiнде 3676 сөз болса, ең көп қолданылған термин де осы шығар. Тiптi, дағдарыстың тамыр жайған “топырағы” — “экономика” терминi Жолдауда 27 рет қана кездеседi екен.

“Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол — бiрлiк” дейдi Елбасы. Осы сөздер Жолдаудың өзегi секiлдi көрiнедi. Өйткенi, “БIЗ” деген есiмдiк мәтiнде 122 рет қолданылған. Iшiнара “бiзде”, “бiздiң” деген ұғымдармен мағынасы тереңдей түседi.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы ретiнде өз басына қандай жауапкершiлiк алатыны “МЕН” есiмдiгiн 8 рет қолданатындығынан байқалады. Оның iшiнде, Елбасы “менiң ұсынысым”, (мен) “шақырамын”, (мен) “сенемiн” деп өз позициясын айқындай түседi.

Әрине, “көппен көрген ұлы тойда” жауапкершiлiк жүгi әркiмнiң де мойнына артылады. Елбасы мұны “сiздермен” (бiрге жүзеге асырамыз) деп, сыпайы ғана сездiрiп өттi.

Былтырғы Жолдауында басы артық шығындарды қысқарту керектiгiн ашық айтқан Нұрсұлтан Назрбаев билiктiң әлеуметтiк төлемдерге байланысты уәделерiнiң мiндеттi түрде орындалатынын ескерткен болатын. Елбасы осы сөзiнен бұл жолы да тайған жоқ. “Әлеумет” деп бiр рет өзiне қаратып алған ол “әлеуметтiк” деген ұғымды 6 рет пайдаланғанда да сөзiн “Үкiмет әлеуметтiк төлемдердi және бюджет қызметкерлерiнiң жалақысын ұлғайту жөнiндегi мемлекеттiң барлық мiндеттемелерi толық көлемiнде сақталуына кепiлдiк беруге мiндеттi” деп нығыздай түстi.

Мәтiндiк сараптау — ерiккеннiң ермегi емес, әрине. Президенттiң не сөйлегенiн саяси сауатты адамдарды былай қойғанда, мектеп оқушылары да түсiнген болар. Дегенмен, кейде саяси қайраткердiң мәтiн iшiнде астарлап айтатын ойлары болады. Орысша орамға салғанда, “қатар арасында” дейдi. Мәтiндi сөздiк ұғымдарға салып талдау “қатарлар арасында” жасырынған ойларды жарыққа шығаруға көмектеседi. Қазақ үшiн қасиеттi ұғымдардың бiрi “ұрпақ” деген сөздi Елбасы осы жолы 3 рет пайдаланыпты. Бұл да қазақы санаға ой салудың тәсiлi. Қырғынды да, қасапты да көп көрген қазақ үшiн қай заманда да ұрпағының амандығы — келешекке жетелейтiн СЕНIМНIҢ өзi. Ендеше, Елбасы ұрпағының ертеңiне алаңдайтын қазақты бiрлiкке шақыруда бұл сөздi ұтымды пайдаланып отыр.

Бұған дейiн, оппозицияның билiкке тағатын үлкен бiр сыны — экономикадағы өндiрiстiк бағыттың жоқтығы едi. Осы жолы, Елбасының аузынан бiр рет те болса “диверсификация” деген терминдi естiп, iшiмiз жылып қалды. Нақтылап айтқанда, өндiрiстi жолға қоюдың керектiгiн Үкiметке ескерткенi. Мұның бiр дәлелi — “өндiрiс” терминiн 9 рет қолданып, өндiрiстi жандандыру туралы айтады, мұның iшiнде екi рет тiкелей отандық өндiрiсшiлерге қатысты сөз қозғайды. Елбасының тапсырмасын орындаумен ғана тарихта қалатын Үкiмет ендi осы ескертуден сабақ алса деймiз.

Қазақтың тамыры — ауылда. Қазаққа тиiстiре сөйлеген Елбасы “ауыл” ұғымын да айналып өтпедi. Екi рет “ауыл” деген сөздi ауызға алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев “ауылдың кем-кетiгiн жөндеуге”, “ауылдың тыныштығын сақтауға” шақырды. Ал “ауыл шаруашылығын” жолға қою мәселесiн де екi рет қадап-қадап айтты.

Жолдаудағы жаңалық — Ұлттық қорға есептелiп келген шикiзаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау туралы ұсыныс. Бұл Ұлттық қордан бекiтiлiп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгенi құрайды. “Бұл — уақытша, бiрақ та қажеттi шара” дедi Елбасы. Бұдан бөлек, Елбасы былтыр айтқан тапсырмасын қайталап, бюджеттiң барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеуге шақырды. Президент Үкiметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режимiнде бюджеттiк қаражаттың жұмсалуын жiтi бақылауды тапсырды.

“Қауырт өсу кезеңiнде үйреншiктi болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиiс” дедi Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы депутаттарды да, әрбiр әкiм, әр министрдi де осыған үндедi.

Елбасы сөзiнiң түйiнiн БАРШАҒА, атап айтқанда Парламенттiң, мәслихаттардың, “Нұр Отан” партиясының депутаттарына, Қазақстан халқы Ассамблеясына, барлық саяси күштерге, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне, бұқаралық ақпарат құралдарына, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға арнап, ортақ жауапкершiлiкке үндедi. Ал оқшау сөз ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА қатысты. “…Сын сағатта мен, әсiресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершiлiк жүктеп сөз арнаймын. Қазiр алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жерiмiз кең, елiмiз бай, iстеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетiп жатыр. Бел шеше кiрiсiп, бiлек сыбанып жұмыс iстейтiн кез келдi. Бiр-бiрiмiзге қарайласатын, көмектесетiн, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез” дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Айрықша назар аударатын тағы бiр сөз — “Қазiр халық туралы кiмнiң шын мәнiнде ойлайтыны, ал кiмнiң — ойламайтыны сөзбен емес, iсте тексерiледi”. Бұл ендi — оппозицияға тiкелей айтылған арнау.

“Келiңiздер, планета тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру жолында бiрiгейiк!” дедi Елбасы.

Жолдаудың бiр жұбанышы — Қазақстан жас тәуелсiз мемлекет ретiндегi амбициясынан да, қарқынды даму жоспарынан да бас тартпайды. “Алайда бұл бiз өз бағытымызды өзгерттi дегендi бiлдiрмесе керек. Ол бағыт 2030 жылға дейiнгi елдiң Даму стратегиясында анықталған. Өмiр түзетулерiн енгiзуде. Бiрақ та атап айтамын, ол бұрынғысынша қалып отыр” дедi Елбасы.

Сонымен, Елбасы халыққа тағы бiр Жолдауын қазақша түйiндедi. Қазақша тiлде ғана емес, қазақы ұғымда, қазақи психологияда. Қазақ үлкен iске, игi iске кiрiсерде “Iске сәт!” дейдi. Нұрсұлтан Назарбаев осы ұғымды пайдалану арқылы баршамызды бiрлiк пен тiрлiкке шақырды. Бұл — бiр адамның мойнына емес, көптiң иығына түскен ауыр жүк. Ел болып, Халық болып, Елбасы болып, қиыншылықтан сағымыз сынбай шығуды тiлейiк. Ендеше, Елбасының өзiне де “Iске сәт!” деймiз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары