ГҮЛЗИЯ АПАНЫҢ ӘҢГIМЕЛЕРI

ГҮЛЗИЯ АПАНЫҢ ӘҢГIМЕЛЕРI

ГҮЛЗИЯ АПАНЫҢ ӘҢГIМЕЛЕРI
ашық дереккөзі
278

Ханбибi Есенғарақызы — ақын. Бұл тұжырым дәлелдеудi қажет етпейдi. Ханбибi Есенғарақызы — ақын, сондықтан ХХ ғасырдағы қазақ өлеңiнiң атасы Әбдiлда Тәжiбаев Ханбибi ақынның өлеңiн оқығаннан соң “Қазақ Әдебиетi” газетiне: “Адал шыным, мен осы өлеңдi өзiм жазбағаныма өкiндiм”, — деп хат жолдаған.

Ханбибi — ақын, сондықтан бүкiл түркi халықтарының мақтанышы Шыңғыс Айтматов: “Қазақстанда талантты ақын қыздар аз емес, — дей келе, — алғашқы өлеңдерiңiздiң өзi-ақ шынайылығымен, жанға жылу дарытатын өрелi поэзияға тиесiлi сапасымен, ерекше нәзiктiгiмен, әйелге тән биязылығымен оқырманды баурап алды. Ештеңемен бағалауға келмейтiн осы асыл қасиетiңiз сиқырлы поэзияңызға серiк болсын!”, — деп ағынан жарылған.

Мiне, осындай ақын қызды қандай ана дүниеге әкелдi екен? Осы сұрақ төңiрегiнде мен ақынның анасы Гүлзия Батыршақызына жолығып, бiраз әңгiме қозғаған едiм.

Б.О.: — Апа, жарық дүниенiң есiгiн ашқаныңызға қанша болды?

— Мен 1922 жылы туылғам ғой. 86-дамын қазiр. Мынау Шаяндағы Ошақтының қызымын.

Б.О.: — Бабаларыңызды бiлесiз бе?

— Қалымбет, Нұрымбет, Батырша — сол үшеу-ақ. Анамның аты — Қоразкүл, әжемнiң аты — Ажар. Ол кiсiнiң анасының атын бiлмедiм. Анам да — Ошақтының қызы. Ошақты ата-атаға бөлiнiп қыз алыса бередi. Анам Аталықтың қызы едi, анамыздың түскен жерi Қараманқайқы дейдi… Анам, әкем намазқой адам едi. Мен ең кенжесi едiм, екi ағам бар. Әкем де бар ол уақытта, мен саған қызығын айтайын.

Б.О.: — Айтыңыз апа.

— Мен әкемнiң жиырма бес мүшелiнде, ал шешемнiң қырқында туғанмын. Екi арасындағы айырмасын өзiң таба бер.

Б.О.: — Жұмбағыңызға түсiнбедiм апа, әкеңiз қаншада едi?

— Жиырма бесте (күлдi). Ағасынан төрт бала қалған. Сол балалар жат боп кетедi деп қазақтың байырғы әмеңгерлiк салты бойынша жеңгесiн қайнысына қосқан. Екi ұл, екi қыз ағасының балдары. Шешемнiң кенжесiмiн, әкемнiң тұңғышымын дегенiм осы.

Б.О.: — Қазiргi жұрт, бiздiң аталарымыз бай болған деп айта бередi, сiздiң аталарыңыз қандай болған?

— Бiздiң атамыз да бай болған. Кейiн 29-шы жылы кәмпескеге ұшырағанбыз. Жер аударатын болған соң өз бетiмiзше ұрланып қашқанбыз. Мен ол уақытта жетi жасар едiм. Бiреуiн бiлсем бiреуiн бiлмеймiн. Түнiмен қойды әкелiп қоралап, түнiмен сойып шықтық. Қойдың етi өзiнiң қарнына сияды екен. Бас-сирағы, майда-шүйдесiн емес, тек етiн. Содан алты нарменен көштiк. Өңшең қызыл нар, “мыңқ” демейдi. Жиенiмiз бар, әйтеуiр бiрталай үй көштiк. Кенбай дейтiн бай бар едi, ол да бiзбен бiрге көштi. Түнiменен жүрiп отырамыз. Күндiз жыра бар ма, сай бар ма, кiрiп тығылып жатамыз. Сол жерде шелекке ет асып, жеймiз. Соны бiлемiн емiс-емiс, жетi жасармын ғой. Түйелер он бес күн бойы су iшпейдi. Содан, “Пәлен жерде Темiрқұдық деген құдық бар, екi сайдың ортасында, сол құдықта суғарамыз түйелердi” деп, адамдар айтып жатты. Жүрiп-жүрiп сол екi сайдың ортасындағы Темiрқұдыққа келдiк. Құдықтың су құятын темiр науасы бар екен. Сол науаға жiгiттер жабылып су ағызып, түйелер бiрiнiң үстiне бiрi түсiп кете жаздап, науа сақырлап әуем-жәуем болып жатқан уағымызда, көлiкке мiнген төрт адам көзге шалынып келдi. Сөйтсек сол Темiрқұдықтың саясында шатыр тiгiп отыр екен ғой аңдушылар.

Б.О.: — Әскерилер ме, киiмдерi қандай сонда?

— Жоқ, қашқындарды ұстайтұғындар. Киiмдерi есiмде қалмапты. Сөйтiп ұсталдық. Түйелер су iшiп жатты. Не керек, Кенбай болыс пен менiң әкем екеуi жаңағы келген төрт аттыны ертiп, о-оу қырға шығып кеттi. Қалғанымыз малды суғарып қала бердiк. Бiр уақытта әкем мен Кенбай келдi. Түйемiзге жүгiмiздi арттық та, кеттiк.

Б.О.: — Әлгiлер неге келмедi?

— Көңiлiн толтырып жiбердi-дә оларды. Сол уақыттан келе жатқан нәрсе ғой ол. Әйтеуiр ырза қылды, ырза қылғасын кеттi ғой. Түйеге жүктi арттықтағы қайтадан көштiк. Сөйтiп бiр ай жүрiп, осы Тәшкенге келдiк қой. Тәшкенде Өтебай деген түп нағашымыз бар екен. Сұрым деген ел едi ол. Сол қалхозда рәйiс екен, соған келдiк. Жаңағы нағашымыз қадiрi бар екен, бiздiң қашқын екенiмiздi бiлдiрген жоқ. “Мына түйелер белгiлi болады, сойып салыға беру керек” — дедi. Келдiк те түйелердiң бәрiн сойып, пышақтан өткiзiп, салыға берiп жiбердiк.

Б.О.: — “Салы” деген не?

— “Салы” деген — күрiш. Күрiш салы болып шығады, кейiн жуазға түйгеннен кейiн күрiш болады. Кәдiмгi арпа сияқты болады. Не керек, еттiң бәрiн салыға айырбастадық та, отыра бердiк.

Б.О.: — Өзбекстанда мақта ектiңiздер ме, не iстедiңiздер?

— Содан рәйiс боп тұрған ағамыз тосыннан қайтыс болды. Жасы елулердiң ояқ-бұяғындағы дәу кiсi едi. Ағамыз қайтыс болғаннан кейiн қашқын атымыз шықты. Ана кiсiнiң беделiнен ешқайсысы аузын аша алмайды екен ғой. Жалғыз атымыз бар едi бәйге шауып жүрген, оны да, сиырымызды да ұрлап кеттi. Содан қашқын деп қудалайтын болған соң, түнде үйдi тастап, жаяудан-жаяу кете бардық… Түнде осы Шыршықтан берi қарай жаяу өттiк. Сонда бiр өйстiп тұратын (шайқалып дегенi) бiр көпiр бар едi, соныменен қол ұстасып өттiк. Содан “Коммуна” деген Жалайырдың iшiнде савхозға келiп кiрiп, ағаларым рабошы болып iстедi. Сол жерде 32-жылғы ашаршылық кез кеп қалды. Ол кезде он жасар едiм.

Б.О.: — Ашаршылық қалай басталды?

— Қалай басталғанын бiлмеймiн. Сол жылғы болған әлгi немене, презиент… (президент — Б.О.) қазаққа қастандық қылып, қазақты қырылсын деп жасапты ғой.

Б.О.: — Голощекин бе едi?

— Иә, иә, сол Кәләшөкiн. Жұрт солай айтты. Содан қазақтың небiр “осыдан iс келедi-ау”, деген жiгiттерiн вагонға салып ел жоқ, күн жоқ жерге апарып қырды ғой. Небiр жайсаң жiгiттер атылды.

Б.О.: — Ауылда не болды?

— Кәләшөкiн бәрiн тартып алды. Бар малды кәмпескелеп, орта қорға савхоз боламыз деп жиды ғой бәрiн. Мал дейтiн мал да қалмады. Мал болмаған соң тамақ болмай қалды. Малды сойып жеп отырған адам ғой ендi. Алғашқыда бiр сиыр, төрт қой салық салып, орта қорға ұйым боламыз деп айтты. Ақыр аяғында құрыды ғой бәрi де. Сонымен 31 мен 32-жылдары ашаршылық болды. Алғы деген тауға шығып, алғы деген шөп әкелiп, соны талшық еттiк. Ол түбiнде күлше сияқты, әк құсап демде ұйып қалатын ортасы тесiк жұқа ащы шөп. Оны суға неше қайтара қайырып, ағын судың қасына апарып тасқа езiп, онысын төгiп тастайды. Соны әкелiп кептiрiп алады. Бiр уыс салсаң бiр қазан атала болады. Өзi көгiштеу болады, оны айран қатып, нан қылып та жауып жедiк. Жауқазын дейтiн шөп алақандай екi жапырақ боп шығады, тамыры тереңде, түбi пияз болады. Соны қазып жедiк. Ақырында ұстап жеуге тышқан да табылмай кеттi. Бiз өзiмiз жеген жоқпыз, бiрақ жұрт жедi. Бiр көршiмiздiң үйiнде кiшкентай жоңышқахана бар едi, соның iшiнде былтырғы қазып кеткен жерден кәртөшкенiң масағынан шығатындай кәртөшке алдық. Соның түбiн кеулеп, анамыз екеумiз кешке дейiн жарым шелек әкелемiз. Соны талғажау қылдық әйтеуiр.

Екi ағам совхозға жұмысқа кiрдi. Кiшкентай қап-қара бөлке нан бередi. Пышақ салсаң жүрмейдi-ау, жүрмейдi. Шөбi де, бәрi де iшiнде. Қадақ дейдi оны. 400 грәм бiр қадақ болады. Екi қадақ нан бередi ағаларыма бiр күнде. Сталавайдың рабошыларға беретiнi тұшытпай құя салған, кiлкiген майы, жарты көк пәмидоры, жарты кәртөшкесi бар, одан басқасы жоқ, құр су. Соны майына бола алып келiп, жаңағы атала қылып, майын құйып, қатық қып iшемiз бәрiмiз жабылып. Жаңағы, берген нанын бөлiп-бөлiп, гiлә-гiлә қылып апам екеумiз Тiрсек деген базарға апарып сатамыз, орнына төрт қадақ ұн әкелемiз. Ұнды атала қыламыз, оған сталавайдан әкелгендi көжеге қатық қып құямыз. Шешемнiң бiр асқабақты бiр тiлiктен салып, бiр ай көжеге қатық қылғаны әлi есiмде.

Б.О.: — Сонымен ашаршылықтан шықтыңыздар ғой?

— Қайдан шығасың? Ашаршылықтың кесiрiнен Тәжiкстан кеттiк. Тәжiкстанда бiр ағайынымыз тұрады екен. Сол келiп: “Жаңадан савхоз ұйымдасып, барлық нәрсенi сонда төгiп жатыр”, деп, отыз үйдi бiр жерден вагонмен көшiрiп алып кеттi. Ол жақтан адам керек деген қағаз әкелiптi. Екi түн, екi күн жүрдiк. Стәлiнабад деген қаласы бар екен, сол жерге бардық.

Б.О.: — Қазiргi Душанбе ғой?

— Иә, Душанбе. Ол уақытта Стәлiнабад дейтiн. Сөйтiп вагзалында үйме-жүйме болып жүгiмiздiң үстiнде отырмыз ғой. Есiме түссе күлемiн-әу, әлi есiмде, бiр жiгiт: “Мен жиендерiң болам, нағашыларым екенсiңдер, берi әкел мен көтерiсейiн, мен көтерейiн, пойызға мен шығарам” деп бiраз жүгiмiздi алып қашып кетiптi.

Б.О.: — Тәжiкстанда қандай күй кештiңiздер?

— Онда барғаннан кейiн жаман болған жоқпыз. Жаңадан ұйымдасып жатыр, адам керек дегенi рас екен. Күрiштi әкелiп қабымен тастайды, керегiнше аласың, тойындық та қалдық. Мақта егедi екен, ұзы-ы-н кәдiмгi екi метр, үш метр, қауашағы үшеу-ақ болады екен. Ең түбiнен ашылады, әрi өте ауыр болады, жылт-жылт етiп тұрады, соны жiбек мақта дейдi. Биiктiгi сонша — түйе түсiп кетсе көрiнбейдi. Ағаларымыз сонда жұмыс iстедi. Азанда сағ. 6-да тұрғызып, 12-ге дейiн жұмыс iстейдi де, күн қызған шақта қайтарады. Күннiң ыстық болғаны сонша, тынсын деп бiр шелек суды әкелiп қойса, бiр пәсте қайнап кетедi. Сол үшiн адамдарды кешкi салқынмен шығарады. Мен мақта терген жоқпын, кiшкентаймын, бiрақ барып көремiн. Тас жолдың жағасынан поселке берген барақ болды, сонда отырдық.

Ағам үдәрнiк (ударник-жақсы жұмыс iстеген) болып, сыйлыққа пәтифөн берген, ол уақытта ондайды кiм көрiптi. Сонымен кеш уақытта пәтифөн естимiз деп бiздiң үйге толады бәрi. Патифон өлең айтады, қандай екенi есiмнен шығып кетiптi. Бұл 1936 жыл шамасы.

Б.О.: — Ол кезде қазiргiдей емес, бiреу-мiреу ауыра қалса қайтетiн едiңiздер?

— Бiреудi жара басса, я болмаса безгек болса, соны ортаға апарып, бiр төбенiң басында бүркеп қойып, айлана отырып бәдiк айтамыз. Бәдiк айтайыншы деп анау да келедi, мынау да келедi. Бәдiк десе бәдiк. Айнала отырып қарсысында отырған әрiптесiн қарғайды да, ол оны қарғайды.

Б.О.: — Ол қалай, айтыңызшы?

— Айтсам айтайын, —

Бiрбай деген бар едi, Қоқан кеттi,

Қоқан жолын таба алмай Шоқан кеттi.

Қоқан кеткен бәдiктi iздеймiн деп,

Артынан екеуiнiң де шопан кеттi.

Мен айтамын бәдiктiң марқарасын,

Ел көшкенде қыз тағар қарақарасын.

Жиып-терiп бәдiктi дорбаға сап,

Мойны жуан екеуi арқаласын.

Қыздар сырын айтпайды тұлымына,

Әйел сырын айтпайды бұрымына.

Ай батқандай саңқиып пұшық болсын,

Бар да жабыс осының мұрынына.

Осылай боп жалғаса бередi. Бақайына көш, қолына көш, iшiне көш деп, ауруды көшiре бередi. Сөйтiп айтып-айтып бiр уақытта шаршағасын:

Қолыңдағы асығың қуғыл топай,

Бiр атасы дулаттың жаман Шоқай.

Бәдiгiңдi қой-дағы өлеңiңдi айт.

Ендi бәдiк айтқанға қақай-түфәй! — дейдi. Содан өлеңге көшедi, айтысады. Жүгерiнi бадырақ қылып “көш, көш” деп айқайлап шашады, сонымен тарқайды.

Б.О.: — Сонда науқас адам жазылып кететiн бе едi?

— Жазылмай ше, жазылғанын талай көрдiк қой. Мен өзiм де жаман безгек болғанмын. Сонда менi ортаға алып үш күн бәдiк айтты. Содан құтылдым. Әйтпесе, доғдырдың дәрiсiнен жазылмаған едiм.

Б.О.: — Туған жердi сағынбадыңыздар ма?

— Қалай сағынбайсың?! Содан үш жыл тұрдық. Бiр күнi далада отырсақ бiр қазақ жiгiт мәшiненiң үстiнде кетiп бара жатып: “Ай-хой ағае-е-н, кел қайтайық, ел қайда?” деп әндеттi, соны есiтiп сол жердегiнiң бәрi қосылып жылайды. Анау елiне кетiп бара жатыр, ел қайда, бәсе, ел қайда деп үлкендердiң жылағандары, әлi есiмде. Кейiн елге қайттық қой.

Б.О.: — Ел қандай халде едi ол кезде?

— Туған ел жақсы ғой. Бiраздан соң соғыс басталды. 41-жылы соғысқа жаппай адам алды да, елде еркек атаулы қалмады. Туған ағам Медет, Кемел екеу едi. Жыладық, еңiредiк, шығарып салдық, ол кiсiлер де жылады. Екеуi де соғысқа кетiп келмей қалды. Ағаларыма қара қағаз келмедi.

Б.О.: — Хат келiп тұратын ба едi?

— Алғашқыда хат кеп тұрды. Кейiн жоқ боп кеттi.

Б.О.: — Хаттары қалған жоқ па?

— Есiмде жоқ… Сол кезде қара қағаз дегенiң күнбе-күн келе берiп, ел бiратола шулап көшеге түсiп кеттi ғой.

Б.О.: — Көшеге түсiп кеткенi қалай?

— Тiрлiк дегендi, басқа дегендi халық тастады ғой. Сүдiгердiң (егiстiк бидай, тары -Б.О.) басында жылап отырып алады. Сонан кейiн өкiмет қара қағазды құртты. Жанымкүл бригадир едi. Шешесi Иса, бар ол кезде. Қара күйесi бар бидай берген колхоз, соны суға жуып алашаға жайып отыр екен. Пәлен жолдың бойына қойылды, пәлен уақта өлдi деген, билетiне шейiн салып жiберген ұлы Мұса, бiр қолын асып алып жалғыз өзi келе жатыр ғой, аспаннан түскендей боп. Сонда шешесi көрiп: “өйбүй, теңге бар едi, күлдiң астына да тастай салмаппын ғой, тағы тексерiп келе жатыр ғой мына бiреу” деп туған баласын танымапты. Жақындай бере “апа” дегенде баласына қарай жүгiрместен “менiң балам, менiң балам” деп жаңағы жуып, жайып қойған бидайды шаша берiптi. Баласы “апа” деп құшақтағанда сылқ құлап, содан оңала алмай кеттi ғой. Жүрегi жарылып кетiптi байғұстың.

Үлкен ағаның қатыны бейшара тумаған едi, Ұлдаш едi аты. Одан кейiнгi ағамның қатынының аты — Ырысгүл. Ұлдаш отырып қалды да, анау төркiнiне кеттi, төркiнi басқа байға берiп жiбердi, қашанғы отырады. Сонда екiқабат екен, жалғыз қыз бар Үрзия дейтiн. Оның да он екi баласы бар, Шәркүл апамыз кейiн тапты сұрастырып жүрiп. Балықшы деген ел екен, сол жақтан бiр жiгiт агроном болып келiп, Мақсұтбектiң үйiне келiп түсiп, содан сөйлесе-сөйлесе тапты. Мақсұтбек те, Шәркүл де барды. Танысып табысып мiнтiн берiп, китiн кигiзiп жiберiптi. “Мiнтi” деп ол кезде ат пен сиыр бередi.

Б.О.: — Ағаларымнан хабар келмедi дедiңiз, анаңыз не күй кештi?

— Анам жас кеттi, 44-жылы 63-де қайтыс болды. Көлбай дейтiн атқа мiнiп, бiргәдiр болып келген. Аяғы мынадайдан жоқ (саусақ жақтарын көрсеттi), қолын асынып алған. “Кәне шығыңдар! — десе, апам шыға келiптi. — Келiнiң қайда, қайда қашырып жiбердiң?” деп айқайлаған ғой. Сонда үлкен келiнi төркiнiне кеткен. “Тап келiнiңдi, таппасаң атамын” дейдi ғой жаңағы Көлбай. Сонда анамның жүрегi ойнап кетiптi.

Шешем бiр күнi төсек тартып жатып маған қарап: “Гүлзия, бiр қалам мен бiр парақ қағаз әкелшi, балаларымды көре алмай кетiп бара жатырмын. Арманымды жазып кетейiн”, — дедi. Барып қасына отырдым, сонда анамның айтқаны:

“Айтарсың менен сәлем балдарыма,

Барады iшiм толып арманыма.

Алладан әмiр келсе тоқтамаймын,

Дүниенiң көзiм жеттi жалғанына.

Барамыз нәсiп болса ана жайға,

Салқын үй, мұндай төсек бiзге қайда.

Қалдыңдар көбелектей екi келiн,

Көнiңдер, бас и ендi бұл құдайға.

Соңымда кенжетайым Гүлзияшым,

Ағаларың есен-сау келгенiнше,

Тия тартып жүре бер көздiң жасын…”

Көп едi ұмытып қалдым. Кезiнде аңырап жылап айтатын едiм:

“Сағындым Медетiмдi, Кемелменен,

Барамын көре алмастан шөлдеуменен.

Кеткендерi бiреудiң келiп жатыр

Болды ғой қатарымнан жүзiм төмен”.

Жүрген жерiмде айта берiп, айта берiп жүрушi ем, есiмнен шығып қалыпты… Содан апамның жүрегi қатты ауырғаны сонша, анандай жерде отырғанға естiлетiн едi сарт-сарт етiп. Сол ұрған жүректен кеттi ғой апам… 63-де. 1944-жылы. (Бiраз үнсiздiк)

Б.О.: — Сол жылдары Қажымұқанды көрдiңiз бе?

— Талай көрдiк қой. Соғыстың уағында ел-елге шығып өнерiн көрсетiп, өнерi сол, әлгi темiр бар ғой соны иығына салып мына басына төрт жiгiт, мына басына төрт жiгiт, майыстырып қармақ қылады, сонда да тiп-тiке тұра бередi ғой. Түйеге мiнiп келедi дағы, ол түйенi астынан жiп салып арқалап кiрiп кетедi. Мәшiне өткiзедi үстiнен, оны да көрдiм. Ақша жинап соғысқа сәмәлет әперген. “Қажымұқанның сәмәлетi” деп қанатына жазып ұшты ғой. Көрген себебiм бiз қыздар, сол кезде қасында бригәда болып ән айтып жүргенбiз.

Қажымұқан бiздiң ауылға құда едi. Қажекеңнiң бiр ағайынының қызын бiздiң ауыл алған екен. Ауылымызға жиi келiп тұратын. “Ойбай, Қажымұқан келе жатыр, қой сойып, оны қайтiп тойғызамыз” деп әйелдер әбiржiп жататын, бiрақ кәдiмгi бiр адамдай ауқат қана жейтiн де қоятын. Құданың құдiретi кәдiмгi тапалтақ, жуан кiсi, ал ендi “ы-ы” деп жұрттың алдына шыққанда бiратола iсiп кетедi ғой.

Сондай балуан едi ғой Мұңайтпастың балдары. Әжiмұхан деген iнiсi бар едi. Сол iнiсi шалқасынан жатып ағаштарды, дарбазаларды, есiктердi қойып тiсi бар тракторды өткiзем дегенде тайып кетiп, iшiне трактордың дөңгелегiнiң тiсi кiрiп кетiп қайтыс болды. Содан кейiн жетi жасар баласымен келiнiн алды ғой нәмеңгер болып. Тимеймiн деп бұлтақтап үйткен екен, бүйткен екен, тимесе аузына дейiн айырып тастаймын деп айтыпты, елдiң сөзi бұл ендi (күлiп). Содан қорыққанынан тиiптi деп гулеп жүрдi жұрттың бәрi.

Қажымұқан келгенде: “Өлең айтыңдаршы, қазақша өлеңдi сағындым” деп отыратын. Өлең айтсақ “Айналайын, балаларым, бәрекелдi!” дейдi.

Бiрде, “Қажымұқан келе жатыр” деп, калхозда жақсы iстейтiндердiң бәрiн шақырған ауданға. Iшiнде мен де бармын. Далада екi жақта қатар болып тұрмыз, ортадан жол ашып. Белi қайқайған ақбоз атты жегiп арбаға, келдi ғой. Аттың белiн қайыстырып жiберген ғой деп бiрiмiзге бiрiмiз айтып күлемiз. “Бәрекелде, қазақтың қыздары, қазақтың балдары өсiп-өне берiңдер!” деп қарап кiрiп кеттi. Бiз де топырлап кiрдiк. Тұмағын столға жалп еткiзiп тастай салып едi, столдың үстiн жауып кеттi. Бiз оған күлемiз, аузымызды басып шиқылдап күлемiз.

Б.О.: — Қандай жұмыс iстедiңiздер?

Ауылдағы жұмыстың бәрiн iстедiк қой. Күнi бойы далада, содан көңiл көтеру үшiн

Ассалаумағалейкүм, қара кетпен,

Шабайын сылап-сипап сенi еппен.

Қолыма алып едiм сенiң айтқын

Сен айтқан қара сертпен.—

деп өлең айтып жүретiнмiн. Мiнiп келе жатқан атқа да тiл бiтiрiп, қолымдағы затқа да тiл бiтiрiп дегендей, отырған жерде де айта беретiн едiм. Оны жұрт жаттап алатын.

Өтепберген деген ағамыз сол соғыстың уағында, ол шал боп қалса да басқарма болды ғой. Жекеменшiктiң сиырын мұрнын тесiп жер айда деп бередi. Ол жекеменшiктiң сиыры жата қалады. Жүрмейдi. Оны бiреуiмiз басынан, бiреуiмiз аяғынан тартып қара терге түсемiз. Болмайды, содан кейiн қасымдағы құрбыма: осы көрiп жүрген қорлығымыз аз ба, бұл не деген қорлық, қой шеш, мен айдап кетейiн ауылға, қораға апарайын. Ұрысса менi ұрыссын дедiм. Алдыма салып шаңдатып айдап кетiп бара жатсам алдымнан шыға келмесi бар ма, Өтепбергеннiң. Менi көре салды да: О, қу маңлай, қу маңлай, тапа-талтүсте бұны қайда қуып келе жатырсың дедi. Сол жерде былай деп жауап бердiм: “Жәке, мен қу маңлай емес,

Бұзау менен танаға,

Қатын менен балаға

Басқарма болған далаға

Сiз қу маңлай”, —

дедiм. Содан аузын аша алмай қалды. Өзi кейiнде Гүлзия сүйтiп айтқан деп айтып жүрдi ғой. Ұялып не айтарымды бiлмей қалдым дейдi ғой өзi.

Не бiр күндердi өткердiк қой, балам. Соғыс қойды деп тоғызыншы май күнi сүйiншiлеп келдi ғой. Дәу қара қатын, әлi көз алдымда:

“Ай-хой жолдастар, бiр жүрейiк бәрiмiз

Тарқар ма екен қайғы-қасырет зарымыз,

Бiздiң сәвет жеңдi ғой тоғызыншы май күнi”, деп ән салады әлгi қатын.

Ой, қу соғыстың уағында неше түрлi нәрселер болды ғой. Оны ендi келтiрмесiн. Мынадай бiр уақиға болған. Iнiсiнен жым-жырт, хат-хабар жоқ боп кеткесiн жылын бередi, сосын ана келiндi ағасы алмақ болады нәмеңгер деп о, Алла. Қайнаға той қылып келiнiн үйiне кiргiзбекшi. Сонда енесi жалғыз өзi қалды мына тамда. Сонда құданың құдiретi, келiндi алып кеттi, ана жақта той болып жатыр дүмбiрлетiп, сыбызғылар шалынып, өлең айтылып. Сонда ана iнiсi қолмен қойғандай сол күнi келдi. Сөйтiп апа, апа деп әйнектен қарап. Кемпiр бишара зәресi шығып, есiгiн ашып, ойбай, келдi, келдi деп айқайлайды. Бiреулер көрген. Тойдағылардың барлығы дүрлiгiп берi қарай жүгiредi. Сонда қайнаға сол қашқаннан қашып кеткен. Қайтып ауылға қосылмаған. Iнiден бiр бала бар екен, бес-жасар ма, төрт жасар ма, ол да ауылдан көшiп кетiптi. Бiрiн-бiрi көрмеген. Туған ағасын көрмей кеткен.

Б.О.: — Ақын Мағжанның әжесi Қойлық апамыз ақынның әкесi Бекенге екiқабат шағында қасқырдың етiне жерiк болған екен. Содан Бекеннен таралған ұрпақ түгелдей қайсар өжет, қайсар болып, ел оларды “қасқырдан тараған ұрпақ” деп атап кеткенi белгiлi… Сiзде қалай болды?

— Сөзiңдi түсiндiм. Ханбибiнi туарда түсiмде екi жүздi құлаштай қанжар алдым, соны төрде үйулi құм тұр екен, соған апарып сiңiрiп тығып қойдым, ешкiм алмасыншы деп. Басқа қыздарда түйе жетектеп дегендей, әйтеуiр сондай түс көремiн.

Б.О.: — Апа қызыңыз биыл алпысқа толайын деп отыр, ол жылдары бүгiнгiдей перзентханалар жоқ, сонда кешiресiз қайтiп, қалай болатын едi? Қауiптi емес пе, қазiргiлердiң өзi операциямен дегендей… болып жатады ғой?

— Ойбой, ол оперәскi (операция — Б.О.) түгiлi доғдырға да барған емеспiн мен. Үйде туам, Аллаға сыйынып дегендей. Көп адамды да жақтырмаймын. Бiреудi шақырмаймын.

Б.О.: — Неге жақтырмайсыз?

— Бiлмейiм, “Келген адам қызғаншақ” дейдi ғой. (Күлдi).

Б.О.: — Сондай сөз бар ма?

— Болғаны ғой ендi. Бұның кiндiк шешесi Раушан деген дуана қожа едi. Ол да кiрдi қыз да жерге түстi. Кiндiгiн кесiп алды да, былай дедi: “Ой, әдiра қалғыр ай, бала (ұл. Б.О.)болғанда Есенқараның сорын кесiп жiберетiн бала болады екенсiң, қыз боп қапсың да” дедi.

Б.О.: — Қазiргi жастар, “тұрмыс құру қиын” дейдi, ол кезде тiптен ауыр болған шығар?

— Оңай болған жоқ, әрине. Мұғалiм жоқ. Ханбибiнiң әкесi екi ауылдағы мектепке қатынап мұғалiм болды. Сол жылы заврайоно қамысқа бармадың деп ерегiсiп, Бесқұдыққа, қойшылардың ауылына жiбердi. Сонда мынау Ханбибi үш айлық шақалақ едi. Жаяу-жалпылап Дарбазадан, Шәймерден әулиеден ары кетемiз. Қолым талады. Әкесi өздiгiнен мен алып жүрейiн демейдi. Содан жылдам-жылдам жүрiп, жолдың шетiне бұны көрпешесiмен жатқызамын да, өзiм жүгiрi-i-iп кетемiн. Содан ол: “Айналайын балақан, түсiп қапты шанадан, тауып алдым даладан”, деп алады. Мен жеткiзбеймiн бiраз жерге дейiн (Күледi).

Әкесiнiң кеңдiгi ғой, бұны тастап айтысқа кетiп қалатын едiм. Бiр күнi айтыста отырсам, Ханбибiнi алып келiп тұр, одеялын таба алмай өзiнiң көйлегiне орап алыпты.

Б.О.: — Қалай айтысушы едiңiздер?

— Былай деп ұйқастырып:

“Қызыл изен дегенде, қызыл изен,

Қыз бұралып шығады қызыл үйден.

Бiрге өскен кiшкентайдан құрбым едiң,

Шай iшiп кет құдеке бiздiң үйден”,

деп айта беремiз. Жiгiттерге бiлезiк, сақина беремiз. Олардың айналасында жеңгелерi отырады. Солар бөлiп алады. Сақина, бiлезiктердi Сейдан дейтiн жiгiт бар едi, сол жиып келетiн. Кейiн иелерiне қайтарып бередi, бәрi қызық үшiн ғой.

Б.О.: — Қазiр бiреу бiр нәрсе десе өлеңмен жауап қайтара аласыз ба?

— Кiм бiледi оны.

Б.О.: — Қызыңыздың неге ақын болғаны ендi түсiнiктi болды, апа?

— Өлеңшi кемпiрден туған соң, ақын да.

Б.О.: — Күй атасы Құрманғазының анасы Алқа апамыздың ағалары балуан болған екен, өзi де тойда күреске шыға берген екен ғой. Сiз де қызыңыздың ақындығы нағашылардан дейсiз ғой?

— Иә, нағашыларының бәрi өлеңшi едi бұның. Туған ағам Медет, Кемел — екеу едi.

Осы отырған жерiнде қиып салып, айта беретiн. Үлкен ағамыз Медеттiң жақсы бәйге аты болды. Көкпар бар ма, бәйге бар ма, өлеңiн айтып жүре бердi.

Б.О.: — Есiңiзде бар ма?

— Мектепте оқып жүрген уағым. Мұғалiм: “Стәлiндi мақтап екi ауыз өлең жазып келiңдер” деп тапсырма бердi. Мен өлеңдi қалай жазам ол уақытта? Кейiн осындай шай үстiнде отырғанда айтып едiм, Ағам: “Қағаз қаламыңды ал” дедi де, былай дедi,

“Партия – жолбасшымыз бастайтын жол,

Соңынан жетекшiсi бiз комсомол.

Кешегi артта қалған кедей едiк,

Осындай дәрежеге жеткерген қол.

Сталин, бiз де шықтық жарығына,

Бай құрып, кедей келдi шарығына.

Шетелдiң кедейлерi жете алмай жүр,

Сталин өркендеген халығына.” деп екi ауыз өлең айтып бердi.

Б.О.: — Өз аталарында да тектiлiк болған шығар, Есенқара атамыз не ел едi?

— Әрине, бар ғой ендi. Руы — Бессары Таз. Таз Адайдан үлкен, Адайды емiзiп өсiрген. Таңбаны ең соңынан берген анасы, саған мiне деп қолын шығарыпты, сонда “Анам маған құтын бердi, мен көп боламын” деп қуаныпты ғой. Ханбибiнiң әкесi — Есенқара, Есенқараның әкесi — Жанаман, Жанаманның әкесi — Жылгелдi, Жылгелдiнiң әкесi — Қайып, Қайыптың әкесi — Есберлi. Есберлiнiң әкесi — Темiр, Темiрдiң әкесi — Анық, Анықтың әкесi — Бұқа, Бұқаның әкесi — Шалеке, Шалекенiң әкесi — Наурыз, Наурыздың әкесi — Жапақ.

Жылгелдi батыр, сөзге шешен би болған кiсi. Ол туралы мынадай өлең жолдары ел арасында тарап кеткен:

“Ақсақал Бессарының Жылгелдiсi,

Түйенiң сүттi болар iнгендiсi.

Шайнаған ауыздығын асау кердей

Қасынан кете алмайды келген кiсi.”

Жылкелдi ата үлкен… дәу, батыр болған екен. Түйенi жұдырығымен соятын кiсi болған. Жауға шауып жеңiп келiп жүрген. Қалмақтармен соғысып жеңiп, қалмақтардың қыздарын жiгiттерге таратып жүретiн кiсi екен. Оның баласы Жанаман, бiр жаққа көшiп мал қырылып жолда туылған. Сонда, “мал аман ба, жан аман ба?” дегенде, “мал жоқ, жанымыз аманбыз” деген екен. Содан атын – Жанаман деп қойған.

Балаларымның бәрiнiң фамилиясы Жанаман, Ханбибi де солай жазылуы керек едi. Мен метрикенi алуға барғанда атамның атын айтуға болмай, содан әкесiнiң атын айттым, сөйтiп бәрi кейiн Жанаман болып жазылды да, ал Ханбибi Есенқарақызы болды.

Б.О.: — Қызыңыз жақында “Парасат” орденiмен марапатталды, құтты болсын апа! Орден сiздiкi ғой, қалай болады екен?

— Рахмет, сендерге де жұғысты болсын. Қалай болады дерiң бар ма? Немере шөберелерiм бар, Құдайға шүкiр. Солар — менiң орденiм. Шөберемнiң алды он бесте. Сол айтады ғой: шөпшектi менен көресiз деп. О, тоба қылдым.

Ханбибiнiң өзi айтып отыр ғой, “Денiң сау болса — орден сол” деп, соныкi дұрыс.

Б.О.: — Әңгiмеңiзге рахмет, апа.

Бердалы ОСПАН

Серіктес жаңалықтары