НҰР-ҒҰМЫР — ШЫН ҒҰМЫР

НҰР-ҒҰМЫР — ШЫН ҒҰМЫР

НҰР-ҒҰМЫР — ШЫН ҒҰМЫР
ашық дереккөзі
245

Аллаһ Тағала ақырзаман пайғамбарын жiбере отырып, қасиеттi Құранның “Ахзап” сүресi, 21-аятында: “Аллаһ Елшiсiнде жақсы үлгiлерi бар” деп, Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с) ғұмырнамасынан ғибрат алуды ескерттi.

Расулаллаһ (с.а.с.) Құдiреттi Раббының ырыс-несiбесiн тоқтаусыз түсiндiрiп, Аллаһтан ғана қорқу керектiгiн сөзбен де, iспен де көрсеттi.

Көркем мiнез бен көркiм үгiт аясында кемел дiн — Исламды, соңғы кiтап — қасиеттi Құранды дамылсыз дағуат еттi.

Олай болса, тәблиғ ету, дүние мен ақыреттi тең ұстау, өз аяғымен келген дүниеге қуанбау, керiсiнше сол дүние қолынан кетсе де өкiнбеу, т.б. сияқты мiндеттерiн мүлтiксiз орындаған Рахым пайғамбарының ақыретте Шапағатшы болады делiнуi заңдылық.

Үмметiне: “Маған 6 нәрседе кепiлдiк берсеңдер, мен сендердiң жәннатқа кiрулерiңе кепiлдiк беремiн”, — дедi. Дұрыс сөйлеу, уәденi орындау, аманатқа сенiмдi болу, ұятты жерлердi сақтау, көздi харамға салмау, қолды арамға былғамау — Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар айтқан 6 нәрсе осы болатын.

Пайғамбарлыққа дейiн де, кейiн де күнәдан Аллаһ Тағаланың шексiз құдiретiмен қорғалған ол елшiлiк мiндет жүктелгенге дейiн де әл-Әмин, яғни сенiмдi адам едi.

Өмiрiнде өтiрiк айтып көрмеген Мұхаммедке (с.а.с) меккелiктер сенiм артып, даулы мәселеде оның пiкiрiне жүгiнiп, тоқтамға келетiн…

Пайғамбарлықтың келуi оның бұрыннан бар асыл тектiлiгiн, шыншылдығын, бiр Құдайға деген сенiмiн одан әрi жарқырата көрсетуге мүмкiндiк туғызды. “Алмас кездiк қын түбiнде жатпайды” деген тап осы емес пе?!

Пайғамбарлыққа тән бес сипат: сыдық, аманат, фәтәнат, тәблиғ, исмәт. Мұхаммед Мұстафа (с.а.с) осы бесеуiн бес саусақтай бiлiп, соған сай амал қылған. Ол жаратылыстың қырын-сырын терең бiлiп, пайғамбарлық уазипасында иләһи хабарларды даналықпен жеткiздi.

Адамзатты туралыққа, тақуалыққа үндедi. Бiр хадисiнде: “Сендерге туралық жарасады. Туралық — адамды жақсылылққа, жақсылық — жәннатқа апарады. Адам өзiн туралыққа арнап, сол жолда жүруге бағыттаса, үнемi тура сөйлеп, шындықты iздейдi. Ол адам Аллаһтың құзырында, турашыл адам” деп жазылады.

“Жалғаннан сақтаныңдар! Жалғандық — адамды жамандыққа, жамандық — жәһаннамға апарады. Адам өзiн жалғандыққа үйретiп алса, үнемi жалған сөйлеп, ең соңында Аллаһ құзырында жалғаншы болады”, — деп өсиет айтты.

Аллаһтың сүйiктi құлы һәм Елшiсi (с.а.с.) үлкенге — құрмет, кiшiге — iзет көрсете бiлген кiшiпейiл адам болды. Кiшiпейiлдiлiктiң жоғары өнегесiн өмiр бойы көрсете отырып: “Кiмде-кiм кiшiпейiл болса, Аллаһ Тағала оның мәртебесiн өсiредi, кiмде-кiм көкiрек көтерсе, Аллаһ оны қор қылып төмендетедi”, — деп жамандықтан аулақ болуға шақырды.

Пайғамбарымыз барлық мүмкiндiк туып тұрса да, қарапайым өмiр сүрдi. Шағын ғана бөлмелерден тұратын үйiнде Құдай қосқан тоғыз әйелiмен, бiрде — аш, бiрде — тоқ ғұмыр кештi. Дүние жинамады, оған қызықпады да. Оның үйiнде кей кездерi iшерге тамақ та қалмайды екен. Өйткенi Хақ пайғамбар қолына түскен азық-түлiк, дүние-мүлiктiң бәрiн жарлы-жақыбайларға үнемi таратып жiберетiн.

Хазретi Омар (р.а.) бiрде Аллаһ Елшiсiнiң бөлмесiне кiргенде оның ши үстiнде жатқанын көредi. Жүзiне шидiң iзi түсiп қалыпты. Омар (р.а.) шыдай алмай жылап жiберсе керек, сонда Расулаллаһ (с.а.с.): “Ақыреттiң бiздiкi болуын қаламайсың ба?”, — деген екен.

Сүйiктi пайғамбарымыздың әрбiр өсиетi, әрбiр амалы, әрбiр құлшылығы, бәрi-бәрi тек бiр Аллаһтың ризалығын алуға үндейтiн.

“Дүниенiң қызығын не үшiн көрмейсiң?” — дегендерге, “Исрафил қолына “сұрды” ұстап, Хақ Тағаланың әмiрiн күтiп тұрғанда, қалай ғана дүниенiң қызығын татайын?” деп жауап берген.

Ардақты Елшi (с.а.с.) үнемi қайырлы iске асығатын. Сандаған күндер аш қалса да, құлшылығын тоқтатпайтын, дұғасын үзбейтiн. Аллаһ тағаланың шүкiр еткен құлынан болу үшiн күндiз-түнi намаз оқып, көз жасын төгiп, кешiрiм, жарылқау тiлейтiн. Күнәдан пәк бола тұрып, “күнәмдi кешiр!” деп дұға тiлейтiн.

Аллаһ Елшiсi ғұмырында екi рет тойға баруға ниеттенгенде, екеуiнде де Жаратқан Аллаһ оны жолда ұйықтатып тастайды. Бұл пайғамбар болмаған кезi екен. Аллаһ оны тойға барғанда ұрынып қалуы мүмкiн харамнан осылай сақтапты.

Айта кетер бiр мәселе, Пайғамбарымыз қараңғылық дәуiрдiң кейбiр әдеттерiнiң жалғасқанын көрiп, мұсылмандарға мазарға баруға тыйым салды. Бiрақ кейiн қабiрге “өлiмдi еске алу үшiн” зиярат етуге рұқсат бердi.

Басшыларға бағыну жөнiнде де әдемi айтып кеткен едi. “Сендерге Аллаһтан қорқуды және басшыларың қара құл болса да, құлақ салып бағынуды насихат етемiн. Ғұмыры жеткендер алда көптеген қарама-қайшылыққа кездеседi. Сендер менiң және жөн сiлтеген халифалардың жолымен жүрiңдер. Осы жолды мықты ұстаңдар. “Бидғаттан сақтаныңдар. Бидғат — адасқандық”, — дей отырып, бiр-бiрiмiздi дос тұтуды, адам құқығына қол сұқпауды меңзедi.

Ол орнықтырған Ислам, ол түсiндiрген құлшылық, ол көрсеткен көркем мiнез сан ғасыр өтсе де өзектiлiгiн жоғалтқан емес.

Үмметiне: “Қайда болсаң да, Аллаһтан қорық! Күнәларыңнан соң дереу оны жуып-шаятын амал жаса. Адамдармен қарым-қатынаста көркем мiнездi бол!” — деуден жалықпады. Артынша: “Мағынасыз бос нәрседен арылу — мұсылманның исламдық әсемдiгi” деп, нағыз әсемдiктiң не екенiн дөп басты. “Аллаһ және ақырет күнiне иман еткен адам көршiсiне жамандық жасамасын! Аллаһ пен ақырет күнiне сенген әрбiр жан қонағын жақсылап күтсiн! Аллаһ пен ақырет күнiне иманы бар әркiм не жақсы сөз айтсын немесе үнсiз қалсын!”

Айта берсек, оның өсиеттерi осылай жалғаса бередi. Намыстылық, әдептiлiк, турашылдық, шешендiк, батырлық, ұстаздық, саудагерлiк, алғырлық, т.б. қасиеттермен ерекшеленетiн Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) еңбектеген баладан, еңкейген кәрiге дейiн жақсы көретiнi сондықтан. Оны Аллаһ үшiн, Ислам үшiн, дiн үшiн күрескен қаһарман қолбасшы деуге болады. Ақиқат үшiн болған айқастарда мүбәрак тiсiне дейiн сынып жараланған Расулаллаһтың (с.а.с.) ерен ерлiгi, жеңiмпаздығы өз алдына бiр әңгiме.

Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) өзгелер үшiн өмiр сүргендей. Жылы жүздi, сыпайы, биязы бола бiлудiң де хас үлгiсiн Ол (с.а.с.) көрсеттi. Бұл қасиеттi Құран “Әли Имран” сүресiнiң 159-аятында былайша өрнектеледi: “Сол кезде Сен оларға Аллаһтың рахымымен жылы шырай таныттың. Егер тұрпайы, қатал жүректi болғаныңда, сөзсiз олар айналаңнан тарап кетер едi. Сондықтан кешiрiм етiп, оларға жарылқау тiлеп, iс жөнiнде олармен кеңес.

Бiр мәмлеге келiп, қаулы қабылданған кезде Аллаһқа тәуекел ет. Негiзiнде Аллаһ тәуекел айтушыларды жақсы көредi”.

Оның нұр-ғұмыры — шын ғұмыр. Әлiмсақтан мұсылман болған атам қазақ: “Аллаһ бiр, пайғамбар хақ” дейтiнi сондықтан.

Болат САҒЫНҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары