ҰЛЫС TАҢЫ
ҰЛЫС TАҢЫ
Наурыз Наурыз болғалы атадан балаға айна-қатесiз айтылып келген екi сөз бар. Қазақтың өмiрлiк пәлсапасы мен дүниелiк танымы, адамгершiлiк мейiрi мен тұрмыстық ұстанымы сыйған осы екi ауыз сөз Наурызды басқа мейрамдардан ерекшелейтiн қасиеттерге бөлейтiн сияқты.
Бұл — бала кезден менiң де құлағыма сiңiстi болған сөздер:
“Ұлыстың ұлы күнi алдыңа келсе, атаңның құнын кеш”. “Ұлыс оң болсын!”.
Ұлыс — ел, аймақ. Жаугершiлiктiң небiр құқайын көрген қазақ үшiн елдiң амандығы, заманның тыныштығы Тәңiрден тiлер ең басты Тiлекке айналған. Ел аман, жұрт тыныш болса, ұрпақ өседi, қазақтың шежiресi жалғасады. Тiрi қалу, аман болу – Қазақтың мәңгi өлмес философиясы iспеттес. Ауылға жау шапқанда жерошаққа төңкерiлген қара қазанның астына сары баланы тығып қою, ол баланың кейiн аман-есен өсiп, осы әулеттiң ұрпағын жалғастыруы секiлдi мысалдар аңыздай айтылады. Жаугершiлiк заманда қатын-бала, кәрi-құртаңына дейiн қырылған ауылдың ақсақалдары бiр атқа мiнгестiрiп қоя берген екi балаға елдiң ертеңiне деген үмiтiн жалғағаны — Сiздiң тарихи жадыңызда да әлдебiр бұлдыр көрiнiстi тiрiлтпей ме?
Ол екi бала нағашы жұртына аман-есен жетедi. Нағашыға жетпесе, кеңпейiл ел iшiнде әйтеуiр бiр орнын тауып, ер жетiп, ұрпақ жалғастырып қана қоймайды, ес жиып, етек жинаған соң, санасының түкпiрiнде қалған сол көрiнiстердi қайта жандандырып, жетi атасын түгендеп, шежiресiн қалпына келтiрiп, өз немере-шөберелерiне жеткiзедi. Сол үшiн де Қазаққа жетiм қалу қайғы емес, ал ұрпақсыз қалу — үлкен қасiрет. Ғасырлардан бастау алатын Генофонды сақтау, Ататектi бiлуге деген аңсарды бүгiнгi қазақтың қанынан нендей қиындықтар да өшiре алмайды.
Сөйтсе де, Қазақ өз қанасынан жаралған бала-шағасының амандығынан бұрын Елдiң амандығын тiлейдi. “Елде болса, ерiнге тиедi” деп өзiн-өзi жұбатады. Қоғамнан тыс бөлiнiп, жырақ кету – қазақ үшiн өлiмнен де ауыр жаза. Өзiн қауымнан тыс сезiне алмайтын қазақтың ұрпақтары жат елге сiңiсiп, бөтен елдегi сұлтандықты қалап алғанын көргенде, Генофонымызда бiр өзгерiс барын сезiнгендей боламыз.
Бiрақ қаймана қазақ — қазақшылығының мұрты бұзылмаған Ауыл-Ана алақанындағы елде ұрпақтар жалғастығы психологиясы әлi де өмiршең. Жаугершiлiктiң заманы баяғыда өтiп кетсе де, бұл жұрт әлi күнге дейiн “Ел аман болсыншы” деп баласының атын Еламан қояды.
Бұл жұрт Ұлыстың ұлы күнi “Ұлыс оң болсын!” деп, әуелi елдiң түзулiгiн, Алаштың бiртұтастығын тiлейдi. Содан кейiн барып “Ақ мол болсын!” қарынның тоқтығын тiлейдi. О шетi мен бұ шетiне аттылы адам алты күнде жете алмайтын сайын даласында сапарлатудың азабын көп көрген бе, “Қайда барса, жол болсын!” деп бiр тоқтайды.
Елдiң, бала-шағаның амандығын тiлеп, қарынның тоқтығына шүкiршiлiк айтқан соң, қазақ өткен жылда кеткен есесiн түгендеп, келмеске кеткен уақыттың кектерiн еске түсiре бастайды. Бұл да — Уақытпен оза тазарудың амалы сияқты. Жаңа айды көрген сәтте “Жаңа айда жарылқа!” дейтiн қазақ Табиғатпен бiрдей түлеудi iштей тiлей ме дейсiң.
Түлеу, тазару — кешiрiмнен бастау алады. Ескi кектi ұмытып, қастасқандардың достасатын күнi де — Наурыз. Күнi ертең пендешiлiгi қайта қозып, берген серттен тайқып, достықты ұмытса да, тап бүгiн — Ұлыстың ұлы күнi қауқылдасып құшақтасқанда, ақ тiлек айтып, ағынан жарылғанда қазақты екiжүздi деп ешкiм сөге қоймас. Даланың перзентi болғандықтан, қастасқанда да, достасқанда да iшек қырындысына дейiн көрсетiп ақтарыла сөйлеу, шешiлiп сыр айту — қазақтың мiнезi. Тап осы күнi кешiрiлмес қателiктерге бүгiнгi тiлмен айтқанда “амнистия” жариялап жататыны да сондықтан.
Басымызға әлдеқандай қиын iс түсе қалғанда, бiз көбiне кiнәлiнi iздеймiз. Iздеп, тексерiп, мәселенi “майшаммен қарап”, ақыры бiреудi кiнәлi деп тауып, сосын барып бар қиындық сонымен түгесiлгендей, “уһ!” деймiз. Одан кейiн ол кiнәлiнi тура жолға салу былай тұрсын, өмiрлiк сабақ болу үшiн жазалауды да естен шығарып, кеңпейiлдiкке саламыз. Ал “кiнәлiмiз” өз кiнәсiн ашық мойындап, мойнына бұршақ салып, еңiрегенде етегi жасқа толса, онда бiз оны мүсiркеп, жұбатуға кiрiсемiз. Сосын… осындай жiбi бос адамды сонша жазғырғанымызға ендi өзiмiздi кiнәлi сезiнiп, iштей ыңғайсызданып та қаламыз.
Шындығында, қателiк жасағаны үшiн адамның өзi ғана өзiн қатты жазғыра да, аяусыз жазалай да, асқан мейiрбандықпен кешiре де алады. Ал басқалардың оны жазғыруы да, кешiруi де — қуыршақтардың мимикасы секiлдi сыртқы iс-әрекеттiң көрiнiстерi ғана. Сонда тентектi тыю мен адасқанды жолға салам деудiң бос әурешiлiк болғаны ма?
Әр адамның адасуы да, қайта жол тауып, үйiрiне қосылуы да, қателiк жасауы да, оған өкiнiп, тәубеге түсуi де – өз ар-ұятына байланысты. “Жақсының ашуы жiбек орамал кепкенше” деп халық тегiн айтпаған ғой. Жақсы адам ашуымды бiреу бассын, келiп өкпемдi тарқатсын деп күтiп отырмайды, өзiн жәбiрлегеннiң жағдайына ой жүгiртiп, кешiре салады. Кешiргеннен соң бойы да жеңiлдеп сала бередi.
Ислам дiнiнiң гуманизмiн мойындап кеткен Толстойдың “бетiңдi шапалақпен бiр ұрса, оған екiншi бетiңдi тос” дейтiн ұлы адамгершiлiк идеясын сол кездегi орыс қоғамы түсiнген жоқ. Есесiне, бұл ойды жаңа ғасырдағы адамзаттық құндылықтарға жатқызуға болады. Бұл идеяны ұғынып қана қоймай, өмiрлiк ұстаным ретiнде қабылдау үшiн Абай айтатын Толық адам деңгейiне дейiн өсу керек.
Ал кейбiр адамның ашуы көпке дейiн тарқамай, астындағы оты басылмаған қазанда қайнаған қара судай бұрқ-сарқ ететiнi – өзгелердi де, өзiн де кешiре алмағандықтан болар. Ондай кiсi бiреудiң жұбатқанын, өзiне аянышпен қарап, мейiрiм төккенiн күтiп жүре бередi, солай болғанынша ашуы тарқамайды.
Мұндай адамдар көбiне бала кезiнде мейiрiмнен қағажу қалғандар болса керек.
Жесiрлiктiң азабын тартқан, жетiмдiктiң зары өткен қазақ мұны бiлмейдi дейсiз бе, бiлгенде қандай. Сондықтан да “жетiм қозы түңiлер, түңiлер де отығар” деп тұжырым жасайды. Бұл да – қатал өмiрдiң ащы шындығы.
Қазақта (Исламда да) ердiң құны – елу атан. Бұл оңайлықпен кешiрiле салатын құн емес. Ал оттың иесi Атаның құнын кешу деген қазақ үшiн күнде жасала салатын әрекет бола қоймас. Жер Күндi бiр айналған 365 күннiң бiреуiнде ғана – Ұлыстың ұлы таңы атқанда ғана болған iске опынып, кешiрiм сұрауға, ең бастысы ол кешiрiмдi алуға үмiттенуге әбден болады.
Қазақ тым болмаса бiр күн Толық адам болуға (болмаса, ұқсап бағуға) ұмтылған (ендiгi ұмтылатын) шығар, бәлкiм?
Бұл сөздiң түп мәнi – Атаның құнын кешiруде ғана емес, әрине. Адамның Адамға мейiрiм танытуында. Сiз де, Бiз де, Ол да – бәрiмiз Бiр Жаратушының жаратылғандарымыз. Оның алдында бәрiмiз бiрдеймiз. Күн мен Түн күш теңестiрiп, Жер-Ананың өзi мейiрiмге бусанып жатқан шақта, оның перзенттерiнiң де бiр-бiрiне кешiрiммен қарап, бауырмалдық танытуы – Он сегiз мың ғаламға, Оны жаратақан Аллаға жасалған құрмет сияқты.
Өзi тектестердiң қателiгiн кешiру арқылы Адам өзiнiң пендешiлiгi үшiн Алланың кешiрiмiне ие болудан үмiттi болады…
Осынысы үшiн де әз Наурыз — халықтық мейрамдардың iшiнде ең абзалы болар.
Кешiрiмшiл болайық!
Ұлыс оң болсын!
Гүлбиғаш Омарова