ДҮКЕН СӨРЕЛЕРIНДЕ – УЛЫ ТАҒАМДАР

ДҮКЕН СӨРЕЛЕРIНДЕ – УЛЫ ТАҒАМДАР

ДҮКЕН СӨРЕЛЕРIНДЕ – УЛЫ ТАҒАМДАР
ашық дереккөзі
406

Кейбiр жемқор да безбүйрек шенеунiк пен ашкөз алыпсатардың кесiрiнен, iшкi нарықтағы азық-түлiктiң кейбiр түрi тұтынушыларға уланған қалпы жетедi. Сорақысы сол, балаларға беретiн сүт өнiмдерiнiң iшiнен iшек таяқшаларының табылуы қалыпты жағдайға айналып барады. Осыған орай дабыл қаққан тәуелсiз сарапшылар қауымы тағамның 16 түрiн аптасына екi рет тексеруден өткiзуге бел буып отыр.

15 наурыз – Халықаралық тұтынушылар күнi. Дүниежүзiлiк стандарттар мен сапаға ғана мойынсұнатын әлем тұынушылары осы күнi шат-шадыман тойлап жатқанда, қазақстандық тұтынушы қай дүкеннен алған қай өнiм улы екенiне алаңдайды. Өйткенi, бүгiнде iшкi нарықтағы 16 тағам түрiн аптасына екi рет тексеруден өткiзiп отыруға шешiм қабылдаған Қазақстан Ұлттық тұтынушылар лигасының мәлiмдеуiнше, елiмiзде өндiрiлетiн кейбiр өнiмдер адам денсаулығына зиян тигiзедi. “Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас” отырған қытайлар жақтан келетiн сапасыз тауарлардың кеденнен өткiзiлуiне тосқауыл қоямыз деп желпiнiп жүргенде, отандық кәсiпкердiң сапа мен стандарттарды аяқасты еткенi қиын болды. Лига өкiлдерi Қазақстандағы басқа да ұйымдармен тiзе қоса отырып, билiктен азаматтардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп төндiретiн азық-түлiктi саудаға шығаруға тыйым салатын халықаралық құжатты қабылдауды талап етпек. Оның iшiнде тұтынушыға дейiнгi аралықта тауарлардың сақталуы, сапасының халықаралық стандарттарға сай болуы т.б. Ұлттық лиганың жетекшiсi Светлана Савченко былтыр Алматыда 3,5 млн. доллар – материалдық шығын ретiнде, 60 мың доллар сот арқылы – моральдық шығын ретiнде, соттың талқысына түспей-ақ, сапасыз тауарлар мен қызмет көрсетуге кеткен шығын ретiнде тұтынушының еншiсiне бұйырғанын айтады. Өкiнiшке қарай, отандық кәсiпорындар өндiретiн өнiмдердiң басым бөлiгi тұтынушының денсаулығына зиян. Мысалы, “АгроМеркур”, “Қазақ сусындары” компаниялары шығаратын қымыз, шұбат, наурыз көжелерiнен ағзаны зақымдайтын iшек таяқшалары табылған. Елдiң сенiмiне әлдеқашан ие болған “Фудмастер” компаниясының “Домашнее” сүтi де стандарттар сынынан сүрiнiптi. Дүкендер сөрелерiнде көздiң жауын ала самсап тұрған сусындардың бала түгiлi, ересектердiң өмiрiне қауiптi екенiн кез келген бiле бермейдi. Тәртiп пен қадағалау жоқ жерде, заңды белшеден басатындардың көбейетiнi белгiлi. Савченко ханым тәуелсiз сарапшылардың iшек таяқшалары қай өнiмнен табылғанын нақты анықтауға көшкенiн айта келе, “егер сусындардың барлығына дерлiк қолдануға көшсе, оны тұтынушылардан жасыруға болмайды” дейдi. 3,5 млн. доллардан астам қаржы бiр ғана Алматы қаласынан өндiрiлгенiн ескерсек, орталықтардан шалғай жатқан аймақтардағы ағайынның жағдайы не боп жатқаны бiр Аллаға ғана аян.

Кейбiр сарапшылар мұндай келеңсiздiктiң белең ала бастауын шағын және орта кәсiпкерлiкке мемлекеттiк жеңiлдiк ретiнде жасалған мораторийден көредi. Бiрақ әп дегеннен-ақ, адамдардың денсаулығы мен қауiпсiздiгiне тiкелей қатысы бар азық-түлiк пен дәрi-дәрмек саудасымен айналысатын мекемелердiң мораторийден шет қалдырылғанын ескерсек, қоғамды iштен iрiтетiн жемқорлықтың дендегенiне тағы бiр көз жеткiземiз. Сорақысы сол, ақшаға құныққан кейбiр алыпсатар ағайын мен ашкөз кәсiпкер мемлекеттiң келешегi – балалар мен жастардың тағдырына балта шауып жатқанын бiле тұра, бiлмегенсидi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары