РЕСЕЙДЕ САЯСИ ЖАҒДАЙ ШИЕЛЕНIСIП БАРАДЫ

РЕСЕЙДЕ САЯСИ ЖАҒДАЙ ШИЕЛЕНIСIП БАРАДЫ

РЕСЕЙДЕ САЯСИ ЖАҒДАЙ ШИЕЛЕНIСIП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
239

Жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыстың соңы алдағы уақытта әлеуметтiк толқуларға ұласуы мүмкiн. ТМД көлемiндегi тоқыраудың аяқ алысына қарап осылай деуге болады. Әсiресе, iргелес Ресейдiң сарапшылары мен саясаткерлерi ұзаққа созылған дағдарыстың аяғы қандай саяси өзгерiстерге алып келуi ықтимал деп алаңдап отыр. Бұған дейiн бұқараның наразылығы күшейiп бара жатқанын бiрыңғай оппозициялық бағыттағы басылымдар жазып келсе, ендi билiктегiлердiң өздерi де алдағы күнге қауiппен қарауда. Оған Глеб Павловскийдiң “Московский комсомолецтегi” “Экономикалық дағдарыс саясатқа ауыса бастады”-деп жазған мақаласы мысал. Павловский онда “1991 жылы Кеңес одағын құлатып тынған көше қарсылықтары мен 2004 жылғы Украинадағы “түрлi-түстi” төңкерiс тағы қайталануы мүмкiн.

Әлеуметтiк қарсылықты тудырып отырған себептердi билiк өзiнен iздеуi керек”-деп ескерткен. Өткен аптада Кремльдегi ықпалды кеңесшiлердiң бiрi “экономикалық дағдарыс ел басшыларына қауiптi болып барады. Олигархтардың демеуiмен көтерiлiс жасалып, олар тақтан түсiп қалуы әбден мүмкiн”-деген едi. Саяси ахуалды скинхедтердiң шектен шыққан әрекетi де асқындырып барады. Себебi тек биылдың өзiнде “тақырбастардың” қолынан 14 адам қаза тауып, 33 шетелдiк ауыр жарақат алған. Жағдай қиындаған сайын орыстың әсiреұлтшылдары оған “кiнәлiлердi” iздеп табуға құлшына кiрiсуде. Әсiресе нәпақа iздеп өзге елдерден Ресейге ағылып жатқан миллиондаған еңбек мигранттарына олар қырғидай тиiп жатыр. Ресейдегi этникалық кикiлжiңдердi зерттеу орталығының сарапшысы Галина Кожевникова, алдағы уақытта мұндай шабуылдарға мигранттарды жақтырмайтын қарапайым адамдар да қосылуы мүмкiн екенiн жеткiздi. “Жұмыссыз қалғандар оған кiнәлi деп тапқан адамдарға тиiсе бастайды”– дейдi ол. Сарапшылар, мұндай ұлтаралық текетiрес үлкен тәртiпсiздiктерге ұласып кетпей тұрғанда Кремль шұғыл шешiп қабылдауы қажет екенiн ескерткен болатын. Алайда, ондағы билiктiң ойланатын түрi жоқ. Әсiреұлтшылдар қозғалысы барған сайын ұлғайып, тiптi байып бара жатыр. Қазiр бiр кездерi қоғамға жат элементтер саналып, теперiш көрген мұндай ұйымдар мен скинхедтiк топтардың құрамында банк қызметкерлерi мен биржа брокерлерi де төбе көрсете бастаған. “Орыс ұлтшылдарының жаугерлiк ұйымының” Мәскеудегi құқық қорғау ұйымдарының бiрiне жолданған электронды хатында былай делiнiптi: “Бiз Азизовтi әдейi өлтiрдiк. Бұл билiкке ескерту. Егер шенеунiктер Ресейге жатжерлiктердi топырлатуды тоқтатпаса, онда бiз шенеунiктердi де жаппай қыруға мәжбүр боламыз!”.. Ендi националистер мигранттарды қорғайтын құқық қорғау ұйымдарына да сес көрсетуге көштi. Ақпан айының сегiзi күнi құқық қорғаушы Кожевникованың электронды адресiне мынандай мазмұндағы хат келген: “ Ұлтшылдық насихат тұрғысынан алғанда журналистердi, ғалымдар мен сарапшыларды өлтiру, славян еместердi өлтiргеннен әлдеқайда тиiмдiрек”. Премьер-министр Владимир Путин мен ел президентi Дмитрий Медведев этникалық зорлық-зомбылықты ашық түрде айыптап, оған қарсы шара қабылдауға уәде берген. Бiрақ билiктiң өзi осыған мүдделi сияқты әсер қалдырып отыр. Құқық қорғаушылар, Ресей үкiметi Кремльге арқа сүйейтiн жастардың ұлтшыл ұйымдарын барынша демеп отыр, — деген уәж айтады.. Әсiресе, Орталық Азия мен Кавказдан келетiн еңбек мигранттарына тосқауыл қоюды көздейтiн арнайы бағдарламасы бар ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсетiлуде. Тiптi Ресейдiң кейбiр облыстық орталықтарында ұлтшылдардың арнайы топтары көшеде мигранттарды тоқтатып, олардың құжатының дұрыстығын тексерудi қолға ала бастаған. “Тақырбастардың” бұлайша тым еркiнсiп кетуi түбi жақсылыққа апармайды. Ресейдегi автономиялар мен өзге диаспоралар бұған әзiрге “төзiп” отыр. Сарапшылар, шыдамның да шегi болады, егер бұл бассыздық осылай жалғаса берсе ұшқыннан от шығып, Ресейде бұлғақ басталып кетуi мүмкiн,-дейдi.

Жолымбет МӘКIШЕВ

Серіктес жаңалықтары