ТЕКТIЛIК ТАРИХТАН БАСТАЛАДЫ

ТЕКТIЛIК ТАРИХТАН БАСТАЛАДЫ

ТЕКТIЛIК ТАРИХТАН БАСТАЛАДЫ
ашық дереккөзі
427

Жаңа тарихи сананы қалыптастыру, жүздеген жылдар уланған санамызды ақтаңдақтардан арылту, бүгiнгi басты идеология болып тұрғаны ақиқат. Сондықтан да, “Түркiстан” газетi соңғы кезде тарих мәселесiне жиi көңiл бөле бастады. Тарихшы Жанұзақ Әкiммен арадағы әңгiмемiз де осы төңiректе болды.

ТАРИХ – ТАРИХИ МҮДДЕГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТПЕУI КЕРЕК

– Тарихи шындық бiр басқа да, тарихи мүдде бiр басқа. Тарихшылар әлi күнге дейiн бiртұтас тарихи сананың қалыптаспай келе жатқанын айтады. Бiзде өткен тарихты бұрмалау iсi әлi күнге дейiн орын алып келедi. Бұның сыры неде?

– Әрине, тарихтың шындықты жазып, оқырмандарға ақиқаттың көзiн ашқаны дұрыс. Бiрақ, тарихта белгiлi бiр нәсiлдiң, елдiң, билеушi партияның мүддесi тұрғысынан жазу, тарихтағы процесстердiң iшкi заңдылықтарын түсiнбеуден, немесе тарихшының материалды толық меңгермеуiнен әртүрлi кемшiлiктер болып жатады. Оның себептерi көп. Соның бiрi – тарихшының сана-сезiмiн оның шыққан ортасы билеуiнде. Соңғы бiрнеше ғасырда Гердер, Шпенглер, Тойнби, Ясперс, Фукуяма сияқты Батыстың ойшылдары әлемдiк тарихты жан-жақты саралап, оны жүйелеп жазуға тырысуда. Бiрақ, бiз бүгiнге дейiн әлемдiк тарих жүйеленiп жазылды деп айта алмаймыз. Себебi, жоғарыдағы ойшылдардың тәжiрибесi бiрiншiден, өздерi шыққан ортаның тарихын толық жаза алатынын көрсетсе, екiншiден, Шығыстың тарихы, Шығыс пен Батысты соңғы 3,5-4,0 мың жылдар бойы байланыстырып тұрған және әлемдiк дiндердiң негiзiн салған көшпендi түрiктер, арийлер (үндiеуропалықтар) және арабтардың тарихы толық зерттелмегенiн көрсетедi. Көшпендiлердiң тарихынсыз бүгiн әлем өркениетi тарихын түсiну мүмкiн емес;

Әлемдiк тарихтағы келесi күрделi кемшiлiк – ол “өркениет” дегендi тұрғындары отырықшы, материалдық тауар шығаратын “қала” дегеннiң баламасы деп түсiнуiнде. Өркениет дегендi олай негiздеу ертедегi Грекиядағы Афина полисi т.б. жеке-дара “қала-мемлекеттердi” бөлек өркениет деп қарауға негiзделген. Өркениет әрине, ол қазiргi дәуiрдегi әлемдiк өркениет дамуындағы тарихи процестердi түсiндiре алмайтыны белгiлi;

Ортақ тарихи сананың қалыптаспауы мен тарихты бұрмалау сияқты келеңсiз құбылыстар да оның даму заңдарын түсiнбеуден немесе белгiлi мүдденi iске асыру мақсатында туындайды. Соңғысына көршi Ресейдiң тарихы мысал бола алады. Иван Грозныйдың кезiнен бастап империялық саясаттың мүддесi үшiн бұрмаланған ресейдiң тарихы I Петрдiң кезiнде, одан кейiн Кеңестер Одағында бiрнеше ғасырдан берi әртүрлi режимдердiң мүддесiне сай жазылғандықтан қазiр одан шындық iздеу мүмкiн емес екенiн кейбiр ары бар тарихшылар жазуда. Орыстың бұрынғы тарихшыларынан Н.Карамзиннiң, бүгiнгiлерден М.Аджи мен Бушковтардың жазғандары ғылымға негiзделген және заманындағы билiктен тәуелсiз болғандықтан оларға сенуге болады.

– Кеңес Одағы кезiндегi тарих тарихи мүддеге қызмет еткенi белгiлi. Ал, тәуелсiз Қазақстан тұсындағы тарих кiмге қызмет етiп келедi?

– Қазақстанның тарихы – ол алдымен қазақтың тарихы. Соңғы бiр жарым ғасырдан бергi тарихымызға қазақ жерiне келiп қоныстанған диаспоралардың Қазақстандағы тарихы қосылады.

Тарихымыздың көкейкестi мәселелерiн сiздiң газеттiң көтерiп отырғанында үлкен мән бар. Себебi, қазақ “түбi бiр түрiктiң” ұрпағы болғандықтан оның арғы тарихы – ол көне түрiктiң отаны “Тұран”, “Түркiстанның” тарихы. Кеңес Одағы кезiнде “пантюркизм”, “панисламизм” деген жасанды жаулар тауып алып, түрiк халықтарының тарихын, эпостарын, өнерлерiн зерттеуге, “Наурыз мейрамы”, айт т.б. ұлттық дәстүрдегi және дiни мерекелердi өткiзуге тыйым салынып, ұлттық зиялыларды репрессияға ұшыратып, ұлтқа геноцид жасалды, ондаған жылдар ана тiлдi жойып, ұлтты тегiнен айыруға бағытталған жүйелi жұмыстар жүрдi. Бiз асылдарымыздан айырылып, намысымыз тапталып, ана тiлдi ұмытуға айналған ХХ ғасырдың тозағынан аман шығып тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiмiздi әлi толық сезiнiп болған жоқпыз. Ендi тәуелсiздiк алғанымызбен “құм жиналып тас болмас, құл жиналып бас болмас” деген, қан мен миға сiңген кереғар санадан толық арыла алмай келемiз. Осындай жолайырық кезеңде елдiң болашақ сара жолын табуда – оның жаңа жазылған тарихының маңызы зор.

Қазiр елде тарихты бiлуге деген құлшыныс жақсы. Бiрақ, осы уақытқа дейiн қазақ тарихынан жазылған Рашид ад-Дин, Х.Дулати, Ш.Құдайбердiұлы, С.Асфендияров, М.Тынышпаевтардың еңбектерi оқырмандарды қанағаттандыра алмайды. Олардан кейiн қазақ тарихы жүйеленiп жазылмаған екен. Қазақ тарихын жазған А.Левшин, В.Бартольд, С.Кляшторныйлар сияқты авторларға, тiптi өмiр бойы түрiк тарихын зерттеген Л.Гумилевке толық сене беруге болмайды. Себебi, олардың көпшiлiгi отарлау кезiнде немесе Қызыл империяның көкейкестi мүддесiне қызмет еттi.

Бұл жерде Мәскеудегi Герасимов атындағы антропологиялық лабораторияның қалпына келтiрген ертедегi мүсiндерiн қарасақ түрiк те, монғол да … барлығы европеид болып шыға келедi. Көне түрiктердiң бейнелерiн одан гөрi Күлтегiн, Бiлге т.б. қағандардың құлпытастарына қарап айырған дұрыс немесе археологиялық материалдарды қалпына келтiруге басқа жерде iстету керек болар. Түрiктердiң қағандары ашина тайпасынан болғаны белгiлi. Сонда бiр тайпаның iшiнде әр нәсiлдiң өкiлдерi болғаны ма?

Осындай бұрмалау мен жалған деректерден тұратын б.д.д. IV мыңжылдық пен б.д.д. I ғасырлар арасындағы көне түрiктiң Орта Азия мен Қазақстан жерiндегi, тiптi Алтайдағы iзiн тауып тарихын жазу қиын. Қазiрге дейiнгi тарихқа сүйенсек Орал-Алтай тiлi семьясына жататын угро-финдер (Орал тауынан батыста орналасқан) мен көне түрiктер (қазiргi Монғолия жерiнде тұрған) 3000 жыл бойы бiр-бiрiнен 4,5-5,0 мың шақырым қашықтықта тұрған. Олардың ортасында үндiирандықтар мен үндiеуропалықтар болған екен. Бұл талай тiлдердiң жойылып кететiн уақыты. Мұндай жағдайда осы тiлдер арасындағы туыстық байланыс қалай сақталғанын түсiндiру мүмкiн емес және ол көптеген басқа деректерге кереғар келедi. Бiздiң тарихта осы сияқты түсiнiп болмайтын нәрселер жеткiлiктi. Сондықтан ол нақты деректерге сүйенiп қайта жазуды қажет етедi.

Түрiктiң тарихын зерттеп жазғандардың iшiнде В.Радлов, Г. Потанин, С.Руденколар, А.Окладников, Н.Трубецкой сияқты нағыз гуманист-зиялылар болғанын да ұмытпауымыз керек. Тәңiр дiнiн әлемдiк дiндер жүйесiне қосудағы Е.Кастрен мен Миллер, батыстың тарихшылары Тьер де-Шарден мен Рене Груссе, лингвист Томсен … сияқты көптеген ғалымдар түрiк, оның iшiнде қазақ тарихына зор еңбек сiңiрдi. Сондықтан, бiздiң тарихтағы негiзгi мiндеттердiң бiрi – ол “тарыны кебегiнен айыру” болып табылады.

Бұл жерде қола дәуiрiнiң соңғы кезiндегi “Бегазы-Дәндiбай” мәдениетiнен бастап, сақ пен көне түркiлер дәуiрлерi және орта ғасырлардағы қалалар, қорғандар, кесенелерде қазба жұмыстарын жүйелi жүргiзген Ә.Марғұлан, К.Ақышев бастаған археологтарымыздың тарихтағы жетiстiктерiн айтқан дұрыс.

Тарих дегенiмiз тек оқулықтар мен монографиялар ғана емес, ол музейлер мен кесенелер, қорғандар мен ескерткiштер, университеттер мен ғимараттар, қалалар мен ондағы көшелердiң аттары, сол тарихты жасаған ұлы тұлғалар мен әулеттер …

Сондықтан, ғылымның осы күрделi саласына тәуелсiз елдiң iргетасы ретiнде мемлекеттiк тұрғыдан қарағанда ғана, бұл ел iргесi берiк өркениеттi қоғамға айналады.

Қазiргi тарихтың негiзгi мiндетi – ол өткен тарихтың шындығын жүйелеп жазумен қатар, қоғамның болашағы бiрнеше ғасырға айқындау болғандықтан, осындай жүктi көтере алатын эпикалық еңбектi жазу ғалымнан терең бiлiм мен үлкен парасаттылықты талап етедi.

Тарих – ол ар мен тектiлiктiң тоғысқан жерi. Сондықтан ұлттың тарихын қара қылды қақ жарған шыншыл, тозақтың отынан қорықпайтын жүректi, ары таза, ұшқыр ойлы, ана тiл мен атамекеннiң қадiрiн түсiнген ғана жазады.

Тәуелсiздiк кезiнде тарихымызға елеулi үлес қосқандарға мыналарды атауға болады:

– Президенттiң жетекшiлiгiмен жүрiп жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасымен шыққан “Қазақстан тарихы туралы – түрiк (5 томдық), – қытай (5 томдық), – моңғол (3 томдық), – араб, – парсы, – ресей, – батыс …” деректерiнен тұратын барлығы 30 томдай жинақ. Бұл жинақтардың құндылығы, олар жоғарыда келтiрiлген евроцентризм немесе отарлық саясаттың уымен уланбаған. Ал, олардың кемшiлiгi бiздiң тарихты өзiмiз емес, көшпендiлердiң езгiсiн ғасырлар бойы көрген отырықшылардың дерегi екенiнде;

– Президент мәдени Орталығында шығатын 48 томдық “Тәуелсiз Қазақстан мемлекеттiлiгi қалыптасуының хронологиясы” бойынша шыққан 5 томы. Бұл жинақтың бергi тарихымызды жүйелеудегi маңызы зор болмақ;

– Тарих институтының мамандары жазған “Қазақстан тарихының” 3 томдығы;

– “Алаш тарихи зерттеу” орталығынан шыққан “Қазақ рулары тарихының” 18 томдығы (барлығы 92 том жоспарланған).

Бұл еңбектер бұрмаланған тарихымызды қалпына келтiруде белгiлi рөл атқаратыны белгiлi. Бiрақ осы атқарылып жатқан игiлiктi iстер құм астында қалған қалалар сияқты жарық көрмей жатқан тарихымызды әлемге жарқыратып шығарып, болашаққа баратын даңғыл жолды көрсете алады ма? Мәселе осында.

Бiз көшпендiлер мәдениетiнiң мұрагерiмiз. Сондықтан бiздiң тарихымыз бен ұлттық рухымыздың денi – ол ауызша шежiрелер мен эпостарда жатыр. Ауызша айтылатын шежiрелердiң кемшiлiгi – ол небәрi 250-300 жылдық тарихты ғана дұрыс баяндап одан әрмен аңыз бен мифтерге кетiп қалады. Бiздiң тарихшылардың денi философиялық сараптаудан өтiп жүйеленген тарихты жазудың орнына әлi күнге аңыздар әлемiнен шыға алмай жүр.

Ал көшпендiлер әлемге таратқан эпостар – ол адамзат ойы мен тарихының энциклопедиясы. Жоғарыдағы Батыс ойшылдары эпостарды әлi күнге дейiн түсiнбегендiктен, дәлiрек айтса эпостар олардың тiлдерiне аударылмағандықтан оны бiлмейдi де, олардың жазған тарихтары толық болмайды.

Эпостардың атасы – ол түрiктiң тибет халқындағы “Гесер” эпосы. Ол адамзат мәдениетiнiң дамуына елеулi үлес қосқан ең көне және құнды дүниелердiң бiрегейi. Гесер – ол Тәңiр дiнiнiң пайғамбары. Оны түркi халықтарында Гесер, Кедер, немесе қазақта Қызыр баба дейдi. Бұл пайғамбар христиан әлемiнде “Давид непобедимый” деген атпен белгiлi.

“Гесер” эпосы түрiктiң тибет және якут (саха) халқында бар. Осылардың iшiнде көлемi 700 мың жолдан тұратын әлемдегi ең iрi эпос – ол тибет тiлiндегi “Гесер”. Бұл эпос “Веда”, “Ригведа”, “Рамаяна”, “Талмуд” және “Көне Iнжiлден” де бұрын пайда болған, бiр жағынан әлемдiк дiндердiң iзашары болған Тәңiр дiнiнiң қасиеттi кiтабы болса, екiншiден – әлемдегi эпостардың атасы.

Бұл эпостың таңдамалы екi томы “Мәдени мұра” бағдарламасымен, ал қалғандары демеушiлердiң көмегiмен шығады деп жоспарлануда. Осы ұлы эпостың қазақ тiлiнде шығуына мұрындық болып жүргендер М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов, С.Абдрахманов ағаларымыз.

Жақында Ә.Дербiсәлi ағамыз “Мәдени мұра” журналындағы мақаласында Арал өңiрiнiң Сыр бойындағы Фараб округiнiң орта ғасырлардағы астанасы болған Кедер қаласынан шыққан ғұлама ғалым Хафиз ад-дин әл-Кедеридiң 10 томдығы Стамбұл кiтапханасында сақтаулы екенiн және осы қаладан шыққан 7-8 ұлы ғалымдар шыққанын хабарлады. Осыдан бiрнеше жыл бұрын “Арал Атлантидасы” деген мақалада әл-Кедеридi ұлы бабамыз әл-Фарабиге теңестiрген және Аралдың 20 мың жылдық тарихы Платонның Атлантидасынан да бай және көне деп жазылған едi. Ғалым ағамыздың ашып отырғаны осы тарихтың маңызды бiр қабаты.

Археологиялық деректерге сүйенген тарихшы Т.Алмас б.д.д. VIII мыңжылдықта Орта Азиядан (Арал маңы) келген көне түрiктер Кашмирде болғанын жазса, жазба тарихтан белгiлi Арал теңiзi және көне түрiктiң тур, массагет, хион тайпалары туралы б.д.д. II мыңж. екiншi жартысы мен I мыңжылдықтың басындағы алғашқы деректер “Авестада” кездессе, Абу Райхан Бируни б.д.д. 971 жылға дейiн Хорезмдi (Мерв, Хорезмдер б.д.д. IV-III мыңж. пайда болғаны белгiлi) түрiктер билегенiн айтады. Одан кейiн б.д.д. VI ғасырда Арал мен Каспийдi қосқан Ұзбой өзенiнiң бойында Томиристiң әскерi “патшалардың патшасы” Кирдi талқандаса, б.д.д. III ғасырда Александр Македонский Үндiстанның тауарын Грекияға жеткiзу үшiн оны кемемен Әмудария арқылы Аралға түсiрiп, одан Каспий арқылы әкету үшiн екi теңiздi қосатын Ұзбойдың сағаларынан қалалар салдырмақ болғаны белгiлi.

Өткен ғасырдың 50-шi жылдары проф. Толстов бастаған экспедиция Арал маңында көмiлiп қалған қалаларды зерттеуге кiрiскенiмен ол жұмыс әлi аяқталған жоқ. Оған осыдан оншақты жыл бұрын Аралдың кепкен орнынан табылған мавзолейлер қосылып зерттеле басталды. Түрiктiң көне тарихы мен өркениеттерiн Арал маңы (Орта Азия), Алтай және Ордостан iздеген дұрыс.

БIЗДIҢ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ 4 МЫҢЖЫЛДЫҚҚА ДЕЙIН ШЕГIНЕДI

– Егер Қазақ хандығының тарихын 1456 жылдан бастасақ, 2006 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтуi тиiс едi. бiзде Қазақ хандығының негiзiн қалаған Керей мен Жәнiбек хандардың рөлi мүлдем жоққа шығарылып отыр. Олардың есiмiмен әлi күнге дейiн көше атауы аталған жоқ. Ескерткiшi тек Созақта ғана ашылды. Өзге ұлттар өз тарихын әспеттеуде алдына жан салмайды. Бұған не дейсiз?

– Керей мен Жәнiбек батыстағы кiшi жүз хандығы – Кiшi Ордадан, Ноғай, Башқұрт ұлттарынан iрге ажыратып, бөлiнiп шығып 1456 жылы Шу бойына келiп жеке дара қазақ хандығын құрды. Бұл хандықты бiрнеше дәуiр Ақ Орда деп атады. Көп тарихшылар Сығанақ қаласына iрге бекiтiп, Бату құрған ХIII ғасырдың соңындағы Көк Орданы осы Ақ Ордамен шатастырып жүр. Мақұл, Керей мен Жәнiбектiң келешекте Орта жүз хандығының iрге Ақ Орданы құруы үлкен прогрестiк мәнге ие. Жер алды, шекарасы ұлғайды Шығыстағы моғол ұлысымен тең дәрежеде тiлдесетiн болды. Керей мен Жәнiбекке ескерткiш мемориал орнатқан жөн. Әйтсе де Қазақ мемлекеттiгiнiң тарихын кем дегенде төрт мың жылдан бастаған жөн: бұған сақ, ғұндар, кидариттер, көне түрiктер дәуiрiндегi мемлекеттер, батыстағы сармат пен құмандар, үйсiн мен қаңлы, Ұлы түрiк қағанаттары, қимақ, қараханиттер, оғыз, қыпшақ, Алтын Орда, Керей мемлекеттiк құрылымдары енiп тұтас үлкен тарихи құрылым жасайды. Кең дүниенi тарылтып, бар тарихымызды тұйықтамау керек.

Орта ғасырдың басында Енисей бойынан көшiп келген Қырғыздар Манастың мың жылдығын тойлады, өзбектер Самархан қаласының 2500 жылдығын тойлады. Ал, бiздер – қазақтар өз тарихымызды өзiмiз неге қайшылап, қырқып тұйықтауымыз керек. 4 мың жылдық тарихы бар бабаларымыздың ежелгi тарихын қасақана өз қолымызбен қайшылап тастағандай боламыз.

Қазақ хандығына арналған “Қазақ мемлекеттiлiгiнiң эволюциясы” атты алғашқы халықаралық ғылыми конференция 1996 жылы Президент жанындағы Ұлттық Басқару мектебiнде өттi. Оған шеттен “Казахстан: летопись трех тысячилетий” атты монографияның авторлары С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов т.б. мамандар шақырылды.

2006 жылы Президент мәдени Орталығы “Қазақ мемлекеттiлiгiнiң негiздерi” атты ғылыми конференция өткiзiп, оған осы салада еңбек етiп жүрген ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерi қатысты.

Осындай шаралар қоғамды бiрiктiрiп, мемлекеттiк институттардың дамуы және ұлттық идеяны қалыптастыруда белгiлi мiндеттердi атқарып жатқаны белгiлi.

Бiрақ, олар мемлекет деңгейiнде өтпегендiктен қазақтың, яғни Қазақстанның тарихын жүйелеп жазуда қойылған мiндеттердi орындай алмай отыр. Көнеден келе жатқан тарихымызды, оның iшiнде қазақ хандығының құрылған уақытын анықтап, оның тарихын жүйелеп жазуда Ұлттық Ғылым академиясы сияқты ғылыми-методикалық координатордың болмауы жұмыстың алға басуына қолбайлау болуда.

– Сондай-ақ, қазақтың ұлт азаттық күресi жолында теңдесi жоқ күрес салған Хан Кененiң тұлғасы да бүгiнгi ұрпақтың зердесiне ойдағыдай жетiп жатқан жоқ….

– Бiз әлi күнге, “…өзге жұрттың хандары керемет боп, Бiздiң хандар қалайша жаман болған?!” деген сұраққа жауап берiп, асылдарымызды бағалайтын деңгейге жете алмай келемiз.

Хан Кене басқарған патшаның отарлау саясатына қарсы XIX ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына үш жүздiң батыр-сарбаздарымен бiрге Нысанбай, Қожаберген секiлдi халықтан шыққан жыраулар көтерiлiс ұраншылары болды. Қозғалыс белгiлi себептермен жеңiлiс тапқанымен, ол халықтың есiнде елдiк пен ерлiктiң үлгiсi болып қалды.

“Қазақта Кенекемдей жан болмайды” деп жырлаған М.Жұмабаев Кенесарыны қазақ хандары мен батырларының iшiнде бiрегей етiп суреттеген.

Әлемге белгiлi жазушы Жюль-Верннiң “Курьер царя” романындағы С.-Петербордағы патша сарайынан бастап Сiбiрге дейiн үрей туғызған басты кейiпкер де осы асқақ рухты Хан Кене.

Орыс тарихшысы Е.Середа Хан Кене туралы: “Кенесарының алдынан кездесетiн кедергiлер оның бойындағы қажымас қайрат пен қайсарлықты жiгерлендiрiп, сол кедергiлердi жеңуге қайрат берiп, қиындықтарды жеңген сайын оның қуаты келесi кездесетiн кедергiлердi жеңуге шыңдала беретiн сияқты. Кездесетiн кедергiлер мен қиындықтар күрделенген сайын ол қайраттанып, оларды қиратуға жаралған алыптарға ұқсайды” дейдi. Ол Аттила мен Шыңғыс хандардан қалған асыл тұяқ едi.

Осы қысқа деректердiң өзi ғана Хан Кененiң қазақ тарихындағы орны ерекше екенiн көрсетедi.

Сiз Хан Кененiң айтасыз, бүгiнгi жастар Талғат Бегелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тоқтар Әубәкiровтердi жақсы бiле ме екен? Немесе алғашқы Олимпиада чемпиондары Жармұхамедов, Серiков пен Үшкемпiровтердi бiрi бiлсе, бiрi бiлмейдi емес пе?

Хан Кененiң қадiрiн бiлетiн ел тәуелсiздiк кезiнде телеарналарынан айтыс, “Тамаша” және қазақ әндерiн неге түнде жасырынып көредi? Тәуелсiздiктiң кезiнде ана тiлден безген бiр ұрпақты өсiрiп үлгерген де қазiргi буын емес пе?

Бiз тәуелсiздiк кезiнде неге Қасымның,

Ей, тәкаппар дүние,

Сен де бермен қарашы.

Танимысың сен менi?

Мен қазақтың баласы –

деп Сталиннiң кезiнде айтқанын айтып, iстегенiн iстеп, осы елдiң иесi мен киесi болып еңсенi көтерiп жүрмеймiз?

Ереуiл атқа ер салмай,

Егеулi найза қолға алмай.

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердiң iсi бiтер ме? –

деп соғыста өлудi армандаған батырлардың ұрпақтарына не болған?

Бiздiң осылай таланты мен тасын айыра алмайтын, “елiм деген ерлердi маңдайға ұрып, тексiздердi төрге шығаратын” кезде өмiр сүрiп жүргенiмiз алдымен, намыстан айырылып, Абайдың “… надандарға дес берме” деген өсиетiн орындай алмауымыздан болар.

“Салақтан, олақ жаман” дегендей, егер осылай жүре берсек құжатына ұлты жазылмаған үш тiлдi космополиттiк мемлекеттiң тексiз азаматтары болудың ауылы алыс емес, және ғасырлар бойы отарлаушылар iстемеген қылмысты өз iшiмiздегi балақтан басқа шыққан тексiздер iстейтiнiне таңдануға болмас. Себебi, қоғамда сондайларға жол берiлгендiктен, кейде есi дұрыс адамның ойына кiрмейтiн бiртүрлi әрекеттер болып жатады. Ондай қалаймақан тiрлiктердi VII-XI ғасырлардағы Хазар қағанаты тарихынан жиi кездестiремiз. Бұл елдi кезiнде ғұндарды билеген түрiктiң ашина әулетi басқарса, ондағы ресми дiн иудаизм болды. Қағандар евреидiң қыздарына үйленгендiктен елдегi рухани билiк түрiктердiң қолынан кетiп, олар түбiнде тек әскербасшы ғана болып қалды. Сұлу қыздарға үйленген қағандар да тұқым жаңартамыз деп ойлаған болар. Бiрақ, әкеге ерiп ел қорғауға тәрбиеленбеген, не ұлты жоқ, не тегi жоқ ұрпақтары ел басқаруға жарамай сауда жасаудан әрi аса алмады. Өздерiнен әскер шығара алмаған ел жан – жақтан жинаған жалдамалы әскер ұстады. Осындай бейберекетсiз ел ақырында оғыз-түрiктер мен орыстарға жем болып iз-түзсiз құрып кеттi. Ендi археологтар iздесе, олардың өзiне тән не сәулетi, не басқа өнерi болмағаны анықталды.

Кейде қоғамдағы түсiнiксiз iстердi көргенде бiз де сол Хазардың тағдырын қайталамаймыз ба деген ой келедi.

Тарих ол – ұлтты да, мемлекеттi де, өркениеттердi де уақыт диiрменiне салатын қатал сыншы екенiн ұмытпай, әрбiреуiмiз ел тағдырына жауапкершiлiкпен қарасақ уақытша қалғып жатқан Хан Кененiң рухы да, “басы барды идiрiп, тiзесi барды бүктiрiп әлемнiң төрт бұрышын билеген” Көк түрiктердiң рухтарының да халық санасында оянатын кезi келер. Ол кездi бүгiнгi буын көрер ме екен? Ал, көре алмағанның өзiнде ата жолын жалғастыратын саналы, батыр бабаларындай тектi ұрпақ қалдыра ала ма? Рухтың биiктiгi, тәуелсiздiктiң баяндылығы, мемлекеттiктiң мәңгiлiгi … барлығы осыған байланысты.

ШЕТТЕГI ТҮГIЛI IШТЕГI ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛГЕН ЖОҚ

– Қазақ жерiн отарлау тарихы – тарихымыздағы ақтаңдақтардың бiрi. Бiздiң ұланғайыр даламыздың Ресей, Қытай және Өзбекстан аумағында қалып кеткен территориялары жайлы деректер аса сараң. Қазақтың бөлiну тарихы туралы мүлде айтылмайды. Соның салдарынан қазiргi белдi-белдi қаламгерлерiмiз оралмандар жайында тым ұшқары пiкiрлер айтатын болып жүр. Сiздiңше, империялардың құрсауында қалған территорияларымыз бен ондағы халқымыз жайында жүйелi зерттеудiң жоқтығы нелiктен?

– Отар болған халық жалғыз қазақ емес. Қытайды мың жылдан астам түрiктер, монғолдар, ағылшындар, манжурлар және жапондар биледi. Үндiстанды сегiз ғасырдай түрiк тайпалары (Құшан патшалығы мен Ұлы Моғолдар), содан кейiн ағылшындар биледi. Биыл Үндiстан ағылшын отарынан құтылғанының 60 жылдығын тойлауда. Ресейдi 250 жылдай монғолдар биледi. “Ұлыбританияда күн шығып, күн бататын” кезеңде ағылшындар әлем елдерiнiң 70 пайызын өз отарына айналдырды. Яғни, барлық халықтар отарлық дәуiрдi басынан кешiрген.

Үлкен елдер қай уақытта да өз мүдделерiн өзара келiсiп шешедi. Ондай жағдай XIX ғасырдың қырқыншы жылдары болды. Ресей, Қытай және Ауғаныстан арасындағы келiсiм бойынша, Шығыс Түркiстанды Қытай, Түркiмен жерiн Ауғаныстан, Орта Азиядағы басқа республикалар мен қазақ жерiн Ресей жаулап алатын болып, өзара келiсiп шештi де дегендерiне жеттi.

Соңғы екi ғасырда қазақ жерiнiң төрттен бiрдейi шетке кеттi. Қазақстан көршiлерiмен арадағы шекараны белгiлегендiктен, ендi өткен-кеткендi қазбалай берудiң ретi жоқ. Кезiнде, қалыптасқан мемлекетi болмаған, жерiн қорғайтын әскерi жоқ, шекарасы анықталмаған иесiз жердi кiм көрiнген меншiктенiп кеткенi белгiлi. Қазiр күшiң жетсе Англиядан Гонконгты қайтарып жатқан Қытай сияқты сол жерлердi қайтарып ал. Мөде мен Күлтегiн қағандар, немесе бүкiл араб әлемiн қыпшақша сөйлеткен Бейбарыстар оны iстер едi. Ел iшiнде ана тiлде сөйлей алмай отырып, кеткен жердi даулау – ол арыстанның айға секiргенi емес пе?

Кеттi деген жерлердiң тарихи қазақтiкi екенi белгiлi және қазақтар сол жерлерде тұрып жатқандықтан ол қазақ жерi болып қала бермек. Мәселе, сонда тұрып жатқан қазақтар мен басқа түрiк халықтарының тiлiн, дiнiн, ұлттық болмысын сақтап қалуына Қазақстан мен басқа түрiк республикалары тиiстi қолдау көрсетулерi тиiс.

Тарихта империялардың әрбiр екi ғасырда ыдырап немесе күйреп, ал табиғатта айдаһарлардың өз құйрығын жұтамын деп тұншығып өлiп жататыны белгiлi.

Егер түрiктер ұлттық болмысын сақтап, өркениет көшiнде өз орнын табатын болса, онда олар алдағы ғасырда бұрынғы тарихи шекарасын қалпына келтiрiп Еуразиядағы шешушi күшке айнала алады. Бастары қосылмай ұлы бабалардан қалған кең жердi тарылтып отырғандары болмаса, түрiктер тегi мықты көне заманнан берi билiкке жаралған ел.

Шығыс Түркiстан – ол сондағы ұйғыр, қазақ, қырғыз т.б. түрiк халықтарының тарихи отаны. Ондағы отандастарымыздың мәселелерi ресми дипломатиялық жолмен реттелiп, Қытайдағы, Ресейдегi, Өзбекстан мен Еуропадағы қазақтардың ана тiлдерiнде бiлiм алуларына, немесе елге көшiп келулерiне бiздiң мемлекет жағдай жасаулары керек.

Қазақстан барлық қазақтың отаны. Сондықтан, шеттегi қазақтар кез-келген уақытта Қазақстан азаматтығын алуға құқылы. Оларды оралман т.б. деп бөлуге болмайды. Бөлетiндер заң алдында жауап бередi.

Алматының Шаңырақ пен Бақай микроаудандарындағы, Астана, Шымкент қалаларының маңындағы жер даулары сырттағы ғана емес, ел iшiндегi қазақтардың мәселелерi толық шешiлмегенiн көрсетедi. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен Астананы аңсап келген жастардың 80 пайыздан астамы баспанасыз жүр. Ондай жастар өздерiн болашағы жарқын тәуелсiз елдiң ұл-қыздарымыз деп сезiнiп, немесе дер кезiнде отбасын құрып, елдегi демографиялық ахуалды шеше ала ма? Алғашында оларды пәтермен қамтамасыз етпегеннiң өзiнде жастарға арналған жатақханалар салынуы керек. Елдiң болашағы солар.

– Сондай-ақ, шетте жүрiп Алаш жерiнiң тұтастығы мен тәуелсiздiгi үшiн басын бәйгеге тiккен Оспан батырлардың ерлiгi де бүгiнгi мектеп оқулықтарынан орын алмаған. Шығыс Түркiстан деген атауды ауызға алу әлi күнге қылмыс саналады. Бұған қандай ой қосар едiңiз?

– Оспан батыр да, Хан Кене мен Амангелдi сияқты батырымыз, Таңжарық пен Қажығұмарлар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiрепов сияқты әдебиетiмiздiң классиктерi. Оларды бөлетiндер болса – ол алаштың аты озғанша ауылымның тайы озсын деп жүрген, Б.Момышұлы айтатын “тексiз қаңғыбастар” болар.

“Мәдени мұра” бағдарламасының “Бабалар сөзi” сериясы бойынша қытай қазақтарының 7 томдығы шықты. Сондықтан ешкiм шетте қалмайды.

Ол алдағы мың жылда да түрiк халықтарының жерi болып қала бермек. Себебi, Махмұд Қашқари, Жүсiп Баласағұндар сонда жерленген.

Шығыс Түркiстан – ол Тұрфан, Қашқар, Құлжа … мына жағы Ордос, ана жағы Тибет.

Шығыс Түркiстан – ол өркениеттiң ордасы, әзiрге қапаста қамалып жүректiң түбiнде жатқан шер ғой.

Ал, Тибет адамзат болмысының биiк шыңда табиғи түрде сақталып қалған ғажайып әлем аралы. Осы жұмақ жерге әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен көңiлдерiне медеу iздеген әртүрлi нәсiл, әртүрлi дiннiң өкiлдерi келiп, жандүниелерi тазарып қайтады. Болашақта адамзатты бiрiктiретiн қасиеттi жер осы Тибет болмақ.

ХХ ғасыр әлемде отаршылдықтың күйреп Африка, Оңтүстiк Америка, Азияның көптеген халықтары азаттық алған ғасыры болды. Бұл ғасырда күйреген соңғы империя – ол Кеңестер Одағы болды. Отарлардың ыдырап империялардың күйреуi алдағы ғасырда жалғасып, жер бетiнде қалған басқа отар халықтар да бостандыққа шығады. Ағылшын, голландтықтар т.б. батыстың бұрынғы отарлаушылары отарлаудың өз халқының психикасына керi әсер ететiн, жалпы отарлаушы ұлт, ел үшiн тиiмсiздiгiн түсiндi. Ендi оны Ресей, Қытай сияқты Азияның елдерi түсiнетiн кез келедi. Ол күндердi жақындату үшiн түрiктер қай елде, қай жерде жүрсе де өз тарихына, тiлiне, дiлiне, мемлекеттiлiгiне берiк болулары керек.

Қайталап айтам, бар кесiр арадағы ауызбiрлiктiң болмауында.

Алдағы ғасыр сонымен қатар Батыста пайда болып әлемге тараған капитализмнiң тарих аренасынан кететiн кезi болмақ. Әлемде жаңа экономикалық, геосаяси тәртiп орнайтын болар. Түрiктiң бiр бұтағы америкадағы үндiлер резервациядан шыға алмай жатыр. Ондағы демократияның да осы ағайындарға жетуiне түрiк мемлекеттерi қолұштарын берулерi керек. Тарихта кездейсоқ ештеңе болмайды. Ол түсiнгенге тәуелсiздiк алған бiздiң республикалардың тарихи мiндетi.

Түрiктер Еуразия тарихындағы өркениеттермен қатар, Америкадағы Майя, Ацтек, Инк сияқты үш өркениеттiң негiзiн салуда тiкелей атсалысқан Ұлы суперэтнос. Оның бай да көне тарихы зерттелiп жарияланғаннан кейiн, оған Батыс пен Шығыс тағзым ететiн болады. Бiз осындай ұлы мәдениет пен тарихтың мұрагерлерiмiз. Мәңгi жасайтын адамзаттың байлығы осылар.

БIРIГIП IС ҚЫЛУҒА ШОРҚАҚ ЖҰРТЫМ

– Сондай-ақ, Алаш қозғалысының 90 жылдығы да, Алаш идеясының өзектiлiгi де тым бүркемеленiп кеттi.

Оған таңданатын ештеңе жоқ. Данышпан Байтұрсынұлы,

Бiрiгiп iс қылуға шорқақ жұртым,

Оңай олжа табылса ортақ жұртым.

Сияқты қара қарға шуылдаған,

Үрейсiз қоян жүрек қорқақ жұртым.

Бiлмейсiң жөнiңменен терiсiңдi,

Ел болып Iс қылмайсың келiсiмдi.

Келгенде бiр-бiрiңе мықты ақсыңдар,

Қайтейiн өзге десе көнгiшiңдi.

Сияқты сынық бұтақ төмендесең,

Кiм жұлмас оңайдағы жемiсiңдi …

деп осының бәрiн көрiп кетпеп пе едi?

Сонымен қатар осы ұлы бабамыз:

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қорқытпайды дарға асқаны, атқаны.

Бәрiнен де қиын маған осының,

Ауылымның иттерi үрiп қапқаны! –

деп ұрпақтарына тектiлiктiң әнұранын айтып кетпедi ме?

Жалпы, алаш болсын, басқа тарихи тұлғалардың болсын 10-100 жылда келетiн тойларын күтiп отырмай, олардың бүгiнгi ұрпаққа қажеттi идея-iлiмдерiн iске асырып, оқулықтарға енгiзе беру керек. Ол үшiн Жазушылар Одағы (700-ден астам жазушылары бар), ғылымдар, қазақ басылымдары қауымдастығы … бiрiгiп алаш көсемдерiнiң шығармаларын 80-100 томдық етiп шығару, оларға көше, мектеп, университеттердiң аттарын беру т.б. шараларды iске асыратын Үкiмет қаулысын шығартуы керек. Қазақ елiнiң тәуелсiздiгi үшiн күрескен алаштықтардың идеясы бүгiнгi Қазақстанның ұлттық идеясына айналғанда ел әртүрлi космополиттiк, немесе жартылай коммунистiк идеологиялардан арылып тұрақты даму жолына түседi. Қазаққа басқа дiннiң де, басқа идеологияның да, басқа дәстүрдi қабылдап не қытай, не ағылшын … болудың да керегi жоқ. Оған керегi, оның тарихи қалыптасқан ұлттық мүддесiн қорғайтын, өз iшiнен шыққан алдыңғы қатарлы Алаштың мәңгi ел болу идеясын iске асыру.

– Желтоқсан көтерiлiсi жайлы да әлi күнге дейiн шындық толық ашылған жоқ. Демек, тарихты әдейi бұрмалау әлi жалғасып жатқан сынды. Бұл нелiктен?

– Сол шындық тезiрек ашылса екен деген ой барлығымыздың көңiлiмiзде. Бiрақ, тарих көңiлден емес, архивтегi құжаттардың кезi келгенде бұрмаланбай ашылып және оның негiзiнде жазылған тарихи материалдардың шындығында. Желтоқсанның негiзгi мәселесi оның құжаттарын ашуда, не жабуда болмаса керек. Архивке түскен құпия құжаттардың 50 жылдан кейiн ашылатыны белгiлi. Себебi, сол кезде оқиғаға қатысқандар адамдар лауазымды жұмыстан кетiп, немесе өмiрден өтiп архивтегi құжаттарды бұрмалап немесе жойып жiбере алмайды. Сондықтан, оның құжаттары қазiр ашылғаннан гөрi өз кезiнде жарияланса – ол тарихи құндылыққа айналып, оның негiзiнде жазылған тарих шындыққа жақын болады.

Желтоқсанның ел тарихындағы маңызы төмендегiдей:

– желтоқсан тарихта тәуелсiздiктiң iзашары болып қалды;

– желтоқсан қазақтың ғасырлар бойы тапталған ары мен жаншылған намысының сыртқа шығуы;

– желтоқсан жастары ар-намысты елдiң болашағы зор екенiн көрсеттi;

– желтоқсан тоталитарлық жүйенiң ұлт бостандығы алдында дәрменсiздiгiн дәлелдедi;

– Рысқұлбеков, Асанова сияқты жас батырлардың өрлiгi мен ерлiгi ұрпақты тектiлiкке тәрбиелейдi;

– желтоқсан отаршылдыққа қарсы қазақ жерiнде болған 300-ден астам көтерiлiстiң қорытындысы;

Уақыт өткен сайын желтоқсанның да қазақ тарихындағы маңызы арта бередi. Сондықтан, қазiргi буын да желтоқсандықтар сияқты ел алдындағы мiндеттерiн орындауы керек. Сонда тәуелсiздiк баянды болады.

– Рахмет.

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары