ҚЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАРИЯ

ҚЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАРИЯ

ҚЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАРИЯ
ашық дереккөзі
267

Жазушы, белгiлi журналист Қали Сәрсенбай жөнiнде қысқа сөз

Туған жерде көнекөз қариялар, кеудесi сырлы шежiренiң көмбесi көгентүптер – ел мен жердiң таңғажайып құпияларын шыжымдап тарқатып, таңды таңға ұрып майын тамыза шертетiндер, көмейi күмiс сөздiң бұлағы сынды ескiнiң асыл сынықтары азайды ма, жыл өткен сайын қазақ ауылдарында да әңгiменiң құны арзандап, ұсақталып бара жатыр бiртiндеп.

Баяғыда… әй, онша баяғы да емес-ау, осыдан елу-алпыс жыл бұрын анау Сарысу ауданы тұнған аңыз болған деседi. Қазақы қаймағы бұзылмаған елде не көп – елгезек тыңдаушыны ерiксiз елiтетiн әдемi аңыз, мысалы шеген құдықтың шыңырауындағы зәмзам суындай көне әфсана, құйма құлақтың құрышын қандырар хикаяттар саналуан. Iргедегi кәрi Қаратаудың әр қойнауы тұнған әңгiме – әрiден ат басын бұрған жаһангер Әзiрет Әлi (Әли, Ғали, Қали) жөнiнде дерексiз сөздер, одан қалса көне Саудакент сөздiң бiссiмiлләсi. Сүгiрдiң тәттi уiл мен шерлi күрсiнiске толы шертпе күйлерi, Ықыластың күңiрене сарнаған “сексеуiлдiң түбiнен қайырып алған қобызы” түн қатып айтар кеңестiң тамызығы. Одан қалса, көсiлiп жатқан Көкше құмның әр төбесi де тұнып қалған тарих. Бұл күндерi соның көбi қазiргi қариялардың да жадынан сөнiп, сорабын құм басқан қара жолдардай көмескiленiп барады, әттең!..

Бiрақ, осындай өңiрде туған сүйкiмдi сәби, саналы ұл көркем сөзден қалай мақұрым қалсын… Туған жерiн қалай мақтан етпесiн, сағынбасын?!.

Талантты қаламгер, белгiлi журналист Қали Сәрсенбайдың жүрегiн бүгiн сағыныш кернеп, белгiсiз мұң жанын сыздатса, сол әдемi аңыздарды аңсағаннан шығар, сiрә. Бұйрат-бұйрат төсiнде көгiлдiр мұнар толқыған Көкше құмды сағынғаннан болар-ау. Құлағынан Сүгiр күйлерiнiң сарыны кетпей қойса қайтсiн!.. Сосын… айнала тас қамал Алматыдан көзiне түскен ерекше көрiнiстердi қойын дәптерiне елеусiз ғана әрi ыждағаттылықпен түртiп қояры бар. Өзi үшiн. Қаладағы сәл ғана жақсы өзгерiстерге жас балаша жүрегi жарылардай боп қуанып: “Көшеде бiр топ қарадомалақ кетiп барады. Қолдарында қара домбыра. Ғажап көрiнiс… Айналаның бәрi осындай көрiнiске толы болса, кiсi жоқтан өзгеге қажымайды ғой”, дейдi тебiренiп. Тағы бiрде: “Сымбатты өнер салтанат құрмаған жерде мағыналы тiрлiк жоқ. Өнердiң түбiне өлермендiк жетедi. Бұған дәлел қазiргi рухани дүние сиқы. Тексiздiк, талғамсыздық, талантсыздық, т.т.” – деп шерлене күрсiнедi. 2002 жылы “Қазығұрт” баспасынан Қали Сәрсенбайдың “Сендердi сағынғанда” жинағы жарық көруi де сол туған жерге деген сағыныштың жүректi сыздатуынан және сондағы “Сөз сәулесi” атты бөлiмi (Қалидың қойын дәптерге түскен ойлары) оның бiраз құпиясына оқырман қауымды ортақтастырған.

Талай жылдан берi ойдан шықпай жүрген бiр құпия оқиға бар-ды. Қали мен оның келiншегi Таңсұлу Алдабергенқызының тағдырына ортақ жұмбақ. Сонау 1991 жылы ауада Тәуелсiздiк, азаттықтың асыл иiсi аңқып тұрған шақта ақжарылқап күн туып, алғаш рет Алматыда көптеген қазақ журналистерiне қатар тұрған көп қабатты екi үйден бiр мезгiлде жаңа пәтерлердiң кiлтi табысталған. Үйелмелi-сүйелмелi үш-төрт бүлдiршiнiн қолдарынан жетелеп, қалада құлағы көрiнген талай-талай пәтердi жалдап күн кешкен Қали мырзаға да өмiрiнде алғаш рет жеке баспананың кiлтi бұйырған. Бостандық пен баспананың қатар келген қайталанбас қуанышы журналистер қауымын қалай масайратпасын! Қаланың түпкiр-түпкiрiнен бiр күнде дүркiрей көшiп кеп, бәрi бiр мезгiлде құтханаларының табалдырығын аттамақ боп уағдаласқан жұрт мәре-сәре. Әр табалдырықтың алдында аққайнарлар атылып, ақ тiлектер шашылып жатыр. Таңсұлу да ақ тiлегiн iштей естiлер-естiлмес күбiрлеп алып, алдындағы есiкке темiр кiлттi салды-ау бiр. Қолы дiр-дiр. Әуелде есiктiң аузына бұрала басып, былқылдап жеткен Таңсұлу табан асты сұрапыл iшкi толқыныстан теңселiп-ақ кеткенi. Жұқа кiлттiң тым осалдығы ма, әлде толқыған келiншектiң күрт көтерiлген қан қызуы темiрдi де балқытты ма, әйтеуiр кенеттен кiлттiң құлағы “сырт” етiп сынып кеткенi. Балтыры дiр ете теңселiп кеткен Таңсұлу да екi бетiн қолымен баса қалып, шарасыздықтан иығы қушиып еңiредi-ай кеп. Қаумаласқан қалың жұрт жұбата алмай әлек. Онша-мұншаға тосылмайтын Таңсұлу мұндайда қайдан тоқтасын?! Бұрынғы бар наласын, баспанасыз өткен күндерiн көз алдына келтiрiп жасын көлдеттi. Аузы жүйрiк журналистердiң бiразы: “Қап, Таңсұлу күшке салып жiбередi”, – дедi , қарап қалуға қысылған базбiрi: “Қайтсiн-ай, жүрегi тым нәзiк қой, толқынысын баса алмай қалды да”, – дедi. Аққұбаша, дөңгелек сұлу жүздi, палуандарша сәл шайқалақтап жүретiн Қали келiншегiнiң иығынан үн-түнсiз құшақтап, қолаң шаштың арасынан құлағына ақырын сыбырлағанда Таңсұлу жылауын кiлт тия қойған. Сосын ақырын-ақырын жымиды… Қали мырза келiншегiнiң құлағына не айтты, Таңсұлудың көз жасын қалай тыйғызды, бұл – талай жылдар бойы журналистерге жұмбақ болып келген-дi. Талайымыз түрлi жорамал жасап, сан-саққа жүгiрткенбiз. Тек, “Сендердi сағын ғанда” кiтабы жарық көргенде сол күңгiрт, жұмбақ жайтқа сәуле түскен секiлденген. Автор: “Бұрынғының шалдары кемпiрiн киiзге орап сабайды екен… Қазiргiлер ата салады”, – деп шошына жазғанын көзiмiз шалғаны бар. Туабiттi сырбаз, көбiне баппен, байыппен сөйлер әдетiнен айнымайтын Қали келiншегiнiң құлағына осы сөздердi сыбырлап айтты ма, кiм бiлсiн?..

Әсiлi, кейбiреулер осындайда екiншi кiсi туралы “айбозым”, “дарабозым”, “қайтып тумасым” деп төтенше дүңкiлдетiп, дүрiлдетiп, дабыл қағып жазғанда жүрегiң май iшкендей болары бар. Iштей әлдебiр жасандылық, жәдiгөйлiктi аңғарасың ба, қалай!? Әрине, Қали Сәрсенбайға қандай мақтау жазса да, “айбозым” деп аспандатса да жарасарлық жан.

Ең бастысы, нағыз қазақы, iшкi мәдениетi аса биiк Азамат! Мiнезi жiбектей жайсаң, кең пейiл, мәрт тұлға. Әттең, мақтамайын демейсiң-ау, бiрақ Қали ондай жiлiгi татымасқа қолп ете қалатындардың қатарынан емес: бiртоға, сабырлы, құс қанатындай көтерiле берiп, етегi қысқа қайырылатын қалың қасын сәл ғана қағып қоя саларын да ұмытпаған абзал. Бәрiбiр Қалидың шын бағасын көзi тiрi қазақта қара сөзге дес бермеген, дәл де шыншыл Қадыр Мырза-Әлi ағадан асырып бере алмайтыныңды амалсыз iштей мойындап, мыс-ы-ың құриды-ей. Президент сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбайдың 2004 жылы жарық көрген “Өнер-өмiр” кiтабына “Көркемөнердi көркем жiгiттер жасайды” деп айтқан алғысөзiнде: “Еңбекқор мен талант екi басқа. Талантты бола тұрып, еңбектенбесе, ол ендi – қасiрет. Талантты адамның табанасты айтатын сөзiн еңбекторы он жыл жүрiп те, тiптi, өмiрбақи жүрiп те айта алмай кетуi мүмкiн. Осы тұрғыдан келгенде Қалиды еңбекқорлықтың қанжығасына байлап жiберуге қимайсың. Ол шын мәнiнде талантты азамат.

Талант қаламгер ретiнде ғана емес, адам, азамат ретiнде талантты болатынына да күмәнiм жоқ. Олай дейтiнiм, Қали қай басылымда қызмет iстесе де, артында әдемi iз қалдырып келедi”, – деп жазған-ды Қадыр аға.

Тек, ақын ағаға алып-қосарымыз бiреуi-ақ: талантты азаматтар қызметтi де таңдап-талғап iстейдi екен. Әсiресе, Қали Сәрсенбай! Оның сырбаз сабырлылығы, онша-мұншаға елiге бермейтiн мiнез салмақтылығы ма, әйтеуiр қызмет iстеген басылымдары да саусақпен санарлық қана: “Егемен Қазақстан” газетi, “Парасат” журналы, “Жас Алаш” және “Алматы ақшамы”. Бәрiнде де iлгерiлеу, өсу, өркендеу.

Мен үшiн бүгiнгi Қали Сәрсенбай көнекөз қарт сияқты. Көкiрегi шежiре, артындағы iзбасар iнiлерiне айтары көп кемел жан. Қазақтың ойы соншалық тұңғиық, кеудесiндегi көмбесiн қабағымен ұқтырар кәдуiлгi қара шалы. Қақпан белiне қасиеттi ақ таяқты көлденең кере салып, бiр кездегi қақпақ жауырыны уақыттың салмағымен сәл еңкiш тартқан күйi ауыл желкесiндегi қыр басынан алыс қиырларға әрi ойлана, әрi айбарлана көз тастап тұратын көненiң көзi. Ел мен жердiң тағдыры, қазақ тiлiнiң мұңы, қарапайым халықтың қамы, имандылық үнемi толғандыратын көгентүп.

Сөйтiп тұрып: “Бiр атақты адамның бизнесмен баласымен қабiр басында қадiрлi кiсiнiң жерлеуiнде бiрге болдық. Жер лайсаң едi. Қасында тағы бiр атақты адамның мүрдесi. Сол мүрденiң темiр шарбағына әлгi лай аяғын ұзақ сүрткiштейдi. Әруақ ауырсынады демейдi. Сол күнi жер сiлкiндi. Мен әлгi надан қазақты ойладым”, – деп жаны түршiгiп түртедi қойын дәптерiне.

Ендi бiрде Қали Сәрсенбай – қылшылдаған жас сияқты. Жалпақтау бетiнiң әрiн кiргiзетiн шығыңқылау шықшыты бұлт-бұлт ойнап, намысы бiр қозып шарай топтың ортасына шықса – майданды бозалаң шаң қылмай, ұстасқанын топ еткiзiп жықпай бетi қатпайтын қайсар жiгiт. Төртпақ, жуан балтыр, сiңiрлi бiлегi Көкше құмда өскен қатпа сексеуiлдiң жiгерiндей атан жiлiк палуан. Оның намысы қазақ ұлты, ұлт зиялыларының тағдыры, елдiң ертеңi, әдiлдiк пен шыншылдық, өнер мен өмiрдегi адалдық, барша жақсылық үшiн қозады, сол үшiн ширығады. “Замандас! Дүние алай-дүлей. Күн сайын бiр жантүршiгерлiк оқиға. Жанталас. Ал, сен болсаң бiр түпкiрге тығылып алып, сол сұрапылдың сарасынан сәуле iздеп, тазалық, адамдардың құнды, әдемi сезiмi туралы толғаныс жазып отырсың. Парадокс. Аракiдiк жазып жүрген жантолқыныстарың бұл ғасыр болмаса келесi ғасырдан қолдау табар деген ойдан дәмелiсiң. Дүние қарама-қайшылықтардан тұрады. Соның iшiнде таласқа, тартысқа түскен сенiң мөлдiр сезiмiң, құнды ойың да бар. Бiрақ түптiң түбiнде сен жеңесiң. Өйткенi, сен тазалық жағындасың.

Сағынышпен сарғайып таң атырғандардың жұмаққа баратынына дауымыз жоқ. Сол жұмақтың сегiзiншi есiгiнiң алдында Сiз де тұрсыз. Кiмдi қимайсыз, кiмдi сағынасыз?” деп терең тұспал, шиыршық атқан философиялық сауалды оқырманға көлденең тартады Қали замандас “Жұмақтың сегiзiншi есiгi” мақаласында.

Әлбетте, бiр сәт үнсiздiк… Өйткенi, пәни тiрлiкте ой көп. Уайым ұшан-теңiз. Тосыласың, толғануға мәжбүр боласың. Сосын Қали Сәрсенбайдың кiтаптарын қайтадан қолға алуға тура келедi. Ой бөлiскiң келедi…

Ал, бәрiнен бүгiнгi шалдардың әдетi “озық” екен, Қалеке! Осыны терең ойласайықшы…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары