АЛТЫБАЙ БИДЕН ЖҮСIПБЕК БАСЫҒАРИНГЕ ДЕЙIН...

АЛТЫБАЙ БИДЕН ЖҮСIПБЕК БАСЫҒАРИНГЕ ДЕЙIН...

АЛТЫБАЙ БИДЕН ЖҮСIПБЕК БАСЫҒАРИНГЕ ДЕЙIН...
ашық дереккөзі
454

Ыбырай Алтынсариннiң “Өсиет” атты өлеңiнде:

Жаппастан әулет шықты Алтыбайы,

Мықтыбай, дәулетi асқан Жарасбайы.

Баласы Төлегеннiң Жанқабыл ер,

Жар болған тар жерлерде бiр құдайы. Көрнектi ағартушы, алғашқы ұстаз Алтынсариннiң өлеңiне iлiнген Жаппас Көбек бидiң баласы – Алтыбай.

Кезiнде арғы бабалары мен өз әкесi Көбек те елге сөзiн өткiзген, руластарының қамын ойлаған кемел ойлы азаматтар болыпты. Ал, Алтыбайдың өзi Ақмешiт бекiнiсiнiң бегi Жақыпбекпен силас, оған айтқанын өткiзген кiсiлердiң бiрi ретiнде ел әңгiмелерiнде айтылып жүр. Тiптен Қоқан бегi Жақыпбектiң ақылшысы болды деген аңыз да бар. Әрине, аңыздарда ауытқу, бiр нәрсенi қосып айту, болмаса кiшiрейтiп жiберiп сияқты жағдайлардың кездесуi заңды да. Өйткенi сол сөздер жылдар өтiп, өзiнiң бастапқы мән-маңызынан ауытқуы да ғажап емес. Дегенмен аңдап қарағанға аңыз-әңгiмелерде көп шындықтың ашылуына себепкер болуы әбден мүмкiн. Жаппас елiнiң бiр аңызында Алтыбайдың Қоқан бектерiне, өздерiне бағынбай жүрген, Шөмекей Сарман батырдың үзеңгiсiне у жағуды ұсынды делiнсе, Шөмекейлiктер Сарманның өлiмiн қоқан бектерiнен көрген. Шынында екi аңызда да “у”-дың пайдаланылғаны айтылады. Демек, бұл шындық.

Бұл оқиға жөнiнде солардың iзiн қуған ақын Шегебай Бектасұлы (1844-1916) бұл оқиғаны былайша жырға қосыпты:

“..Сарман өттi дүниеден,

Ажал зәрi бiр кесе,

Жұттырып Қоқан күндеген”. Бiр аңызда Сарманның үзеңгiсiне “у” жағылды десе, Шегебайда ажалы бiр кесе зәрден дегендi айтады. Қайсысы болса да сол кезеңнiң шындығын меңзейдi.

Алтыбай би өз жұртына басшы болып, керуен тартып елiн асыраған. Орыс патшасымен соғыс жүргiзген Кенесары хан Алтыбайды шақырып, өзiне бағынып, зекет берiп, әскерiне көмектесудi сұрайды.

Алтыбай Сыр бойына ентелеп енiп келе жатқан орыс өкiметiне, болмаса 40-50 жыл бойы билiк жасап отырған қоқандықтарға iш тарта ма, кiм бiлсiн ханның сөзiн жүре тыңдаған. Оны Жаппас руының шежiрелiк әңгiмелерi және халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың “Жасауыл қырғыны” атты толғауы Алтыбайдың қалай қайтыс болғанын қанды-қырғынды суреттеген. Хан Кененiң жасауылдары Алтыбай бидi тiрiдей отқа өртегенi жырда айтылады.

…Жендеттер Алтыбайды келдi сүйреп,

Найзамен арқа етiнен алған түйреп.

Көтерiп алып келiп тастай бердi,

Жалынның ортасына жанған күйреп, — деп жазған.

Алтыбайдай айтулы тұлғадан туған Басықара да өз кезегiнде белгiлi адам болыпты. Басықара саудамен айналысумен қатар Жаппастың Қаракөзiн басқарып, би болған. Орыс әскерлерiне күш көлiкпен (түйемен) көмектескенi үшiн 1853 жылы патша генералынан сый алыпты.

Басықара Алтыбайұлы 1860-1862 жылдары Бұхарадан алтын әкелiп сауда жасайды деген сөздермен қазiргi Қызылорда қаласынан 100 шақырымдай жерде отырғанында Сырдария қазақтарының бастығы Осмоловский бидiң үйiне түсiптi. Тексере келе осы ауылда тұрып жүрген Тройцкiнiң қазағы Асан Кәшке ұлының Басықара бидiң ауылында алтын саудасымен айналысатыны анықталған. Демек бұл сауда түрiне Б.Алтыбайұлының араласқаны да сезiлiп-ақ тұр.

Басықара би 1851 жылдың 14 қарашасында Орынбор генерал-губернаторынан сыйлыққа қанжар алса, 1855 жылы генерал Катениндi Орал даласына жеткiзудегi көмегi ескерiлiп, Орынбор және Самара генерал-губернаторлары 10 қыркүйекте күмiс медальмен марапаттаған. Сондай-ақ, бидiң Орскi мен Наурызымға жүк жеткiзудегi елеулi еңбегi үшiн шұға камзолмен сыйлайды.

Басықара Алтыбайұлы 1865 жылы Байқасын Самыратовтан №45 дистанция бастықтығын алады. 1867 жылдың қаңтар айында Б.Алтыбайұлына берiлген мiнездемеде: жасының 49-да екенi, мұсылман дiнiн тұтынатыны, тұрмысының жақсы, тапсырылған қызметтi тыңғылықты орындайтынын сыпайы кiсi болғанын, сауаты жоқтығын нақты жазыпты.

Басықара би Алтыбайұлы Сырдария облысының әскери губернаторының бұйрығымен 1874 жылы Перовскi уезiндегi “Кеңтүп” болысы болып тағайындалады. 1880 жылы Перовскiде астық аз болып, ел қиыншылық көредi. Осыны көрген ол уезд бастығына жолығып, почта арқылы Ташкент қаласындағы тиiстi мекемелерге 11.500 сом аударған. Жүсiпбек әкесi Басықараның тапсырмасымен Ташкент, Самарқанд өңiрiнен астық жинап, осы жылдың мамыр айы iшiнде Ташкент, Шыназ, Арыс үстiнен Сырдария өзенi арқылы параходпен 1115.94 пұт астық жинап алып, оны 27 мамырда Перовскi қаласына (қазiргi Қызылорда) жеткiзген. Осынау қиындығы мол жұмысты Жүсiпбек Басығарин орындаған. Сөйтiп елдегi астық тапшылығын жойған-ды.

1860 жылғы тағы бiр бiзге кездескен құжатта Басықара бидiң әйелiнiң аты Тырнақ — 42 жаста, ұлдары: Досан -21, Жүсiпбек — 14, Ахмет — 10, қыздары: Алып — 7, Рахима — 3, келiнi Хадиша — 21 жаста, немересi Зейпiннiң 2 жаста екенiн және оған 520 шаңырақтың қарайтынын жазған. Сонымен қатар бидiң — 3600 түйесi, 4350 жылқысы, 350 сиыры, 45000 қой мен 200 ешкiсi барын айғақтап, растап қол қойған Орынбор қазақтарының Шығыс бөлiгiнiң басқарушысы подполковник сұлтан М.Жәңгiров.

1883-1885 жылдардан кейiн Басықара туралы деректер кездеспедi. Сонда ол кiсi 1818-1820 жылдарда туып, 1883-1885 жылдарда өмiрден өттi деуге болар.

Жүсiпбек Басығарин — оқыған, қазақ халқының тұрмысын жақсы бiлген интеллигенттердiң бiрi болған. Оның орысша сөйлеп қана қоймай, жақсы жазатыны да айтылған. Жүсiпбек (Басықараұлы) Басығарин 1850-1853 жылдар шамасында Ақмешiт маңында туған. Перовскi, Ташкент қалаларындағы оқу орындарында оқыған деген әңгiмелер де бар.

Ол қоғамдық өрлеудiң әртүрлi сатысындағы қазақ қоғамы жайы туралы пiкiрлер айтып, қоғамдық iстерге белсене араласады. Жүсiпбек 1896-1899, 1900-1903 жылдарда Перовскi уезiндегi “Кеңтүп”, “Царский” болысының (басқарушысы) болысы болған. 1903 жылдың 14 маусымында Түркiстан генерал-губернаторы “Царский” болысының бұрынғы басқарушысы болған Жүсiпбек Басығариндi кiшi алтын медаль және Станислав лентасымен марапаттайды.

Ол 1905 жылдың 8 қаңтарында Перовскi училищесiне көмек үшiн училище қазынасына 1 сом берген. Жүсiпбек 1913-1917 жылдар аралығында Перовскiде (қазiргi Қызылордада) тұрған.

Жасынан өнер, бiлiмге құмар болып өскен Ж.Басығарин ел iшiндегi аңыз-әңгiмелер мен жырларды жинаумен айналысқан. Нысанбай Жаманқұл ұлының (жауынгер, жырау, ақын) “Кенесары-Наурызбай” жырын ел аузынан жазып алып, баспадан шығуына қатысқан. Жүсiпбек Басығарин ақын, аудармашы, әдеби мұраларды жинаушы және қоғам қайраткерi бола бiлдi. Оның 1913-1915 жылдарда “Айқап” журналында: “Қазақта уақыттың қадiрi қалай”, “Қыз балаларға”, “Бозбалаларға”, “Жас әйелдерге”, “Бiр пiкiр”, “Қазақ” газетiнде “Ақымақтарға” (1913), “Әркiм ойында, әлде қандай”, “Қазақ әндерiн нотаға түсiру жайы”, “Өлең-жыр” (1914), “Интеллигент” (1914), “Алаш газетiнде” Ақмешiтте “потребитель дүкенiнiң ашылуы” (1915), “Жазушыларға” (1917), “Отағасы” (1917), “Неғып жатыр” тағы басқа өлеңдерi мен қатар публицистикалық мақалалардың авторы. Сонымен қатар Мәскеуде “Кенесары-Наурызбай” жырын, “Тазша” атты кiтаптарды құрастырушы да.

Қазақ халқының белгiлi тұлғалары Н.Төреқұлов, Х.Досмұхамедов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, С.Қожанов, Ғ.Мұратбаев, Ахмет ишан, Сералы Лапиндермен аралас-құралас, силас болыпты. Олар өз кезегiнде Ж.Басығариннiң шығармаларының шығуына көмектескен.

Жүсiпбек Басығарин жайлы Мұстафа Шоқайдың пiкiрi: “…Аса салтанатты, сәттi өткен Бүкiл қазақ съезiнде татар, өзбек және қазақ бас қосып шын жүректен пiкiр алысқан туысқандық той iспеттес болды.

(1917 жылы Торғай губернаторының үйiнде өткен). Мiнадуар, Әбдусәме Қари, Сарықұл, Жүсiпбек бәрiмiз Түркiстанға жолға шықтық” дейдi.

Халел Досмұхамедовтың пiкiрi: “Нысанбай ақынның “Кенесары-Наурызбай” деген сөзiн дұрыстап, 1897 жылы Әбубәкiр Диваевқа берген Жүсiпбек Басықараұлы екен”. Қазақстанның ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарын тиянақты зерттеген көрнектi ғалым, тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмахановтың пiкiрi: “…Нысанбай жырларының Жүсiпбек Басығарин редакциялап 1924 жылы жарияланған нұсқасында жыр тексi одан бетер бұрмаланған. Алаш қайраткерлерiмен белгiлi тарихшының пiкiрлерiнен Жүсiпбек Басығариннiң Алаш қозғалысының белгiлi мүшесi болғаны айқындала түседi.

Ж.Басығарин 1917 жылы “Шурай исламие” қоғамының мүшесi, Орынборда өткен жалпы қазақ съезiне делегат болып қатысқан. Перовскi революциялық комитетiн 1-2 жылдай басқарған И.Гержод Ж.Басығариннiң iзiне түсiп, қолға түсiре алмағандықтан ұлдары Мәкен, Мыйхат, Сунихатты аттырып жiберген. Жүсiпбектiң қыздарының аты Бибiжар, Әсия — 1993 жылы қайтыс болған.

Ж.Басығариннiң көптеген өлеңдерi ақыл, кеңес түрiнде болып келедi. Оның “Бозбалаларға” атты өлеңiнде:

“…Талап iзде, жалықпа,

Ата-енеңдi налытпа!

“Уай”, кәпiр-ай атанбай,

Сүйiктi бол халыққа”, десе.

“Жас әйелдерге” атты жырында:

“Ерiңдi күт, келiндер,

Ынтымаққа келiңдер.

Бiр-бiрiңмен балдай боп,

Басқаға өркен берiңдер”, — деп сөз жазған.

Ақмешiт өңiрiнен шыққан оқымыстылардың бiрi Жүсiпбек Басығариннiң өмiрi Ресей патшалығының, кеңестiк кезеңнiң алғашқы жылдарында өтiп, өмiрдiң талай қиыншылықтары мен қызықтарын көрiп өскен, кейiнгi ұрпақтарға үлгiлi сөз қалдырған қайраткерлердiң бiрi. Бiздiң зерделеуiмiзше Жүсiпбек Басығарин 1926-1927 жылдарда Ташкент қаласында қайтыс болған. Жүсiпбектей озық қайраткер азаматтың тұлғасы ашыла түсiп, оның өмiр жолы мен шығармашылығы арнайы зерттеле түссе, нұр үстiне нұр болмақ.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ

Серіктес жаңалықтары