ОҢТҮСТIКТIҢ БЕРЕКЕСI ДЕ ОСЫНДА БОЛСА КЕРЕК

ОҢТҮСТIКТIҢ БЕРЕКЕСI ДЕ ОСЫНДА БОЛСА КЕРЕК

ОҢТҮСТIКТIҢ БЕРЕКЕСI ДЕ ОСЫНДА БОЛСА КЕРЕК
ашық дереккөзі
283

Сексен жылдық тарихы бар Сарыағаш ауданы оңтүстiктегi ең iрi аудандардың бiрi. Биылғы көктемнiң айтулы оқиғасы халық санағының (06.03.2009) алдын-ала есебi бойынша 7613 шаршы метр аумағы бар бұл ауданда 40 ұлт өкiлдерiнен құралған 274,1 мыңнан астам халық тұрады екен. Ауданның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымында бiр қала, бiр поселке және 24 ауылдық округтер бар, оларда 153 елдi мекендер орналасқан.

Аудан орталығы Сарыағаш қаласы облыс орталығынан 120 шақырым қашықтықта, солтүстiк-шығыс жағында Қазығұрт ауданымен, ал оңтүстiгiнде Өзбекстан республикасының Ташкент облысына қарасты Қыбырай, Ташкент, Зеңгi-ата, Жаңажол, Сырдария облысының Шыназ аудандарымен, ал солтүстiк-батыс пен батыс жағында Шардара ауданымен, солтүстiгiнде Арыс, Отырар аудандарымен шектеседi. Табиғатының потенциалдық қоры, жер асты қойнауынан шығып жатқан шипалы минералды суы, бентонит балшықтары сияқты қазбалары, түрлi жемiс-жидектерi мен жүзiм өнiмдерiн берiп жатқан жомарт жерi, көп тармақты автомагистраль жолдары, еңбек ресурстарының молшылығымен ерекшеленедi.

Аудан аумағынан сулы Келес және Құр Келес өзендерi ағып өтедi. Сондай-ақ, республикадан тыс жерлерге аты мәлiм “Сарыағаш шипажайы”, “Алтын-Бұлақ”, “Арман” санаториясы, “Ана мен бала” шипажайы сияқты 10 демалыс аймағы да бүгiнгi күнi халық игiлiгiне қызмет етiп жатыр.

Бiздi таңдандырған оңтүстiктiң табиғи байлығы да, өзен-көлдерi де емес, қарапайым да берекелi тiрлiк кешiп жатқан осы өңiрдiң тағы бiр кереметi, ол — жастары жүзден асқан данышпан қариялары болды. Әрiптестер аузынан естiген сондай дария-қарияның бiрi кезiнде қазақтың қайталанбас iрi палуаны Қажымұқан бабамыздың тiгiншiсi болған Базар апа Есенбекованы көзбен көрiп, бетiнен сүйiп кету, батасын алу үшiн кездесуге асықтық.

Сарыағаш ауданы әкiмiнiң экономика iстерi жөнiндегi орынбасары Бұқарбай Рысқұлұлы бiздiң әңгiмемiзден кейiн жылы жымиып:

— Бiзде ол кiсiден де ұзақ жасаған тағы бiр анамыз бар, уақтыңыз болып жатса сол кiсiге де жолықтырайық,— деп одан сайын қызықтыра түстi.

… Бiз отырған көлiк Базар апам тұратын Дербiсек ауылын бетке алды. Рөлде аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң қызметкерi Абпаз Жолдасов.

Ақ жiбек орамалы болар-болмас желмен желбiреп есiк алдында отырған апамыздың қолындағы кесеге көзiмiз түстi. Ұсақтап туралған ет екен.

— Апа, бүкiл түркi жұрты оқитын “Түркiстан” газетiнен iздеп келiптi. Дұрыстап сөйле, мүмкiн түрiктiң бiр бай шалы құда түсiп келiп қалар, — деп анасының қолтығынан сүйеп тұрғызып жатып тұңғышы Абай бiзге көзiн қысып қойды.

— Ие, келсе келет те, шал көрмеген деймiсiң… Келе берсiн, амансыңдар ма, менi қайдан бiлiп қойдыңдар, — деп Базар апа бiзге мейiрлене қарады. Жүрiс-тұрысы да, әңгiмесi де ширақ.

Бiр сәт бойымды сағыныш биледi… Өйткенi, марқұм әкемнiң құрдасы екен, он төртiншi жылғы… Өзiм ана, әже болсам да, перзенттiк махаббат атой салған бойымды жинай алмай, iштей толқып отырып қалсам керек.

— Қолыңды жай, балам, батамды берейiн, арнайы iздеп келсең, ел-жұртыңа сәлем айт, бақытты, ғұмырлы болыңдар, — деген ана сөзi бойымдағы бұлқынған сағынышымды одан сайын тасытты. “Абай қандай бақытты” деп ойладым, анасына еркелей қарап отырған ұлына iштей қызығып. Мен де алдына, тiзесiне басымда қойып еркелегiм келдi… Көкiрегiне басымды қойып өксiп-өксiп жылағым, тұла-бойымды шарпып өткен ұлан-ғасыр ата-анаға деген махаббатымды, сағынышымды осылай сыртқа шығарғым келген мен тағы да үнсiз отырып қалдым…

— Шешем айтқанынан қайтпайтын бiрбеткей, талапшыл кiсi едi, — деп бастады әңгiмесiн кейуана. — Ойына қандай бiр iс келсе де, менiң мойныма артып қоятын, кiсi күту, нан илеп, қамыр жаю дегендi бiз бесiктен белiмiз шықпай жатып-ақ үйренгенбiз. Әсiресе, iс тiгуге келгенде алдына жан салмайтын-ды. Маған да сол өнерi мықтап қонған. Осы күнге дейiн, бiрер ай болды, қан қысымы деген пәле жабыспағанда өзiм иненi сабақтап, құрақ құрай беретiнмiн. Алланың мұнысына да шүкiр, санын айтпай-ақ қояйын, жиырмадай құрсақ көтерiп, содан бүгiнге жеткен екi ұл, бiр қыз бар, тәубә, Аллағы шүкiр.. Осы ғұмырымда бейнеттi де аз тартпадым.. Оның бәрiн бастарыңды ауыртып айта бермейiн, қазiргi тiрлiгiме ризамын. “Ұрпағым, әулетiм аман болсын, ел тыныш болсын!” дегеннен басқа арман да, тiлек те жоқ.

Тарихта өзiнiң iрiлiгiмен, алып күшiмен қалған Қажымұқан атамыздың палуан денесiне жарасымды киiм тiгiп, бала кезiмде көзiн көргенiм де рас. Өткенде бiр газеттен келiп жазып кеткен, сонда айтқанмын.

Ендi не айта берейiн дегендi ұқтырған анамыздың бiлегiндегi қағазы әлi алынбаған алтын бiлезiгi жарқ етiп, маңдайын сипап қойды. Көзiмiздiң бiлезiкке түскенiн көрген ол кiсi күлiмсiреп:

— Аналар мерекесi күнi немере келiнiм әкеп салды,— деп екiншi қолымен сыртынан сипап қойды.

— Екiншi қолыңызға да керек болды ғой,— дедiк бiз тағы да әңгiмеге тартқымыз келiп.

— Е-е, қарағым, балаларым аман болса, болат та, — ал, қолыңды жай, бата берейiн сендерге, — деп қайтадан төсегiне ыңғайланып отырды.

— Келесi жылы келгенде дәл осылай әдемi болып, аппақ болып қарсы алуға уәде берсеңiз, екiншi бiлезiктi мен әкелiп салайын, — дедiм мен.

— Өркенiң өссiн, жарығым, оны бiр Аллам бiледi де…

Келiстi әдемi бiр жүзiне әдемi бiр күлкi үйiрiлген Базар апамның маңдайынан сүйдiм. Ол кiсi де емiрене құшағына қысты. Ана жүрегi менiң әлденеге алаңдап, толқып, жанарыма келiп қалған мөлдiр моншақтарды iркiп қана отырған қазiргi халiмдi жанымен сезiнгендей, “мықты бол, өздерiңе ғұмыр тiле” дегендей қолымды қайта-қайта қысып қойды…

“Бiздiң шүйкедей ғана кемпiрiмiздi iздеп келiп, амандығын бiлгендерiңiзге, жақсы бiр көңiл-күй сыйлағандарыңызға рахмет, апамның жасын берсiн, жүзден асып, үбiрлi-шүбiрлi болыңыздар!” деген үлкен ұлы Абайға қарап, осы бiр әулеттiң амандығын iштей тiлеген бiз де қимай қоштастық…

* * *

Базар ападан кейiнгi бiр қызықтырған кейуана, “Береке” аулының тұрғыны Сейдәзiмова Алтынай болды. Бүгiнде төрт жүзге тарта немере, шөбере, шөпшектерi үбiрлi-шүбiрлi бiр ауыл-аймаққа айналған бұл отбасына ат басын тiрегенiмiзде үлкен ұлы Әбиболла қарт есiк алдында жүр екен.

“Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды” деп жазған Қайрат ағамыз не деген данышпан едi.

— Баяғыда, осыдан жиырма бес жыл бұрын есiк алдында құлап, жарақат алғанда дәрiгерiңе бармаймын, қартайып қалдым, жасым егде тартқанда денеме бiз сұқтырмай-ақ, кетер жағыма кетейiн деп едi. Содан берi де жиырма жыл өттi, соңғы бiр жылда төсектен тұра алмайды,— деп әзiл араластыра ол кiсi бiздi анасы жатқан бөлмеге бастады.

Аппақ жаймада аппақ болып жатқан кейуана жастықтан басын көтерiп, “әй, жастығымды арқама жақындат” деп ұлына еркелей тiл қатты. Өзi де сексеннiң бесеуiне келген тұңғыш ұл елпең қағып шешесiнiң ар жақ— бер жағына шығып, құрақ ұшқаны бiздi тағы да пендәуи сағынышқа, айтып жеткiзе алмайтын, тiптi сөз жетпейтiн ана мен бала махаббатына, перзент пен кейуана мейiрiмiне тәнтi еттi. Онсыз да таңертеңнен тұла-бойымызды билеген сағыныш келiп-келiп тамағымызға тығылады да, не ары, не берi шықпай, шықпай емес-ау, өзiмiз тұншықтырып әуреге түскен көңiл-күй осы бiр көрiнiстi көргенде, тiптi тығырыққа тiрелгендей…

— Балаңызға қатты еркелейсiз-ау, — деп қарттың аяқ жағын ала жақынырақ отырдым.

— Е, еркелемегенде, менi еркелетпегенде не iстейдi, қартайды жұмысы да жоқ, қолы бос, — деп ұлына қарап болар-болмас жымиды. Осыларды адам етемiн деп оңтүстiктiң Арыс қаласынан өзбектердiң жерiне көшiп, өрiстегi малды “ұрлап” сауып, ашаршылыққа ұрындырмай, адам болса екен деп не iстемедiм мен?!.. Әкелерiмен алты-ақ жыл жұптасып ғұмыр кешiп, төрт перзент сүйдiм. Етегiммен жер сызып жүрiп осылар адам болса екен дедiм, iшпегендi iшпедiм, жемегендi жемедiм демей, еркектiң, әйелдiң тiрлiгi демей тiршiлiк жасадым, қатарларынан кем болмаса екен деп жар құлағы жастыққа тимей, күндi түнге айналдырып жүрiп өсiрдiм, – деп кейуананың есiне аласапыран бiр күндерi түстi ме, мұңайыңқырап жастығын түзеген болып бүгежектеп қалды.

Әңгiмеге ұлы Әбиболла араласты.

— Қорадан түйе малын көрiп қалдым. Апам үшiн ұстап отырсыздар ма? – деп сұрадық.

— Жоқ, өзiмнiң бiр кездерi бауырым ауырды да, содан бармаған жерiм, баспаған тауым қалмады. Дәрiгерлерден қайыр болмаған соң, бiреулердiң айтуы бойынша, “түйенiң саумалы ем” деген соң балаларым батыс жақтан сатып әкелдi. Оған да отыз бес жылдай болып қалыпты, осы уақытқа дейiн тiрi жүргенiм бiрiншi Құдай, екiншi осы аруана саумалының арқасы,35 жылдан берi, соны ем-дауа ретiнде үзбей iшiп келемiн.

Оңтүстiктiң Арыс ауданында, Байырқұм деген жерiнде туып-өскен. Екi бала, екi қызбен күйеуi қайтыс болып кеткен соң, тiрлiктiң бәрi өзiнiң мойнында қалған, бiз жаспыз. Әкем қайтқанда мен тоғыз жаста, ең кенжесi екi жаста едi. Ашаршылық, жоқшылықтың кесiрiнен өзбек жерiне өтiп, сол жақта тiрлiк кешкен сияқтымыз.

Қазiр менiң 27 немерем бар, ал апамның немере, шөбере, шөпшектерi 400-ден асып жығылады. Менiң жетi ұл, екi қызымнан тараған ұрпақтың өзiне тәубә деймiн. Шөберелерiмдi санаған жоқпын…

Қыздың бiреуi қайтыс болды да, iнiм мен қарындасым тiрi, аман-есен, олардаң тараған ұрпақты, әрине,есептеген адам жоқ. Қарындасымның өзi алпыс сегiзде, осында. Қарапайым шаруа болдық. Шешемiзден қалмай қолқанат болып жүрiп, осы күнге жеттiк қой,менен кейiнгi iнiм, сосын қарындасым бар.

— Апа, қызыңыз Баршын келгенде не әңгiме айтасыздар, — дедiк әңгiменi апама бұрып.

— Не айтушы едiк, iшкен-жегенiмiздi айтамыз да, — деп күлдi ол кiсi. — Одан басқа не әңгiме болсын бiзде.

— Апа, не арманыңыз бар, — деген сұраққа, ол кiсi ойланбастан:

— Айналайын, қазақта “қатарынан қалған қария – қарiп” деген сөз бар, сол айтпақшы, осы балалардың алдында баратын жағыма тезiрек жетсем деген мақсат қана. Ең үлкен байлығым — үрiм-бұтағым, ал мақсатым — осы әулетiмнiң алдында абыройыммен дiттеген жерiме жығылсам.. Алла тағаланың аманатын аман-есен өзiне қайтарып, мәңгiлiк құтты орныма қонсам дегеннен басқа ой да, арман да, мақсат та жоқ, шырағым.

— Алты-жетi жыл байлы болдым, төрт перзент сүйдiм, көрмегенiм жоқ, жанымды жалдап жүрiп жеткiздiм ғой. Жұрттың баласын, соғысқа кеткен кейбiр ағайынды-ауылдастың баласын бiрге баққан кездерiм де болды. Өрiстегi қойды ұрланып сауып, өзбектердiң шапанын тiгiп, жүнiн иiрiп, несiн айтасың, қолдан келгеннен аянып қалған жоқпыз. Сол тынымсыз тiрлiктiң арқасында ауыз аққа тидi, ел қатарына қосылдық қой.

— Әкеден жетiм қалғанымыз болмаса, анамыздың арқасында еш қиындық көрмедiк. Арманым жоқ, бiрер жыл болды кемпiрiм қайтқалы, тағы да анамызға арқа сүйеп қалдық. Үлкенiм алпыста, кенже балам қырықтан асты. Анам айтпақшы, менде де арман жоқ, Жаратқанға мың тәубә етiп, балаларымның амандығын тiлеп жүрiп жатқан жайымыз бар. Аудан басшыларына рахмет, жақында немерелерiме суармалы жерден участок бердi, ризамыз, өкпе жоқ. Қонырқай тiрлiк кешiп жатқан жай, — деген Әбиболла қария да бiздi есiк алдына дейiн шығарып салды.

Шырайы шалқыған, қазақтың бай салт-дәстүрiнiң қаймағын бұзбай, таза ұлттық тәрбиенiң ошағына айналған оңтүстiк сапарынан алған әдемi әсерiмiздi оқырманмен бөлiсуге асықтық…

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары