ТОЙ НЕМЕСЕ ЗАМАНДАС ҚАЗАҚТАРДЫҢ КЕЙБIР ӘДЕТТЕРI ТУРАЛЫ

ТОЙ НЕМЕСЕ ЗАМАНДАС ҚАЗАҚТАРДЫҢ КЕЙБIР ӘДЕТТЕРI ТУРАЛЫ

ТОЙ НЕМЕСЕ ЗАМАНДАС ҚАЗАҚТАРДЫҢ КЕЙБIР ӘДЕТТЕРI ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
555

Той – қазақтың қазынасы… болған. Қазiргi той – қазақтың дертi. Қоғамдағы бар кеселдi жиып әкелiп, бiр жерге топ еткiзiп тастай салғандағы кәдiмгi өмiрдiң “сахнасы”.

Қазiргi той – ең әуелi тiзiм. Кiм кiмнен бұрын сөз сөйлейдi. Кiм ас басталмай тұрып бата бередi, кiм үлкен астың үстiнде бата бередi деген мәселе алдын ала анықталып, сала-құлаш сары қағазға жазылады.

Мұны былай қойып, кiм қай үстелге отырады, кiм кiммен дастархандас болады дейтiн тiзiм де жасалады. Бұл тiзiм екi-үш дана етiп көшiрiлiп, той иесiнiң жақын туыстары – екi-үш “белсендiнiң” қолында жүредi. Тойға жиналған қадiрмендi қауымның бiресе тiзiмге таласып, бiресе үстелдердiң нөмiрiн қарап, әрi-берi алашапқын болып жүргенiн көргенде, балаларға кәмпит үлестiргендегi көңiлiңе таныс көрiнiс көзiңе жылыұшырап, езуiңе күлкi болып орнап, мәз болып тұрып қаласың…

Тек…. күлкiңдi дереу жиып алуға тура келедi. Өйткенi, ортасына аса сыйлы ағамыздың бiрi өзiн “дастархан” тiзiмiнен таба алмай қалып, “Менi қалай ұмытып кетiп жүрсiңдер, ә!” деп бұрқ-сарқ етiп ашуланады да… кетiп қалады. Қуанышты бөлiсетiн тiлектес ағайынның басын қосайын деген патша көңiл – айра-жайра… Абырой болғанда, үстелдердiң үстiндегi жер қайысқан дәмнен көз алмай жүрiп, орын-орнына тезiрек жайғасуға асыққан жұрт “сыйлы ағамыздың” аяқасты сыртқа шығып кеткенiн байқамай да қалады. Уһ!

Тойдан кейiн үйге шақырып, “сыйлап” жiберетiн адамның бiрi – жаңағы ағамыз екенiн ескерiп, ойша тағы бiр “тiзiм” түзiп қоямыз.

Одан кейiн той – “сценарий”. Спектакльдiң немесе скетчтiң емес, “той” деп аталатын марқалы, мерейлi, салтанатты кештiң сценарийi. Баз бiреулер той дастарханының ас мәзiрiнен гөрi, оның “сценарийiн” көбiрек уайымдап, көңiлдегi ойды дөп басатын асабаны ұзақ iздеп, уақыт оздырып та алады.

Бiр тойда елдi жас балаша алдарқатып, iшек сiлесi қатқанша күлдiрiп, жұртты “жалықтырмай” жүргiзген асаба болса, сол жерде (үзiлiс кезiнде, әрине) оның телефон нөмiрiн алып қалып, тағы бiр тойға қызмет етуге шақырып жатқаны. Ол да көптi көрген тiсқаққан емес пе, кездесуге бұрынғы тойларының “сценарийлерiн” немесе бейнетаспасын көтере келедi.

Сонымен, ат пен түйедей қалап шақыртқан асабаның саңқылдаған дауысынан құлақ тұнып, жиналысқа бергiсiз қазақтың тойы да басталады. Қонақтар тiзiм бойынша рет-ретiмен ортаға шығып, микрофонды кезек-кезек ұстап, сөз сөйлеп, ақ тiлектерiн айтып жатыр. Той иесi үстiне бұршақтай жауған мақтау сөздердi дұрыс көргенiн бiлдiргiсi келмегендей, сыпайы ғана жымиып, сөз сөйлеушiнiң жанында тұр. Бұл да “той сценарийiне” сай, әлбетте.

Бiрақ әп-әдемi басталып, “сценарий” бойынша өтiп жатқан той шырқы аяқ астынан тағы бұзылады. “Кезегi” кейiн келген бiр құда “Маған пәленшеден бұрын сөз бермедiң” деп ренiшiн бiлдiрiп, жаңа ғана еш қамсыз iшiп-жеп отырған дастарханды тастай сала, әкелген пакетiн көтерiп, кетiп бара жатады. Дастарханның төрiнде отырған мерейтой иесi “Құдекелеп!” соңынан тұра жүгiредi, әрине. Ал былайғы тойшы қауым “мұндайдың талайын көргенбiз” дегендей, ешбiр асып-саспастан дәмдi тамақты тоғытуды одан әрi жалғастыра бередi, жалғастыра бередi…

Мерейтой иесi қалай екенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр “асау” құданы жуасытып, қолтықтап-қолпаштап әкелiп, құтты орнына қайта отырғызады. Бiрақ құда мұнымен де тынбайды. Үлкен тамақтың алдында сөз сөйлеу құрметiне ие болған соң, микрофонды ала сала: “Үлкен басымызды неге сыйламайсыңдар, ә?” деп ренiш бiлдiредi. Той иесiн қуанышымен құттықтауға келгенiн ұмытып кеткен сияқты. Жә, дастарханның қожайыны шарасыз жымиып, бас шұлғып тұрғанына қарағанда, бұл да “орынды” сияқты…

Ал дастархан басындағылар құданың “орынды” базынасына түсiнiстiк бiлдiргендей бұқпантайлап отырып, үлкен асқа бас қояды. Табақтар тартылып жатыр ғой, бас табақ, құда табақ, жастар табағы… Ас үстiнде тәбеттi бұзып не керек?

Ие, айтпақшы, бұдан соң той – жарыс. Жарыс болғанда, кәдiмгi хас “шешендер” жарысының нақ өзi. Аңыратып өлең оқығандарды да, күңiренiп монолог оқығандарды да, күлдiргi болып, сайқымазақ жасағандарды да, тiптi қызды-қыздымен жаңа үйленген жастарға сұрақ-жауап ұйымдастырып жiберiп, “диалог-тост” құратындарды да осы жерден табасыз. Бiр-бiрiнен асуға, асыра сiлтеуге, тойшы қауымның көңiлiнен шығуға, “естелiк” үшiн таспаға жазып жүрген бейнекамераның алдында ерекше көзге түсуге тырысып баққан жұрт.

Хош, ойындағы сөздердiң бiрiн де iркiмей “сыртқа” шығарған құданың көңiлi жайланып, дастархан басына қайта жайғасқан соң, сөз жарыс одан әрi жалғасады. Бұдан соң тойшы қауым жақсы тiлектi, ұтқыр тiлектi кiм айтады деген байқауға қатысып жатқандай, бар шешендiк өнерiн ортаға салады. Кейде қутiлдi асаба мырзаның “Ең қысқа тост!” деп шын “байқау” ұйымдастырып жiберетiн кезi де болады.

Той – бүгiнгi тұрмыс-салтымыздың, пейiлiмiздiң “сахнасы”. Тоқсаныншы жылдары ауыл-аймақтарда ешбiр той төбелессiз тарамайтын “дәстүр” қалыптасты. Тiптi, әр ауылда той соңынан төбелес ұйымдастыратын арнайы “топ” бар едi. Той иесi төбелестi кiмнiң бастайтынын, шатақтың қай шамада басталарын iшi сезiп жүредi, алайда дымын шығармайды. Өйткенi, ол тұста төбелiссiз өткен той қызықсыз болып көрiнетiн, ендеше елдiкiнен алабөтен той жасап, саяқ бөлiнiп, не көрiнiптi? “Елдегiдей” болсын деп, төбелес ұйымдастыруды да ерлiкке баладық-ау!

Ал жиырма бiрiншi ғасырдың алғашқы жылдарында арақ-шарапсыз тойлар өткiзу дәстүрге айнала бастаған тұста, “арақсыз да той қызықты өтедi екен ғой” деп таң-тамаша болдық.

Одан кейiнгi жылдары елдiң оңтүстiк аймақтарында бес жүз, жетi жүз, тiптi мың адамды шақырып той жасау “дәстүрi” орнады. Баяғыдағы кең жайлаудың төсiнде ақ шаңқан он екi қанат, сегiз қанат, қараша алты қанат үйлердi қаз-қатар тiзiп, алыс-жақыннан ат арылтып келген қонақтарды руымен, елiмен бiрге (яғни, iрге бөлмей) отырғызып күтетiн күндер адыра қалған, қазiргi жағдайда мың адамның бiр жерге жиналып, бiр брезент шатырды паналап, ұзыннан-ұзақ қойылған iшектей созылған столдарды жағалап, қатар түзеп отырғанын елестете аласыз ба? Әртүрлi топтан, әркелкi ортадан жиналған, әңгiмелерi ешқашан жараспайтын адамдарды екi әлде үш асаба бiрiгiп жүрiп, қой қайырған қойшылардай бiр мезгiлде тұрғызып, бiр мезгiлде билетiп, бiр мезгiлде дастарханға отырғызып, отардай игермек болады. Алғашқы екi-үш сағатта екпiндеткен, өлеңдеткен, маймылдай ойын көрсетiп, қан сорпасы шығып, бар өнерiн төккен асабаларыңыз бiр айналымнан кейiн-ақ “болдырып”, шаршап қалады. Ендi екi-үш сағаттан соң бiр-бiрiмен жөндi танысып та үлгермеген адамдар бетiмен кеткен отардай шашырай жайылып, өз таным-түсiнiктерiне сай той қызығына батуға асығады. Бiреу жөн-жосықсыз күледi, бiреу мас болғанша iшедi, бiреуi билейдi, бiреуi жылайды, бiреуi бiреудi сүйреп, бiреуi бiреудi сүйiп… бiреу бiреуге жұдырық ала жүгiрiп, бiреуi өсек айтып, бiреуi елдi таң қалдырмаққа өнер көрсетiп… осыдан бiрнеше сағат бұрын салиқалы жүзбен, салмақты сөзбен бiр-бiрiне сынай қарап отырған жұрт жамырай бастайды. Мұндай тойды кейде бiр асаба бастап, “бөтен” асаба аяқтауы да ғажап емес.

Қазақтың тойының тағы бiр ерекшелiгi бар, ол – мақтан. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен жиналатын жақын-жуық туыстардың алдында, кейде тiптi шетелдерден ат арылтып жететiн ағайынның алдында, бала кезден құрдас, сыралғы сыныптас, қалжыңбас курстас достардың алдында, қала бердi құдайы көршiлердiң алдында “ұятқа қалмаудың” бар амалы қарастырылады. “Бәленшенiң” тойында өлең айтқан атақты әншi “сценарий” бойынша мiндеттi түрде осы тойға да шақырылуы керек. Оған қоса тағы сегiз әншi келiп, тойшы қауымның көңiлiн көтеруi керек. Өйткенi, “бәленшенiң” тойына бес-ақ әншi қатысқан…

“Ұят боладыдан” шығады, бiр қазақы ортада екi жастың үйлену тойынан кейiн жаңа түскен жас келiн мынандай ыңғайсыз жағдайға тап болған. Той өткенiне ай толмай жатып, бiр туысқан келiп, “менiкi едi” деп iлулi тұрған кiлемдi құшақтап кетсе, тағы бiр туысқан келiп, “мынаны менен уақытша сұрап алған” деп төсеулi алашаны құшақтап кете барыпты. Той иелерi құдалардың алдында өздерiн ауқатты етiп көрсету үшiн туыстарынан жиһаз жинағанын жас келiн көп күннен соң ғана аңдаған екен…

Тойдың көп болғаны, ағайынмен бөлiсер қуанышымыздың тағы да қуанышқа ұласып жатқаны жақсы-ау, дегенмен, тек сол тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса… Осыдан бiрнеше жыл бұрын қалтасында қаражаты жоқ адам банктен несие алып, той жасайтын жаңа “дәстүр” қалыптасты. Банктер несие таратуды тоқтатқалы берi “несие-тойлар” келмеске кеттi-ау, бiрақ қазақтың тойы онымен бiткен емес. Тойшыл қазақты бүкiл әлемдi тiтiреткен қаржы дағдарысы да қанға сiңген әдетiнен жаңылдыра алмайды!

Соңғы кезде қазақтың тойы тағы бiр қырынан “танылып” келе жатыр. Ол – естелiк айту әдетi. Әдетте, тiзiм бойынша шақырылған қонақтар мерейтой иесiн құттықтау үшiн немесе жаңадан қосылған екi жасқа бақыт тiлеу үшiн немесе тәй-тәй басқан балаға тiлек айту үшiн, әйтеуiр той жасауға жақсы сылтау – қуанышқа ортақ болу үшiн келедi. Шын жанашырлық танытатын, таза адал ниетпен бақыт тiлейтiн, жақсылық көздейтiн адамдардың жиналар ортасы бұл. Бiрақ осы адал көңiлдi ойы таяз есеп бұзады-ау кейде.

Кейде көптi көрген, көп жасаған ағаның мерейлi тойында отырғаныңды не оны сағынышпен еске алу кешiнде отырғаныңды бiлмей, дал боласың. Төрде отырған мерейтой иесiнiң көзiн бақырайтып қойып, ол туралы естелiк айтуға да шiмiрiкпейтiндер бар. Өткен күндердi, бiте қайнасқан жастық күндердi, алда тосқауыл бар деп бiлмейтiн бұла күндердi, ешкiмге кеудемдi бастырмаймын дейтiн асау күндердi еске алғанда көңiл балқып, көз шыланып… театрландырылған көрiнiстi тамашалағанға бергiсiз күй кешесiз. Жiбi босай бастаған көңiлдi жүрек түкпiрiндегi осы күндердi оңаша кештерде, оқшау кездесулерде, түнгi тыныш отырыстарда еске алған ләзiм едi-ау деген селкеу ой ғана қатайтады. Ескi достардың оқшау кездесуiнде бұрын айтылмаған өкпе айтылып, кешiрiлiп, жүрек қатпарларында сары майдай сақталған сыр ақтарылып, көңiл арылып, сана жеңiлдеп, ой түзелiп қалар едi-ау, ал мың-сан көздер микрофонға жабысқан отыз екi тiс пен екi ерiнге телмiргенде… сырдың шыны, шынның сыры сезiлмей қалады екен…

Сiз не десеңiз де, көбiсi бiр-бiрiне бейтаныс, шындығында қимасы да, қымбаты да бөтен адамдардың жүздеген көздерi қадалып тұрғанда айтылған естелiктiң шынайылығына күмәнiм бар.

Жә, әркiм өз сөзiне өзi қожа. Есеп беретiн де өзi. Дүйiм жұрттың алдында айтылған естелiктердiң өтiрiк-жалғандығын тексеру кiмнiң ойына келушi едi, оның шындығын екi-ақ адам бiледi: сөз сөйлеген мен сол сөздi жалпақ жұртпен бiрге тыңдап, үнсiз күлiмсiреп отырған (немесе “сценарий” бойынша қатар тұрған) мерейтой иесi. Ал сол сәттерде мерейтой иесiнiң өзiн аяп, әлде қонақ үшiн ұялып, әлде өзi үшiн шын қуанып тұрғанын бiр Алла ғана бiледi…

Ал көрер көзге өтiрiк мақтау, асыра мадақтау, шектен шыққан жалпақтау, қолтығына орынсыз су бүрку, жыламсыра жағымпазданудың түрлi сипаттарын той өткен сайын көрiп жүрмiз. Оны Сiз де көрiп жүрсiз. Көрiп қана жүрген жоқпыз, сол өтiрiк мақтау, асыра мадақтау сөздер аяқталғанда бәрiмiз орнымыздан ұшып түргелердай жапа-тармағай қол соғамыз, қолдау бiлдiремiз. Мұнымызға айтылған сөздердiң шын-өтiрiгiн өзi де ажырата алмай қалған мерейтой иесi де риза, “осы жолы қатырып бiр сөйледiм-ау” деген ой санасында жылт ете қалған сөз сөйлеушi де риза. Ол бәрiмiздi, бiз оны, бәрiмiз қосылып “Сен – ғажапсың, Сен – данасың” деп мерейтой иесiн алдағанымызды сол сәт сезбей де қаламыз.

Дегенмен, осы өтiрiк мақтау мен асыра мадақтау аяқтала бергенде “Уһ, бiтiрдiң-ау, әйтеуiр!” деген оймен ырзалық бiлдiрiп қол соғатын да шығармыз, келесi жолы басқа қонақтар жиналып, Сiздiң өтiрiк мақтау мен асыра мадақтау сөзiңiз аяқталған тұста да осындай оймен қол соғатын шығар, әйтеуiр бiтпейтiн алдау. Өзi тектестерден түңiлген, өзге адамдардың бойынан iзгiлiк iздеуге талпынбайтын, бар жақсылықты тек өз бойынан көргiсi келетiн адамдардың бiрiн-бiрi аяусыз алдауы…

Егер тойға жиналған игi жақсылар – ақын, жазушы, драматург, өнерге жақын адамдар болса, онда той алдауға ғана емес, қып-қызыл жанжалға жалғасты дей берiңiз. “Менен бұрын сөйлейтiндей пәленшекең кiм едi?”, “Оның таланты менен артық па?!”, “Менiң атағым одан жоғары едi ғой!” дегенге саятын пiкiрлер еш қысылусыз ашық айтылып, кейбiр “қонақтар” той иесiн өте ыңғайсыз жағдайда қалдырып, онысымен қоймай, оған “бiр қап” өкпе-назын арқалатып, той тарқамай орындарынан тұрып кете барады. Қалған қонақтардың көңiл-күйiне бұл оқиғаның қалай әсер ететiнi ойландырмайды ғой деймiн…

Жалпы алғанда, бiздiң ұғымымызда той – елдiң жылдар бойы жинаған рухани iшкi байлығының сарқып көрiнер ортасы. Сол себептi де, қазақ тойды “халықтың қазынасы” атаған. Ендеше, қазiргi қазақтың мақтан үшiн жасаған тойлары ненiң көрiнiсi? Ел-жұрт, бала-шаға, туған-туысқа масқара болмас үшiн, досқа күлкi, дұшпанға таба болмас үшiн жиған-тергенiн түгел шашып, берекесiн шайқап жасаған сол тойдан соң күнiн көре алмай шын “масқара” болғанын қазiргi қазаққа мойындата алмайсың.

Алматының шағын бiр мейрамханасында орыстың тойы өтiп жатқанын көргенiмiз бар. Қалыңдық пен күйеудiң соңын ала елу-алпыс қаралы шағын ғана топ абыр-дабырсыз мейрамханаға беттедi. Қазақтың аста-төк тойын ғана тамашалаған көзге бұл көрiнiстiң қаншалықты ерсi көрiнгенiн бiлсеңiз ғой! Алғашқы таңданыс басылып, салқын санамен сараптағанда барып, ең абзалы, ең дұрысы – осындай той екен деген тұжырым ойға келдi. Себебi, екi жастың бас болып, шаңырақ көтергенi шын мәнiнде алты-ақ адамның қуанышы: екi жас пен оның әке-шешелерiнiкi. Қалған туыс шын жанашырлықты сыртта жүрiп-ақ сездiре алады. Алпыс адамға дастархан жайғанда, ең жақын туыс, ең жанашыр досты елеп шақыратыныңызға күмән жоқ. Шоғырдай топтың iшiндегi қонақтардың бiр-бiрiмен жүз көрiсiп, таныса отыруларына, асаба мырзаны “уақыт жетпей қалады” деп желкелетпей-ақ, емiн-еркiн шешiле сөз сөйлеп, сауық құруларына еш кедергi жоқ.

Қазақтың тойы – мақтан үшiн жайылар дастархан емес, шын жанашыр, тiлектес ағайынның басын қосатын себеп болсайшы.

Одан кейiн той – тек мал шашу емес, iзгi сезiмдердi түртуге себеп болсайшы.

ТОЙ – жақсы ОЙ түзуге себеп болсайшы…

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары