ОТТАЙ ЖАНҒАН ҰЛТШЫЛ ЖҮРЕК

ОТТАЙ ЖАНҒАН ҰЛТШЫЛ ЖҮРЕК

ОТТАЙ ЖАНҒАН ҰЛТШЫЛ ЖҮРЕК
ашық дереккөзі
357

Қазақ қызының асқақ рухын әрiптес, қанаттас сiңлiм Қымбат Әбiлдәқызының бойынан көрiп, iс-әрекетiне, былайғылармен қарым-қатынасына, тiрлiк-тынысына куә болғанымда, көне заман ендiктерiнде жүргендей хал кешетiнiм бар.

Ол маған әлдеқашан ұмытылған асыл құндылықтарымызды ортамызға оралтып, өзiнiң бiреуге ұнап, бiреуге ұнамайтын болмыс, бiтiмiмен төңiрегiн марғаулық, маубастықтан, жетесiздiктен арылтып келе жатқандай әсер етедi. Қай орта, қандай жағдайда да шешен, сөзi мiрдiң оғындай, бүлтелектеудi бiлмейдi. Кез келген тыңдаушы, көрермен, оқырманын дереу баурап үлгередi, көпшiлiктiң сана-сезiмiн еркiне бағындырып, топ бастайтындай мүмкiндiгi мол. Сондықтан да iштен тынбайды, елiм, жерiм, ұлтым, ұрпағым, ана тiлiм, бабаларым-даналарым деп лүпiлдеген жүрегiн оттай алаулатып, шарқ ұрудан танбады. Ешқашан билiк төңiрегiнде, лауазымды қызметте болмағанымен, таңғажайып тәлiм-тәрбиенiң, туған халқына қалтқысыз қызметтiң өнегесiн дәлелдеген аса сирек жандардың бiрi.

Кiндiк қаны тамған топырағы – Өркендеу ауылы, Сарыарқа құм беткейлерiнiң бiрi, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұтастай келбетi, қыр-сыры, көлгөсiр байлығы, дарқан пейiлi осы бiр перзентiне кеңiнен дарыған. Құйтақандай қыздың өн-бойынан арқыраған Арқаның толыққанды алтын тамырын көргендей қуанатаным содан шығар. Барымен бөлiсiп, қолындағысын аямай шашатыны әжесiнiң “жөнi бар” деп, есiгiн ашқандарға жiбi түзу бiрдеңесiн ала жүгiретiнiнен басталса керек. Жалқының, жалпының мұң-мұқтажын, жыртық-тесiгiн бүтiндеуден жалықпайтынын да Қымбаттың қым-қуыт күйбеңiнен байқаймын. Журналист, ақын, балалар әдебиетiнiң көрнектi өкiлi, қазақтың қайраткер қызы кешкен тағдыр қызықты, әрi мазмұнды. Еншiсiне бұйырған ырыс, береке, табысының тұма бұлағы – Әбiлдә атасы мен Дәмелi әжесi. Эпостың жыр кейiпкерлерiндей елестейдi өзiме қос мұңлық. Ұл, қыз сүйгендерiмен көп баланың бiрi қалмағаны ағайынның арқасына аяздай батқан. Шетiнен өбектеп, “қайсымыздың баламызды қалайсыздар, таңдағанын алыңыздар” дейдi. Әуелi олар немере, туыс боп келетiн Түлкiбайды асырайды. Алты жасқа толар-толмас бала оң, солын таныған, түрлi қылық шығарып, екi жаққа қатар алаңдайды. Түлкiбай институтта оқып жүргенде: “Тiлегiмiздi орындап, ауылдағы Ермекбайдың Қаламқасын келiн ғып түсiрсең, әрi қарай сенде шаруамыз жоқ” деп таңғалдырады. Үлкендi сыйлау, көңiл қалдырмау, батамен көгерудiң қадiрiн бiлетiн жас жiгiт бұған келiсiп, дүрiлдеген той өтедi. – Құдай қаласа, екi жылдан соң нәресте сүйемiз, атын Қымбат қоямыз, – деп Дәмелi әже тiлегiн сәуегейлiкпен аяқтағанда, мұның аржағында бiр өзiне ғана мәлiм тылсым жасырынғаны кейiн айғақталғандай.

Бүкiл ел-жұрт төбесiне көтерiп сыйлаған Әбiлдә қарт аз сөйлеп, көп тыңдайтын, момын, әдiл, мейiрбан жүзiнен иманы төгiлген кiсi екен. Кеудесi тұнған қазына, “оқымағанның оқымыстысы” Дәмелi әженiң айтқаны орындалып, екi жылдан соң 30 наурызда құдайдан тiлеп алған қызы туады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Қымбатты бауырына салады. Шандыр боп кеткен төсi иiп, сүт шығады, мектепке барғанша емiп, ана омырауына жабысып өседi бүлдiршiн. Өшкендерi жанып, дүниелерi бүтiнделгендей сезiнiп, төңiрегiндегiлер әлдене айтып қояр деп, iргенi аулақ салып, көшiп кетедi. Өжет те өр қыз атасымен мал жайлағанда, еш шаршамайтын: жұтқын тартып, шөп суырады, оны айырлап оттыққа толтырады, қора тазалап, шана сүйретедi, қауға тартып, астау-астау су толтырады, мал суарады. Ең қызығы – көзiне, желiнiне, жүрiс-тұрысына қарап, қай малдың қашан төлдейтiнiн дәл анықтайтын. Мұны бiлетiндер: “Қане айтшы, мына бием қашан құлындайды, ана сиырым қашан бұзаулайды?..” деп, бiрi келемеждеп, бiрi мағұрланатын. Арагiдiк ұлдармен төбелесiп қалатын, бiрде тәртiптерi жиналыста қаралды. Мектеп директоры аса ұлағатты ұстаз едi, Мырзахан Тайгоков: “Сенiң озат оқушы болғаныңды қайтейiн. Кәрi әке-шешең анау, сенi аштан өлетiндей, сабақ аяқталғанша шыдамай үзiлiсте, қазы-қарта асатып, айран iшкiзiп кетедi. Атың ол – арзан емес, Қымбат. Iсiң мынау!..” дедi. Бәрiне кiнәлi есiмi сияқты көрiнiп, “Атымды неге Қымбат қойдыңдар?” деп үйiне жылап барады. Атасы мен әжесi екi жағынан өбектеп, басынан, шашынан сипап көп әңгiме айтқан: Құлыным, Қыпаным, атың өзiңе жол көрсетiп, жақсылыққа қана бастап тұрады, мұндай есiмнен жағымсыз атаулы үркiп жүредi. Ешкiмге кiнә тақпай-ақ, атына лайық адам болудың жолын миына құйғандары соншалық, күнi бүгiнге шейiн Қымбат Әбiлдәқызы атқарған iстерiнде ұсақ-түйек, болымсыз, арзан, алдамшы бiрдеңеге тiптi де жақындамайды.

Қазiр Қымбат Әбiлдәқызының есiмi елiмiзге кеңiнен танымал. Таралымы ең көп республикалық “Айгөлек” балалар журналының бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткерi, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Оны танымайтын жасөспiрiм, оқушы жоқ. Сүйiктi редакторларының суретiн салып, жылы лебiздерiн бiлдiрген хаттардан артық нендей құрмет керек десеңiзшi! Көбiмiздiң қол жеткiзе алмай аңсаған арманымыз ғой бұл. Мен сияқты жазушы, журналистерден Қымбаттың артықшылығы да осында. Жалғыз өзi шырылдап, жарыққа шығарған басылымы тоғыз жылдан берi балалардың санасын дүр сiлкiнтiп, тәлiм-тәрбиеде төңкерiс жасады. Құрылтайшысы “АБДИ” акционерлiк қоғамына мың да бiр алғысын жаудырудан жалықпайды. Оқушылардың сүйiспеншiлiгiне бөленiп, тұтастай рухани қазына құрып үлгерген Қымбат Әбiлдәқызы бүгiнгi биiгiне оңайлықпен жеткен жоқ. Орта мектептi бiтiрiп, төрт жыл бойы университетке оқуға түсе алмады. Алматыда тұратын үйi жоқ, қашан жатақхана алғанша вокзалда түнеп, киiмiн әжетханада ауыстырып, қыртысын жазу үшiн сулап, күн сәулесiне тұрып кептiретiнiн елестетiп байқаңызшы… Жыл сайын конкурстан өтпей, қаншалықты ұялғанымен, қалада қалуға титтей ықылас танытпапты, бiрден мектебiндегi аға вожатыйлық жұмысын жалғастыруға асығатын. Әйтеуiр төрт рет талпынған филология факультетiне түстi-ау, әупiрiмдеп. Университеттi 1984 жылы қызыл дипломмен аяқтады. Студенттiк жылдары сол кездегi жалғыз телевидение “Қазақстанға” жиi барып, “Әдептен озбайық”, “Көкпар”, “Қызықты кездесулер” хабарларына белсене қатысып жүрдi. Бiрде комитет басшысы Камал Смаилов шақырып: “Бiр жылғы лездемелер қорытындысы бойынша бiздiң мамандар сен туралы жақсы пiкiрлер айтуда. Тележурналистке лайық қасиеттерiңдi ұнаттық. Жүректен шыққан сөздi жүрекке жеткiзе аласың. Тiлiң, бiлiмiң, даусың, алымдылығың, қарымдылығың бөлек. Бiзге қызметке кел, арнайы жолдама берiп шақыртамыз” дедi. Диплом жетекшiлерi, әйгiлi ғалымдар Тұрсынбек Кәкiшев пен Зейнолла Қабдоловтың кеңесiмен журналистiк жолға түстi.

1986 жылы Желтоқсан көтерiлiсi даңғыл жолын кiлт бұрып, шығармашылық тағдырын күрт өзгерттi. Қаны алпыс екi тамырына сыймай, ата тегiндегi батырлық, ақындық, басшылық, күрескерлiк қатар атойлап, от-жалынның ортасында жүрдi. Қымбаттың сын сағаттағы ерлiгiн қазақтың көрнектi ақыны Темiрше Сарыбаев айтып жүредi. Ал белгiлi тележурналист, жазушы Темiрхан Момбеков өзiнiң романында, алаңға жиналған жастар “Достар” әнiн шырқап келе жатқанда, Қымбаттың: “Не, сендер достарыңды жоғалтып па едiңдер, “Менiң Қазақстанымды” айтпайсыңдар ма”, деп гимн ретiнде айтқызғанын жазды. Бұл ендi басқа әңгiменiң желiсi, алайда еңсесiн тiктеп, қияға көз тiккен талантты журналистiң жолы кесiлiп, жұмыстан “өз еркiмен” кетуге мәжбүр болды.

Бүркеншiк атпен екi жылдай радиода тегiн репортаж дайындап жүрiп, әрең дегенде штатқа iлiктi. Ақысыз-пұлсыз қызмет жасаған мұндай жандар бар ма, жоқ па, бiлмеймiн, Қазақ радиосында табан аудармастан 14 жыл жұмыс жасады. Балаларға арналған “Тiлашар”, “Айгөлек”, “Темiрқазық” бағдарламалары сол кезеңде ерекше серпiлiс туғызып, перiште-құлыншақтармен жүргiзген Қымбаттың сұхбатын iздеп, күтiп тыңдайтынбыз. Әрқайсы дербес миниспектакль едi, бұрын-соңды балаларға қатысты ондай дүниелердi естiген де, тыңдаған да емеспiн. Дауыс ырғағына шейiн баланың бабын тауып, жан дүниесiне енiп кететiн сол хабарларын ұмыту мүмкiн емес, әлi есiмде.

Қымбат Әбiлдәқызының абыройға бөленуi де сол тұспен тығыз сабақтас. Неше түрлi әдiлетсiздiк болады екен, 1999 жылы келген жаңа басшылық жаппай қысқартуды сылтау етiп, сыртынан тiзiмге iлiндiрiп, жұмыссыз қалды. Еңсесi езiлiп, өз-өзiне келе алмай көп қиналды. Баяғы өр мiнезiнiң арқасында намысқа тырысып, есiн жиды. Ешкiмнiң алдына жұмыс сұрап бармауға бекiндi, өз қолынан не келетiнiн таразылап, жөнiн сiлтей гөр деп, тәңiрiне жалбарынды. Сөйтiп он ойланып, мың толғанып, “Айгөлектiң” тұжырымдамасын қолға алды. “Айгөлек” – менiң өр рухымның ар-намысына қайралып, жүрек отына пiсiрiлiп, ел баласына жол тартқан қайсар перзентiм”, – дейдi ол ағынан жарылып.

Қандай қиындықты да жастайынан жатырқамай қабылдауға үйренген ол, бiр Алладан басқа еш пендеге сүйенiп көрмептi. Не атқарса да туған елi үшiн, азаматтық ұстанымы мығым, арман аңсары ұлттық мүддемен астасып кеткелi қашан! Сөзi мен iсiнiң арасында алшақтық жоқ деуге болады. Өзiне сенгендiктен “Аузы дуалы, сөзi уәлi”, жанары жарық көкiрегi ояу. Бос көлгiрсу, көпiрме сөзге жаны қарсы, сондықтан анау-мынау берекесiздер маңынан да жүре алмайды. Көңiлi түскенге көл, түспгенге шөл. Құран оқыту, садақа тарату, бата жасау, үлкендерге сәлем беру, қонақ күту дәстүрiн ешқашан жадынан шығармайды. Дүние қумайды, ақша жинамайды, достары көп, олардың iшiнде панасызы, мүгедегi, жетiм-жесiр де, биiк лауазым иелерi де бар.

Жақсы, жайсаңға жастайынан жаны жақын. Бiр бөлмелi жерүйде отбасымен он шақты жыл тұрғанында, көрнектi тұлғаларды iздесең, таппайтын небiр ақиықтарды Дәлел мен Қымбаттың аядай төрiнен көретiнбiз. Төсек, орнын, мүлкiн аулаға кiсi келген сайын жауын, дауыл астында шығарып тасу бұлар үшiн үйреншiктi жәйт едi. Даладай кең пейiлi кiп-кiшкентай үйiн зәулiм сарайдай елестеттiретiн. Әжесiнiң бәз-баяғы дастарқаны сол қалпында Қымбатымен қатар iлесiп, қалалық қасаңдықты далалық кеңдiкке айналдырып жiберетiн. Мұндайда атақ-даңқын ұмытып кетер қазақтың зиялы қауымының ақ отауы едi бұл үй. Өнер иелерi жиi бас қосатын, асығып, сағынып баратын.

Кең үйге әлi де қолдары жетпегенiмен, Әбiлдә атасы мен Дәмелi әжесiнiң ұрпағына мирас қып қалдырған ырыс, берекесi қара шаңырақтың мызғымас қасиетiндей жалғасуда. Ұлт мақтаныштары Зейнолла Серiкқалиев, Асқар Сүлейменов, әсiресе анасы Айтотымен ұзақ жылғы достығы аңызға бергiсiз болғанына көпшiлiк куә. Былайғылар түсiнiп-қабылдай қоймайтын мiнезiн жұмсартып жүрер құдай қосқан қосағы Дәлел қандай да әрекетiн, үлкен-кiшiмен, әсiресе, ер-азаматтармен қарым-қатынасын, сыйластығын бағалауы бiр бақыты. Жолы да жөнi де бөлек ұлы Мерейдiң арлы, намысты, ел қамын ойлайтындай ержетiп келе жатқаны қуантады. Тым ерте өмiрден озған қос бауырынан қалған қыздарды қолдарында тәрбиелеп, қатарға қосуда да үлгi боларлықтай өнеге көрсетiп жүр. Қабiлет, қарымының деңгейiнде ел баласын естiлiкке баулып, қатарынан қалмайтындай тәрбиелеуге өлшеусiз үлес қосып жүрген Қымбат жеткiншек атаулының ең жақын сырласы, жанашыры. “Сiз – менiң анамдайсыз” деп ағылған хаттар соның дәлелi. “Шаршадым” деген сөзден қорқады, жүзiнен нұр төгiлiп жүретiнi сондықтан-ау.

Мiне, ұшы-қиыры көрiнбейтiн бейнетпен, телегей-теңiз тебiренiспен тiрлiк кешкен Қымбаттың журналистiк, ұстаздық, ақындық, азаматтық, қайраткерлiк соқпағының бiр парасы. Шығармашылық тағдыры әлдеқашан айқындалғанымен, алғырлығын, ақылын, дарынын жеке басының қамына пайдалана алмайтыны таңғаларлық та таныс жәйт өзiм үшiн. Еңбегiне лайық материалдық игiлiктерге қол жеткiзе алмағанын айтамын. Қайсар рух иесi өтiрiктiң, сатқындықтың, қатыгездiктiң құрбандығына шалына жүрiп шыңдалды. Төгiп-шашып уызына жарыған қыз алды-артынан қызықтырған дүниенiң көз құртынан, пендешiлiктен азат. Сол азаттық өмiр азабын жеңбей қоймайтыны хақ. Алайда уақыттың бет-жүзiңе қарамайтын сұрапылдығын болжай отырып, Қымбат бауырыма жүрегiнен жарып шыққан жыр туындыларын бұдан әрi тұншықтырып қоюға болмайды деп ескерткiм келедi. Өйткенi оның азаматтық поэзиясы көп өлеңшiге ұқсамайтыны дүйiм елге белгiлi. Ақын жүрек, ұлтшыл жүрек асаудай алқынады, бұлқынады:

“Ұмтылып ем бiр “есеп” беруге ендi,

Шашылып жүргенiмде “50” келдi.

Баламен бала болып кетiп барам,

Сағындым сiздердегi көңiлдердi…”

Шыны да, сыры да осы! Қымбат Әбiлдәқызы – қазақ топырағында бас редактор, журналист ретiнде жәй бiр есiм емес, кез келгеннiң маңдайына бұйыра қоймайтын табиғаттың сирек сыйы.

Мағира Қожахметова

Серіктес жаңалықтары