ҰЛТТЫҚ ЫМЫРА

ҰЛТТЫҚ ЫМЫРА

ҰЛТТЫҚ ЫМЫРА
ашық дереккөзі
253

Соңғы кездерi рухани салада жұртшылықты елең еткiзген бiрер оқиға болды. Бес кiтапқа жинақталып, алаш қозғалысына қатысты құжаттар жинағы жарық көрдi. Мұнда жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жiктелген қайраткерлердiң кейбiр күтпеген қадамдарын көрсететiн деректер жария етiлдi.

Баспасөз беттерiнде 20-30-жылдарғы ұлттық элита жайында қорғалған ғылыми еңбекке байланысты бiрiне бiрi кереғар пiкiрлер бiлдiрген мақалалар басылды. Күнi кеше тұсауы кесiлген Алаш-Орда тарихына арналған фильмде де тосын пiкiр естiлмей қалған жоқ. Мәселе халқымыздың ардақты ұлдарының бiрi – Тұрар Рысқұловтың Бас хатшы Сталинге 1924 жылы Түркiстан өлкесiндегi ұлт қайраткерлерiн таптық тұрғыдан сынап жазған хаттарының көпшiлiкке белгiлi бола бастағанында болатын. Соған байланысты жақында Қазақстан “Әдiлет” тарихи-ағарту қоғамында пiкiр алысулар өттi.

“Әдiлет” қоғамы елiмiздегi алғашқы үкiметтiк емес ұйымдардың бiрi санатында. Ол кезiнде кеңес тұғырнамасында қызмет атқарған коммунистердi де, алаш қозғалысында болған азаматтарды да талғамай жұтқан “үлкен террор” құрбандары ұрпақтарының белсене қатысуымен құрылған қоғам-ды. Жиырма шақты жылдан берi саяси қуғын-сүргiн шындықтарын ашу арқылы азаматтарды тарихпен тәрбиелеуге, демократиялық құндылықтардың өмiрiмiзде бекем орнығуына атсалысып келедi.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргiн науқандары салған жара зардабының айтып-жеткiсiз ауыр болғаны белгiлi. Үрей шеңгелдеген, әдiлеттiлiк өлшемi өзгерген жан-дүниемiздi тазартуға коммунистiк партияның жиырмасыншы съезiнiң жол ашқаны да мәлiм. Ол коммунистiк билеп-төстеу кезiндегi қараңғы-қапас тұңғиықтар құпияларының бүркеуiн аздап қана көтерген-тiн. Ащы шындықты жартылай ғана ашқан. Соның өзi бiздiң қоғамдық тыныс-тiршiлiгiмiзге жылы леп, жарқын бет боп енiп, жаңа ұрпақты тәрбиелеу факторына айналды. Сөйтiп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаңа тарихи сана қалыптаса бастады. Бiрақ, билеушi партияның өзi саясатпен тоқылған елеуiшiнен iрiктеп өткiзiп ашқан шектеулi шындықты ғана айналымға жiберуi салдарынан, жаңа тарихи сана да бiржақтылау қалыптасты. Саяси қуғын-сүргiнге көбiрек көңiл бөлу құпталмады. Яғни режим қылмысы ауызға алынбады. Тек жекелеген құрбандардың өмiр жолы сонау 20-30-жылдарғы репрессия саясатына байланыстырылмай ғана әңгiме етiлдi. Ал алаш қайраткерлерi хақында әлдеқандай оң пiкiрлi ой айту мүмкiн емес-тiн.

Мәселен, КСРО астанасында 1937 жылы атылған Әлихан Бөкейханов есiмi жазықсыз жағылған қара күйеден Жиырмасыншы съезд шешiмдерiнен соң iстерi қайта қаралған “халық жауларының” алғашқы легiмен 1956 жылғы 8 қыркүйекте аршылды. Мәскеуде, сондай-ақ, Мәскеу қалалық сотының төралқасы 1957 жылғы 2 желтоқсанда ЖаҺанша Досмұхамедовтi де кiнәсiз құрбан деп тапты. Жаншаны оған қоса, екiншi мәрте, 1958 жылғы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық iстер жөнiндегi арнайы комиссиясы да ақтады. Сол Арнайы комиссияның ұйғарымымен Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, тағы бiрқатар алашордашылар жайындағы әдiлетсiз үкiмдердiң күшi жойылды. Олардың артынша 1959 жылғы 26 наурызда Ахмет Байтұрсынов, 1960 жылғы 8 шiлдеде Мағжан Жұмабаев ақталды.

Алайда олар, жоғарыда айтқан идеологиялық сүзгi реабилитациясымен қатар iске қосылғандықтан, қоғамдық өмiрге жолатылмады. Тек олар ғана емес, репрессияға ұшыраған коммунистердiң де белгiлi бiр тобы жайында, реабилитацияланғанына қарамастан, дұрыс ой-пiкiр бiлдiруге билеушi саясат ырқымен тыйым салынды. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың адал есiмi қоғамға бiраз сөзбұйдаға салып бұлталақтатып барып жетпiсiншi жылдары ғана қайтарылды. Алайда онымен қатар ақталған Сұлтанбек Қожанов қара таңба жамылулы қалпында тұмшаланып, қалтарыста қала бердi. Сонау жасанды қалтарысқа, репрессияға ұшырамағанмен, Смағұл Садуақасов да тығып тасталды. Ол “түзелмейтiн ұлтшыл” Қожановпен қатар оңшыл-ауытқушы ретiнде арнайы партиялық әдебиетте сыни тұрғыда ғана тiлге тиек етiлiп, көпшiлiк үшiн “халық жауы” қатарында жабулы жатты.

Әдебиетшiлерге де сондай қос кейiптi стандарт қолданылды. Айталық, Жиырмасыншы съезден соң iле-шала рухани тыныс-тiршiлiкке оралған Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин есiмдерi жұртшылық көзайымына, қуанышына айналып, құрметiне бөленiп жүргенде, солар қатарлы ақталған ақындар Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов есiмдерi қапастан шығарылмады.

Заңнамада ескерiлмеген жәйттiң өзiн ыңғайына бейiмдеп алғыш жаңаша пайымның құбылмалы көсемдерi мен жандайшаптары тоталитаризм жылдары Мағжанға қатысты: “Ол азаматтық тұрғыда ғана ақталды, бiрақ партиялық тұрғыда ақталған жоқ” дейтiн түсiнiксiздеу желеудi алға тартқаны есте. Саяси репрессиялар құрбандарын жаппай ақтағанмен, сондай желеумен торланған саяси електен заңды реабилитациядан соң да қайта өткiзiп iрiктеу алпысыншы жылдары кеңiнен қолданылған сияқты. Билiк тұтқасын ұстаған коммунистер, әрине, аталған елгезермен бiрiншi кезекте “алашордалық” дейтiндердi сүзiп алып тастаған боп шықты.

Оларды тек қайта құру саясаты өрiстеген 1988 және 1989 жылдары биiк құқықтық соттардың шешiмдерiмен жалпы алаштықтар қатарында тағы бiр ақтап алғаннан соң ғана батыл еске ала бастадық.

Сонымен, билеушi коммунистiк партия жеке басқа табыну әшкереленгеннен кейiнгi алғашқы кезеңде, бiр қарағанда, өзiнiң сенiмдi жауынгерлерiн ақтады. Оларды – партия сарбаздарын, коммунистердi – саяси қуғын-сүргiн науқандарына дейiнгi қызметтерiне орай шартты түрде қуғындаушы, ал олардың алашордалықтар сынды идеялық қарсыластарын қуғындалушы санатына қоюға болар едi. Сол екi топ та жазықсыз жазалаудың қара семсерiне негiзiнен бiр ортақ науқанда iлiккенiне қарамастан, қуғындалушылар шын мәнiнде тек екiншi лекте, қайта құру кезеңiнде ақталды. Соның салдарынан, бұдан жарты ғасырдай iлгерiде нобайланған соны тарихи сана осы қос ақтау науқанының арасына түскен отыз жыл iшiнде, кей ретте, жаңа тоталитарлық реңк алып үлгергендей едi. Кейiнгi кезде орын алған дау-дамайда соның салқыны бар тәрiздi. Бұрмаланбаған тарихи сананы қалыптастыру оңайлықпен жүзеге асатын шаруа еместiгi аныққа айналды.

Бiз репрессиялар туралы сөз қозғағанда, әдетте, жазықсыз жапа шеккендер, құрбандықтар жайын айтамыз. Негiзiнен тек соларды еске алу және есте қалдыру төңiрегiндегi мәселелердi зерделеймiз. Бiрақ сондай қуғын-сүргiнге себеп болған, қуғын-сүргiндi жасаған режим мен оны жүзеге асырушылар жайында ауыз ашпаймыз. Мұның, әрине, үлкен себептерi бар. Кешегi ортақ мемлекет тарапынан бұрынғы мемлекеттiк террор жасағандардың, жалпы, сонау мемлекеттiк қылмысқа жол берген Сталиндiк кезеңнiң әдiл бағасын алмағаны, оны айыптайтын сот үдерiсiнiң жүрмегенi, бұл тарапта қабылданған ешқандай заңнамалық құжаттың жоқтығы қоғамдық санаға әсер етпей тұрмайды. Сталин заманы дегенде ел жадына репрессиялар өз алдына, сонымен қатар фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңiс оралады да, сананы режимнiң қылмысынан гөрi қол жеткiзген ұлан-ғайыр жетiстiктерi басып кетедi. Оған қоса, кезiнде жендеттiк тәсiлмен қызмет атқарған партия-кеңес жетекшiлерiнiң бiрқатары әрi жасампаз өмiр құрылысшылары, әрi жазықсыз жазалау науқанының құрбандары ретiнде көрiнетiнi де бар. Сондықтан да саяси қуғын-сүргiннiң себептерiн, оның барша шындығын анықтауға деген ұмтылысты қажетсiнушiлiк бүгiнде қоғамдық санадан бiртiндеп ығыстырылып тасталған секiлдi әсер бередi.

Алайда мұндай әсер нақты жағдайға сәйкес келе бермейтiндей көрiнедi. Қалай болғанда да, мұрағаттардан алынған жаңа деректер (Рысқұловтың Сталинге хаттары) негiзiнде кейiнгi уақыттарда баспасөзде жария болған жаңалықтар мәселеге жеке тұлға аумағынан асып, кең көлемде қарауға, идеологиялық күрес шындықтарын терең тануға ұмтылтады.

Мәселен, маған 20-жылдарғы кезеңнен екi тамаша ұлт қайраткерiнiң өз кезеңдерiндегi жалпыұлттық мүдденi көздеген аса iрi iстерi ұнайды және солары үшiн мен оларды әрдайым бүгiнгi iрiлi-уақты қайраткерлерге, барша азаматқа, жастарға отаншылдықтың, елiн, жұртын сүюдiң озық үлгiсi ретiнде өнеге етiп тарта беруден айнымаймын. Оның бiрi – Тұрар Рысқұлов пен оның серiктерiнiң 1920 жылы Түркiстан өлкесiнде Түркi Республикасы мен Түркi халықтарының коммунистiк партиясын құру жайындағы жобалары. Екiншiсi – Сұлтанбек Қожанов пен оның серiктерiнiң 1924 жылғы Орта Азияны ұлттық-аумақтық тұрғыда межелеп-жiктеу науқаны кезiнде аралас-құралас, қоян-қолтық өмiр сүрiп жатқан халықтардың бiр-бiрiнен мүлдем iрге бөлiсуiне қарсы тұру, Ортаазиялық Федерация құру, сол арқылы Кеңестер Одағы құрамына кiру, жаңа ұлттық республикаларды Қазақстанмен бiрге ортақ экономикалық қауымдастыққа ұйыстыру, Ташкенттi Қазақ Республикасының астанасы ету үшiн күресудегi ұстанымдары. Орталық өкiметтiң мақсатына сай келмегендiктен де жүзеге аспай қалған бұл әрекеттердiң бүгiнгi таңдағы жаңғыртылған көрiнiсi тәуелсiз Қазақстанның Орталық Азия одағын құру жайындағы жасампаз бастамасынан айқын аңғарылады…

Осы аса iрi қос қайраткердiң тарихи әдiлеттiлiкке жауап беретiн сенiмдi көзқарастары мен батыл қадамдары соңғы кездерi мәлiм болған деректерге қарамастан, ешқашан ұмытылмауға тиiс, бұлардың сол 1920 және 1924 жылдарғы iстерi ел болашағын терең де жан-жақты ойлаудың үздiк үлгiсi ретiнде әрдайым үлкен құрметпен аталуға әбден лайық. Олардың ел игiлiгi үшiн басқа да небiр үлкен жұмыстар атқарғаны көпшiлiкке жақсы мәлiм.

Соңғы кездерi белгiлi болған деректер осынау тұлғалар арасында елеулi күрес жүргенiн көрсеткенмен, олардың еңбектерiнiң мән-маңызын жоққа шығара алмайды. Бiрақ бұл олардың арасындағы айтыс-тартысты мүлдем елемеу керек деген сөз емес, керiсiнше, бiзге олардың сонау күрестерiнiң мән-жайын, туу себебiн, салдарын ажырата бiлу ләзiм. Бұл сол қайраткерлерге деген көзқарасымызды өзгерту үшiн емес, олардың күресiнен тәлiм ала бiлу үшiн, жақсыдан үйренiп, жаманнан жирену үшiн, өзiмiздiң бүгiнгi күнiмiздi, болашағымызды айқын түсiнуiмiз үшiн қажет. Тарихтан сабақ ала бiлу үшiн керек.

Сонымен, ұлт зиялыларының 20-30 жылдарғы пiкiр қайшылығы неде? Түркiстан Республикасы тарихында осы екi iрi қайраткердiң есiмiне байланысты “рысқұловшылдық” және “қожановшылдық” деген жiктер болғанын, олардың топшылдық ретiнде бағаланғанын бiлемiз. Олар нелiктен және қалай туып, қайтiп өрiстедi?

“Әдiлет” қоғамында пiкiр алысқандар осы төңiректе ой толғады. Өздерiне мәлiм жәйттердi ортаға сала келе, көпшiлiк баршасы келiсетiн ортақ ой қорытқандай болды. Жеке тұлғалардың идеялық тартысының арты мансап тартысына, топ құруға апарғанын, бiрiн бiрi сүрiндiру мақсатымен өздi-өзiне саяси айып тағып, оларының анық-қанығына, дұрыс-бұрыстығына өзара пiкiрлесу нәтижесiнде көз жеткiзуге тырыспастан, әрдайым төрешiлiк сөзiн айтуды орталықтан тосқанын, ал оның арты жалпыұлттық мүддеге кереғар шешiмдер жасалуына ұласып жатқанын мойындады.

Шынында, патшалық кезiнен қалыптасып, кеңестiк дәуiрде нығая түскен құлдық сана-сезiм жөн сөзге тоқтау, әдiлет алдында бас ию iспеттi дәстүрлi қасиеттердiң байырғы тұғырынан тайып, жаңа сапаға ауысқанын көрсеттi. Ұлт қайраткерлерiнiң бiрiн бiрi мойындамауы, араларында бедел тұтатын тұлға болмауы, дұрысында, араларындағы бедел тұтуға тұратын тұлғаны көпе-көрнеу көрмеуi, мойындамауы, шындап келгенде, шынымен сондай қадiр-қасиетке ие жанның жоқтығынан емес, жаңа империялық орталыққа көзсiз емiнушiлiктен туған едi. Сөйтiп, жаңа сипатқа ие болған құлдық психологияның жетегiмен, “жаңаша құл иеленушiнiң” iлтипатына iлiгуге тырысушылық, сол жолда бәрiн тәрк етуге әзiрлiк оларға туған халқына риясыз қызмет ету сынды биiк тұғырдан дербес ой толғауға мүмкiндiк бермедi.

Рысқұловтың тiлге тиек болған хаттары Орта Азияда ұлттық межелеп бөлу науқаны өрiстеген тұсқа дөп келдi. Хаттардың мазмұнына қарағанда, өкiнiштiсi, оны осынау аса маңызды, тағдырлы науқан жайы аса толғандырмаған тәрiздi. Мәскеуден Ташкентке жазған хатында ол қарсыласын қайткенде құлату үшiн не iстеу керек екенiн өзiнiң пiкiрлесiне тәптiштеп жазып, бағдарламалық тапсырма бередi, сол тапсырмаларының iшiнде, бармағыңды тiстетiп әттеген-айлататыны, қарсыластары жайындағы мағлұматтарды жоғарғы партия, партиялық бақылау және құпия полицияға – ГПУ-ге хабарлап отыруы қажеттiгiн шегелеп айтады. Өзiнiң Сталинге берген баян-хаттарында да қарсыластарының – бұрынғы алашордашылардың пәтерлерiне ГПУ органдары шұғыл тексеру жүргiзгенi мақұл екенiн ескертiп отырады. Жақтастарының ұлтшылдық әрекеттер жасап жүрген басшы-коммунист қызметкер жайындағы шағымдарына қолдарын қоймай, жасырын қалып, тек мәтiндi жолдау себебiн қарсыластары тарапынан жазаланудан қорыққандықтан деп түсiндiредi.

“Әдiлет” қоғамында пiкiр алысқандар 20-30-жылдары ұлт қайраткерлерiнiң бiрiнiң үстiнен бiрi жазған хаттардың өте көп болғанына назар аударды. Ондай арыз-шағым, айыптау сарынды жазбалардың көптеп тууына таптық күрес желеу болды. Тапшылдар ұлт мүддесiн тапқа бөлмей қорғау жағындағы алашордашылармен де, таптық күресте ұлттық мақсатқа мол мән берушi, яғни алашордалық делiнетiн ұлт зиялыларына бүйрегi бұрып тұратын оңшыл-ауытқушылармен де күрестi. Бiрақ бұдан олар ұлт мүддесiн ескермедi деуге болмайды, олар саясаттың мазмұны пролетарлық, түрi ұлттық сипатын қолдайтын. Түптiң түбiнде “үлкен террор” бұл екi қанаттағыларды да ұлтшылдар ретiнде жазалады. Және бiр ескеретiнi, дестi пiкiрлесушiлер, мұндай саяси айыптасу әрекеттерi қазақ кадрлерi арасында ғана емес, кеңес одағының шартарапында да орын алды. Демек, бiз олардың дау-дамайларын емес, халыққа сiңiрген еңбектерiн бағалауға тиiспiз…

Жаны бар ой. Әйтсе де, қит етсе орталыққа жүгiнуге әуестiктiң салдары жақсы болмады. Қит етсе орталыққа жүгiнуден әлдебiр шешуi қиын күрделi мәселеге орай жәй ғана төрелiк сұрау емес, бiрiн бiрi көре алмауға, бiрiне бiрi билiк тұтқасын қимауға, бiрiн бiрi мейлiнше қаралай отырып, тұқыртуға, тiптi құртуға тырысушылық аңғарылады. Мұндай әрекеттер өз араларынан ел басқаратын азамат шығармауға апарды. Сөйтiп, түптiң түбiнде ел басқаруға көлденең көк атты жiберiлiп, халқымызды ұлттық апатқа ұрындырған жаңаша құлдық ахуал тудырды. Осы қасiреттi ойласақ, онда мұны жылы жауып қоя салуға да болмайды. Жылы жауып қоя бермей, айқара ашу керек. Бұл бiздiң азаматтығымызға сын. Қайраткерлерiмiздiң елге сiңiрген еңбектерiн мансұқтау үшiн емес, керiсiнше, олардың одан да артық сiңiруi ықтимал, тек атқара алмаған iстерiн айқындап бағамдау үшiн, ұтылған тұстарымыздың тамырларын айыра бiлу үшiн солай ету ләзiм. Бастан кешкен кемшiлiк себептерi мен олардың қайғылы салдарларын болашақ үшiн зерттеп бiлу абзал.

Осы жерде ерiксiз бой көтеруi мүмкiн бiр жәйт бар.

Бiрде, “Әдiлет” басқармасының кезектi бiр мәжiлiсiнде, қайта құру жылдары ақталған бiр iрi ғалымымыздың перзентi әкесiн 30-жылдары ұстатқан адамды бiлетiнiн айтты. Ол адам әкесiмен әрiптес ғалым болып шықты. Қызығы, ол адам жайында түрлi қысымдар мен қинаулардың салдары боп табылатын бұрмалаулы көрсетiлiмдерге толы, әдiлдiгi күмәндi сот материалдарынан емес, сол кезгi баспасөзден тауып оқыпты. “Халық жауын” қалай әшкерелегенi туралы әлгi қуғындаушы-ғалымның өз еркiмен, өз қолымен, көзi тiрiсiнде өзi мақтан етiп жазған мақаласынан, өзi жұртқа жария еткен сырынан бiлiптi. Сол қуғындаушы-ғалымды жарты ғасыр бойы билiк дәрiптеп келсе, оның жаласынан атылып кеткен әкесiнiң адал есiмi, ғылыми еңбектерi сонша уақыт бойы жабық жатты.

Ендi, әдiлет салтанат құрғанда, әкесiнiң сонау қаралы жылғы жендетiнiң кiм екенiн бiле тұра, оны әшкерелемеу дұрыс па, бұрыс па? Әдiлетсiздiктi қалай түзеуге болар едi? “Әдiлетшiлерге” осындай қиын сауал тасталған.

Күрделi мәселе. Жендет пен құрбандықты қатар аялаумен әдiл тарихи сана қалыптастыру мүмкiн еместiгi анық. Дегенмен, бiзге басқа жол табу керек. Екi ғалымның да ғылымдағы елеулi еңбегiн тиiсiнше бағалай отырып, бойымыздан олардың сол заманғы саяси ұстанымдарын әдiл талдай бiлетiн күш табу ләзiм. Кек қайтаруға тырыспауға, төзiмсiздiк танытпауға, түсiнуге, талдауға, келешекке қажет тәлiм ала бiлуге тиiспiз. Өштесу жарқын болашаққа қызмет етпейдi.

Осындай ұйғарымға келгенбiз. Сондай көзқарас тiлге тиек етiлген Рысқұлов хаттарына байланысты да айтылды. Оларды жасыруға болмайды, бiздiң демократиялық қоғамда жабық тақырып болмауға тиiс, қайта, бәрiн ғылыми айналымға түсiрiп, зерттеп, талдау жөн. Мiндеттi түрде есте ұстауға тиiс жәйт сол, мұндай шаруа ұлттық мақтаныштарымызды тұғырдан тайдыру үшiн жасалмауға керек, мұндай шаруа олардың күллi пенделiктерiнiң себеп-салдарларын ашып, бүгiнгi күннiң пайдасына, яғни жан-жақты да адал азаматтарды тәрбиелеу iсiне жұмсау үшiн атқарылуға тиiс.

Таптық көзқарас халықты екi жарғаны ешкiмге құпия емес, демек, бұл мәселенi қарастырғанда, сол таптық негiзде – бiрi тек кедей-кепшiк, екiншiсi бай-кедейi айырылмаған жалпы ұлт мүддесiн көздеп екi жарылған халқымыздың бiрлiгi қымбаттығын ойда ұстау керек. Яғни бiзге ұлттық ымыра қажет. Оны жәй ұранмен, яки әлдебiр тыйым салумен орнатам деу қате, оған тек қана ашық талқылау, мәселенi айқын түсiну, жақсыдан үйренiп, жаманнан жирену арқылы қол жеткiзуге болады.

Бiздiң елде жүз қырық мыңдай жан жазықсыздан жазықсыз саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, лагерьлерге айдалды, жиырма бес мыңдай боздақ атылып кеттi. Большевизм жауынгерлерi себеп боп үш дүркiн соққан ұлттық апаттан төрт миллионнан астам адам қырылды. Осынау iрi қасiреттер жайында ұстамды талдау мен қорытынды жасау үшiн де ұлы төзiм, ұлттық ымыра қажет. Ол заманғы сұмдықтар таптық жiкке бой алдырып, ұлттық тұтастықты сақтай алмау, ұлттық тәуелдiлiкке мойынсұну салдарынан орын алғанын жан-жақты парықтасақ, бүгiнгi тәуелсiздiгiмiздiң қадiрiн терең түйсiнiп, жiтi ұға түсемiз, өткенгi қателiктерге жол бермеу жолдарын айқын ажырата бiлемiз. Сондықтан да “Әдiлет” күллi мүдделi топтарды тарихи таным жолында ымыраласып жұмыс атқаруға, қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуына көп болып әдiл үлес қосуға шақырады.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ

Серіктес жаңалықтары