РЕСЕЙ “ПРАВОСЛАВ МӘДЕНИЕТIНIҢ НЕГIЗДЕРIН” ЕНГIЗБЕК
РЕСЕЙ “ПРАВОСЛАВ МӘДЕНИЕТIНIҢ НЕГIЗДЕРIН” ЕНГIЗБЕК
Ресейде соңғы екi-үш жылдың көлемiнде “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн мектеп бағдарламасына енгiзуге байланысты пiкiрталас толастамай келедi. Сол кездiң өзiнде-ақ дiнi мен тiлiне жаны ашитын дiндарлар бұл бастаманы қолпаштай әкеткенi соншалық, орыс православ шiркеуi 2007 жылдың аяғында Бiлiм министрлiгiне ұсыныс жасады. Олар Ресейдiң федерациялық мемлекет екенiн бiр сәт ұмытқандай боп, аталмыш пәндi жаппай оқыту керек деуге дейiн барды. Бiрақ та Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко: “Ресейлiк жалпы бiлiм беретiн бiлiм ұяларына дiнге қатысты пән енгiзiлмеу керек. Бұл пән бәлкiм, жексенбiлiк немесе дiни мектептер мен семинарияларда өтiлуi керек шығар” деп көпдiндi, көпұлтты Ресейдiң беделiне нұқсан келмейтiн жолды таңдаған сияқты едi.
Десе де, жоғары оқу орындарында “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiнен сабақ беретiн дiни сауатты оқытушы-маман дайындауға кiрiскен Ресей бiлiм ұяларында қосымша сағат санын ашып, тәлiм-тәрбие берiп жатыр. Ендiгi мақсат – бұл пәннiң оқытылу аясын бiртiндеп кеңейте түсу. Жақында Ресей Бiлiм министрлiгi осы мәселеге қайта соғып, ел аумағындағы қала, аудан, ауыл халқына үндеу жариялады. “Мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары “Дiни-рухани мәдениет” бiлiм беру бағдарламасы төңiрегiнде қай дiннiң тарихын, қандай үлгiде оқығысы келетiнiн бiлу керек” деп тапсырма бердi. Алайда, қарапайым халық бұл пәннiң қосымша сабақ ретiнде жүргiзiлуiне қарсы емес, тек миссионерлiк бағытқа ойысып кетпесе болғаны деп алаңдаушылық бiлдiруде. Әрбiрден соң “Православия мәдениетiнiң негiздерi” пәнi басқа да дiни конфессия өкiлдерiнiң құқықтық-моралдық ар-ожданына тиiп кетiп жүрсе, Ресейдiң конституциясы бұзылуы мүмкiн деген пiкiрдi бүгiп қалмайды. Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарасты мемлекеттiк саясат және нормативтiк-құқықтық реттеу департаментiнiң бөлiм бастығы Татьяна Петрова: “Бiрiншi кезекте бұл пәндi оқытуға байланысты ата-ана мен оқушының жеке пiкiрiн бiлу қажет” дейдi. Яғни, дiни тұрғыда ненi көбiрек бiлгiсi келетiнiн пайымдау үшiн жер-жерге мамандар жiберiлдi. Петрованың айтуынша, жоғары және төменгi сынып оқушылары мен ата-ана пiкiрi жиналған соң, әрбiр мектеп және оның құрылтайшысы қайсы дiннiң тарихын (православия, ислам, иудаизм, т.б.) оқитынын анықтаса, сондай-ақ оқушының бұл пәндi қандай пiшiнде танып-бiлгiсi (мысалы, ойын элементтерi арқылы, әңгiме түрiнде немесе саяхат жасау негiзiнде) келетiнi де белгiлi болады. Сол сияқты мектеп ұжымы “Дiндер тарихы сабағы бiр аптада қанша сағат оқытылу керек? Қандай оқулықпен жүргiзген тиiмдi?” екендiгiн де шешедi.
Бiлiм ұяларында дәстүрлi дiн мәдениетi мен оның тарихы жайлы кез келген сұрақ аймақтық заңнамаға сүйенедi. “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi қосымша сабақ ретiнде оқытылып келген бiрқатар аудандарда көптеген мұғалiмдер арнайы дайындықтан өтiп, дiни сауаты жағынан кәсiби бiлiктiлiгiн арттырып жатқан көрiнедi. Қазiрдiң өзiнде тарихтан және жалпы дiни танымнан сабақ беретiн мұғалiмдердi даярлайтын мамандандырылғын орталық бар. Дегенмен, дiн қызметкерлерiн мектепте жаппай сабақ беруге тарту әлi ертерек. Өйткенi, олардың қолындағы дипломы iшкi дәстүрлi дiни ұйымдарға ғана жарайды. Шындығында, дiни қызметкердi дайындаудағы оқу жоспарында педагогикалық жұмыс белгiлерi аса байқалмайды. Әдiлет министрлiгiнiң 2003 жылғы шығарған бұйрығы бойынша, мектеп жетекшiлiгi, ата-ата комитетi мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы арасындағы келiсiмге сәйкес, дiн қызметкерi балалармен сабақ уақытында ғана шұғылдана алады. Оларға жұмыс iстеуге ешкiм кедергi жасамайды, бар болғаны әкiмшiлiктен, мектеп жетекшiлiгiнен рұқсат алып, белгiлi шеңберден ауытқып кетпесе болды. Бiр айта кетерлiгi, жалпы бiлiм беретiн мектептерде дiни сабақ өткен кезде дұға етуге болмайды. Себебi, мұндай әрекеттiң Конституцияға қарама-қайшы екендiгiн ұмытпау қажет.
Андрей Фурсенко атап өткендей, жаңа мемлекеттiк бiлiм стандарты ағымдағы жылдың 1-қыркүйегiнен бастап бастауыш сынып бағдарламасына енгiзiлген. Ал бұл жүйеге жаппай көшу шарасы 2010 жылдың 1-қыркүйегiнен бастап толықтай жүзеге аспақ. Оқушылар мен мұғалiмдердi оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшiн “Просвещение” баспасы жыл соңына дейiн “Дiни-рухани мәдениетi” бағдарламасы бойынша арнайы дiни кiтаптар басып шығармақ. Жаңа бiлiм стандартының ғылыми жетекшiсi Александр Кондаков мектептегi кез келген дiннiң тарихы жөнiндегi пәннiң балама оқулығы ретiнде “Әлемдiк дiндер негiзi” немесе “Дiни этика” курсы оқытылуы бек мүмкiн” дегендi айтады.
Алайда, былтырғы жылы “Ватан” халықтық-демократиялық партиясының мүшелерi “Бiлiм туралы” заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзген Мемдуманың 2007 жылы мектеп бағдарламасына “Православ мәдениетiнiң негiздерiн” енгiзуге байланысты қабылдаған шешiмiн алып тастау үшiн жергiлiктi билiк өкiлдерiнен пикет ұйымдастыруға рұқсат алып, “бұдан арыға шыдай алмаспыз, үн қатпасақ, билiк бiздi бiрауыздан мақұлдады екен” деп ұйғарып қалады деген оймен қол жинаған болатын. Оның үстiне заң жобасына аталмыш стандарттық жүйенi тықпалаған министрлiк бұған дейiн аптасына 3 сағат өткiзiлiп келген татар тiлiн қысқартып жiберген. Бұдан соң Татарстан республикасының президентi Минтимер Шаймиев те “Ресейлiк билiк келешек ұрпақ туған тiлi – татар тiлiн бiлмей өссiн деген мақсатпен осыған барды. Сол үшiн де Татарстан бiлiм ошақтарында православия пәнi оқытылмайды” деп кесiп айтты. Егер де бұл әртүрлi дiн тарихынан мағлұмат беретiн “Дiндер тарихы” пәнi ретiнде өтiлсе сөз жоқ. Ал тек қана бiр дiни ағымды ғана дәрiптейтiн “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi оқытылатын болса, конституция нормасына қайшы келiп, Ресей қоғамының бiрлiгiне қылау түсуi ғажап емес” дегендi меңзейдi. Тiптi, “Ресейлiк ислам мұрасы” қозғалысының төрағасы Шавкат Авясов мұсылман қоғамы атынан Ресей Президентi Д.Медведевке “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн енгiзуге байланысты наразылығын бiлдiрiп, айрандай ұйып отырған елдiң арасына iрiткi салмауын сұрады.
“Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн енгiзуге наразы топ: “Нелiктен тек православ дiни ағымы ғана таңдап алынды? Егер билiктi келешек ұрпақ мәселесi ойландыратын болса, неге ислам және буддизм негiздерiн енгiзбейдi? Мектеп бағдарламасына тек “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн енгiзу ұрпақты күшпен орыстандырудың айқын әдiсi емес пе?” деген сияқты батыл пiкiрлердi алға тартуда. Шынында да, ресейлiк билiк федерациялық республика құрамындағы басқа да ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң құқын аяққа таптап отырған жоқ па? 2010 жылдан бастап “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi мектеп бағдарламасына түбегейлi енгiзiлсе, мұның арты қайда барып тiрелетiнi белгiсiз. Бiр бiлетiнiмiз, оқу жүйесi ресейлiк бiлiм стандартымен оқытылып жатқан Байқоңырдағы, тiптi, былтыр БАҚта жария етiлген Оралдағы бiлiм ұяларындағы қаракөздер қазiрдiң өзiнде “Библияның” нәрiмен сусындап жатқанға ұқсайды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ