ТЕАТРДЫҢ ТАҒЫ БIР КӨКТЕМI БАСТАЛДЫ
ТЕАТРДЫҢ ТАҒЫ БIР КӨКТЕМI БАСТАЛДЫ
24 наурызда Қазақтың Мемлекеттiк М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында “Театр көктемi-2009” фестивалiнiң ашылу салтанаты өттi. Аталмыш шара жыл сайын Наурыз мерекесi және 27 наурыз — Халықаралық Театр күнiне орайластырып өткiзiледi.
“Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” демекшi, биылғы фестивальдiң ерекшелiгi режиссерлердiң, стенографистердiң еңбектерi емес, актерлердiң таланттары бәйгеге түспек. Биылғы он төртiншi рет болып жатқан шараның девизi — “Ұлы мәртебелi актер!”. Фестиваль репертуарына Б.Жәкиевтiң “Жүрейiк, жүрек ауыртпай”, Н.Келiмбетовтың “Үмiт үзгiм келмейдi”, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматов “Көктөбедегi кездесу” және Т.Мәмесейiттiң “Бәкей қызы” ендi. Көрермен қызығып көретiн бұл қойылымдардың алғашқысы өткен маусымның прьемерасы болса, соңғы үшеуi осы, 83 маусымның прьемералары. Әрине әр кiмнiң өз “ұлысы” бар, бiрақ осы шарада халыққа “Ұлы мәртебелi актерiн” таңдап беретiн әдiл қазылар — Әшiрбек Сығай, Әлия Бөпежанова және Бақыт Нұрпейiсова болмақ. Баспасөз мәслихатын жүргiзген театр директоры әрi көркемдiк жетекшiсi — Есмұхан Обаев: “ Биылғы фестивальдiң аты да заты да өзгеше болмақ. Бүгiнгi фестивальдi “Ұлы мәртебелi актер!” деген тақырыппен өткiзiп жатырмыз. Өйткенi театрдың ары да, бары да, оны шырқау биiгiне жеткiзетiн де — артист. Мұнда түрлi номинациялар болады. “Үздiк еркек ролi”, “Үздiк әйел ролi”, “Екiншi пландағы әйел және еркек ролi”, “Дебют”, “Үмiт” және театр жайында қалам сермеп жүрген журналистерге де бiр номинация тағайындалды. Бiздiң театрдан басқа отыз қойылым қоятын театр, бүкiл республикада жоқ. Бiзде ешқашан көрермен орта залдан кем болмайды, қашанда толық зал. Соған байланысты да бiз өз қаражатымызға, аталмыш шараны ұйымдастырып отырмыз. Жеңiмпаздарға қомақты сомада сыйлық беруге мүмкiндiгiмiз де бар. Фестивальға арнайы миллиондай ақша бөлдiк,”— дедi. Дағдарыстың мәдениет ошағына әсер ете қоймағаны әрине қуантарлық жайт.
Назым ӘШIМХАН