АСПАННАН ШҰҒА ЖАУА МА? НЕМЕСЕ ЖОЛЫ ҚЫРСЫҚ БЮДЖЕТ – 2009

АСПАННАН ШҰҒА ЖАУА МА? НЕМЕСЕ ЖОЛЫ ҚЫРСЫҚ БЮДЖЕТ – 2009

АСПАННАН ШҰҒА ЖАУА МА? НЕМЕСЕ ЖОЛЫ ҚЫРСЫҚ БЮДЖЕТ –  2009
ашық дереккөзі
244

Үш жылдық бюджет өмiрге “жолдама” алып үлгермей жатып, қайта-қайта өзгерiске ұшырап жатыр. Әрине, оған кiнәлi қаржы дағдарысы. Үкiмет осылай дейдi.

Осы аптада “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы” тағы бiр заң қабылданды.

Бюджет заңын Парламент депутаттарына әкелiп таныстырған экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов биылғы жылы әлемдiк экономиканың дамуы бәсеңдей түсетiндiгiн, Қазақстанның экспорттық тауарларына әлемдiк бағалардың төмен деңгейде сақталуы мүмкiн екендiгiн баса айтты.

Басқаша айтқанда, Қазақстанның дамуы әлемдiк дамуға тiкелей тәуелдi. Экономист сарапшылар: “Әлемдiк экономикалық дағдарыстан iшкi тұтыну рыногындағы жағдайды реттей алған мемлекеттер аз шығынмен шығады” дейдi. Бұл үшiн неғұрлым отандық өндiрiстi жандандыру керек. Соңғы жиырма шақты жылда отандық жеңiл, тамақ өнеркәсiптерiн жолға қоя алмағандықтан, ендi өзгенiң қолына қарап қалған жайымыз бар.

Отандық жеңiл өнеркәсiп тұралап тұр. Бюджет туралы заңға енгiзiлген өзгертулерге сәйкес, ендiгi оның жылдық өсiмi бар болғаны 0,4 пайыз деп көрсетiлген.

2009 жылы жалпыұлттық iшкi өнiмнiң жылдық өсiмi 1 пайыз деп болжанып отыр. Осыдан екi-үш ай бұрын ғана ЖIӨ 1,7 пайыз болады деп жарияланған едi. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ЖIӨ үш есеге азайғаны байқалды. 2007 жылы оның көрсеткiшi 8,4 пайыз болса, былтыр 3 пайызға әрең жеткен.

Экспорт 17 млрд. долларға, импорт 9 млрд. долларға дейiн азайтылды. Үстiмiздегi жылдың кiрiсi болжам бойынша 1 529,5 млрд. теңге деп бекiтiлдi. Басқаша айтқанда, бюджет кiрiсi 371,1 млрд. теңгеге қысқарды.

Бақыт Сұлтанов Парламент депутаттарын осы жылы инфляция 11 пайыздан аспайды деп сендiруге тырысты. Бұған дейiн “девальвация бiртiндеп жүзеге асқанда да, жылдың соңына қарай 10 пайыздан аспайды” деп мәлiмдеген шенеунiктiң сөзiне ендiгi илана қою қиын-ау? Әлде министр Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң “2009 жылы Қазақстанда дефляция болады” деген “болжамына” сенiп отыр ма екен?

Үкiмет биылғы жылы пайдалы қазба байлықты өндiруге салынатын салықты азайтып, одан түсетiн кiрiс көлемiн азайтуды ұсынды. Мыс, хром, мырыш, қорғасын секiлдi минералды шикiзат бағаларын қайта қарау нәтижесiнде бюджет кiрiсi 89,9 млрд. теңгеге азайды. Басқаша айтқанда, бюджет жобасының өзгерiске түскенi “Қазақмыс”, “Қазмырыш” секiлдi корпорациялардың оң жамбасынан келедi.

Әлемдiк биржаларда күн сайын мың құбылған мұнай бағасына жалтақтап қанша отыратынымызды кiм бiлсiн? Әйтеуiр, осы жылдың бюджетi 1 баррель “қара алтынды” 40 долларға сатамыз деген болжамға құралған. Мемлекеттiк жоспарға сәйкес, биыл 76 млн. тонна мұнай өндiрiлмек. Бұған дейiн бюджет жобасында жылдық өндiрiс 79,2 млн. тонна деп көрсетiлген болатын. Мұнай өндiрiсiнiң 3,2 млн. тоннаға қысқаруы әлемде қуат көздерiн тұтыну деңгейiнiң төмендеуiне байланысты.

Құрылыс саласында да құлдырау жалғаса бермек. Ресми санақ бойынша, бұл салада өсiм 2 пайызға дейiн азаймақ.

Ауылшаруашылығында жалпы өнiм өндiрiсi 2 пайызға өседi деп жоспарланып отыр. Ал қызмет көрсету, көлiк, сауда, байланыс салаларында керi кету байқалады.

Ал шығынымыз 297,4 млрд. теңгеге өсе түспек. Бюджет шығысы наурыз айының басында Қазақстан Президентiнiң халыққа Жолдауында айтылған әлеуметтiк төлемдерге байланысты артып отыр. Атап айтқанда, 140 млрд. теңге аймақтарда уақытша жұмыспен қамту мен мамандарды қайта даярлау жұмыстарына жұмсалса, 15 млрд. теңге Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында Дағдарысқа қарсы қор құру үшiн бөлiнiп отыр. Сондай-ақ, күнделiктi тұтынатын тауарлар бағасының өсуiне байланысты әлеуметтiк төлемдердi қайта есептеуге 11,2 млрд. теңге қарастырса, ақылы негiзде бiлiм алып, үздiк оқитын студенттерге мемлекеттiк грант беру iсiне 3,2 млрд. теңге жұмсау жоспарланған. Мемлекеттiң халықаралық мiндеттемелерiн төлеуде курс бағамындағы айырманың орнын толтыруға 6,1 млрд. теңге бөлiнген. Азиада ойындарының кейбiр шараларының өткiзiлуiне байланысты туындаған Астана қаласында тұрғын үй саласындағы және басқа түйткiлдi мәселелердi шешуге 79,2 млрд. теңге берiлмек. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы үлескерлер ақшасына салынған үйлердi жылумен қамтамасыз ету және магистральды инженерлiк жүйе жасау iсiне бюджеттен қарастырылған қаржы — 15,5 млрд. теңге. Арнайы экономикалық аймақта жеңiлдiктердiң жойылуына байланысты салынып жатқан республикалық нысандар бойынша қосымша құн салығын төлеуге 1 млрд. теңге бөлiнiп отыр. Жалпы, бюджеттiң кiрiсiндегi олқылықтардың орнын толтыруға және жоспардағы шығындарға сәйкес 668,5 млдр. теңге жұмсалуы мүмкiн. Бұл қаржының 347,9 млрд. теңгесi Ұлттық қордан алынса, 320,6 млрд. теңге бюджеттiк шығындарды азайту есебiнен үнемделмек.

Денсаулық сақтау саласындағы шығындар 7 млрд. теңгеге ортайып қалды. Ендi бұл салаға 9,1 млрд. теңге ғана бөлiнiп отыр. Бұған дейiн республика бойынша денсаулық сақтау iсiне 15,8 млрд. теңге қарастырылады деп жоспарланған болатын. Қысқартылған ақшаны қымбат бағалы құрал-жабдық алуға жұмсау керек болатын.

“Денсаулық сақтау министрлiгi көбiрек аурухана, ал бiлiм және ғылым министрлiгi көбiрек мектеп салғысы келедi. Мұның бәрiн түсiнемiз. Бiрақ қазiр оның бәрiн қоя тұру керек болар” дедi Кәрiм Мәсiмов. Сонда Елбасы айтқан “жүз мектеп, жүз аурухана” бағдарламасы алдағы екi жылда да орындалмайтын болғаны ма?

Азиада ойындарына бөлiнген қаржы 30 млрд. теңгеге қысқарды. Жоспардағы үш жылда бұл шараға 100 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiнедi деп жоспарланса, ендi шығындарды 70 млрд. теңгеден асырмау көзделiп отыр. Бұл Азиададан жарыстың төрт түрi алынып тасталуына байланысты.

Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, мұнай сатудан Ұлттық қорға биыл 1, 190 триллион теңге түсуi керек. Ал мемлекет есебiндегi жердi жекеменшiкке сатудан түсетiн кiрiс 2,3 млрд. теңгенi құрауы мүмкiн. Бiрақ Елбасы биылғы Жолдауында Ұлттық қорға 2009-2010 жылдары түсетiн қаржыны бюджеттiң жыртығын жамауға жұмсауды ұсынды. Жалпы, биылғы жылы Ұлттық қордан 844,9 млрд. теңге алынады деп жоспарланған едi.

Үкiмет болашақ ұрпақтардың несiбесiне арналған қордағы ақшаға былтырдан бастап “қол салды”. Ұлттық қордан алынған 10 млрд. доллардың қайда жұмсалатынын бұған дейiн егжей-тегжейлi жазған болатынбыз. Төрт бағыт бойынша — қаржы саласын тұрақтандыру, тұрғын үй құрылысын қолдау, шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау, Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бағыттары бойынша тиiстi бағдарламалар қабылданып, ақшаны бөлу механизмдерi жасалып жатыр. Ендiгi мәселе, бұл орасан көп қаржының қалай жұмсалатындығында. Белгiлi экономист Ораз Жандосовтың айтуынша, осы қаржы дiттеген жерiне жетiп, көзделген мақсаттар бойынша жұмсалса ғана, экономиканы тұралатпай дағдарыстан алып шығуға болады. Соның өзiнде, биылғы жылы экономикалық өсiм 0 пайыз деңгейiнде қалмақ.

Дағдарысқа қарсы бағытталған бағдарламаның екiншi кезеңi — Елбасы айтып өткен Ұлттық қорға тиесiлi шикiзаттық саладан түскен пайданы бүгiнгi күн қажеттiлiктерiне жұмсау. Нақтырақ айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев қосымша 600 млрд. теңгенi дағдарыс салдарларын жоюға бағыттауды ұсынды (бұл 4 млрд. доллардың шамасында). Сонымен, үш жылда Қазақстан экономикалық дағдарыс кесiрiнен Ұлттық қор қаражатынан 14 млрд. доллар жұмсамақ.

Жалпы, Үкiмет мұнай сатудан түскен пайдаға қарап, қол қусырып отырғандай сезiледi. Егер кейбiр экономистердiң айтқан болжамдары дәл келiп, мұнай бағасы құлдырай берсе, жағдайымыз нешiк болмақ? “Аспаннан шұға жауады” деп күтiп отыра беремiз бе, әлде өндiрiстi жолға қоямыз ба? Қазақстанның дағдарыстан елдi тұралатпай аман шығуы неге дамыған елдердегi қуат көздерiн тұтыну деңгейiне тәуелдi болуы керек? Неге бiз өзгелерге масыл болуымыз керек? “Өзiм дегенде өгiз қара күшiм бар” деп еңбек ететiн Үкiмет қайда?!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары