БАЙБЕСIКТЕГI НАУРЫЗ

БАЙБЕСIКТЕГI НАУРЫЗ

БАЙБЕСIКТЕГI НАУРЫЗ
ашық дереккөзі
213

Алматының iргесiндегi Байбесiк ауылында Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментi, Алатау аудандық әкiмшiлiгi және оралмандардың “Асар” қоғамдық бiрлестiгi ұйымдастырған Наурыз мейрамы болып өттi.

Бұл Наурызды кезiнде тағдырдың тәлкегiмен түрлi кезеңдерде, түрлi себептермен шетте қалып қойған, бүгiнде Атамекенiмен қайта қауышқан 5 елден келген оралмандар өкiлдерi өткiздi. Ал, оның “Байбесiк” ауылында ұйымдастырылуының да өзiндiк себебi бар.

Байбесiк ауылының iргесi Алматы қаласы әкiмшiлiгi, Алматы қалалық көшi-қон басқармасы мен оралмандардың “Асар” қоғамдық бiрлестiгiнiң мұрындық болуымен 2001 жылы қаланған болатын. Содан бергi уақытта қала аумағына енетiн бұл ауылдың инфрақұрылымдары жасалып, жол салынып, су тартылып, жарық келген болатын. Бұл ауылда қазiр бес мемлекеттен келген оралмандардың 185 отбасы тiрлiк етедi.

Алатау ауданының әкiмi Бағдат Мәнiзоров жалпы аудандағы халықтың ресми саны 160 мыңға жеткендiгiн айта отырып, ресми емес дерек көздерi халықтың 200 мыңнан асатындығын айтады. Соның iшiнде 5 мыңға жуық отбасының баспанасы заңсыз салынған деп есептелiнедi екен. Аудан әкiмi арнайы жасақталған комиссияның 3500 отбасының құжатын инвентаризациялап, заңдастыруға дайындап қойғандығын мәлiм еттi. Бұл көңiлi күптi халық үшiн өте жағымды жаңалық едi. Сондай отбасылардың 30-ы осы Байбесiк ауылында тұрады екен. Ол 30 отбасы жаңағы 3500 мыңның iшiне енiптi.

– Ал, “Шаңырақ”, “Әйгерiм”, “Ұлжан”, “Қалқаман”, т.б. ауылдардағы мыңға жуық отбасының үйi заңдастырылмайды, – дейдi ол. – Өйткенi, бұл отбасылар газға жақын, саздауытта орналасқан. Ол кiсiлерге қала маңынан жер беру мәселесiн қарастырып жатырмыз, – деген ол 4 мыңдай отбасының ондаған жылдар бойы бас ауыруы болған баспана мәселесi бiржақты болатындығын жеткiздi.

Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментiнiң бастығы Гүлсара Алтынбекова ханым Алматы қаласында 2 мыңға жуық оралман отбасы тұратындығын, олардың арасында 14 ғылым докторы, 66 ғылым кандидаты бар екендiгiн жеткiздi. Сондай-ақ, бұл тойға алыстан ат арытып келген мажарстандық қыпшақ бауырларымыз да келiптi.

Тойға жиналған қауым бiр күн бойына думандатып, кеш соңын сауық кешке айналдырды.

Е. ҚҰМАР

Серіктес жаңалықтары