ТОРҒАЙДАН ҰШЫП ТОПЖАРҒАН

ТОРҒАЙДАН ҰШЫП ТОПЖАРҒАН

ТОРҒАЙДАН ҰШЫП ТОПЖАРҒАН
ашық дереккөзі
337

Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтiң шығармашылығы хақында

Мен бiлетiн Қоғаш – Қоғабай Сәрсекеев аға буын жазушылардың дәстүрлi мектебiнен тәлiм алып, қара сөздiң хас шеберлерiнен үйренiп, шеберлiк шыңдап, шыншыл да шырайлы шығармалар тудырған талант…

Өзге әрiптестерi сияқты, Қоғабай да шығармашылығын әуелi әңгiмеден бастады. Оның “Кiлт”, “Қараша қаздар” аталатын алғашқы кiтаптарына енген, әрi қысқа, әрi шымыр жазылған әңгiмелерi оқуға жеңiл, қызғылықты, тартымды туындылар. Тақырыбы таныс, оқиғалары белгiлi бола тұра, бұл әңгiмелер басқа қаламдастарына елiктеп-солықтаудан ада, ескi сүрлеуге түспей, өз жолын табуға талпынған iзденiстiң жемiсiн айғақтап тұр. Әңгiмелерiне түрлi адамдардың қилы тағдырлары өзек болған.

Қазақ прозасында кешегi қанды қырғын, сұм соғыстың қайғы-қасiретi жөнiнде аз жазылған жоқ. Алайда Қоғабай әңгiмелерiнiң өзегiнде – түйiнiнде басқаларға ұқсамайтын өз ерекшелiктерi бар және сонысымен озық, сонысымен қымбат. Өмiр шындығын көркем шындық деңгейiне көтеру дарын даралығының көрсеткiшi. Жазушы әңгiмелерiнде құрғақ, жадағай баяндау емес, көркем суреттеу тәсiлi кеңiнен қолданылған. Осы ретте “Құлатай”, “Олжабай”, “Гауһар” деген әңгiмелерi ерекше есте қалады. Бұл әңгiмелердiң кейiпкерлерiнiң бәрi де тағдырлас, әкелерi соғыстан оралмаған жетiм-жесiрлер отбасынан, алайда адал азамат болып өскен жiгiттер. Бiр жағынан жазушының өз өмiрiмен де өзектес. Сондықтан да болар, құрдастар тағдыры оқырмандар жүрегiн жiбiтiп, көңiлдерiн босатып, өз өмiр жолдарын естерiне түсiрiп, әсерлендiредi.

Сол көп әңгiмелердiң бiрi “Гауһарды” мысалға алып көрелiк. Әңгiмеде керемет әншi келiншек Гауһар бiр тойда қызғаншақ күйеуi тыйым салса да, алқалы топ қолқалап қоймаған соң ән шырқайды. Қонақкәде ретiнде “Гауһартасты” айтқан ақын жiгiтке келiншектiң күйеуi Имек тиiсiп, шатақ шығарады, сен неге менiң әйелiм туралы ән шырқайсың деген желеумен. Сөйтiп дым сезбес топастығын көрсетiп алады. Ажарлы да ақылды Гауһар сыр бермейдi. Қоштасар сәтте ақынның ойына тағы бiр ән оралады:

Лашынға лайық, қарағым-ай,

Бөктергiге қор болып барасың ба-ай…

Бiрақ бұл ән шырқалған жоқ, жұрттың көңiлiнде кеттi. Қандай әдемi аяқталған әңгiме десеңiзшi. Жүрек сыздатар сыры бар, оқырманын ерiксiз ойға батыратын, тосын да жұмбақ тағдырдың бiр мысқал мысалының көңiл төрiнен орын алып, жадыңда жатталып қалуына, қарап отырып қабырға қайыстырып, мұңға батыруға жол ашқан жазушыға қалайша риза болмассың.

Ендi Қоғабайдың хикаяттары жайлы әңгiмеге көшейiк. Бұл орайда алдымен ойға оралатын “Қараша қаздар”. Мұндағы негiзгi өзек — әкесi майданда мерт болған, анадан да ерте айрылып, тұл жетiм өскен Әнуар есiмдi жiгiттiң өмiр-тағдыры. Оның балалық шағы, жоғарғы оқу орнында оқыған жылдары, алғашқы еңбекке араласқан кездерi хикаяға арқау болған. Студент кезiнде бар уақытын iлiм-бiлiмге арнап, жастық шақтың сайран-думанынан да кеш қалғаны, соңғы курста жүргенде ғана қыз айналдырып, сәтiн салса үйлену керектiгi есiне түскен Әнуардың қылығына қызығасың. Ол бөлмелес досының жүретiн қызы Жазираның туған күнiне қатысып, сол кеште болашақ жанжары Еңлiкпен танысады. Жазушы сол тұстағы өз құрдастарының әдептi, адал, мөлдiр сезiмдерiн әдемi әдiптеген. Сол бiр бiздiң толқынның бастарынан кешкен ғұмыры айна-қатесiз суреттелген. Қыздың өзiне көз қиығы түскен сәтте жiгiттiң – Әнуардың қарадай қысылып-қымтырылуы кешегi бозбала шағымызды, ғашық болған бойжеткендi айналдырған кездегi қыздай қысылатын мiнезiмiздi еске салып тұр. Қазiргi заманның қыз-жiгiттерiнiң бiр-бiрiмен танысу, табысу яғни қыз айналдырып, жiгiтпен қыдыру әдiстерiнiң тым тез өзгерiп кеткенiне қынжылып, қазақы сыпайылықтан, ұялшақтықтан мүлде жұрдай болғанын ойлап, қарап отырып қамығасың. Ұлтымыздың сол бiр ғажайып әдет-ғұрпының, қадiр-қасиетi бас идiретiн иманды қалпынан айрыла бастағанымыз өзек өртеп, өкiнiшке бөлерiн қайтерсiң?!

Аталмыш хикаят арқылы жазушы ұлтымыздың ұлағатты, қастерлi қасиеттерiн тебiрене жазып, жан-дүниеңе сiлкiнiс жасайды. Осы шығармадағы Әнуардың ондаған жылдардан кейiн елге оралатын сәтiн еске түсiрiп көрелiкшi. Жан баласын жатырқамайтын бала ма, қария ма, кiм болса да құрақ ұшып, қарсы алатын, дастарқан жайып, барын алдарына тосатын қазақы кеңдiктi жазушы келiстiре жазған-ақ. Бесiншi сыныпқа көшiп, күзде аудан орталығына оқуға кетiп бара жатып, жаңбырдың астында қалып, жаурап, қарындары ашқан ауылдас оншақты баланың соғыс мүгедегi, ұстаның үйiне ат басын тiреуi, ол үйдiң балалардың асты-үстiне түсiп, барын ауыздарына тосуы есiне түскен Әнуардың сол қасиеттi ел-жұртты сағынышпен еске алуы, сол елдi қимай әсем астанада қалып, ғылым жолына түсудiң ретi келiп тұрса да, атамекенге оралуын да қаламгер сондай бiр тапқырлықпен келiстiрiп жазған. Әнуардың таңдауына риясыз сенесiң.

Хикаяттағы тағы бiр тағылымды кейiпкер Халық есiмдi бригадир. Осынау аяулы ақсақал образы – барша қазақтың қазыналы қарттарын еске түсiретiн бейне. Ол соғыстан жараланып келген кiсi. Соған қарамастан ел қатарлы еңбекке араласып, қадiрiн асырып жүрген қария. Ол осы тақылеттес көптеген шығарма кейiпкерлерi сияқты әпербақан, қара басының қамын күйттеген пенде емес. Ел-жұртының жанашыр, кiсiнiң көңiлiн жықпайтын мейiрiмдi, өз iсiне өте мығым, шаруақор кiсi. Кейiн мансапты қызметiн тастап, жылқышы болып кетедi.

Соғыстан кейiнгi жылдардың ауыл тiршiлiгiне, тұрмысына да жете көңiл бөлiп, жан жаралары жазылмаған адамдардың аянышты тағдырдан көрсетудi де Қоғабай ұмытпаған. Мысалы, осындағы Нысанбектiң соғыстан қайтпаған жалғыз ұлының жесiрiн алып кетiп, ұлдан қалған ұрпағы Алданды да Сентай ақсақалға бермеуi адамгершiлiктен ада, қатiгездiктiң мысалы. Ол тiптi баланың аты-жөнiн өзiне жаздырып алып, қарияны екiншi мәрте қайғыға батырып, намысын аяқасты етедi. Бұл әуелi колхоз, кейiн совхоз басқарып, надандығы, бiлiксiздiгi арқасында шаруашылықты тақырға отырғызып және осының бәрiн жас мамандарға жауып, өзiнiң өресiздiгiн өзгелерден көретiн көрсоқыр кiсi. Бар мақсаты мансапты қызметiнен айырылмау, бар бiтiргенi бiреуге қиянат жасаса да қиналмай, өз тамағының тоқтығын, киiмiнiң көктiгiн көксеумен күн оздырған бiреу. Мұндай адамдар арамызда қазiр де жетiп жатыр. Ендеше жазушының сондай солақай басшылардың жаңа заманның жас мамандарға орын босатпай, елдiң өркенi өспейтiнiн еске салуы өте орынды. Жазушының осындай әлеуметтiк тақырыптың жалына жармасуының түп негiзi – өзi өмiр сүрiп жатқан кезеңдегi қоғамдық өмiрдiң шындықтарын дөп баса бiлгендiгi дер едiк. Хикаяттың соңында зердесi зерек, сезiмi сергек, болмысы бекзат, сырбаз да сыпайы, жiгiттiң төресi Әнуардың шаруашылық басшылығын қолға алуы оқырманның да қалауымен үндесiп тұр.

Жазушының өзiндiк қолтаңбасын танытатын тағы бiр қыры – кейiпкерлерiнiң мiнез-құлқын, сөйлеу мәнерiн, өмiр-тiршiлiкке көзқарасын сұрыптай суреттеп, даралап көрсетуге келгенде қаламының су жорғадай желе жөнелетiнi. Сондай-ақ, баяндауы бейнелеуге бергiсiз, тұспалдауы суреттеуге бергiсiз, әсерелеуi әсерлендiруге бергiсiз әсерлiлiгiмен, бүгiнгiнi болашақпен ұштастыруы да ұтымды. Мұның бәрi қаламы төселген жазушының шеберлiгi.

Қоғабайдың қай шығармасын да қызыға оқисың, себебi оның өмiрден көргендерi мен түйгендерiнiң жаныңа жақын, көңiлiңе қона кететiн қасиетiнде. Қаламгер өмiр құбылыстарын сан қырынан байқап-бағамдап алатын аңғарғыш алғырлығы мен жiтiлiгiн әрдайым, әр шығармасы арқылы дәләлдеп жүр, бүтiндей бүгiнгi күнге арналған әңгiме-хикаяттарын оқи отырып, күнделiктi өмiрден көрiп, бiлiп, сезiп жүрген жағдаяттарға қайта кезiккендей күй кешесiң.

Қаламгер кәсiпкерлерiнiң сыртқы пошым-келбетiн суреттеумен шектелмей, оның iшкi жан-дүниесiн, өмiрге көзқарасын ашуға асық. Бұл орайда ол талай әрiптестерiнiң алдында жүргенi аян. Жазушы өз кейiпкерлерiн сырттан бақылаушы емес, шын пейiлдi жанашыр ретiнде бағалап, саралап, даралап отыруға бейiм. Оқырманның да жазушы кейiпкерлерiмен тiлеулес бола кетуi – оның сөз құдiретiне, азаматтың адалдығына, сергек сенiмiне имандай ұйығандығының арқасы. Оның тағдырлары ұқсас болғанымен тұрпаты бөлек кейiпкерлерi көркемдiк өрiмi келiстi шығармаларының шырайын келтiрiп тұр.

Жазушының ардан безбеген, адалдықтың ала ақ жiбiн аттамаған Әнуар, Олжабай, Құндақбай сынды азамат кейiпкерлерiнiң тiрлiгiне тәнтi боласың, өзiңдi де осылардай адамдардың ақыл-парасаты қызықтырады. Көркем шығарманың басты мұраты – ойлы оқырманды өнеге алуға шақыруы десек, Қоғабайдың көптеген әңгiме-хикаяттары сол ақ ниеттiң үдесiнен шығып жүргенi ақиқат. Жазушының жалпы адам баласына тән iзгi қасиет дарыған кейiпкерлер образдарын айшықтауға айрықша мән беретiнiн аңғару қиын емес. Бiздiң бiр түйiндi пiкiрiмiз: Қоғабай кейiпкерлерiнiң табиғи тұлғасын бар қырынан көрсетуге ықыласты. Оның шығармаларынан образдары, оқиғалары ойдан құрастырылған, бейнелерi жасанды кейiптелген кейiпкерлердi мүлде кездестiрмеймiз. Қорыта айтсақ, ол өз ортамызда ғұмыр кешiп жатқан қарапайым адамдардың бiреудiң ала жiбiн аттамайтын адалдығын, ақ-адал еңбегiне сүйенген тiрлiгiн суреттейдi, сөйтiп оқырмандар қауымын асыл адамгершiлiк, iзгiлiк сынды iзгi қасиеттердi қадiрлеуге шақырғандай ишара бiлдiредi. Негiзiнен, Қоғабайдың шығармаларының жазылу мәнерi мiнсiз. Ол сiрескен сөйлемдерден, сүрленген сюжеттерден, таптаурын тақырыптардан түбегейлi қашық және өмiрдi өзiнше өрнектеуге ұмтылысы мен сол жолдағы ұтысына көңiл тойғандай.

Ертеректе жазылған “Сарбаздар” хикаяты Қоғабайдың тарихи тақырыпқа бiржолата ат басын бұруының жоралғысы болған туынды. Бұл шығармада Амангелдi батыр, Әбдiғаппар хан, Кейкi батыр, солардың соңына ерген Кәрiбоз, Уәлi, Байдiлда, Сүйiнбек, Сақтаған т.б. сарбаздардың – ақтар мен қызылдар алмакезек билiкке келiп, оларға Мiржақып Дулатов бастаған алаш азаматтары араласып, кешегi ұлт-азаттық көтерiлiсiне қатысқан ел азаматтарының сергелдеңге түскен, қиын-қыстау кезеңдегi жалпақ елдiң жағдайы шығармаға арқау болған.

Шындық шектелген, тарих таразысы ақиқаттан ауытқыған заманда Кеңес өкiметiнiң де қателiктерiн ашып айтып, алаш азматтарының мақсат-мұраттарын көмескi, көлегейлеп көрсеткен жазушының мұндай тәуекелге бел байлауы оңай емес-тiн. Соған қарамастан Қоғабай киелi Торғай елiнде өткен тарихи оқиғаларды өз шығармаларында өзек етпесе перзенттiк парызын өтей алмай, өшпес өкiнiште қаларын дер мезгiлiнде сезiнген. “Сарбаздар” хикаятының жазылу себебiнiң сыры да осыған сайса керек. Еркiн сөзге ерiк жоқ – тiл қысқа кезде жазылған хикаятта жазушының қазiргi кезеңдегiдей – тәуелсiздiк туы желбiреген тұстағыдай, көсiле сiлтеуiне мүмкiндiгi болмағаны рас, тек сыналап, көлеңкелеп, жұмбақтап айтқанға шүкiршiлiк еттiк. Хикаяттағы алаш азаматтары тап бүгiнгi көзқараста суреттелмесе, бұл да осы бiр алмағайып уақыттың уысынан шығармаған кесiрi. Бұл хикаяттың да оқырмандарын бей-жай қалдырмайтыны шындық. Ендеше бұл оның тақырыбы тартымды, көркемдiгi келiстi, шоқтығы биiк туынды екендiгiне көз жеткiзетiн нақты дәлел. Сонымен, “Сарбаздар” мазмұны нәрлi, сөйлемдерi әрлi, айтар ойы дәмдi, тұғыры биiк туынды. Ал кейiпкерлерi елiн, жерiн жан-тәнiмен сүйетiн, адал да ақкөкiрек адамдар, ибалы да иманды жандар.

Тiлге тұсау, ауызға қақпақ түскен кешегi кеңес заманы дүрiлдеп тұрғанда бар ақиқатты – алаш ақиқатын ашып айту-жазу мүлде мүмкiн болмағаны белгiлi. Соған қарамастан, айналып өтiп, емеурiнмен болса да елге алаш азаматтарының аттарын естiрте кетудi, жадынан жаңылыстырмауды көздеген жазушы хикаятында оңтайлы әдiс-тәсiл қолданып, дегенiне толық жетпесе де, түпкi мақсат, игi ниетiн бiлдiруге, онымен қалың қауым – қазақпен бөлiсуге асыққаны аңғарылып тұр. Тарихи шындықты толық айта алмаса да, шым-шымдап шыңырау түбiнен жарыққа шығарып, жалғанның жалпағына жария – құлағдар етуге ынталы, ықыласты екендiгi айтпай-ақ сезiлiп, сендiрiп тұрғаны анық. Бұл да болса ұлт тарихына қосылған жарқын бет деп бiлуiмiз керек, бағалауымыз керек.

Шалымы шағын жанрларда талантын таразылап, шама-шарқын байқап көрген Қоғабай келе-келе кесек туындылар жазуға кiрiстi және бұл орайда жеткен жетiстiгi, дараланған дарыны ауыз толтырып айтуға әбден лайық.

Сонымен, “Заманақыр” романы жарыққа шықты. Ол әуелде “Қызыл жалау” аталып, роман-диология аталған және бiр қызығы “Жалын” баспасында қызметте жүргенде оларды алғаш оқып, кiндiгiн кескен өзiмiз едiк. Қоғабайдың бұл романын бiр ғана баһадүр Амангелдiнiң өмiр жолына арналған деген жаңсақ пiкiрден аулақ болғанымыз жөн. Ол жалпы қазақ халқы, оның iшiнде жалпақ Торғай – Қостанай өңiрiн қоныстанған елдiң басынан кешiрген тұтас бiр тағдырлы дәуiрдi көркем әдебиетте кестелеген кесек туынды. Роман дүрбелеңдi кезеңнiң – ұлт-азаттық көтерiлiсi, Қазан төңкерiсi, азамат соғысы қарасаңындағы қазақ сақарасының тiршiлiк-тынысын, қоғамдық-әлеуметтiк жағдайын кеңiнен қамти суреттеуге арналған арналы шығарма. “Заманақырда” өткен заманға, халқымыз басынан кешiрген кешегi кеңестiк кезеңнiң алғашқы жылдарына барлау жасап, байыпты пайымдаулар жасалған. Автор өткен дәуiр, тарихи кезеңнiң бедерлi суреттерiн қиялдан құрастырмай, деректi құжаттарды негiзге алып, шыншылдықпен, уақыт көшiнiң көне сүрлеуiнде iз-түзсiз өшiп қалмай, бүгiнгi және келешек ұрпақтың жадын жаңғыртып, санасына сәуле түсiрудi мақсат еткен. Қаламгер сол мұратына жеткен десек әсте асырып айтқандық емес. Бұл ретте “Заманақырды” тарихи тақырыпқа қалам тербеудiң өзiндiк бет-бағдары бар үздiк үлгiсi деп бағаласақ деймiз.

Көшелi романның басты кейiпкерлерi санатында бала, бозбала жастағы Амангелдi, далаға бiлiм қоңырауын соққан Ы. Алтынсарин жүрсе де, мұндағы оқиғалар, саналуан ел адамдары, орыс зиялылары мен шенеунiктерi төңiрегiнде өрбидi. Қорыта айтқанда, қым-қуыт, аласапыран тiршiлiк кешiп жатқан қазақ даласының сол замандағы панорамалық суретi.

Роман кейiпкерлерi таза қазақы болмысымен дараланған. Олардың жүрiс-тұрысы, сөз саптасы, түсiнiк-түйсiгi, дүниетанымы, пiкiр-пайымы тұтастай қазақы жаратылысымен жаныңа жақын. Құбылмалы қоғам, өзгермелi заман жайлы терең толғаныстан туған туынды сол аумалы-төкпелi мезгiлдiң жылнамасы десек те қателеспеймiз. Сол бiр қилы кезеңнiң хал-ахуалын тереңнен қозғап, жадыңды жаңғыртып, өткен заман оқиғаларын тiрiлтiп, жан-жақты суреттеген шығарманы қазақ әдебиетiнiң толымды табысы деп бағалаймыз. Романда сол жылдардағы қоғамдық-саяси, әлеуметтiк өмiрдiң саналуан көрiнiстерi кеңiнен қамтылған.

Тек өзiне ғана тән қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер романының мазмұны, сюжеттiк желiсi, жазу мақамы мен мәнерi, композициялық құрылымы, оқиға мен идеясын қиюластыру шеберлiгi, тiл қолданысы мен суреттеу тәсiлi өзiндiк стилiн жазбай танытып тұр. Ал бұл оның суреткерлiгiнiң шынайы көрiнiсi.

Романның аса ауқымды, кең тынысты, сан салалы, шынайы өмiрдiң шырайын келтiрiп, ақиқатын айғақтаған айтулы туынды екендiгi талассыз.

Амангелдi батырдың балалық шағы, өсу, толысу жылдары осы романда сөз болса, оның өмiрiнiң арпалысты күреске толы асулары, қазағына-ұлтына сiңiрген азаматтық еңбегi, жанқиярлық ерлiгi келесi кiтаптардың еншiсiнде екенi белгiлi. Ендi Амангелдi батырдың есейген, ел қорғаны болған жылдарын баяндайтын шығарма тезiрек оқырман қолына тисе деймiз. Ұлтымыздың рухани кемелденуiне, төл тарихымыздың толысып, түгенделуiне қосылатын құндылықтардың қатарындағы шығарманың сәттi аяқталарына сенiмдiмiз.

Жалпы, алаш арыстарының ұлтына сiңiрген ерен еңбегi, сол жолдағы тартқан азаптары жөнiнде жазушы Қоғабай сол “Сарбаздардан” басталған ақиқат сөзiн үзбей жалғастыру үстiнде. Тәуелсiздiктiң бозала таңы атқан тоқсаныншы жылдардың басында оның “37 жыл” деген шындықты шыңыраудан шығарған тамаша әңгiмесi жарияланды. Сөйтiп, тиiп-қашып болса да, баспасөз беттерiнде жарық көре бастаған қазақтың бетке ұстар айтулы азаматтарын қынадай қырып, тұқымын тұздай құртудың, ел басына күн түскен кезеңнiң ақиқаты айтыла бастаған тұста, Қоғабай сол бiр солақай саясаттың дәуренi жүрiп тұрған жылдардың зұлматын көркем сөз арқылы көпшiлiкке жеткiздi. Әңгiмеде пәк пейiл, ақ көңiл алаш арыстарының – ұлтының ұлы азаматтарының жарқын бейнелерi сомдалған.

Сандаған жылдар санамызда жүрсе де атаусыз қалып келген ұлт қайраткерлерiнiң есiмдерi, еңбектерi ендi-ендi жарыққа шыға бастағаны белгiлi. Осы олқылықтың орнын толтыруға жазушы Қоғабай да сүбелi үлес қосқан. Оның “Үш арыс” роман-эссесi халқымыздың аяулы перзенттерi, ұлтымыздың көсемдерi Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатовты қайта тiрiлткен тамаша туынды. Шығарманы қолға алған бетте бас алмай оқып шығасың. Роман кейiпкерлерiнiң тағдырын зор сүйiспеншiлiкпен, қимас құрметпен зейiн қоя зерттеп, көркем сөзге көшiрген қаламгердiң тау тұлғалы азаматтардың арман-аңсарын, қалтқысыз қызметiн ел жадынан мәңгi өшпейтiндей деңгейде дәрiптеп, жан тебiренте жазған жазушыға шексiз риза боласыз.

Роман-эссенiң бiтiм-болмысы, жазылу әдiсi де жаңаша. Қазiргi заманғы прозаның бағыт-бағдарына сай келетiн қысқа қайырып, сөйлемдерiн ащы шектей шұбалтпай жазуы – көлемге сараң, ойға сақи болуы жазушының басты ерекшелiгi деп бiлемiз. Жанрлық табиғаты қалыптасқан қазақ романдарынан бұл шығарманың өзгешелеу стилде жазылғандығын айырып айту да парыз. Бұл роман-эссенiң тақырып, мазмұны ғана емес, жазылу мәнерiнiң жаңа арнаға түскендiгiне дәлел. Өзiндiк қолтаңбасы әлдеқашан қалыптасқан Қоғабай Сәрсекеевтiң соңғы жылдардағы жемiстi еңбегi қатарына алаш ардагерлерiнiң өмiр-тағдырларын толғаған осы еңбегiн ерекше атап өту орынды. Қоғабайдың жүрегiн жарып шыққан шығармаларының қай-қайсысы болмасын өз заманының көркем әдебиеттегi көркем шежiресi екендiгiн айтуға тиiспiз.

Әлiптiң артын бағуға әдеттенген әдеби сын да, қашанғысынша ауыздарына су құйып алғандай тым-тырыс жатып алмай, Қоғабай кiтаптарына пiкiр бiлдiрiп жүр. Сипақтата сөйлеп, тiзгiн тарта болса да, мақтаудан да, сынаудан да кенде емес. Иә, жарыса жазып, жамырай мақталмаса да, талантты туындыларын жұртшылық жылы қабылдап жүргенi де жасырын емес.

Қазiр Қоғабайдың жетпiске толып, жетiлген шағы. Қалың оқырман қауымды ойлантар, толғантар туындылары арқылы суреткерлiгiн – арынды дарын иесi екендiгiн мойындатқан жазушы бақыты деген осы болар, бәлкiм…

Өмiрдiң де, өнердiң де кемел шағына шаршап-шалдықпай, аман-сау, абыроймен жеткен Қоғабайдың өзiнiң құдай берген ақ көңiл адалдағы, жанының тас бұлақтың суындай тазалығы, дос-жаранға, ағайын-туғанға жанашыр тiлеулестiгi арқасында сый-құрметке бөленiп, әдемi әзiл-қалжыңымен ортамызда думандатып жүре беруiне тiлектеспiз.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары