НҰР-МҮБАРАКТА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТI

НҰР-МҮБАРАКТА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТI

НҰР-МҮБАРАКТА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТI
ашық дереккөзі
171

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң бастамасымен өткен халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияың тақырыбы-”Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және қазiргi заман”.

Осы конференцияның бiрiншi секциясының баяндамалары елiмiздегi һәм Орта Азиядағы бiрегей оқу орны Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетiнде тыңдалды. Алдымен университет ректоры Махмуд Фаһми Хижази сөз алып, қонақтарға сәлем жолдап, бұл жиынның маңыздылығына тоқталды.

Секция жұмысына тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшiрбек Мүминов, Нұр-Мүбарак университетiнiң проректоры Шамшиддин Керiм жетекшiлiк еттi.

Түркиялық ғалымдар Исмаил Хак “Ханафи мәзһабындағы хадистердiң орны”, Атан А.Х. “Қазақстанда Ханафи мәзһабының өмiршеңдiгi” туралы соны ойларын ортаға салса, жергiлiктi ғалымдар Шамшиддин Керiм “Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығанақидың ақида саласындағы еңбектерi”, Ақатаев Ерлан “Хадистердiң фикһтағы әртүрлi көзқарастардың шығуына әсерi”, Қайрат Мамбетбаев “Мәзһаб ұстанудың қажеттiгi”, Асылбек Төлегенов “Ханафи мәзһабындағы кейбiр шариғи мәселелер”, Шалқаров Данияр “ат-Тасдид фи шарх ат-Тамхид” төңiрегiнде тәп-тәуiр пiкiрлерiн жеткiздi.

Халықаралық конференцияға Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетiнiң ұжымы, ұстаздары мен студенттерi бiр кiсiдей атсалысты. Секция барысындағы баяндамалардың денiн солар жасағанын айтып өтейiк. Әсiресе, араб елдерiнен келiп Нұр-Мүбаракта ұстаздық етiп жатқан ғылым докторлары Мухаммад Махфуз “Аллаһ тағаланың Аршы мәселесi” жайындағы қызықты баяндамасында Әбу Ханифаның пiкiрi айқын. Яғни Аллаһ тағаланың белгiлi бiр орынға ешқашан мұқтаждығы жоқ. Оны еш нәрсе қоршай алмайды деп, Ато Сынбати “Мәзһабтың жаңа таңдағы рөлi”, Рида Дақиқи әлi жарық көрмеген ғылыми бiр еңбектiң өзектiлiгiне тоқталды.

Халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға Ресейден (шейх Равиль Гайнуддин), Түркиядан, Татарстаннан, Қырғызстаннан, Моңғолиядан құрметтi қонақтар, сондай-ақ облыстық имамдарымыз қатысты.Жиынның мақсаты — Ханафи мәзхабын кеңiнен ұстануға, насихаттауға жол ашу, оның ғылыми мәнiнiң жоғарылығын көрсету болғандай.

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары