“ОРЫС ӘДЕБИЕТIН” ОҚИ БЕРЕМIЗ БЕ?!

“ОРЫС ӘДЕБИЕТIН” ОҚИ БЕРЕМIЗ БЕ?!

“ОРЫС ӘДЕБИЕТIН” ОҚИ БЕРЕМIЗ БЕ?!
ашық дереккөзі
436
Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев мырзаға!

Ашық Хат

Құрметтi Жансейiт мырза!

Басында Ресей империясының, кейiн тоталитарлық кезең деп аталатын, шын мәнiнде, ұлттық саясатында ұлы орыстық империялық бағытты толық ұстанған Кеңес өкiметiнiң қоластындағы Қазақ елiнiң өз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн ұлттық, жеке мемлекеттiк идеологияны жүзеге асыруы шарт болатын. Өкiнiшке қарай, олай болмады. Соның бiр дәлелi — Қазақ елi мектептерiндегi “Орыс әдебиетi” пәнiнiң сақталуы болып табылады. Мектептердегi бiлiм салаларын оқыту барлық елдерде ұқсас болса да, әрбiр ел өздерiнiң оқулықтарын шығарып, өзiндiк бағдарламасымен бiлiм беретiнi — талассыз шындық. Осы шындық Қазақ елiнде әлi де мойындалмай келе жатыр.

Бүгiндерi Кеңес кезеңiнен басталған және қазiрге дейiн мектеп бағдарламасынан түспей келе жатқан “Орыс әдебиетi” пәнiнiң жаңа Қазақ елi жастарына қандай қажеттiлiгi бар? Көршi бiр ғана елдiң әдебиетiн жекелей бөлiп алып оқыту мүмкiн емес. Өркениеттi елдердiң қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекеттiң оқушыларына көршi бiр ғана елдiң, бұрынғы метрополияның әдебиетiн оқыту — не қоғамдағы өзгерiстi мойындаудан бас тарту, немесе “Орыс әдебиетiн” дүниедегi ең бiр ерекше ұлы әдебиет деп танумен бiрдей. Барлық халықтардың әдебиетi, дүниедегi барлық тiлдер өз деңгейiнде “ұлы” болып саналады. Бiздiң жастарымыздың тек Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Тургеневтердi тануы — дүниежүзiне терезе ашу болып табылмайды. Кеңес өкiметi тарағаннан соң құрылған тәуелсiз мемлекеттердiң барлығы дерлiк мектептiң оқу бағдарламаларындағы “Орыс әдебиетiнiң” орнына “Әлем әдебиетiн” енгiздi. Олар орыс классиктерiмен қатар, Азия мен Африканың, Европа мен Американың, араб, қытай, жапон елдерiнiң әдебиетiмен танысуда. Әлде әлем таныған Маркес пен Тагор, Айни мен Айтматов, Джек Лондон мен Назым Хикмет орыс қаламгерлерiнен төмен болып санала ма? Әрине, сол уақыттағы метрополия болып отырған Ресейдiң көзқарасы солай болды. Әрбiр метрополия өзiнiң отар елдерiне барлық “асылдар” өздерiнен шыққандай бағыт бередi. Бiрақ қазiр бiз егемендi ел емеспiз бе? Егемендiктiң басты көрсеткiшi де осында жатыр деп бiлемiз.

Сiздер әлем әдебиетiне мойындарыңызды бұрмай, Қазақ жерiнде тұратын бiр ғана диаспораның әдебиетiн жеке оқыту арқылы Қазақ ұлтына және оның болашағына орны толмас қиянат жасап отырсыздар. Әлде Конституцияда “қазақ елiндегi жалпы саны 20 пайыздан асатын диаспораның әдебиетiн жеке пән ретiнде оқыту керек” деген заң бар ма? Айта кету керек, бiздiң жүргiзген зерттеулерiмiздiң нәтижесi бойынша “Орыс әдебиетiнiң” орнына “Әлем әдебиетiн” енгiзудi диаспора өкiлдерiнiң 56,3 пайызы қолдайды екен. Оның iшiнде жастардың 64,1 пайызы бiздiң пiкiрiмiздi дұрыс деп санайды. Бұл дерек Сiзге ой салады деп үмiттенемiз.

Республикалық “Ұлт тағдыры” қозғалысы Сiзге осы пiкiрдi жеткiзе отырып, екi сұрақ жолдап, нақты жауап күтедi.

1. Мектеп бағдарламасында осы күнге дейiн “Орыс әдебиетi” пәнiнiң сақталып келе жатуының қандай нақты себептерi бар?

2. Жақын арада Қазақ елiнiң мектептерi “Әлем әдебиетiне” көше ме?

Дос КӨШIМ, Республикалық “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы

Серіктес жаңалықтары