МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ, МӘЖБҮРЛIК ПЕ?

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ, МӘЖБҮРЛIК ПЕ?

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ҚАЖЕТТIЛIК ПЕ, МӘЖБҮРЛIК ПЕ?
ашық дереккөзі
176

Сейсенбi күнгi үкiметтiк отырыс басынан аяғына дейiн мемлекеттiк тiлде өткiзiлiп едi, отандық бұқаралық ақпарат құралдары у-шу болды. Телеарнаның да, радио мен газеттiң де жарыса жеткiзгенi – сейсенбiлiк отырыс. Бiрi – “Мәжiлiстiң сынына жиi ұшырайтын Министрлер кабинетi мемлекеттiк тiлдi елеп-ескеруге көштi” деп “бөркiн” аспанға атса, қазақшаға шорқақ ағайын “Үкiметтiң мұнысы несi?!” деп бұлқан-талқан.

Шын мәнiсiнде, қуануға не ренжуге лайық әрекет пе бұл? Кезiнде қазақтардың ата-бабасы қасықтай қаны қалғанша қорғаған топырақта қазақ тiлiне үстемдiк бергеннiң несi айып немесе несi таңсық? Орталық және жергiлiктi атқарушы билiктiң, кез келген мемлекеттiк мекеменiң мемлекеттiк тiлде сөйлеуi әлдеқашан қалыпты жағдайға айналуы тиiс емес пе?

Жуырда БҰҰ жанынан құрылған мәдени ұйым – UNESCO дүниежүзiндегi 6 мың тiлдiң үштен бiрiне Жер бетiнен жоғалып кету қаупi төнгенiн айтып, дабыл қақты: “Жоғалып кеткен тiлмен бiрге әлем мәдени мұрасының бiр бөлiгiнен айырылып қалады. Әфсаналар, жырлар, ертегiлер мен жұмбақтар… бiр-ақ сәтте шексiздiкке сiңiп жоқ болады”.

UNESCO таратқан ресми деректерге сүйенсек, 2 мың тiлдiң 200-ге жуығын қолданатындар саны саусақпен санарлықтай екен. Яғни, сұраныс жоқ. Былтыр соңғы 15 жыл бойы ияк тiлiнде тек бiр өзi сөйлеп келген 88 жастағы аляскалық Мария Смит Джонс қайтыс болғанда әлем “марқұммен бiрге ияк (Eyak) тiлi топырақ астында қалды” деп қайғырған. Өйткенi, марқұм Марияның кiндiгiнен өрген 9 баласы мен күйеуi ияк тiлiнде сөйлеуге арланғандықтан, туған тiлдерiнен саналы түрде бас тартқан. Мұндайда қазақша сөйлеуге арланатын, қорланатын “өз қағынан өзi жерiген” қандас келедi көз алдыңа. Әрине, ияк тiлiнiң кебiн киюден сақтасын. Бiрақ қазақ қоғамында мемлекеттiк тiлге деген сұраныс пен қажеттiлiк туындамайынша, қазақ тiлiнiң үстемдiк етпесi анық. Күнi кеше ғана елге танымал бiр саяси қайраткердiң “Бiз ұлы Ресей империясының қалыптасуына, дамуы мен бекуiне жағдай жасауымыз керек” деп көкiгенiне қатты қынжылған едiк. Бiрақ құй ренжi, құй ренжiме, “Ресейсiз күнiмiз қараң” деген сенiмдегi отандас көп арамызда. Оның үстiне, елiмiздегi электрондық ақпарат құралдарының басым бөлiгi көрермен “көксандықтың” алдына көп жиылатын (прайм-тайм) кезеңде тек орыс тiлiнде хабар тарататыны тағы бар.

Тiл – мемлекеттiң келешегi. Тiлсiз мемлекет жоқ, ұлт жоқ. Ертең мен бүрсүгүнi жоқ. Арман мен мақсат жоқ. Жауапкершiлiк пен мiндет жоқ. Демек, мемлекеттiк тiл дегенiмiз – мемлекеттiң болашағы, ұрпақтың жарқын келешегi. Мемлекеттiк тiл дегенiмiз – мемлекеттiк тұтастық, ұлттық қауiпсiздiк. Өкiнiшке қарай, осы мәселеде тiзе қоса отырып, әрекет етуден гөрi бүйректен сирақ шығарып, бұра тартқысы келетiндер көп. Мұндайда өзгенiң тәжiрибесiне жүгiнуге мәжбүрсiң: Францияда француз тiлiн бiлмейтiндерге азаматтық берiлмейдi, Германияда ұлты немiс емес азамат канцлер бола алмайды, демократияның алтын бесiгi деген Америка халқының 12,5 пайызын құрайтын испандықтар испан тiлiн Құрама Штаттардағы екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi деңгейiне көтере алмай шаршап жүр. Әлемге “демократия” ұғымын күштеп таңуға құштар Ақ Үйдiң “демократия” дегенiмiз осы екен деп испан тiлiне ерекше мәртебе бермесi анық, әсте! Ендеше айтыла-айтыла жауыр болған қазақ тiлi қашанғы “жабықтан” сығалап, қоғамнан жырақ қалады?

Қазiр Алматыдағы (сондай-ақ, елiмiздегi басқа да iрi қалалардағы) кез келген базар-дүкеннiң маңдайшасынан “Нан-хлеб”, “Сүт-молоко”, “Ет-мясо” деген қос тiлдегi жазуды кездестiресiз. Мекемелер мен басқа да қызмет көрсету орындарында да – солай. Алматылық қоғамдық көлiктердегi автоматты хабарландырулар да – екi тiлде (көлiк iшiнде 20-30 қазақпен бiрге отырған бiр өзге ұлт өкiлiне бола тiлiн бұрап, орысша сөйлеп, әлекке түсетiн қандастың “жыры” бiр басқа). Бейне қазақша атаудың жанында орысша аудармасы болмаса, адамдар аштыққа ұшырап немесе жолынан адасып кететiн сияқты. Сорақысы сол, көшелердегi жарнама немесе ғимараттар маңдайшаларындағы атаулардың қазақшасында айтуға ауыз бармайтын өрескел қате өрiп жүрсе, қате жазылған орысша не ағылшынша бiр сөздi көрмейсiз. Мемлекеттiк тiл мәселесiне келгенде саяси ұпай жинауға тырысатын бiрде – көл, бiрде – шөл қазақ билiгiнiң құлағына – алтыннан сырға.

Айтпақшы, жуырда ғана “Политон” пiкiрсайыс клубында “орыстiлдi қазақтардың қоғамға тигiзетiн пайдасы туралы” мәселенi қаузаған пiкiрталас кешi өттi. Өкiнiшке қарай, қатысуға мүмкiндiк болмады. Бiрақ көкейде “Кiм ненi көздедi? Кiм ненi меңзедi?” деген сауал қалып қойған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары