Жақсыбай ҚОСБАРМАҚОВ: САЛЫҚ ТӨЛЕЙМIН, БIРАҚ САНАҚҚА IЛIНБЕЙМIН. БҰЛ ҚАЛАЙ?

Жақсыбай ҚОСБАРМАҚОВ: САЛЫҚ ТӨЛЕЙМIН, БIРАҚ САНАҚҚА IЛIНБЕЙМIН. БҰЛ ҚАЛАЙ?

Жақсыбай ҚОСБАРМАҚОВ: САЛЫҚ ТӨЛЕЙМIН, БIРАҚ САНАҚҚА IЛIНБЕЙМIН. БҰЛ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
213

Қазiрдiң өзiнде елiмiзде дүбiрлетiп өткен санақтың алдын ала нәтижесi шығып жатыр. Парламенттен сүйiншi сұрай келген Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов: “Республика халқының саны 16 миллион 402 мың 862 адамға жеттi. Санақ алдындағы есебiмiз бойынша, 15 млн. 730 мың адам болады, 672 мың адамдай өсiм болады деп межелеген едiк. 1999 жылғы санақ деректерiмен салыстырғанда Қазақстан халқы 1,5 миллион адамға өскен. Ал 1999 жылы қазақтың саны 53 пайыздан сәл ғана асса, алдын ала деректер бойынша қазiр 67 пайыздан асады” деген мәлiметтi жүрегi жарыла жеткiздi. “Қазақ 67 пайызға жеттi, ендi Үкiмет отырысын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге тырысамын” деген Кәрiм Мәсiмовтiң бар кiлтипаны осы басымдыққа қол жеткiзуде жатқан сияқты. Бұдан былай ол: “Басқосуларда, Үкiмет отырыстарында тек қана қазақ тiлiнде сөйлеп, қазақ тiлiнде жауап беремiн” деп уәде бердi. Уәде — Құдай сөзi. Бұған дейiн қазақ тiлiнде сөйлесе, сырт жұртқа күлкi, мазақ етiп тұрғандай көрiнетiн Мәсiмовтiң бұл бетбұрысы бәрiмiздi қуантқаны рас.

Үкiмет басшысынан осы жағымды жаңалықты естiп, көңiлiмiз марқайып отырғанда редакцияға кәсiпкер Жақсыбай Қосбармақов хабарласып, өзiнiң санаққа iлiнбей қалғандығын қапалана жеткiздi. Алматы қаласында 28 жыл тұрып, еңбек етiп, кәсiбiн ашып, қаншама адамға жұмыс берiп, шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуына қал-қадiрiнше үлес қосып жүрген кәсiпкер кешегi ұлттық санақтан қалып қойғанына қатты ренжулi. “Бұл өкпе-назымды қаланың қақ ортасы – Абай мен Фурманов даңғылында орналасқан “Жастар” мейрамханасының қожайыны ретiнде, осында санаққа енбеген 100 шақты тұрғынның атынан айтып отырмын”, – дедi ол сөзiнiң тоқ етерiне екпiн түсiрiп. Бiз кәсiпкер Жақсыбай Саудағазиұлының телефон қоңырауынан соң, арнайы жолығып, аз-кем әңгiме өрбiттiк.

– Санаққа iлiнбей қалған жалғыз мен емес. Осы жерде қаншама адамдар бар. Өйткенi, мұнда мейрамхана, бильярд, т.б. жалға алған мекемелер жетедi. Ешкiм бұлардан ештеңе сұраған жоқ. Бұл адамдардың бәрi осы жерде тұрып жатыр. Мүмкiн тiркеуде тұрған жерiнен жазып алған болар деп ойлайын десем, бәрiнiң тiркеуi осы жерде. Мысалы, өзiм тiркеуден шығып кеткем. Дәл мен сияқты қаншама адам бар ғой. Көрдiңiз бе? Өзiм осы мейрамхананың қожайынымын. Санақ жүрiп жатқан кезде мойнына куәлiгiн таққандар 10 күндей үнемi осыннан тамақ iшiп жүрдi. Бастапқыда олардың санақшы екенiн бiлмедiм. Өйткенi, мына жағымыздың бәрiнде телекомпания мен радио мекемелерi бар. Сөйтсем, олар санақшы екен. Бiрақ олар санақ жасамайды екен, тек тамақ қана iшедi екен. Мiне, қараңызшы, қалай санақ бiттi, олар да жоқ. Соған қарағанда санаққа бөлiнген ақшаға мейрамханаларда тамақ iшiп, серуендегенге ұқсайды. Соған таң қалдым. Әйтпесе, олардың бұрыннан да санамайтынын бiлемiн. Жалғыз бiз емес, басқа да мейрамханасы, дәмханасы бар жолдастарым да солай дедi. Бiр жағынан бiзге жақсы болды, саудамызды жүргiздi.

– Бәлкiм, сiздiң отбасыңыздың мүшелерiнен сұраған болар…

– Жоқ. Әйелiм, үш балам да “Бiз санақтан қалып қойдық па?” деп кәдiмгiдей ренжiп отыр. Сонда бес жаннан тұратын отбасы санақтан тыс қалды. Құдай бiледi, осы жерде тұратындардың бiреуi де санаққа iлiнген жоқ.

– Ал, бiрақ бiз “қазақтар 67 пайызға жеттi” деп қуанып жатырмыз ғой…

– Бұл ақпаратты естiдiм. Таңқалдым. Ол пайызды қайдан алғанын бiлмеймiн. Егер санақ бiздi санағандай өтсе, күмәнiм бар. Қалай алды, кiмдi санады? Мына жерде қонақ үйдi жалға алып, тұрып жатқан, жұмыс iстеп жүрген 100 шақты тұрғыннан немесе көршi жатақханадағы студенттердiң кез келгенiнен сұраңызшы, қай қайсысы да “санақшы көрмедiк” деп бәйек болады.

– Санақ кезiнде қалып қалған адамдар тегiн телефон арқылы өзi жайлы мәлiмет бере алады деген. Сiз соған хабарласпадыңыз ба?

– Хабарласпадым. Өйткенi, алдын-ала жарнамасы жер жарып жатқандықтан дұрыс өтетiн шығар дедiм. Бiрақ сол санақ басталған күнi бәрi де тып-тыныш тиыла қалды. Бiз келедi екен деп күттiк. Жаным қатты ауырды. Себебi, бұл жерде бiрiншiден, жатақхана, екiншiден, қонақ үй, үшiншiден мейрамхана бар. Осы маңайдағы адамдардың бәрi бiзге бас сұғады. “Бiз сонда адам емеспiз бе?” деп бiр-бiрiне ренiшiн айтып жатты. Бәлкiм, олардың өзiне керектi санайтын адамдары бар шығар. Шындығын айтқанда, бiз де қоғамға өзiмiзше атсалысып келемiз ғой. Кәсiпкер ретiнде салық төлеймiн. “Салық төле!” деп сұрағанда жақсы. Мәселен, салық бiр тоқсанға төленбей қалса, кәсiбiңдi жауып тастауға дайын тұрады. Өзiм кәсiпкермiн, кiшкентай ұжымды басқарып отырмын. Қонақ үйде қанша адам тұрады, қанша бөлме бар, ұлты қандай, кiм қандай тамақ iшедi, кiм iшiмдiкке әуес, соның бәрiнiң жобасын бiлiп отырамын. Себебi, менiң жұмысым осы. Сол сияқты Үкiметке де санақ елiмiзде қанша халық бар, қанша ұлт бар екенiн бiлу үшiн керек болған шығар. Халықты немен қамтамасыз етуi керек, тiлi, жағдайы қандай, жұмыссызы қанша деген сияқты. Бiрақ мынандай өтiрiк санақпен қандай нәтиже шығаратынын бiлмеймiн.

Қателеспесем, Алматыда жүрген қазақтың 50 пайызының тiркеу құжаты болса, 50-iнде жоқ. Тiркеу бойынша санады дегеннiң өзiнде тiркеуi жоқтар қайда қалады? Жасыратыны жоқ, баспанасыз жүргеннiң бәрi – қазақ. Тiптi, қажет десеңiз, соларды көшеден ұстап алып-ақ санақ жүргiзсе болады ғой. Боралдай жақта “Комсомол” деген ауылдан үй салып жатырмын. Мiне, сол ауылдағылар да “ешқандай санақшы көрмедiк” деп жыларман болды. Жанында “Қазцик” деген ауыл бар. Олар тiптi, қай уақытта санақ өтiп кеткенiн бiлмейдi. Ауылдағы жұрт күнде теледидар қарап, газет оқып отырған жоқ қой.

– Сiз 1999 жылғы санаққа қатыстыңыз ба?

– Онда да санаған жоқ. Бiрақ ол кезде баламыз ғой. Кәсiпкерлiкпен жаңадан айналысып жатқан кезiм. Қайта санамаса екен деп ойладық. Ал қазiр азамат боп, өзiмiзше жақсы кәсiпкер ретiнде үкiметке, халыққа пайдамыз тиiп жатыр дегенде, бiздi санамайды. Соған қатты ренжiдiм. Жасыратыны жоқ, бiздiң қоғамда әркiм өз орнында жұмыс iстеп жатқан жоқ. Шын жүрегiнен жаны ашитын санақшы өзiнiң азаматтық борышын өтеуге тырысады. Себебi, ондай адам санақтың не үшiн өтiп жатқандығын, неге, кiмге керектiгiн бiледi. Ал санақшылар ондай болып шықпады. Бар болғаны, он шақты күн менiң тамағымды, арағымды iшiп кеттi.

Алматыда 1980 жылдан берi тұрып келемiн. Содан берi өзiмдi “алматылықпын” деп есептеймiн. Жарайды, алматылықпын демей-ақ қояйыншы, одан бұрын мен қазақпын, Қазақстанның азаматымын ғой. Осында тудым, өстiм, өндiм, балаларым да ержетiп келедi. Сонда мен және менiң отбасым санаққа iлiнбей қалуы керек пе?

– Алматыда сiз сияқты санаққа iлiкпей қалған 100 мыңнан астам тұрғын бар көрiнедi…

– Егер Алматыда соншалықты адам қалып қойса, басқа облыстарда санақ болған жоқ деп айтуға болады. Санақтың ең қызатын жерi осы жер. Оның үстiне Алматы – үкiметке, билiкке жақын жер, мәдениет пен бiлiмнiң ордасы. Егер де санақ жүрiп жатқан кезде Астанадағы Статистика агенттiгiнiң қызметкерлерi осы “Жастар” мейрамханасына келгенде санақшылардың қалай жұмыс iстеп жатқандығын көрер едi. Мысалы, мен де басшымын, жұмыс уақытында бiр адамды шашау шығармаймын. Себебi, маған келiп түсетiн қаржы төмендеп, жұмысым тоқтап қалады. Ал санақшылар санақ жүргiзудiң орнына уақытын бос жiберiп, мейрамханаларда отырды. Келетiн болса, неге қазiр келмейдi? Бұл бiздiң iшiмiздегi күйiк. Жалғыз санақ туралы айтылғандағы әңгiме емес, қалғандарының бәрi де осылай жүрiп жатыр.

Ең бiрiншi ақша бөлiндi, ол жұмсалды. Осы санақты дәл қазiргi дағдарыс кезiнде емес, екi-үш жылдан кейiн өткiзсе де болар едi. Ақшаны қажетсiнiп отырған жерiмiз көп. 6 млрд. теңгемен бiр жыртықты жамауға болмас па едi?! Әбден есеп-қисаппен жұмыс iстеуге үйренген бас қой. Өзiм бекерден-бекер ақша шашуды көрсем жүрегiм ауырады. Неге сол ақшаны ғарышқа ұша алмай қалған жiгiттерге жұмсамасқа? Жақында 2011 жылы өтетiн Азиада ойындарының құрылысына бөлiнген ақшаны қиып тастапты. Оған Елбасы көмек бермесе, тоқтап қалатын түрi бар. Қазақ той жасағанда шашылатыны сияқты, сол шашылу жоғары жақтан бастау алады.

– Қалай ойлайсыз, он жыл iшiнде халықтың санын да бiлу керек шығар…

– Әрине, шын өтсе керек. Бiрақ дәл кешегiдей өткен санақтың қажетi шамалы. Халықтың бiрi – мен. Осындағы 100 адамның бiреуiн санаса, “А, мен болмай қалған шығарамын, көрмеген болар” деп айтар едiм. Қаланың шетiнен қоныс тепкен елдiмекендердi былай қойғанда, Алматының кiндiгiнде, қақ ортасында тұратын бiз де санаққа iлiкпедiк қой.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары