ПЕДИАТРИЯ ФАКУЛЬТЕТI ЖАБЫЛДЫ

ПЕДИАТРИЯ ФАКУЛЬТЕТI ЖАБЫЛДЫ

ПЕДИАТРИЯ ФАКУЛЬТЕТI ЖАБЫЛДЫ
ашық дереккөзі
432

Бала өлiмiне тосқауыл қоя аламыз ба?

Елiмiзде ана мен бала өлiмi жылдан-жылға өсiп жатса да, министрлiк бұған селт етер емес. Қазақстан бала өлiмi бойынша ТМД елдерiнiң арасында бiрiншi орынға жайғасқан. Былтыр елiмiз 8 мың сәбиiнiң көзiне топырақ салды. Ал “Ана мен бала өлiмi көрсеткiшi ұлғайды” деген ақпаратты қорықпай жариялаудан жалықпайтын министрлiк iске келгенде шорқақтық танытып келедi.

Бұл бұл ма, онсыз да әупiрiмдеп келе жатқан қазақ медицинасы тағы бiр “құрбандық шалды”. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетiнде балалар дәрiгерi мамандығын дайындайтын факультет жабылып қалды. Кезiнде жанашырлар, педиатрлар қауымдастығы мамандары осы қауiптiң төнiп тұрғанын айтып, Үкiметке бiрнеше рет үндеу жолдаса да, құлаққа iлген ешкiм болмады. Бұл кiмнiң жасап отырған шаруасы? Онсыз да ана мен бала өлiмiн ауыздықтай алмай отырғанда мұнымызға не жорық? Елiмiздiң бас педиатры, балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаев: “Бiз қанша жерден тамағымызды жыртып айтқанмен түк шықпады. Министрлiк Педиатрия факультетiн жауып тастады. Ендi балалар дәрiгерiн даярлайтын өз алдына жеке факультет жоқ. Олар соңғы 5-6-шы курста ғана балалар дәрiгерiн оқытамыз дейдi. Екi жыл жеткiлiксiз деп талай айттық” деп күйiнедi. Яғни, ол билiктiң бұл әрекетi демографиялық жағдайды түзетудi мақсат тұтқан саясатқа қайшы екендiгiн алға тартады. Сонда шамамен 6-7 мың бала дәрiгерiне тапшы медицинаның ендiгi жағдайы не болмақ? Бұдан былай медициналық жоғары оқу орындары балалар дәрiгерiн оқытуды бiрiншi курстан емес, бесiншi, алтыншы курста ғана қолға алмақшы. Министрлiктiң қабылдаған концепциясына үңiлсек, педиатр дегенiмiз — алдымен, жалпы медицина факультетiн оқып, педиатрға соңғы екi жылын ғана арнаған маман. Шыны керек, бiзден басқа Педиатрия факультетiнен қашқан ел жоқ екен. Өйткенi, жаңадан ғана өсiп-өнiп келе жатқан баланың ағзасы үлкен табиғат. Оны меңгеру үшiн 2 жыл мүлдем аздық етедi. Егер ертеңгi күнi жалпы медицина факультетiн оқыған жастар педиатр емес, басқа салаға еңбек етiп кетсе, баланы емдейтiн маманды қайдан iздеймiз? Бiзде қазiр 1000 балаға бiр педиатр-дәрiгерден келетiн көрiнедi. Тiптi, ауылды жерлерде педиатр жоқтың қасы.

Министрлiктiң Педиатрия факультетiн жауып тастауына байланысты шешiмге қарсылық бiлдiрген С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетiнiң Емханалық педиатрия кафедрасының меңгерушiсi, профессор Дадамбаев Едiл Тайтүлеуұлы пiкiрiн былай сабақтады.

— Педиатрия факультетiн “Балон конвенцияға кiрдiк” деп жауып тастады. Балон конвенция деген негiзi жалпылама маман дайындау деген сөз. Бiрақ оның өзiнде Педиатрия факультетiн жауып тастау деген нұсқау жоқ. Оны шығарып жүрген Дерновойдың кезiндегi министрлiк. Сөйтiп Педиатрия факультетiн жауып тастады да, жалпылама факультетке енгiздi. Биыл мiне, екiншi жылға кеттi. Бұл дұрыс емес. Мысалы, Ресей жапқан жоқ. Ал Украина, Молдова, Қырғызстан, Өзбекстан Педиатрия факультетiн жауып едi, қайтадан ашты. Өйткенi, баланы емдеп, қарайтын маман тапшылық тудырды. Қазiр баланың өлiм-жiтiмi көбейiп кеттi. Бiзде де мәз емес. Өмiрге келген 1000 баланың орта есеппен шаққанда 24-i шетiнейдi. Жалпылама факультетке баратын ұсыныс болғанмен студенттердi педиатрияға апарып тығу мүмкiн емес. Бiреуi хирург, гинеколог, терi ауру дәрiгерi болғысы келедi. Ал Педиатрия бос қалайын деп отыр. Өйткенi, бiр жағынан бұл мамандықты меңгеру де, игеру де қиын. Сондықтан бiтiрген жастардың көбi жаңағыдай мамандықпен жұмыс iстеп кетедi. Қазiргi Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев жағдайды бiледi. Сол кiсi қолға алатын шығар. Бұның бәрi сол министрлiкке байланысты.

— Сонда оқу курсының соңғы екi жылында педиатр-дәрiгерiн дайындау мүмкiн емес пе?

— Болмайды. Мәселен, бес жыл оқиды, одан кейiнгi екi жылда оқытады дейдi. Бiз алты жыл оқытқанның өзiнде педиатр-дәрiгердi әзер дайындап жүрмiз, екi жылда не өзгередi дейсiз?!. Сондықтан Педиатрия факультетi жеке болғаны дұрыс. Қай жерде болсын балалар ауруы белең алып барады. Бұрынғы кеңестiк кезеңдегi бағдарлама дұрыс едi. Ресей бiр мезетте Балон конвенциясын да енгiзе отырып, өз конвенциясын да қолданып отыр. Негiзi осы дұрыс. Шетелдiк мамандардың педиатрия жағынан ештеңенi қырып бiлiп жатпағанын да көрiп жүрмiз ғой.

— Негiзi денсаулық сақтау саласына реформа жасау керек деген пiкiр айтылып жүр. Бұған не айтар едiңiз?

— Жасайтын адам жасайды. Жақсылық Досқалиевтiң қолға алып отырған бастамаларына көңiлiмiз тоқ. Ол кiсi көп нәрсенi бiледi. Ауылда өскен. Қазақстан балалар дәрiгерлерiнiң 6-шы съезiнде баяндама жасап, педиатрия факультетiн жабу дұрыс еместiгiн айттым. Құлақ асқан ешкiм болмады. Кейiн дауыс беру кезiнде факультеттi жабуға 67 профессор қарсы шыққан. Мұндай ашық әңгiменi бұрынғы денсаулық сақтау басшылары тыңдамаса да, қазiргi министрлiк басына тигеннен кейiн болу керек, тыңдап жатыр. Әлi-ақ бастарына тигенi былай тұрсын, өкiнедi. Содан соң таяқты бiз емес, өздерi жейдi. Педиатрия мамандығында 40 жыл бойы еңбек етiп келемiн. Бiз де көп нәрсенi бiлемiз. Демек, балалар дәрiгерiн даярлау бiрiншi курстан басталу керек. Ал екi жылда педиатр-дәрiгерiн дайындау деген бос сөз.

Түйiн. Елiмiздiң педиатрлар қауымдастығы бұл мәселенi Мәскеуде өтетiн дәрiгерлердiң еуропалық конгресiнде көтеруге бел шеше кiрiскелi отыр. Олар кезiндегi Досаевтың жасап кеткен тiрлiгiн Досқалиевтiң өзгертуге құқы бар деп үмiттенедi. Ал жақында Денсаулық сақтау министрi өз блогында: “Медициналық жоғары оқу орындарының студенттерiнiң 50 пайызға жуығы емдеу iсi мамандығы бойынша аттестациядан өтпеуге байланысты “Педиатрия” мамандығын таңдады. Сол себептi осы 50 пайыз студенттер үшiн “Педиатрия” мамандығын таңдау балалар дәрiгерi болуды армандаудан емес, тегiн бiлiм алуға деген ниеттен туындаған. Жалпы, “Педиатрия” мамандығы да, педиатрия факультеттерi де жабылған жоқ. “Педиатрия” мамандығы бұдан былай жаңа халықаралық принциптерге сәйкес дайындалатын болады” деп мәлiмдеме орнатыпты. Министрдiң сөзiне қарағанда, жастар қазiрдiң өзiнде-ақ балалар дәрiгерi болудан қашқақтайтын сияқты. Онда емдеу iсi мамандығын игерудi көздеген студент ертең кездейсоқ оқыған педиатрияны жан-тәнiмен меңгере ме? Медицинаға ауадай қажеттi маман, бiлiктi балалар дәрiгерi бола ала ма? Олай болмаса, бүгiнгi таңда түрлi дертке шалдығып, нәресте кезiнен бейнетке тап болған болашағымыз — балаларды кiм емдеп-жазады? Әлде, басқасы өз алдына, ендi қалмағаны педиатрларды да шетелден шақыртамыз ба?..

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары