ӨЗ МYДДЕМIЗ ҚАШАН БИIК ТҰРАДЫ?!

ӨЗ МYДДЕМIЗ ҚАШАН БИIК ТҰРАДЫ?!

ӨЗ МYДДЕМIЗ ҚАШАН БИIК ТҰРАДЫ?!
ашық дереккөзі
347

Ресейлiк БАҚ ретi келсе Украина билiгiнiң қытығына тиiп қалуға аса құштар. Әдетке айналған аяқтан шалу қоғамның кез келген саласынан көрiнiс берiп тұр. Жақында “Сегодня” жаңалықтар қызметiнiң тiлшiсi: “Украинада бүгiнгi өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi 2008 жылдың қаңтар-ақпан айымен салыстырғанда 32, 8 пайызға қысқарып кеттi” деген ақпарат жариялады. “Тiптi, жұмыс орындарының қысқарып жатқандығынан Ресейге нәпақа iздеп келген украиндықтар Отанына оралғысы келмей, өз төлқұжаттарын айырбастап жатыр. Федералды миграциялық қызмет ғимаратының алдында көзге әуелi украиндықтар ұшырасады. Олар: “Мәскеуден жұмыс тауып алуға, мол табыс табуға мүмкiндiк бар. Бiзге Ющенконың саясаты мүлдем ұнамайды дегендi ашып айтты” делiнген әлгi материалдың мазмұнында. Тағы бiрде “Ресейдегi Украина елшiлiгiнде украин азаматтығынан шыққысы кеп арыз жазғандардың саны 30 пайызға көбейiптi. Өйткенi, Ресей азаматтығын алуға байланысты шыққан бұл заң 2004 жылдан бастап заңды түрде жүзеге асып келедi” дейдi.

Бұл да ресейлiк БАҚ-тың өз тарапынан жымысқы саясаттың үстемдiк алуына тигiзген үлкен септiгi болар. Мұндағы мақсат – посткеңестiк мемлекеттердi уысынан шығарып алмау, мемлекеттiк тiлiнiң қолдану аясының кеңеюiне тұсау салу ғана.

Хош делiк. Бiрақ Украина билiгi қол қусырып қалған емес. Олар әуелгi қара жұмысты ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырып, өз тiлiн жаттай сыйлаудан бастады. Таяуда ғана, Жоғарғы Радада “Мемлекеттiк тiл және аз ұлттардың тiлi туралы” заң жобасы қаралып, талқыға салынды. Онда барлық баспасөз және электрондық БАҚ-тың тiлiне жiтi тоқталып, тiл саясатын заңдық тұрғыдан қарастыруды қолға алды. Заң жобасын дайындауға тiкелей мұрындық жасаған Юлия Тимошенко блогы атынан сайланған депутат Юрий Гнаткевичтiң айтуынша, министрлер кабинетiнен мiндеттi түрде тiл саясатымен айналысатын басқарма құру керек. Сосын бұл ведомство тiлдiк заңнамаларды сақтаудағы заң бұзушылықтар мен кемшiлiктердi назарда ұстап, қадағалауы тиiс.

Бұл заң жобасының әсiресе, бұқаралық ақпарат құралдарына пәрменi күштi. Тәрбиенiң басты құралы – мемлекеттiк және жекеменшiк электронды БАҚ пен басылымдарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын құжат бiрауыздан украин тiлiне көшудi мiндеттейдi. “Бiз украиндықтарды өз туған тiлiн құрметтеуге және сол тiлде сөйлеуге мәжбүрлеуiмiз керек. Әрине, бұл ретте БАҚ-тың атқаратын рөлi зор. Бiр өкiнiштiсi, қазiргi таңда БАҚ-тың 90 пайызы орыс тiлiнде жарық көрiп келедi” деп қынжылады Гнаткевич мырза. Бұл құжатты қабылдаудың аса қажеттiгiн сезiнген ол осы күнге дейiн тiлдiк қатынастың регламентiн белгiлейтiн арнайы заңның жоқтығына күйiнедi. Өйткенi, тiлге қатысты заңнамалық құжат 1989 жылдың 28 қазанында қабылданған “Украин ССР-iндегi тiлдер туралы” заңда ғана көрiнiс тапқан. Заң жобасы авторының пiкiрiнше, 1989 жылғы құжатты жаңа тәуелсiз, унитарлы Украина мемлекетiнiң беделiне сай етiп жасақтау керек. “Заң да уақыт өте келе ескiредi, тозады. Заң мемлекеттiң саясатына қызмет етуi тиiс. Оның үстiне, 1991 жылдан бүгiнге дейiн жоғары радаға мемлекеттiк тiлдi қолдануға және аз ұлттардың тiлiне қатысты 212 заң жобасы мен қаулылар келiп түскендiгi ескерiлдi”.

Ал, Ұлттық журналистер одағының төрағасы Игорь Лубченко БАҚ-ты украин тiлiне көшiру идеясын қолдаған жоқ. “Мен “Факты және комментарий” газетiнiң редакторымен сөйлестiм. Ол газеттiң жартысын украин тiлiнде басып шығармақ боп, сауалнама зерттеуiн жүргiзiптi. Сонда газеттiң украинша нұсқасына бар-жоғы 101 адам дауыс берген. Ойлаңызшы, осы 101 оқырман үшiн арнайы штат ашып, журналистердi жұмысқа алмаймыз ғой. Бұл қаржылық тұрғыдан қып-қызыл шығын. Соған қарағанда, халықты украин тiлiнде өз ықтиярынсыз сөйлеуге, оқуға мәжбүрлеместен бұрын тiлдiң мемлекеттiк деңгейге жетуiн қарастыруымыз қажет деген-дi” деп сабақтады өз ойын. Әрине, қандай бiр бастама болсын, оны керi тартатындар кез келген қоғамда кездеседi. Бiздi қуантқаны, елiн, мемлекетiн, туған тiлiн сүйетiн Украина билiгiнiң, ұлт патриоттарының күрделi iске бастама жасағандығы едi.

БЕЛОРУССИЯ: РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫ РҰҚСАТ АЛҒАН ЖОҚ!

Естерiңiзде болса, 2008 жылдың 1 қарашасында Ұлттық кеңестiң талап етуi бойынша Украин билiгiнiң заңнамаларына сәйкес келмейтiн шетелдiк телеарналарды, оның iшiнде ресейлiк “Первый канал. Всемирная сеть”, “РТР-Планета”, “РЕН ТВ” және “ТВЦ-международный” телеарналарының таралуына нүкте қойылған едi. Украина батыл қадамы мен нық сенiмiнiң арқасында өзiнiң қандай мемлекет екенiн көрсете бiлдi. Сол арқылы кешегi күнге дейiн таптық езгiге ұшыратқан ресейлiк империяның құрсауын үзiп, бiржола дербестiгiн дәлелдедi. Ең бастысы, идеологияны орыстандырудан аулақ ұстап, сол жолда аянбай күресуге бек тұрды. Бұл арманы орындалды да. Ресейлiк алпауыт телекомпаниялар уақыт өте келе Украин мемлекетiн және оның заңдарын мойындап әрi қаперге ала отырып, орындай бастады. “Сыйға сый, сыраға бал демекшi”, олардың әдептiлiк пен тәртiпке бет бұра бастағанын байқаған украин жағы “Первый канал. Всемирная сеть” телеарнасына ретрансляциялау жұмысын қайта жалғастыруға рұқсат бердi. Бұдан бөлек былтырғы жылдың желтоқсан айында Украинаның Телевидения және радио хабарларын тарату ұлттық кеңесi “Киноклуб”, “Боец”, “Наш футбол”, “Многосерийное ТВ”, “Индия ТВ”, “Авто плюс”, “Интересное ТВ”, “Ля-минор ТВ”, “ТВ Бульвар”, “Кухня ТВ”, “Сарафан”, “Радость моя”, “24 Док”, сол сияқты британдық орыстiлдi Zее TV телеарнасын да қайтадан көрсете бастады. Ал жақында ұлттық кеңес танымдық жағынан мол тәлiм мен мағлұмат беретiн “Зоопарк”, Осеаn-TV, “Феникс+кино” и “ТОПШОП ТВ” сынды төрт телеарнаға да эфирден орын бердi. Неге? Себебi, ресейлiк телекомпаниялар қаржылық бюджетiнiң ортайып қалғанына алаңдады ма екен, әйтеуiр, Украин мемлекетi қойған талаптарға сай, заңдық тұрғыдан жұмыс iстеуге мойынсұна бастаған.

Украинаның тiлдiк саясатындағы әдемi дәстүрдi Белоруссия билiгi iлiп әкеттi. Жақында ғана Белоруссия мемлекетiнiң алпауыт операторларының бiрi “Космос-ТВ” кабельдiк жүйе бойынша хабар таратып келген ресейлiк “Первый канал. Всемирная сеть”, “НТВ-Мир”, “РТР-Планета”, TVCI (“ТВЦ International”) және “Рен ТВ” телеарналарын трансляциялауды уақытша тоқтатты. Бiр мезетте 90 телекомпанияға басшылық ететiн Телекоммуникациялық салалар одағы мұндай шешiмдi жетiскенiнен шығарып отырмағанға ұқсайды. Алайда, “Космос-ТВ” операторының жартысы ресейлiк топ “Акадо” компаниясына, қалғаны белорустiк билiкке қарайтыны белгiлi. Белоруссия Ақпарат министрлiгiнiң көмекшiсi Виктор Козловтың “Ведомости” журналына берген пiкiрiне қарағанда, ресейлiк және белорустiк билiк арасында аталған телеарналарға қатысты өзара түсiнiспеушiлiктердiң болғаны рас. Ол ресейлiк телекомпаниялардың Белоруссия аумағында хабар таратуға рұқсат алмағанын ашып айтады. “Ресейлiк әрiптестер бiздiң ұсынысымызға жүрдiм-бардым қарады. Мiне, осы жағдай да өз кезегiнде келiспеушiлiкке әкеп соқты”, – дейдi Виктор Козлов мырза. Ал, “НТВ”, “ВГТРК” және “ОРТ” басшылығы: “Белоруссия билiгiнiң телеарналар көрсетiлiмiн кенеттен үзiп тастауы бiзге тосын сый болды. Халықаралық тәжiрибеге қарасақ, мұндай жағдайда алдын-ала ескерту не ресми хабарлама бередi. Демек, бұл акция ресейлiк телеарналарды сүйiп көретiн белорустiк көрермендердiң ықтиярынсыз жасалып отыр” дейдi таңданысын жасыра алмай. “Бәлкiм, Александр Лукашенкоға “Рен ТВ” телеарнасынан оның жеке өмiрi, отбасы туралы көрсетiлiп келген бағдарламадағы келемежге құрылған материалдар мен “Первый каналдағы” шамға тиетiн әзiл-қалжыңмен астасқан “ПрожекторПерисХилтон” жобасы ұнамаған шығар. Әлде, РФ Қаржы министрлiгiнiң Белоруссияға 100 млрд. рубль несиенi бермейтiндiгi туралы ақпаратты ресми түрде хабарлағаннан кейiн шыққан шешiм болар бұл” деп түйреп өтедi.

Алайда, Белорусь Парламентiнiң жоғары палатасы халықаралық комиссиясының төрағасы Николай Чергинец Ресейдiң 100 млрд. рубль несие бөлудi тоқтатуы мен Белоруссияның телеарналарды өшiрiп тастауының арасында ешбiр байланыстың жоқтығын тiлге тиек етедi. Ал, Белоруссиядағы “Космос-ТВ” кабельдiк телевидениесiнiң бөлiм бастығы Елена Клюйкова бұл тосын жағдайды “Космос-ТВ” компаниясының iштей қабылдаған шешiмi деп түсiндiрдi. Оның сөзiне қарағанда, ресейлiк телеарналарды трансляциялауды тоқтату күшiне мiнген “БАҚ туралы” заңның орындалуына байланысты болып отыр. Жаңа “БАҚ туралы” заңға сәйкес, шетелдiк телекомпаниялар өз өнiмiн Белоруссия аумағында таратуға үш ай iшiнде рұқсат алмаса, көрсетпей қоюына құқы бар. Неге екенi белгiсiз, олар бұған мұрнын шүйiрiп қараған. Бұл пiкiрдi оппозициялық “Хартия 97” басылымы да бiрауыздан құптайды. Яғни, Белоруссияның атқарушы комитетiнiң идеологиялық бөлiмi алдын ала кабельдiк операторлардың 1-сәуiрден бастап 4 ресейлiк телеарнаның эфирден көрсетiлмейтiнiн арнайы хабарлаған көрiнедi.

Бұл бұл ма, ресейлiк телеарналардың басшылары темекi, iшiмдiк, эротикалық қызмет түрлерiн жарнамалап, заңдылықтарды сақтамағандығымен қоймай, Белоруссия аумағында хабар тарату үшiн абоненттiк төлемдi өсiру мәселесiн көтерген. Әрине, “жығылғанға жұдырық” демекшiдей, iске аспай қалған бұл қулықтары да себеп пен салдарды көбейте түстi. Ақпарат министрiнiң орынбасары Александр Слободчук: “Ресейлiк телеарналарды кабельдiк жүйеден алып тастау шешiмi көрерменнiң көзқарасы мен құқығына нұқсан әкелмейдi. Олар дәл сондай қызықты бағдарламалар мен фильмдердi бiрлескен “НТВ-Белорусь”, “РТР-Белорусь”, ОНТ сынды телеарналардан қызықтай алады” деп жұбату айтты.

Шыны керек, Белоруссияда “БАҚ туралы” жаңа заң 2009 жылдың 8 ақпанында күшiне мiнсе де, мұнда ресейлiк БАҚ-қа деген соғыс бiрталай жыл бұрын басталған. Сол кезде эфир сметасынан ресейлiк қоғамдық-саяси радиоарналар бiржола үнiн өшiрдi. Ресейлiк “Культура” телеарнасын белорустiк “Лад” ауыстырды. Бiрiншi арнаның, НТВ мен РТР-дiң орнына ОНТ, НТВ-Беларусь, РТР-Беларусь арнасы хабар таратты. Естерiңiзде болса, осы игi iстi ертерек қолға алған Эстония 2005 жылдың өзiнде-ақ ресейлiк 11 телеарнаның таралуын доғартқан-ды. Есесiне, көрермендерге кабельдiк жүйемен тарайтын белорустiк “Беларусь ТВ”, украиндық “Страна Советов” және “Киевская Русь”, грузиндiк “Аджара”, эстондық ТВ 1000 “Русское кино” арналары паш етiлген едi.

Кезiндегi қылышынан қан тамған кеңестiк империяның бұғауынан шыққан мемлекеттер өз ұлты, тiлi үшiн осындай күрделi әрi қиын шаруаларға барды. Сол арқылы олар әлем алдында өз елiнiң бет-бейнесiн, түр-тұлғасын көрсетуге мүдделi. Ал “Сасқан үйрек артымен сүңгидiнiң” кебiн киген Ресей жағы Белоруссияның тiлге, ұлтқа деген жанашырлығын, осы мақсатқа сай төгiп жатқан терiн жәй ғана сайқымазақ тiрлiкпен шатастырады. Әрине, қандай президент өзiн келемеждеп, күлкi еткенiн жақтырады дейсiз. Бәлкiм, ресейлiк сарапшылар айтқандай, қайбiр телекомпания мол табыс көзi болып табылатын жарнаманы аузынан жырып берiп отырғанды қалайды. Не десе о десiн, бұл мәселеде әуелгi кезекте ұлттық мүдденiң мұрат ретiнде көзделгендiгiн байқау қиын емес.

ӨЗ ТIЛIМIЗДЕН ӨЗIМIЗ ЖИРЕНЕМIЗ БЕ?

Ал бiзде ше? 18 жылға аяқ басқан Тәуелсiздiгiмiзде әлi күнге БАҚ-ты 50х50 деңгейiне жеткiзе алмай әлекпiз. “БАҚ туралы” заңымыз да отандық БАҚ-ты ортақ мүддеге жұмылдыру үшiн жұмыс iстеп жатқан жоқ. Бар жетiстiгiмiз – аудармасы сауатсыз, тiлi шорқақ, идеясы көшiрмелi бағдарламалар мен киноларды қайталап ұсынумен шектелiп жүрмiз. Анау Ресейдiң өзiнде Iшкi iстер министрлiгi “ДОМ-2” бағдарламасын жабуды қоғамдық деңгейге көтерiп жатқанда, бiз оны кабельдiк және отандық телеарналардан үнемi көрсетуден жалықпаймыз. Жаңа бағыт, тың iзденiс жоқтың қасы. Тiптi, 50х50-дiң өзiн орындамай отырған телеарна басшыларының iшiнде “Қазақ тiлiн 50 емес, 30 пайыз етсек те жарайды” дейтiндер табылып қалып жүр. Сондағы тағатын сылтауы – орыстiлдi аудиториядан айрылып қалады-мыс. Ал бiздiң жанымызға бататыны – отандық телеарналарда қазақ тiлiнде тек субтитрлардың ғана “сөйлеуi”. Себебi, қазiр кейбiр телеарналар орыстiлдi фильмдердi аударуға өресi жетпегендiктен бе, қазақ тiлiнде тек астына мәтiн жолдарымен беретiн болыпты. Баяғы “Оқысаң өзiң оқып ал, түсiнсең өзiң түсiнiп ал” саясаты. Неге бiз алдымен ресми тiлге орын берiп, қазақ тiлiн оның қолшоқпары етемiз? Тағы бiр мысал. “Айқын” газетiне (61, 9 сәуiр, 2009ж) сұхбат берген “Ел арна” телеарнасының директоры Айгүл Мүкей: “…Алдымен жасалынып жатқан бiрқатар жобалар жөнiнде айтып кетейiн. Мәселен, бiз қазiр “Спокойствие, только спокойствие” атты жаңа шоу дайындап жатырмыз. Алағашқы нұсқасы орыс тiлiнде, кейiн қазақ тiлiнде де ұсынамыз ба деген жоспарымыз бар” дей келе, “Қызықстан” хабары туралы “…Өзге арналарда Ресей арнасынан дәлме-дәл көшiрiп алынған әзiл-сықақ бағдарламалары бар. Олардың қасында, бiз ешкiмнiң идеясын ұрлап алып отырған жоқпыз” деп ағынан жарылыпты. Ал бұдан бұрын оның “Жас қазақ” (№11,12, 20.03.2009 жыл) апталығында: “Қазiр теледидардан “Ойбай, қазақ бол, қазақша сөйле” деп ұрандай беруге де болмайды. Жас ұрпақты бұл да жалықтырады. Мұны басқаша, жеңiл, берiлу формасын тауып, әдемi жеткiзу керек. Сәукеле мен кимешектiң кереметтiгiн айтып аузымыздың суын құртып әңгiме айтып отыра беруге тағы болмайды” деп салғанын қайда қоясыз? Кезiнде отандық телеарналарға “Ел арна” қосылғанда, тiлге, ұлтқа жұмыс iстейтiн арна ашылды деп бөркiмiздi аспанға атып едiк. Одан Елбасы “Ел арнаны” – жастар арнасы жасау керек” дегенде тағы бiр серпiлiп қалдық. Алайда, осы үдеден шығуы тиiс арна ұжымы тың жобасын әуелi орыс тiлiнде жасаса, сосын жастарға “Қазақ бол, қазақша сөйле” деп “ұрандаудан” шаршаса, кiмнiң жыртығын жамап жүргенiн түсiнбедiк. Егер бұлай ұрандай беруден жалықса, неге бағдарламаларды өзi айтқандай “басқаша формасын тауып, әдемi жеткiзуге” тырыспасқа? Кез келген мемлекеттiң iлкiден қалыптасып, сiңiсiп кеткен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi, жөн-жоралғысы бар. Бұл сол елдiң өшпес мұрасы, қазынасы. Ал бiз керiсiнше, өз мұрамызды насихаттаудан өзiмiз қашқақтаймыз. Сiрә, отандық телеарналарға Белоруссия билiгi сияқты сiлкiнiс жасайтын тiлге жанашыр, ұлтжанды азаматтар керек сияқты. Тәжiрибе көрсеткендей, онсыз ұлттың да, тiлдiң де көсегесi жақын арада көгере қоймайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары