“АЛҚАНЫҢ” ЖЕТIНШI НӨМIРI ЖАРЫҚ КӨРДI

“АЛҚАНЫҢ” ЖЕТIНШI НӨМIРI ЖАРЫҚ КӨРДI

“АЛҚАНЫҢ” ЖЕТIНШI НӨМIРI ЖАРЫҚ КӨРДI
ашық дереккөзі
235

“Алқа” журналына қоғам мен саясатта салмағы бар, дерегi мен дәйегi үнемi оң жамбасында жүретiн сөзi өтiмдi азаматтар көп тартылып келедi. Мәселен, “Қылмыс” романын қыс бойы қазақша қалыпқа келтiрген Қабдеш Жұмадiлов, орысша оқығанына өкiнiп жүрген Әзiмбай Ғали, “Келiн” деген фильмдi көрiп, тексiздiгiмiзге қапа болған Бекболат Тiлеухан, жемқорлықпен күрестiң топаралық есеп айырысуға ұласып кеткенiне налыған Берiк Уәли “Алқаның” алтыншы нөмiрiнде ой бөлiсiптi. “Әр кәллада бiр қиял” атты кiмдi не мазалап жүргенiн ортаға салғызуға оңқай асықтай оңтайлы айдар журналдың өткен жетiншi нөмiрiнде жандана түсiптi. “Адам баласы Аллаға ғана тәуелдi болуы керек” деген Амалбек Тшан, “Менi ештеңе мазаламайды” деген Бөрiхан Нұрмұхамедов пен Тамара Асар, адамдық қарым-қатынасымыздың қиындап кеткенiне алаңдаған Сейдахмет Құттықадам, экология түсiне де кiрiп жүрген Мэлс Елеусiзов, “Еркекке ұқсаған әйел, әйелге ұқсаған еркек” жынына тиген Жәкен Омаров, ұрпақ келешегiн уайымдаған Балташ Тұрсымбаев, қолды болған өлеңiн жоқтаған Нұртас Исабаев, “Ұлтымыз қорғансыз қалды” деп мәселе көтерген Бүркiт Аяған, журналистке жазам десе өткiр тақырып көп екенiн алға тартқан Ринат Думанұлы жарыса пiкiр айтыпты. “Ал, қарапайым халық не ойлайды?” деген редакциялық түйiн сөзде берiлген дәйектер әңгiменi қыздыра түсуге шақырып тұр.

“Алқаның” алтыншы нөмiрiндегi “Алматы облысын кiмдер басқармады?!” деген мақала кадр саясатындағы оқшау мәселелерден ортақ ой түюге арналып жазылған екен. Оң қолтықтағы осы облысты әр жылдары басқарған Бейсебаев, Асқаров, Аухадиев, Меңдiбаев, Төлебеков, Есiмов, Өзбеков, Тұрсынов, Әкiмбеков, Нұрқадiлов, Құлмаханов, Үмбетовтердiң әрқайсысына бiр-бiр ауыз сөз арнаған Жұлдыз Әбдiлда мақаласын “Ел iсiне “ала да бар, құла да бар” деген сөз жүрмесе керек” деп түйiндейдi. Ал, “Алқаның” жетiншi нөмiрiндегi “Әдемi қартайғым келедi” атты Серiкболсын Әбдiлдиннiң сұхбатында тiлшi бiраз тосын сауалға жауап жауап iздептi. Мәселен, “Оппозиция оппозицияға неге қарсы?”, “Шығыс тобы” болды ма, болса қайда кеттi?” деген сұрақ әркiмнiң көкейiнде жүрсе керек.

“Алқаның” аталған екi нөмiрiнде де бұдан басқа да қызғылықты материалдар бiрқанша бар. Белгiлi журналист Жұлдыз Әбдiлданың редакторлығымен жыл басынан берi тұрақты шығып келе жатқан бұл журнал қатарға қосылғанын анық байқатқан сияқты.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары