ОРАЛМАН ЖАСТАР АТА ЗАҢДЫ БIЛУ КЕРЕК

ОРАЛМАН ЖАСТАР АТА ЗАҢДЫ БIЛУ КЕРЕК

ОРАЛМАН ЖАСТАР АТА ЗАҢДЫ БIЛУ КЕРЕК
ашық дереккөзі
246

30 тамыз-Тәуелсiз Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Ата заң әрбiр елдiң бостандығының белгiсi. Сондықтан оны қастерлеп, құрметтеу барша азаматқа парыз.

Жер жүзiнде жан-жаққа тарыдай шашылған қандастарын тарихи Отанына шақырып, оларды баспанамен, қажеттi бiлiммен, еңбекпен қамтамасыз ететiн 5 мемлекет бар екен. Қазақстан сол мемлекеттер қатарына кiредi. 1992 жылдан бастап елiмiзге Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сияқты бiрқатар мемлекеттерден қандастарымыз “елiм, жерiм” деп оралуда. Десекте сол оралман азаматтардың көбiсi Ата заңымыздағы кейбiр заңнамалардан бейхабар. Осы мәселенi шешу мақсатында 20 тамызда Алматы қалалық көшi-қон департаментi, Алматы қалалық жастар саясатын дамытудың мемлекеттiк қоры, сондай-ақ “Нұр Отан” ХДП-ның “Жас Отан” жастар қанаты бiрiге отырып “Ата заң адам құқықтары мен бостандықтарының негiзгi кепiлi” атты дөңгелек үстел өткiздi. Дөңгелек үстелде оралман жастарға Ата заңымызды жан-жақты таныстырудың жолдары қарастырылды.

“Елiмiздегi әрбiр азамат бiлiм алуға, еңбек етуге құқылы. Ат заң азаматтарды жынысына, жасына, нәсiлiне қарай бөлмейдi. Заң алдында барша азаматтар тең. Дегенмен Атажұртына оралған жастардың көбiсi заңды жiтi бiлмегендiктен жұмысқа орналаса алмайды. Көп жағдайда олар өз құқықтарын бiлмейдi”, – дейдi дөңгелек үстелде сөз бастаған Алматы қалалық Көшi-қон департаментiнiң директоры Г.А Алтынбекова ханым. Жалпы Алматы қалалық көшi-қон департаментiнде 1993 жылдан берi тiркелген оралмандардың саны 1836 отбасын немесе 6642 адамды құраса, соның 60%-ы жастар екен. Алматы қалалық жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қорының директоры Дәурен Мұхамеджанов жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында атқарылған iс-шаралар тiзбегiн атап өттi. Дәурен мырзаның айтуы бойынша, бүгiнде Алматы қаласында “Сайран” автовокзалында, темiр жол вокзалында және “Нұр Отан” партиясының Медеу аудандық бөлiмшесiнде қалаға алғаш келген жас жеткiншектерге бағыт көрсетер орталықтар ашылыпты. Ендi Оңтүстiк астанаға бiлiм қуып келген жастар сол орталықтардан қаладағы ЖОО орналасқан жерiн, қала картасын, қоғамдық көлiктердiң бағытын бiле алады. Сондай-ақ жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қоры түрлi iс-шараларды жүзеге асырып келедi. Мәселен, “Ұлан-2009” патриоттық ойыны жастарды патриотизмге жетелес, “Бiз нашақорлыққа қарсымыз” шеруi салауаттық өмiр салтын жан-жақты насихаттайды. Ал студенттер арасында жыл сайын өткiзiлiп тұратын “Дидар-2009” кинофестивалiнде Қытайдан келген қандасымыз жүлделi болған екен.

Жастар жұмыс iстеуге құқылы. Бүгiнде қолына диплом алып жұмыссыз отырған жастар көп. Осы олқылықты шешу үшiн мемлекетiмiз ТМД-да алғаш рет жастар практикасын қолға алды. Бұл практикаға кез келген ЖОО бiтiрген жас маман қатыса алады. Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Жанат Мұрынова жастар практикасының iске асу үрдiсiн баяндай отырып, жастар практикасына жоспар бойынша 4,5 мың жастар қатысу керектiгiн, бiрақ 1715 жас қатысып отырғанын атап өттi. Практикаға қатысқан жас 15 мың теңге көлемiнде айлық алады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Дәулетбек Тоқтасынұлы оралман жастардың бiлiм алуы жөнiнде сөз өрбiтiп, елге оралған жастардың алдында кездесетiн проблемаларды тiлге тиек еттi. “Оқуға қабылданған оралман жас жатақхананы жергiлiктi балалардан кейiн алады. Қай жерге барса да оралман жастарға орыс тiлiнде жауап бередi. Тiптi кейбiр жиналыстар да орыс тiлiнде өтедi. Жат жерде жүрсе де қазақша сөйлеп жүрген оралмандарға бұл тұрғыда әлбетте қиын соғады. Сонымен қатар оралман студенттерге оқудың алғашқы сайысында бейiмдеу орталықтары қажет секiлд” – деген ұсынысын да бiлдiрдi Дәулетбек мырза.

Дөңгелек үстелде әр тараптан ұсыныстар айтылды. Барлық ұсыныстар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, Ата заңымызды жан-жақты насихаттау жұмыстары төңiрегiнде айтылды.

Әйгерiм Бақытқызы

Серіктес жаңалықтары