БҰЛ ТЕК ҚОСТАНАЙҒА ҒАНА ТӘН МӘСЕЛЕ ЕМЕС

БҰЛ ТЕК ҚОСТАНАЙҒА ҒАНА ТӘН МӘСЕЛЕ ЕМЕС

БҰЛ ТЕК ҚОСТАНАЙҒА ҒАНА ТӘН МӘСЕЛЕ ЕМЕС
ашық дереккөзі
278

“Түркiстан” газетiнде жарияланған Төлен Рамазанұлының екi мақаласына орай

“Түркiстан” газетiнiң таяудағы екi номерiнде Төлен Рамазанұлы деген азаматтың “Павлодарда мынау, Қостанайда анау…” және “Тағы да Қостанайда…” атты мақалалары жарияланған болатын. Бұл мақалаларда ақпараттық қамтамасыз ету, қазақ мектептерiнiң жай-күйi, көрнекi ақпарат құралдарында тiл туралы заңнама талаптарының орындалуы, қазақ тiлдi мерзiмдi басылымдардың таралымы және мемлекеттiк тiл саясатының тағы басқа да маңызды мәселелерi туралы сөз қозғалған.

Қостанай мен Павлодарды салыстыра келе автор тiлдердi дамыту саласына жатпайтын мәселелердi қозғайды. Олардың бәрiне бiрдей тоқталмай, тек маңызды дегендерiне көз жүгiртейiк. Сөзсiз, қазiргi таңда сан-сапалақ фирмалар мен кәсiпорындар атауларындағы толып жатқан жарнамалар мәтiндерiнде қазақ тiлiнiң дұрыс қолданылуы көкейтестi болып отыр, бiрақ бұл мәселенiң тек Қостанайда емес, елiмiздiң барлық өңiрлерiнде өзектi екенiн ұмытпаған жөн. Көп жағдайда фирмалардың атаулары өзге елдердiң символдарынан тұратынын көрiп жүрмiз, мысалы, “Арарат”, “Стамбул” және т.б. Бiздiңше, ресми әлемдiк брендтер мен сауда маркаларынан басқа (“Adidas”, “Nokia”) шетелдiк сөздермен аталған мекемелердi республика аумағында тiркемеудi заңдастыру қажет, мұндай шараларды Мәскеу басшылығы табысты жүзеге асыруда.

Ал көрнекi ақпарат құралдарында тiл туралы заңнама талаптарының бұзылғаны үшiн жазаны күшейтетiн уақыт жеттi деп ойлаймыз.

Мақала авторы сондай-ақ Қостанайда қазақ тiлiндегi мерзiмдi басылымдарды сатып алу мүмкiн еместiгiн алға тартады. Бұл жағдайдың да тек Қостанайға тән еместiгi белгiлi. Иә, өкiнiшке орай, қазiр басылымдарды бұрынғы кездегiдей оқушылар аз, жастар көбiне жарнама мен хабарландырудан басқа ешқандай ақпаратқа қызықпайды. Ал қазiргi нарық заманында бәрi сұраныспен ғана жұмыс iстейдi, оның iшiнде басылымдар да. Бiздiң қалада қазақ тiлiндегi 57 басылым “Қазпошта” АҚ дүңгiршектерiнде сатылады, олар: “Қазақ әдбиетi”, “Айқын”, “Жас қазақ”, “Егемен Қазақстан”, “Қазақстан әйелдерi”, “Ана тiлi”, “Дала мен қала”, “Денсаулық”, “Спорт айдыны”, “Жас алаш”, “Қазақстан заман” және тағы басқалар.

Алтынсарин, Таран, Гоголь көшелерiнде, Әл-Фараби даңғылында, 25 дүкен, 15 дүкен, Орталық әмбебап дүкенде, темiр жол вокзалында орналасқан дүңгiршектерде қазақ тiлiндегi “Айқын”, “Жас қазақ”, “Денсаулық”, “Оңаша”, “Star kz”, “Қазақ тiлi” және сөзжұмбақтардың бiрнеше түрi (“Ой жұмбақ”, “Казворд”, “777 жұмбақ”, “Қымызхана”, “Шайхана”) сатылады.

Қалалық “Қостанай” газетiнiң екi тiлде шығарылып отырғанына күзде 10 жыл толады. Дүңгiршектерде ол да бар.

Қостанай қаласында “Алау” және “Караван новостей” радиокомпаниялары, Рудный қаласында “Рудный дауысы”, “Сана”, Лисаковск қаласында “Рауан”, Жетiқарада “Заман” радиолары жұмыс iстейдi, ал “Рауан” радиосы Мәдениет және ақпарат министрлiгi өткiзген мемлекеттiк тiл саясатын насихаттау тендерiнiң бiр лотын ұтып алды. “Караван новостей” радиокомпаниясы сол министрлiк өткiзген мемлекеттiк тiлдегi балаларға арналған хабарды жасау тендерiн үш жыл қатарынан ұтып алды.

Автордың “Қостанай облысының тiлдердi дамыту басқармасы өзiнiң меншiктi басылымы болуының қажетi жоқ деп есептейдi” деген мәлiмдемесi бiздi таң қалдырды. Павлодар, Шымкенттегi әрiптестерiмiздiң мемлекеттiк тiл саясатын өз басылымдары арқылы насихаттау тәжiрибесiн оқып, зерделеп отырамыз. Осындай басылым шығаруды 2010 жылдың үлесiне жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ автор қаламыздағы Л.Толстой, Н.Островский атындағы кiтапханаларды түгендей келе Ы.Алтынсарин, Е.Өмiрзақов, I.Омаров, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Мәуленов, М.Қозыбаев, М.Хакiмжанова атындағы кiтапхана, мектеп, университет, филармония, театрларды мүлде ауызға алмайды. Сонымен қатар облыс орталығындағы бас көшелер ұлтымыздың, елiмiздiң, облысымыздың даңқты өкiлдерiнiң құрметiне қайта аталып отыр: Абай (бұрынғы Свердлов), Әл-Фараби (Ленин) даңғылдары, Алтынсарин (Калинин), Ғ.Қайырбеков (Киров), Баймағанбетов, М.Хакiмжанова (Красноармейская), Ә.Қасымханов (Повстанческая), А.Байтұрсынов (Советская), М.Дулатов (50-летия Октября), С.Мәуленов (Индустриальная), С.Көбеев (Социалистическая), О.Қозыбаев (Куйбышев) және тағы басқа көшелер.

2008-2009 оқу жылы ашылған балабақшалар “Ақбота”, “Гүлдәурен”, жаңа салынған шағынаудандар “Наурыз”, “Жаңа қала” деп аталған.

Аймағымызда ономастикалық жұмыстың ғылыми-фактологиялық базасын жинақтау мақсатында облыстық әкiмдiктiң қолдауымен Қостанай облысының топонимикалық картасын жасау үшiн ғылыми экспедиция жұмыс жасап жатыр. Жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдары облысымыздың топонимдарының, ойконимдарының, гидронимдарының тарихын зерттеуде. Аталған экспедицияның 2008 жылы облыстың солтүстiктегi Ұзынкөл және Меңдiқара аудандарын зерттеу нәтижесi бойынша “Историческая топонимика Костанайской области” атты кiтаптың бiрiншi бөлiмi жарық көрдi. Осындай ғылыми негiзделген жұмыстар елдi мекендердiң, жер-сулардың тарихи атауларын қайтару жұмысының қарқын алуының кепiлi. Осы жоба облыстың барлық аудандарында зерттеу аяқталғанға дейiн жалғасады.

Бәрiмiзге белгiлi, әр аймақтың өз ерекшелiктерi бар. Олар облыстың орналасқан жерiне, халқының этникалық құрамына және басқа да факторларға байланысты. Бұл ерекшелiктердi есепке алмай кез келген шараны, әсiресе мемлекеттiк тiл саясаты сияқты күрделi идеологиялық жұмысты табысты жүзеге асыру мүмкiн емес. Қостанай облысында 889 368 адам өмiр сүруде, оның iшiнде қазақтар 35,6% құрайды. Бұл жағдайлар салыстыруға тұрмайды, бiрақ мақала авторының көрсетiп отырған үлгiсi бойынша екi облысты салыстыруға тура келiп тұр. Павлодар облысында қазақтар 45,7% құрап отыр. Т.Рамазанұлы Қостанайда 5, ал Павлодарда 8 қазақ мектебi бар дейдi. Олай болса тағы бiр сандарды келтiрейiк: Қостанайда 58 807 қазақ болса, Павлодарда 123 956 қазақ өмiр сүруде. Айырмашылығы 65 149 адам, яғни Павлодардағы қазақ саны Қостанайдағыдан екi еседен артық.

Соңғы жылдары бiздiң облысымызда қазақ тiлiнде тәрбиелейтiн және бiлiм беретiн бiлiм ошақтарының санын көбейту, материалдық-техникалық базаларын нығайту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Қостанай қаласында 900 орындық қазақ мектебi салынды, Затобольск кентiнде 680 орындық мектеп, Жангелдин ауданының Милысай ауылында орта мектеп, Ақкөл ауылында мектеп-интернат пайдалануға берiлдi, Қостанайда 480 орындық бастауыш 24а мектебi, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектеп-интернаты, Аманкелдi ауданы Құмкешу ауылындағы орта мектеп күрделi жөндеуден өткiзiлдi.

Үстiмiздегi жылы Рудный қаласында 900 орындық, Жангелдин ауданы Қарасу ауылында 200 орындық қазақ орта мектептерi ашылады деп жоспарлануда. Облыс бойынша мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептердi күрделi және ағымдағы жөндеу, материалдық-техникалық базаларын нығайту бойынша 2004-2008 жылдары барлығы 4 млрд. 456 млн. 776 мың теңге игерiлдi.

Ендi Қарабалық ауданы Өрнек ауылындағы мектеп жөнiнде бiрер сөз. Бұл мектеп биылғы оқу жылында жабылмайды. Айта кететiн жайт, аудан орталығында ешқашан қазақ мектебi болмаған, 2007 жылы жанында интернаты бар қазақ орта мектебi ашылды. Былтыр Қазақстанда жоқ жобамен салынған жаңа мешiт ашылды.

Әрине, мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыру бойынша көптеген мәселелердiң шешiмi табылмай жатқанын толық сезiнемiз. Бiзге объективтi, әдiл сын әрқашан серпiн бередi. Жерлесiмiз болып келетiн Төлен Рамазанұлын осы мақаланы жазуға итермелеген жалғыз себеп тек оның туған жерiндегi туған тiлiмiздiң тағдыры жөнiндегi толғаныс деген үмiттемiз.

Төлен Рамазанұлының мақалаларында келтiрiлген кейбiр жайттарға түсiнiктеме беру мақсатында осы хатты Сiздiң басылымыңыздың бетiнде жақын арада жариялауыңызды сұраймыз.

Ж.ҮМБЕТОВ, Қостанай облысы әкiмдiгi тiлдердi дамыту басқармасының бастығы

Серіктес жаңалықтары