ҚАРАЖАТТЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

ҚАРАЖАТТЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

ҚАРАЖАТТЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
203

Үкiметтiк бағдарламаны жүзеге асыру барысында халықтың қалтасынан шыққан қаражатты ысырап еткен банктер бар. Оларға қандай шара қолдануы тиiс? Қаржылық ұйымдарды қадағалау агенттiгi барлық банкке қатаң ескерту жасап, хат жолдады. Ал қаржы – қазанның “құлағына” ие “Самұрық-Қазынадан” не хабар?

Газетiмiздiң өткен санында елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу мен ипотекалық несиелеудi қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысатын екiншi деңгейлi банктердiң жұмысына тексеру жүргiзген Қаржылық нарық пен қаржылық құрылымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi банктер тарапынан заң бұзушылықтарға жол бергенiн анықтағанын, осы себептi, агенттiктiң “ТұранӘлем Банкi”, “Еуразиялық банк”, “Казкоммерцбанкi”, Халық банкi, “Альянс Банкi”, “АТФБанкi”, “Темiр банкi”, “Центркредит” банкi мен kaspi банкiне келеңсiздiктердi жою жөнiнде арнайы бұйрық бергенiн, ал “Цесна банкi”, “Сбербанк” ААҚ ЕБ, “Астана-Финанс” пен “Нұр банкiне” арнайы тексеру жүргiзiп, заң бұзуышылықтарға жол бергендердi анықтау керектiгi туралы хат жолдағанын хабарлаған едiк. Тексеру барысында банктердiң көпшiлiгi несиелеуге қатысты құжаттарды енгiзу қағидаларында, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мақсатында “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнген қаражатқа қатысты банк салымының шарттарында және “Самұрық-Қазына”, “Даму” қорлары мен банктер арасында шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеуге байланысты жасалған келiсiмшартты бұзған көрiнедi. Тағы бiр келеңсiздiк банктердегi құжаттарды рәсiмдеу ережелерi мен қарыздарға қойылатын сыйақыны көтеруге қатысты. Яғни, “Самұрық-Қазынадан” қаражат бөлiнбей тұрғанда несиенiң қай валютада алынғанына қарамастан, банктерге алдағы 3 жылда сыйақыны өсiруге тыйым салынса да, банктер сыйақы мен айыппұлдық санкцияларда шектен шыққан. Бахмутова басшылық ететiн мекеме тарапынан қабылданып жатқан шаралардан құлағдар болғандықтан, бiз қаражат – қазанның “құлағын” ұстап отырған “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басшылығы атқарып жатқан тiрлiктерге назар аудардық. Осы мақсатта үкiметтiк бағдарламаны жүзеге асыруда екiншi деңгейлi банктер тарапынан қандай заң бұзушылықтарға жол берiлгенi, оларға қатысты қандай шаралар қолданылатыны т.б. сауалдарға жауап берген “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры Қаржылық құрылымдар мен даму құрылымдары жөнiндегi басқарма директоры Бақытжан Саркеев ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты бөлiнген қаражатты игеруде банктердiң пайыздық ставкаларда (мысалы, әлеуметтiк ставкасы жылына 9 пайызбен шектелуге құқы жоқ борышкерлерге 9 пайызға дейiн жеңiлдiктер тағайындау, сондай-ақ, 9 пайызға дейiн ставканы төмендетуге құқығы барларға 11 пайыздық ставка бекiту), бастапқыда тек тұрғын үй сатып алуға немесе баспана салуға арналған ипотекалық қарыздарды ғана қаржыландыруға қаржы бөлiнгенi ескертiлсе де, тұтынушылық мақсатта алғандарды қайта қаржыландыру, бiр қалада бiреуден артық баспаналары бар борышкерлердi қайта қаржыландыру, мерзiмi асып кеткен қарыз алушылардың несиесiн қайта қаржыландыру, бағдарламаны iске асыру кезiнде түрлi төлемақылар алынбайтынын бiле тұра, оған көзжұмбайлықпен қарау сияқты мәселелерде заң бұзушылықтарға жол берiлгенiн мәлiмдедi. Ең сорақысы, банктердiң кейбiрi “Самұрық-Қазынамен” жасасқан келiсiмшарттарында қордың кез келген уақытта мемлекеттiк қаражатты қайтарып алуға құқығы бар екендiгi айтылған тармақты көлденең тарта отырып, 2-3 жылдың iшiнде борышкерлермен жасалған келiсiмде сыйақы ставкасын бiржақты (яғни, банк) көтеруге мүмкiндiк беретiн баптарды бекiтiп алыпты. Б.Саркеев мырза қаражатты қайтарып алу тек келiсiмшарттағы ережелердi бұзған банктерге ғана қолданылатынын бiр емес, бiрнеше рет ескертiлгенiн айтады. Сонда банктер “жаңбыр жаумай, неге су боп жүр”? Айтпақшы, агенттiк пен қор тарапынан айтылған сын-ескертпе елiмiздегi барлық жекеменшiк банктерге түгел қатысты болатын. Алайда, Саркеевтiң мәлiмдеуiнше, банктердiң кейбiрi сынға қарсы уәж айтыпты. Мәселенiң ақ-қарасын анықтау мақсатында жуырда арнайы кеңес өткiзiлмек. Сонымен қатар заң мен ереже бұзушылық негiзiнен банктердiң аймақтардағы бөлiмшелерiнде орын алған. Сарапшылар қауымы мұны аймақтардағы банкирлердiң қайта қаржыландыруға байланысты сауаты мен дерек тапшылығынан көредi. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында ережеге мойынсұнбаған банктерге қарыз алушыларды ауыстыру туралы талап қойылмақ. Ал қаражатты мақсатты әрi тиiмдi пайдалана алмаған қаржылық ұйымдар айыппұл санкцияларын төлеуге мәжбүр болады. Тағы бiр жаңалық, қайта қаржыландыруда еселерi кетiп қалған борышкерлерге өтемақы мемлекеттiк қаражаттың есебiнен емес, заң бұзған банктер есебiнен өтеледi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары