ҚЫЗЫЛҚҰМДА “ЕР МАҒЗАМАН” МЕШIТI АШЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛҚҰМДА “ЕР МАҒЗАМАН” МЕШIТI АШЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛҚҰМДА “ЕР МАҒЗАМАН” МЕШIТI АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
422

Нұрата мен Сыр бойы халқының пiрi болып, ел құрметiне бөленген қасиеттi бабаларымыздың бiрi — Мағзаман баба, оның атындағы мешiт жуырда Сарыбұлақ ауылында өз есiгiн кең ашты.

Бұл күндерi есiмi елге танымал азаматтар туған өңiрлерiнде жаңа мешiт салу сияқты иманды iстердi жиi қолға алып жүргенi белгiлi. Алайда, Қарақалпақстанмен шектесетiн Қызылқұм жиегiндегi шағын ауылда мешiт салу қиынның қиыны. Жолдың ұзақтығы мен жайсыздығы алабөтен қиындықтар туғызады. Осындай алыс ауылға, туып-өскен жерiне зәулiм де салтанатты мешiт үйiн салу екiнiң бiрiнiң қолынан келмейтiн iс. Жүректiлiктi ғана емес, иманды iске үлкен сенiмдiлiктi талап етедi.

Қызылорда қаласынан 350 шақырым жерде орналасқан Сарыбұлақ ауылы Мағзаман мешiтiн ашу күнi мұнда ешкiм ұйықтамады десе болғандай. Өнерге сусап қалған ауылға көрнектi жырау, ғалым Алмас Алматовтың басқаруымен келген жыраулардың өнерлерi түрлi спорттық ойындар ауыл тұрғындарының көңiлдерiн сергiтсе, екiншi жағынан мешiттiң ашылуы көкiректерiне ислам нұрын құйған. Бұл — ауыл тұрғындарының жүзiнен, сөйлеген сөздерiнен анық аңғарылып тұрды.

“Ер Мағзаман” атындағы мешiттiң ашылуына елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен қонақтар келiп қатысты. Қызылорда облысының бас имамы бастаған дiн өкiлдерi, ауыл ақсақалдары, Алматы, Астана, Атыраудан келген меймандар сөз сөйлеп, Құдай үйiнiң салынуын оң өзгерiстерге балайтынын айтты. Аталған мешiтте бiр мезгiлде жүзге жуық жамағат намаз оқуға мүмкiндiк алмақшы.

Мешiттiң ашылу салтанаты аламан бәйгеге ұласты. “Мағзаман” атындағы мешiттi салушы, құрылысшы Тоқсан Жаңабаев бабаларына арнап ас бердi.

“… Ер Мағзаман әулие бабалары

Аузынан тастамаған бiр Алланы.

Ел үшiн имандылық үйiн салды,

Жаңабай атамыздың балалары”, — деп жырлаған ақынмен бiрге ауыл тұрғындары адал көңiл, ақ баталарын берiп жатты.

Т.Дайрабай

Серіктес жаңалықтары