31-ТЕЛЕАРНА ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI ХАБАРЛАРМЕН ТОЛЫҚПАҚ
31-ТЕЛЕАРНА ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕГI ХАБАРЛАРМЕН ТОЛЫҚПАҚ
31-телеарна басшылығы жаңа маусымдық кезеңдi эфирге жiбермек. Журналистердiң басын қосып, жүрекжарды жаңалығын жеткiзуге асыққан 31-телеарнаның бас директоры Нұржан Жалауқызы әңгiменi жаңа маусымда бұрынғы көрсетiлiп келген хабарларды басқаша форматта көрерменге ұсынатындығынан бастады.
Жасыратыны жоқ, ақпарат кеңiстiгiнде 16 жылдан берi хабар таратып келген 31-телеарна бүгiнге дейiн Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен жаңа өзгертулер мен толықтырулар енген “БАҚ туралы” Заң талап етiп отырған 50х50 межесiн орындауға құлықсыздық танытып келдi. Осы үшiн кезiнде ұлт патриоттары талай рет сотқа жүгiнiп, мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiндегi бағдарлама санының көбеюiне атсалысса да, оңала қойған ештеңе жоқ едi. Әйтеуiр, эфир уақытын сапасыз аудармаға негiзделген телесериалдар мен әзiл-қалжың мен жеңiл-желпi дүниеге арналған бағдарламалармен толтырып келген 31-телеарна мемлекеттiк тiлге ендi ғана бет бұра бастаған сыңайлы.
“СТС медиа” 31-телеарнаның 60 пайыздық бақылау пакетiне иелiк еткелi берi эфирдi өз хабарларын ретрансляциялаумен жауып келедi. Қысқасы, Ресейдiң ақпарат кеңiстiгiнде бiрден-бiр көңiл көтеруге бағытталған “СТС” телекомпаниясы жекеменшiк арнаға өз талабын орындатып-ақ жүр. Алайда, қазақ тiлiндегi хабарларын 50х50 межесiне жеткiзуге асықпаған 31-телеарна “БАҚ туралы” Заңды қаперiне алатын күн алыс емес көрiндi.
Сонымен, телеарна ұжымы жаңа маусымда көрермендi бiраз дүниелермен қауыштырмақ. “Бiз қазақ тiлiндегi бағдарламаларды тұтынушы ретiнде емес, патриоттық махаббат туындап отырғандықтан жасап отырмыз. Өйткенi, қазақ тiлiн дамытуымыз керек, бiлуiмiз қажет” деген 31-телеарнаның бас директоры Нұржан Мұхамеджанова “Әңгiме болсын”, “Әзiл студио”, “Пiкiр алаңы”, “Бiлгiрлер бәйгесi” сынды қазақ тiлiндегi бағдарламалардың тұсауы кесiлгенiн жеткiздi. Яғни, телеарна өзiнiң ұстанған саясатына сай ойын-сауық, көңiл көтеретiн бағдарламасы арқылы Заңды толыққанды орындап отырғанына сенiмдi. “Себебi, бұл хабарлар жеңiл-желпi тақырыпқа негiзделгенмен, бүгiнгi уақыттағы мәселелердi қамтуға тырысады” дейдi олар.
31-телеарнаның атқарушы продюсерi Нұрлан Қоянбаев аталған жобалар жайында өз ойын бiлдiре кеттi. Ол “Әзiл студио” әзiл-скетчтi шоуын — Қазақстандағы премьералық жобаға жатқызады. Ал, аптаның соңғы күнi берiлетiн юморлық-талдамалық “Әңгiме болсын” бағдарламасы ежелгi ақын-жыраулардың iзiмен суырып-салма түрдегi әңгiмеге негiзделедi екен. Хабарда белгiлi тұлғалар, әзiлкештер шәй iшiп отырып-ақ әзiл-қалжыңмен қоғамның ащы түйткiлдерiн аша түспек.
Бiздiң ойымызды дөп басатын “Пiкiр алаңы” бағдарламасы болатын шығар. Әлеуметтiк-саяси ток-шоу түрiнде берiлетiн бұл хабарға ойын бүкпесiз бiлдiретiн зиялы қауым өкiлдерi, шенеунiктер қатысып, өзектi мәселелердiң шешiлу жолын iздеуге атсалыспақ. Қазiрдiң өзiнде 2011 жылы өтетiн қысқы Азияда ойындарын насихаттауға арналған «Биiк мақсат» хабары көрерменнiң көзайымына айналып келедi.
31-телеарна басшылығы өз рейтингiнiң де жоғары екенiне қуанышты. Олардың айтуынша, телеарна Қазақстан арналарының iшiнен екiншi орынды бермей келедi екен. “Егер жаңа маусымдағы қазақтiлдi бағдарламалар көрерменнiң жүрегiне жол тартса, бұдан да биiк көрсеткiштерге, мақсаттарға қол жеткiземiз” дейдi олар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ