АЛАҢ ЖАМАҒАТ, БАРҒА ҚАНАҒАТ…
АЛАҢ ЖАМАҒАТ, БАРҒА ҚАНАҒАТ…
“Дiн — апиын”. “Дiн сананы улайды”. Кеңес Одағында “Құдай жоқ” деп дәрiс оқитын ұстаздарымыздың iштей “А, Құдайым, кешiре көр” деп тұрған заманды артқа тастағалы қашан? Маркстiк атеизм бойымыздағы дiни сенiмдi әлсiреткенмен, жүректен бiржола жоғалта алмады. Араға ғасырдан астам уақыт сала дiни бiлiм 15 одақтас республиканың барлығында мiндеттi мектеп пәнiне айналып отыр.
Биылғы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына мiндеттi “Дiнтану негiздерi” пәнi енгiзiлдi. Аталған заң жобасы осыдан 4-5 жыл бұрын әзiрленiп, республиканың 300-ге жуық мектептерiнде қосымша ретiнде оқытылып келген. Осы тәжiрибеге сүйене отырып, 10-11-сынып оқушылары ендi мiне, дiн сабағын оқитын болды.
Бiлiм беру стандарттарына үңiлер болсақ, пәленбай жыл оқытылып келе жатқан пәндердiң оқулықтары қайта жазылып, орысшадан аударылып, қалыптасып та қалды. Ал дiнтануды оқытуға бiлiм беру орындарының әзiрлiгi қаншалықты?
Сөз жоқ, дiннiң не екенiн, ағымдары мен бағыттарын тәптiштеп түсiндiретiн қазақ және орыс тiлдi кiтаптар бар-ақ. Тiптi миссионерлердiң көшеде таратып жүрген кiтапшалары аткәпiр десе де болады. Алайда бұл кiтаптардың түрлi секталардың, мысықтiлеулi миссионерлердiң һарам пиғылына қызмет етiп жатқаны өтiрiк емес. Бұл кiтаптардағы дiни анықтамалардың дұрыс әлде бұрыс жазылғанын кiм айырып бередi? Тарихшы ма әлде дiни қызметкер ме? Балалардың дiни сауатын гуманитарлы пәндердiң ұстаздары жетiлдiретiнi дұрыс-ақ. Олар үшiн арнайы курс та ұйымдастырылмақ. Хош делiк, оқулық пен ұстаз мәселесi шешiле жатар.
Ал мектеп оқушысының өзi дiни бiлiм алғысы келе ме екен? №12 гимназияның 11-сынып оқушысы Бауыржан Нұрсанов:
– Мектеп бағдарламасына кiргiзген соң оқимыз ғой. Бiрақ ата-анам менi басқа дiнге өтiп кете ме деп қорқады. Негiзi қызық сабақ болар едi.
Иә, балалар үшiн дiн сабағы қызық болуы мүмкiн. Мұнда есеп шығарып, ереже жаттаудың қажетi жоқ. Десе де ата-ана күдiгi орынды. Алды-артын болжап бiлмеген жасөспiрiм “мына дiн оңай сияқты, намаз оқып әуре болмайсың” деп басқа дiнге мойын бұрып кетуi мүмкiн ғой деген сумақай ой туындайды. ҚР Конституциясының 19-бабында көрсетiлгендей, әркiм өзiнiң қай дiнге жататынын анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ресми өкiлi С.Ырысәлиев осы мәселе бойынша өткен брифингте “Дiни толеранттық әр адамның бойында бала кезден қалыптасуы тиiс” дегендi айтты. Е, ендi түсiнiктi, өсе келе қазақ жастарының миссионерлердiң арбауына түсiп кетпеуiнiң алдын алудың тура жолы шығар…
Есте тұтар жайт, бiзде дiни сенiм әлi таяз. Қазақ арасында дiнге сенбейтiндер қаншама? Дiн мәселелерiнде күш қолданбау — барлығына бiрдей бұлжымас ереже. Тегi дiнге күштеп кiргiзу исламға жат нәрсе. “Баланы жастан…” демекшi, астаң-кестеңi шығып жатқан заманда жас жүректе имандылық пен адами құндылықтар ұялағаны жөн-ақ. Жақсы мен жаманды айырып, оңы мен солын ажырату мектеп тәрбиесiнде ғана мықты қалыптасады. Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнiң ректоры, тарих ғылымының докторы Сабри Хизметли “Дiнтану негiздерi” пәнiнiң енгiзiлуi жастарды иманға шақырудың ең тиiмдi тәсiлi деп есептейдi: “Мәселен, бiр ыдысқа таза су құйып қойсаң, оның үстiне ешкiм басқа нәрсе құя алмайды, өйткенi ол бос емес. Ендi сол ыдысты бос қалдырсаң, кез келген адам қалағанын құя бередi. Дәл сол сияқты сәби санасында титiмдей болса да дiни сауаты болса, оның санасына басқа нәрсе құю мүмкiн емес. Мәселе осында. Дiнтану сабақтарының көздейтiнi баладан “молда” я “имам” жасап шығару еместiгiн ұғынған абзал. Дiнтану — ғылым. Оның да жеке зерттеу объектiлерi мен тарам-тарам дiн түрлерiнiң бар екенiн, оның ерекшелiктерiн ажыратып, айтып беру оқытушы парызы”. Көрдiңiз бе, бiреу “балам басқа дiннiң ықпалына түсiп кетпей ме” деп күдiк шақырады. Ендi бiреу “молда” я “имам” жасап шығару шарт емес дейдi.
Елiмiзде асығыс болса да қабылданған заңдағы бұл жаңартуларға тағы да батыстық тәжiрибенiң ықпал еткенi айқын. Мектеп бағдарламасына дiн негiздерiн енгiзудi қолға алып жатқан бiз ғана емес екенбiз. Батыс Еуропа елдерiнде әлдеқашан оқыту стандарты бойынша мiндеттi оқытылады. Тiптен бұл сабақтың маңыздылығы сондай, Финляндия мектептерiнде бiр ғана баланың дiнi бөлек болса, жалғыз сол бала үшiн жеке оқытушы жалданады. Бiрақ Еуропаның басқа елдерiнде сол елдегi басым дiннен сабақ берiледi. Мәселен, Дания мен Норвегияда — лютеран, Грекияда — православ, Литвада — католик дiндерiнен дәрiс оқылады. Еуропа елдерi үшiн бұл өте батыл қадам. Неге десеңiз, басқа ұлт өкiлдерi өмiр сүретiн мемлекетте барлығына бiрдей бiр ғана дiн насихатталады. Бiзде дәл сол қалпында көшiрiп алып, “Исламтану негiздерi” деп оқытса қайтер едi? Әй қайдам!? Көпұлтты, көпдiндi, көпсекталы кеңқолтық елiмiзде оған мүмкiндiк берiле қоймас. Дегенмен Шешенстан, Ингушетия, Татарстанда исламдық дiн iлiмiн үйретуге бет алғанын құлаққағыс ете кету артық емес. Айтпақшы, Ресейде “Духовно-нравственная культура” атты дiнтану сабағы 18 аймаққа енгiзiлуге жоспарланып отыр. Буддизм, иудаизм, ислам және православ дiндерi бойынша дәрiс оқылатын болады. Төрт дiн бойынша 2-11 сынып аралығында ресейлiк оқушыларға аптасына екi рет сабақ өткiзiледi. Бiр артықшылығы, оқушының ата-анасы бiр ғана дiндi оқытуды талап ете алады. Ата-ананың қалауымен жалпы курсты таңдауға да мүмкiндiк берiлген. Алайда Ресейдiң 15 аймағында 2003 жылдан берi “Православ негiздерi” пәнi оқытылып келген. Шамасы бұл үрдiсте Ресей Финляндияның дiни бiлiм беру әдiстерiн алға қойса керек. Ресеймен салыстырғанда бiзде жалпыға бiрдей дәрiс таңдау құқы қарастырылмаған.
Дiн — қоғамдағы рухани күш. Қай мемлекетте болсын қоғам өмiрiнде дiн маңызды орын алады. Қай елде де бiр дiн айқын басымдылыққа ие, сол сияқты қазақ жерiнде ислам дiнiнiң ықпалды болуы табиғи жағдай. Бұл әзiрге арман ғана. Соның өзiнде дiн сабағынан зиян шекпеспiз деген үмiт зор. Дiни ағымдардың ақ-қарасын ажыратып алуда дiн сабағында да көп септiгiн тигiзер деген ойдамыз. Сектанттар мен миссионерлердiң құрығы бүгiнгiнiң басты қаупi. Жалған дiнмен жiпсiз бодандайтын миссионерлердiң көзiн құртуда алға қойылған ұтымды шара сияқты, расында.
ҚР Конституциясына сәйкес ҚР — өзiн зайырлы мемлекет ретiнде орнықтырады. Дiн мәселелерi мемлекеттi толғандырғанымен, мемлекет үкiмдерiне араластырылмауы тиiс. Түрлi дiндер мен миссионерлердiң көбеюiнiң бiр ұшы осында жатса керек… Қазақстанда 100-ге тарта басқа ұлт өкiлдерi өмiр сүредi. Әрқайсының өз дiни наным-сенiмi бар. “Дiнтану негiздерi” пәнi елдегi басты деген дiндерге шолу жасап шығады. Негiзгi төрт дiндi ұғыну оқушы мiндетi. Ұлтты құртуға бағытталған секталардың жаулауына қарсы қойылған жалғыз тәсiл әзiрге осы.
Ақниет ОСПАНБАЙ